Онлайн алаяқтардың белең алуы қылмыс түрлерін көбейтті. Осыған орай, сот тәжірибесінен айтсақ, Түрксіб аудандық сотында негізсіз байыту сомасын өндіріп алу туралы алаяқтық іс қаралды. Өткен жылы интернет-ресурс арқылы үшінші тұлғалар талап қоюшыны алдау және сенімін теріс пайдалану жолымен телефонына күмәнді бағдарлама орнатуға ықпал етеді. Сол арқылы оған банктен 10 000 000 теңге несие ресімдетіп, ол соманың 2 552 000 теңгесін жауапкердің банктік шотына аудартады.
Талап қоюшы арызының негізінде алаяқтық фактісімен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа жүгінуші жауапкердің ақшалай қаражатты заңсыз иемденгенін, сондықтан, талап арызды қанағаттандыруды және сот шығындарын өндіруді сұрады. Сот отырысында талап қоюшының өкілі талап арызды қолдады. Ал жауапкер мен оның өкілі талап арызда көрсетілгендерді мойындамай, өзінің банктік шотын танысына уақытша пайдалануға бергенін түсіндірді.
Ақша қаражаты түскеннен кейін жауапкер оның бір бөлігін танысының айтуымен үшінші тұлғаның банктік шотына аударған, яғни, ақшаны өзі пайдаланбаған. Осы себепті, заңсыз баю фактісі жоқтығын алға тартып талап арызды қанағаттандырмауды сұрады. Сот отырысында үшінші тұлға өзінің жауапкердің танысы екенін, оның банктік шотын уақытша пайдалануға алғанын растады. Ол крипто валютамен айналысатынын, өзінің банктік шоттары бұғатталып, ақша аударуға шектеу қойылғандықтан, басқа адамдардың банктік шоттарын пайдаланатынын жоққа шығармады.