12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Назгүл БАЙТУМАНОВА, «Отбасы банкінің» қаржы кеңесшісі: «Қордағы қаражатты емге жұмсаудың тетігі айқындалмаған»

– Назгүл Қуанышпайқызы, зейнетақы жинағын кімдер мерзімінен бұрын ала алады?

– Ең бірінші, зейнетақы қорында жиналған қаражаттың негізгі мақсаты – азаматтарды зейнет жасына жеткен
кезде қаржымен қамтамасыз ету. Сол себепті, зейнетақы қорындағы жинақты түгелімен алуға болмайды.
Қаржының бір бөлігі міндетті түрде қорда қалуы тиіс. Сондықтан да, зейнетақы қоры салымшыларының барлығы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу мүмкіндігіне қол жеткізе алмайды. Заң аясында салымшылардың 700 мыңнан астамы ғана жинақтағы ақшасының бір бөлігін алу құқығына ие болып отыр.
Яғни біріншісі – зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы «жеткіліктілік шегінен» асатын жұмыс істейтін азаматтар. Екіншісі – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер. Егер олардың жинақтаушы қорында қаражаты болса, олар сол қаражаттың 50 пайызына дейін ала алады. Бұл жерде
бір ғана шарт – зейнетке шыққан азаматтардың мемлекеттен алып отырған зейнетақысы мен жинақтаушы қордан алып отырған зейнетақысын қосқан кезде, оның зейнетке шыққан кездегі табысының кемінде 40 пайызынан төмен болмауы керек. Үшіншісі – зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар. Мұндағы «жеткіліктілік шекке» келер болсақ, ол салымшының есебінде қалуы қажет жинақтағы қаражатының ең төменгі мөлшері. Салымшының зейнетке шыққанда зейнетақысыз қалмауы
үшін есепшотында белгілі мөлшерде қаражат қалуы қажет болғандықтан, «жеткіліктілік шекті» анықтау әдістемесі Үкіметпен белгіленген болатын. Мысалы, 30 жастағы адам үшін «жеткіліктілік шек» – 2 миллион 518 мың теңге.

– Жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін қандай мақсаттарға пайдалана алады?

– Бір жолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үйді сатып алу, жекешелендіру, бөліп төлеу, айырбастау шарттары бойынша, үлестік қатысу туралы заңнамаға сәйкес кепілдік болған кезде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша толық есеп айырысуға; жер сатып алуды есептегенде, жеке тұрғын үй салуға; ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны енгізуге; ипотекалық тұрғын үй қарызын алу, берешекті ішінара немесе толық өтеуге, қайта қаржыландыру; ислам банкінің қаржыландыруы
шеңберінде тұрғын үйді сатып алуға, ислам банкінің тұрғын үй сатып алу жөніндегі мəмілені қаржыландыруы
шеңберінде берешекті ішінара, толық өтеуге; сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалдау шарттары бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге және емдеу мақсаттарына пайдалануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, салымшы ақшаны өзі үшін, жұбайы және жақын туыстары үшін пайдалана алады. Заң бойынша жақын туыстарына ата-әжесі, әке-шешесі, балалары, немерелері, бауырлары жатады. Сондай-ақ, әйеліңіздің немесе күйеуіңіздің зейнетақы қорындағы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асса, ол өзінің күйеуіне немесе әйеліне құқықтарын беру арқылы жинағын ұсына алады. Сонымен бірге отбасы мүшелері зейнетақы жинақтарын қосып, белгілі бір мақсатта пайдалануға өтініш бере алады.

– «Отбасы банкінде» біржолғы зейнетақы төлемін рәсімдеу үшін арнайы шотты ашу реті қандай?

– Арнайы шот ашу үшін ЖССБ 24 мобильді қосымшасын құрылғыңызға жүктеп, қосымшадағы жеке кабинетке
кіріп, «зейнетақы аудару үшін шот ашуды» басу қажет. Содан кейін өтінішке қол қоясыз. Артынша бірнеше секунд ішінде шот ашылады. Шоттың болуы туралы анықтама мен оның нөмірін жеке кабинеттен көруге
болады. Бұл зейнетақы аударымын жасаудың алғашқы қадамы. Жалпы, арнайы шотты ашуда мерзімдер мен
шектеулер жоқ. Сондай-ақ, ақша адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді. Мұның бәрі бірыңғай оператор арқылы жүзеге асырылады.

– Ал зейнетақы қорындағы ақшаны алу үшін өтінім қалай беріледі?

– Өтінім берместен бұрын, қолданылу мерзімі аяқталмаған, қызмет алуға жарамды электрондық цифрлық қолтаңба, яғни ЭЦҚ болу қажет. Сондай-ақ, зейнетақы жинақтарының қолжетімді көлемін БЖЗҚ порталынан нақтылап алған жөн. Одан кейін жоғарыда айтылғандай арнайы есепшот ашу қажет. Ары қарай өтінім
беру қадамын төменде көрсетілгендей іске асыру керек. Бірінші – enpf-otbasy. kz порталына электронды цифрлы қолтаңба арқылы кіріп, ЭЦҚ-мен авторизациялану және жеке кабинет ашу. Екінші – зейнетақы қорындағы жеткілікті мөлшердің үстіндегі ақшаны қандай мақсатқа пайдаланатынын белгілеу. Әр
мақсаттың өзіндік құжаттар тізімі бар, оларды алдын ала сканерден өткізіп, дайындау керек. Үшінші – жұмсағысы келетін қаражатты көрсету. Төртінші – «Өтінімді қалыптастыру» батырмасын басып, БЖЗҚ-ға қаражат сұрату үшін қажетті үш өтінішке ЭЦҚ көмегімен қол қою қажет. Одан кейін клиент (арнайы шот болған жағдайда) «БЖЗҚ-ға өтінім жіберу» батырмасын басады. Қажетті соманың бар екені туралы хабарламаны алғаннан кейін құжаттарды жүктеу терезесі ашылады. Құжаттар арнайы шотқа қаражат түскеннен кейін
45 жұмыс күні ішінде жүктелуі керек. Олай болмаған жағдайда олар БЖЗҚ-ға қайтарылады. Егер зейнетақы жинақтарын «Отбасы банкіндегі» ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын толық немесе бір бөлігін өтеуге пайдаланғыңыз келсе, enpf-otbasy.kz онлайн платформасында өтініш берген кезде, сізге ешқандай құжаттарды, оның ішінде несие берешегі туралы анықтаманы порталға жүктеудің қажеті болмайды. Себебі, сіздің қарыздарыңыз бойынша барлық құжаттар «Отбасы банкінің» деректер базасында бар. Бар-жоғы «Отбасы банкінде» арнайы шот ашып, менеджердің қабылдауында несиеңізді мерзімінен бұрын толық немесе бір бөлігін өтеу туралы өтініш толтырып, зейнетақы қаражатының мақсатты пайдаланылуын растасаңыз болды.Зейнетақы жинағынан қаражат сіздің шотыңызға аударылған күннен бастап, 45 жұмыс күні ішінде өтінім қаралады.

– «Отбасы банкіндегі» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша ипотекалық тұрғын үй қарызын алу қалай жүзеге асады?

– Тұрғын үйді бастапқы немесе қайталама нарықтан, сондай-ақ, ҚР заңнамасына сәйкес кепілдігі бар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу арқылы салынып жатқан үйден сатып алуға болады. Сонымен қатар, сіз пәтер, жеке тұрғын үй, жатақханадан бөлме сатып ала аласыз. Сондай-ақ, бір банктік қарыз шартының аясында жөндеу жүргізу арқылы тұрғын үй сатып алуға және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге (ЖТҚ немесе ЖҚШ нысаналы мақсатындағы жер учаскесін сатып алуды қоса алғанда) болады. Осы мақсат бойынша өтінім бергеннен кейін банк қызметкерлері сізбен хабарласып, қажетті құжаттар негізінде толық кеңес беретін болады. Айта кететін жайт, мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алу үшін атыңызда ҚР бойынша үйіңіз болмауы керек. Бұл талапқа сүйенетін болсақ, үйі барлар мемлекеттік бағдарламамен үй ала алмайды. Есесіне кез келген басқа, мемлекеттік емес бағларламалар бойынша үй алуға болады. Ең бастысы,
зейнетақы қорынан ақшаңызды алған кезде, тұрғын үй шарттарын жасату мақсатымен алып, оны растауыңыз
керек.

– Ал зейнетақы жинақтарын жөндеу жұмыстарына алуға бола ма?

– Ережеде жөндеу жұмыстары қарастырылмаған. Сіз бір шарт шеңберінде тұрғын үй сатып алып, жөндеу
жүргізген болсаңыз, жөндеу жұмыстарын жасай аласыз. Жеке жөндеу үшін рұқсат етілмейді.

– Зейнетақы қорынан алған қаражатты емделуге жұмсаудың тәртібі қандай?

– Зейнетақы жинағын емделуге жарату тәртібі әлі нақтыланған жоқ. Бұған қатысты ережелерді Денсаулық
сақтау министрлігі айқындайды. Жалпы, осы тұста айта кетейін, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алған кезде, 10% мөлшерінде жеке табыс салығы салынбайды. Яғни, зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алатын азаматтарға табыс салығын төлеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы беріледі. Олар табыс салығын зейнетке шыққан соң, 16 жыл ішінде бөліп төлей алады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...