Құқықтық реформалар және қылмыстық процестегі сын-тегеуріндер
Нархоз университетінің Құқық және мемлекеттік басқару мектебі Қазақстанның белгілі заңгері – заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі және ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Марат Қоғамовтың қонақ дәрісін ұйымдастырды. Дәріс Қазақстанның қылмыстық іс жүргізу құқығының өзекті мәселелері мен құқықтық жүйедегі реформаларға арналды.
Марат Қоғамов Қазақстандағы қазіргі заң саласының жағдайына кеңінен тоқталып, негізгі мәселелер мен оларды шешу жолдарын атап өтті. Тыңдаушылардың ерекше қызығушылығын Қазақстандағы құқық қолдану тәжірибесі мен АҚШ және Италияның қылмыстық әділет жүйесімен салыстыру тудырды. Профессор атап өткендей, АҚШ-та сот іс басталғанға дейін іс материалдарымен таныспайды, бұл сот процесінің объективтілігін арттырады. Бұл тәсіл Қазақстандағы жүйеден айтарлықтай ерекшеленеді, мұнда судья істің материалдарымен алдын ала танысады.
Лекцияға қатысқан студенттер өз әсерлерімен бөлісті:
Саматова Эллада, 3-курс студенті, «Саяси бұқаралық коммуникациялар» білім беру бағдарламасы: «Маған қылмыстық сот өндірісінің мәселелері мен олардың шешілу жолдары туралы нағыз маманнан есту өте қызықты болды. Әсіресе, Марат Қоғамовтың АҚШ пен Италиядағы сот әділеттілігіне деген көзқарастары есімде қалды. Қазақстанда шетелдік тәжірибенің кейбір элементтерін енгізу пайдалы болар еді.»
Хасанова Индира, 3-курс студенті, «Саяси бұқаралық коммуникациялар» білім беру бағдарламасы: «Спикер Қазақстандағы құқық қорғау жүйесінің әлсіздігін атап өтіп, оны нақты мысалдармен түсіндірді. Сондай-ақ, республикалық референдум өткізу мерзімін бір күннен үш күнге дейін ұзарту қажеттігі туралы ой айтылды. Оның күрделі құқықтық мәселелерді халыққа ертегілер мен мысалдар арқылы қарапайым тілде түсіндіру керектігі жөніндегі пікірі ерекше әсер етті.»
Февральева Алтынай, 3-курс студенті, «Саяси бұқаралық коммуникациялар» білім беру бағдарламасы: «Дәріс өте мазмұнды болды. Мен Қазақстанның сот жүйесіндегі мәселелер және азаматтарды референдум процесіне тарту әдістері туралы көп жаңа мәлімет алдым.»
Құқықтық мәселелерден басқа, профессор Қоғамов студенттерге кәсіби қызметте табысты болу үшін маңызды кеңестер берді. Ол жұмыстың 20%-ы сапалы орындалған жағдайда, табыстың 80%-ын қамтамасыз ететінін, ал формалды көзқарастың күтілетін нәтижеге әкелмейтінін атап өтті.
Қонақ дәрісі Нархоз университеті студенттері үшін маңызды оқиға болды. Олар қылмыстық іс жүргізу құқығының өзекті сұрақтарына терең үңіліп, Қазақстанның жетекші маманымен құқық қолдану мәселелерін талқылауға мүмкіндік алды.
Профессор Гүлмира Сұлтанбаева