Кеген ауданына апаратын күрежолды талапқа сай кеңейтіп жатқан қызу еңбекті көріп, заманауи демалыс орнына аз-кем аялдағанда реттілікке һәм тазалыққа сүйсінбеске әдді қалмады. Тау бөктерлерінде жайылып жүрген төрт түліктің дала сәніне айналғаны өз алдына. Алқаптарда тербеле өскен дәнді дақыл, шабындықтарда сықасқан шөп орамдары көз тойдырады. Өндіріс орындарының, туристік саябақтар мен қонақ үйлердің орналасқан жеріне сілтеме жасала жол ережесіне сәйкес орнатылған белгілерді оқи отырып аудан аумағында өндіріс,демалыс орындарын салуда баланс сақталғанын аңғарғанымызды айтқызбай ұққан аудан әкімі бұл тірліктің кәсіпкерлер ұсыныстарына байланысты екенінен құлағдар етті. Қалталы азаматтарға арнайы ұсыныстар түсіре білгендіктен кәзір 25 нүктеде гидроэлектр стансаларын салуға зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатса, бүгінгі күні 2 гидроэлектр стансасын орнату басталыпты. Күн электр стансасын орнату жұмысы да ұмыт қалмаған. Патша балық – форель, бал арасы, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу секілді үлкен сұранысқа ие өндіріс орындарын салуға Инвесторлар кезек-кезегімен келетіні аудандағы қайнаған тіршілікті паш ететінін көңіл түкпіріне түйіп отырғанымызда аудан әкімінің «Құдайдың беріп тұрған игілігін халық қажеттілін өтеуге пайдала білу керек» деген сөзі көкейдегі көп ойды дөп басып, ресми сұхбатымызды бастап жібердік.
– Нұрбақыт Молдахметұлы, мемлекеттік қызметте жауапкершілікті — іскерлікпен, біліммен, тәжірибемен айқындап беретін аудан әкімі лауазымындағы алғашқы қадамыңыз қалай, неден басталды?
– Жердің, елдің алдындағы перзенттік парызды жоғары деңгейде өтеу мақсатында мемлекеттік қызметтегі жоғары лауазымдағы алғашқы қадамым осы Кеген ауданы әкімі қызметінен басталды. Бұл жұмысқа дейін мемлекеттік қызметтің алғашқы баспалдақтарынан өттім. Қарапайым отбасында 11 баланың бірі болып өстім. Малды ауылда жаз жайлауда, қыс қыстауда мал шаруашылығымен айналысқан әкем Молдахмет, анам Рысжан ата-баба ұлағатын бойыма сіңіріп, ұлттық рухтың қайнар көзінен сусындадым. Мектеп қабырғасында жүргенімде Панфилов ауданы Үшарал ауылында грек-рим күресінен үйірме ашылғанда ішкі екпінмен құлшына барып, бірден қабылданып, үлкен спорттың даңғыл жолына түстім. Спорт саласында аттары әлемге әйгілі тұғырлы тұлғалардың тәрбиесін көріп, үлкен спортқа қадам басқанда ұстаздарым Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов ағаларымыздың «Сендер осы спорттағы табандылықтарыңнан таймасаңдар болашақта Қазақстанның көк байрағын әлемнің әр түкпірінен желбіретесіңдер. Елдің намысын қорғайсыңдар. Ел алдындағы жауапкершілікті жете сезініңдер шет елдерге барғанда қазақ жігіттерінің мықтылығын көрсетіп, дәлелдеңдер» деген сөздері санамызға сіңіп қалды. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші спорт саласында Көк Туды желбіреттік. Өмірдің өзі жеңіс пен жеңілістен тұратынын да сол ағалар үйретті. Өмірдің ыстық-суығын басымнан өткізген спорт үлкен тәрбие берумен қатар шыңдады. Спортта үлкен белестерді бағындырдым. Жетістігім үшін барлық қажеттіліктерімді мемлекет жасады. Ел алдында беделім де мерейім де өсті. Спортты қойған соң, облыс әкімінің ұсынысымен Алматы облыстық спорт басқармасының басшысы лауазымына тағайындалып, 4,5 жыл басқардым. Күні-түні тынбай еңбек етіп, облыс спортын дамытып, республикадаға алғашқы орынға көтердім. Енді Кеген ауданында маған дейін Жолан аға Омаров бастаған игілікті істерді жалғастырумен шектелмей тың қадамдарға жол ашып , заңнама шеңберінде әрі сәтімен үлкен жұмыстарға ұйытқы болып, басы-қасында жүріп атқарудамыз.
– Жергілікті мамандардың, әлбетте орынбасарларыңыздың, мекеме басшыларының кәсіби біліктілігін сараптағанда кадр мәселесі айқындалған шығар?
– Елге қызмет етудің бір тармағы мінезден бастау алады. Біріншіден, қарапайым халықпен бірлесе, санаса еңбек ету маған өте қызықты болды. Елмен етене, һәм қоян-қолтық араласа жүріп істелінген, істелініп жатқан, істелінетін жұмыстың нәтижесін уақыт көрсетіп отыр. Кезінде аса көрнекті саяси тұлға болған Ораз Жандосов басқарған аудан тізгінін ұстап, жауапкершілікті мойныма алған соң, өз кезегімде аудан әкімі лауазымын абыроймен атқарып, халық жадында тек жақсы істеріммен қалғым келеді. «Ел көшін бастау – ерге сын, ерді қолдау – елге сын» деген аталы сөз бар. Ер азамат болған соң ауданды басқару бізге үлкен сын. Сондықтан бастаған жұмысымды жауапкершілікпен, адалдықпен атқарғым келеді. Қолдап отырған елге ризамын! Бұл ретте осы ауданнан қанат қағып, мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинап елге, жерге еңбек сіңірген аға, әпкелерімізден бастап қатарымызда функционалдық міндетін адал атқарып жүрген әріптестерімді құрметпен атап өтуіме болады. Кең-байтақ жерімізде, елімізде ат төбеліндей ғана болып көрінетін Кегенімізді республикадағы алдыңғы орынға көтеруді ойластырған асыл арманым бар. Сол арманға жол ашып, негіз болатын — жол, құрылыс, ауыл шаруашылығы, туризм секілді сан алуан салада мықты мамандарымыз арамызда жүр. Осы ойымды шегелей түссем, ұлттық рух, қайсарлық пен төзімділіктен тұратын рух мықтылығы осы елдің темір қазығына айналған. Бұл елден суырылып шыққан жекелеген азаматтардың бірсөзділігіне, алған бетінен қайтпайтын батырлығына мысалды мыңдап келтіруге болады. «Сынықтан басқаның барлығы жұғады» дегендей елдің жігерлілігі туралы айтсам, халық үшін істелінетін қандай да жұмысты жүзеге асыру үшін талапқа сай құжаттарды дайындауға бір жыл, оған қаражат бөлдіру үшін жарты жылға созылса да зыр етіп өте шығады. Міне, сол кезде мамандарымыздың табандылығы білінеді.
– Қарапайымдылық. «Ұлық болсаң кішік бол» деген қазақы даналықпен қатар көзі тірі кезінде пайғамбар аталған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың «Қанша биік болсам да халқымнан аспадым» деген сөзін жадыма түйіп қойғанмын. Ұғына білсеңіздер «Әкім деген сөз үлкен жауапкершілікті жүктейді» деп әріптестеріме үнемі айтып отырамын. «Жақсы. Бүгін қолдарыңда кішкентай болса да билік бар шығар, сол сөзді пайдаланып, біреуді алдарсыз бірақ ертең құдайдың алдына барған кезде соған жауап беруге дайынсыздар ма? Құдайдан қорқып елге дұрыс қызмет істесеңіздер халық бағасын береді. Өз басым әкім ретінде ғана емес халыққа қызмет істеу үшін келдім деп санаймын» деп те ой тастаймын. Кәзір әкімдерді, мемлекеттік қызметшілерді көптеген адамдар «жемқор» ретінле санайды. Сөзінде тұрмайды деп сенбейді. Сондықтап бір ұстанымым әкімдіктің беделін көтергім келеді. Халықтың сеніміне кіріп, Мемлекет басшысы үлкен жұмысты тапсырып, қолдап отырған кезде ел игілігіне қолымнан келгенше теңізге тамған бір тамшы секілді септігімді тигізгім келеді.
– Аграрлы ауданда өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламалармен берілетін (субъсидия) бюджеттен бөлінетін қаражатқа қол жеткізу, оны талапқа сай бөлгізу, пайдалану мәселелері қалай шешілуде?
Аграрлы аудан дегенде алдымен айтар бір сөз Кеңес Одағы заманында Кеген, Нарынқол аудандарында милионнан астам қой өсіріліпті. Жұмыс қайнап жататын. Оның шетін малшының баласы ретінде көрдім. Шыны керек, еліміз егемендігін алып, еңсесін көтере бастағанда әрқандай жұмыс әупірімдеп алға басуда. Мал саны өсіп, егістік жер көлемі енді-енді кеңейе бастады. Ауқатты шаруалар көбейді.
Рас, қарапайым халық қарап отырған жоқ. Шама-шарқыншы мал бағып, егін өсіріп, оның өнімдерін өндіріп, өңдеп қажеттеріне жаратуда.Бірақ соның барлығын керемет деп айта алмаймын. Десек те, елдің еңбегін көре білген ләзім. Егін егу жұмысының бастауы су мәселесін реттеу үшін ірі каналдарды қалпына келтіріп, халық қажеттілігін өтеуге облыс әкімі жақсы қолдау көрсетіп отыр. Осы каналдарды жөндеу жұмыстары толық атқарылса ауданымызда 920 гектар жер суғарылатын болады. Шаруаға бұл үлкен көмек болар еді. Барлығы осы жұмыс нәтижесін күтіп отыр. Жалпы 30 мыңға жуық егістік жердің 20 мың гектары дәнді-дақылдарға арналған жер.
Инвестиция тарту бойынша 2023 жылы аудан аумағында 4 жоба болса биыл 38 инвестициялық жоба жасалып, ретімен іс жүзіне асырылуда. Соның 11 қызу қанды жұмыс жүріп жатқанын ашық айта аламыз. Алматы облыстық энергетика басқармасы арқылы өндірістік инфрақұрылымды дамытуға құны 2,5 млрд. теңге болатын «КегенМясопром» ет комбинаты салынды. Таяуда іске қосылады.
Құны 420 млн. теңге болып, 50 жұмыс орнымен қамтитын «СПК Талас» сүт өңдеу фермасы жылына 300 тонна ссүт өнімдерін өндіреді. Бұл ретте былтыр сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қара сатылып алынған.
75 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 500 тонна жер асты тау кенін өндіретін «СлаваМұнайСервис» ЖШС кен өндіру жұмысын Тұйық ауылынан ашуды жоспарлап алғашқы қадамын бастауға әзірленуде.
Ауданымызда төрт түлік өсіру ғана емес балық шаруашылығын дамыту үшін кезінде патша балық аталған – форель балығын өсіруге «7 Colors» ЖШС Кеңсу өзені бойында жұмысын бастап кетті. Жобасының құны 200 млн. теңге болатын өндіріс орны 18 тұрақты жұмыс орнын ашып, жылына 500 тонна форель балығын талапқа сай дайындауда. Кәзіргі таңда балықтары сатылымға шыға бастады. Бестөбе су қоймасында былтыр ашылып, балықтарын бөлшек саудаға шығарған форель шаруашылығының жұмысы өз алдына.
Интернет арқылы Еңбекшіқазақ ауданының бір жігітімен танысқан едім. Сол жігіт төрт жыл Польшада бал арасын өсіру, күту, баптау секілді көзге көрінбейтін бірақ үлкен рөль атқаратын жұмыстың арнаулы оқуын оқып келіпті. Білімді де білікті сол маманды арнайы шақырып, сұраған жерін заңдастырып беріп, тұрмыстық жағдайын жасап, бал арасы шаруашылығында еңбек етуге келісім-шарт жасастық. Төрт түлік секілді бал арасын да асылдандырады екен. Ғылыми тұрғыда жұмыс басталды. Кәсіпкерлеріміз және қарапайым шаруалар үлкен қызығушылық танытып отыр. Сөйтіп, Кеген ауданында Ара шаруашылығы ассоссациясы құрылды.
Тізбелей берсем жетіп артылады. Қуана құптарлығы сол Көлсай көлдерінде туризм өте жақсы дамығандықтан әлемдік стандартқа сай дүниежүзіндегі ең қымбат бағалы мейрамханалар тоқтаусыз қызмет көрсетуде. Шымбұлаққа шығатын қанатты жолдарды салуға инвесторлар келіп ұсыныстарын түсіруде. Орта Меркі, Шет Меркі деген жерлерімізде туризмді дамыту үшін инвесторлар ағылып келуде. Әлбетте, қонақ үйлер салуға ірі компаниялар ұсыныстарын түсіріп, талабымызды қабылдап жұмыстарын бастап жіберді.
Инвестиция тарту дегенде айтарым, бизнесмендердің жұмыс жүргізуіне мүмкіндіктерді жасай білсеңіз іскер жандар өздері келіп, шаруаны дөңгелетіп алып кетеді. Әлбетте, бизнесменнің де бизнесмені бар екенін білген, ажырата, тану көрегендікті көрсетеді. Сұраған елге мемлекеттік жер қорынан гектарлап жер телімдерін бөліп бермейміз. Ұсынысын қабылдаған соң, мамандар барлық сала бойынша мұқият тексеріп шығады. Сан түрлі талабы бар електен өткізгеннен кейін келісім-шарт жасалып, бекітіледі. Құдайға шүкір, инвесторлар баршылық. Өйткені, біздің ауданда мүмкіндіктер өте көп. Тек тетігін тауып, жұмыс істей білу керек.
Субъсидияға келсем, мемлекетімізде «Ауыл Аманаты» деген бағдарлама бар. Бұл бағдарламаға шаруаларымыз қызығушылық танытып, 291 адам құжаттарын талапқа сай өткізіп қойды.
Халық көңілінен шығып отырғанымызды облыс әкімі бағалап аудандық бюджет көлемін екі жылда екі есеге арттырды. Сан саладан түсетін кірістерді тиісті орындар есептеп салық көлемі де еселеп артуда.
Әлеуметтік салаларға тоқталсам, биыл медицина саласына 15 жаңа салынған ғимаратты пайдалануға береміз. Алты мектепте жөндеу жұмыстары жүруде.
Ауыз су мәселесін реттеу үшін сегіз елді мекенге ауыз су мәселесіне қаражат бөлгізуге қажетті құжаттарып заңнама талабына сай дайындап, республикалық бюджетке тапсырыс беріп қойдық. Жалпы ауыз су, интернет мәселелеріне байланысты былтыр ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев келіп, ел қажеттілігін тыңдап кеткен соң, салалық вице-министр арнайы келіп тиісті орындарға ұсыныс түсіріп, мәселені шешу жолдарын қарастырып қайтты. Медицина саласындағы қолайсыздықтар нақтылай түссем өңірдегі алты ай қыстың суығына, желдің өтіне шыдамаған мықты мамандар тұрақтай алмауда.
– Құқық қорғау органдары, сот жүйесі — басшылары жалпыхалықтық мәселерде заңнама шеңберінде билікпен, халықпен санаса ма? Аталған салалар қарапайым халыққа қолжетімді ме, жалпы ауданда әділдік орнатыла бастағаны рас па?
Интернет алаяқтық біздің ауданда да бар. Әсіресе, несие алуға құжаттар рәсімдеу, қаражат алып беру мәселесінде алаяқтық белең алғандықтан ішкі істер, прокуратура органдары жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Қылмысты тоқтату, алдын алу мақсатында аудан аумағында 700 бейнекамера орнатылды. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында халықпен кездесіп, ел алдында есеп беруде тек құқық қорғау органдарының қызметкерлері ғана емес мекеме басшылары толық қатысады. Қандай да бір мәселе көтерілсе тиісті тұлғалар сол жерде елге жауап береді. Бұл заң талабы. Біз өз тарапымыздан елдің өтініш-тілегі, арыз-шағымдары заңнама шеңберінде орындалуына ықпал етіп, жауапкершілік жүгін арттырамыз. Әрине, облыс әкімін хабардар ете отырып, елдің проблемасын шешу сол кездесулердің негізгі мәселесі болып талапқа сай хаттама толтырылып, белгіленген мерзімінде орындалуын да талап етеміз. Бұл біздің төл міндетіміз. Халықпен етене араласатындықтан ақпараттық жүйе арқылы жеке парақшама «бір жерде мал ұрланды», « су тасыды» дегендей мәселелерді сол ел жазады. Сол жазбаларды скрингтен өткізіп, бөлімдерге жіберіп жүйелі түрде жұмыс жүргізудеміз. Сөз реті келгенде айта кетсем, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері болған Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов атамыздың туғанына 80 жыл толуына орай Ақордадан басталған игілікті іс ескерткіш нақтылай түссем бюст орнату жұмысының басы-қасында жүрдім. Кеген ауылына кіре берісте орнатылған еңселі бюстің ашылу рәсіміне мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, игі жақсылар бас қосты. Қарапайым халық шадыман-шаттыққа бөленіп үсті-үстіне ағылды. Заманбек Нұрқаділовке қойылған белгі айналасын көгалдандырып, жйната жарқыратып қойдық! Міне осы қуанышты әлеуметтік желілер арқылы мыңдаған адам әлі күнге бөлісуде!
– Кеген ауылының қанатын жайып сәнді де сапалы тұрғын үйлер бой көтеріпті. Бұл ауыл халқының асыл арманы еді. Осы баспаналар тек қызметтік үйлер ме, әлде…
Құдайға шүкір, заман өзгеріп, алға басу қадамдары айқын көрінуде. Мемлекетімізден түрлі бағдарламаларға сәйкес қаражат молынан бөлінуде. Соның бір дәлелі ретінде тұрғын үй кезегінде 500 астам адам кезекте тұрған еді. Сол адамдардың басым бөлігі әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған көп балалы аналар, асыраушысынан айрылған жандар болып келеді. Мұқтаж жандарға алдыңғы жылы – 20, былтыр – 30 тұрғын үйдің кілтін бердік. Бірақ елу тұрғын үймен бес жүз адамның мәселесін шеше алмайтындығымызды есептеп облыс әкімімінің қабылдауына арнайы жазылып, кіріп Кеген ауданы халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтердік. Нәтижесінде биыл заманауи 65 шаршы метрден астам 72 тұрғын үй елге беріледі. Сонымен қатар ағымдағы жылы 25 пәтер салуға жоба жасадық. Инвесторы анықталып, қаражаты бөлінді. 16 млрд. 848 млн. теңге қаражатпен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 726,5 млн. теңгеге — 1498 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.
– Ауыл спорты. Туризм. Кезінде Кегенде еркін күрес үйірмесі мен жаттығу залы бар еді. Қазір қалай?
– Осыдан бес-алты жыл бұрын салынған спорт кешені бүгінгі күні де жұмыс істеп тұр. Оның сыртында қысқы спорт түрлері мен ұлттық спортқа арналған ауданымызда екі спорт мектебі бар. Мүмкіндіктер молынан жасалғандықтан 1000 астам бала әртүрлі спорт үйірмелеріне қатысып, өз деңгейлерінде жетістіктерге жетуде. Біле білсек, бұл да рух мықтылығын көрсетпей ме?! Өнер мектебінде 900 астам бала шыңдалуда.
ДЕРЕККЕ ДӘЙЕКТЕМЕ
Ағымдағы жылдың алты айындаға статистикалық мәліметке кезек берсек, ауыл шаруашылығы өнімдері 7 млрд. 459 млн теңгеге жетті. Соның ішінде дәнді дақыл — 26 649 га. көкөніс – 134 га. кортоп – 691 га. көпжылдық шөп – 19753 га болды.
Ауданда 55 637 бас ірі қара, 34 565 бас жылқы, 269 569 бас қой-ешкі, 18 363 құс өсірілуде. 867,3 тонна сүт өндірілді. Аудан бойынша 4133 шағын және орта кәсіпкерлік тіркелген.
Өнеркәсіп өндірісі 7 млрд. 965 млн. теңгеге орындалды.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 3 млрд. 166 млн теңге болды.
Бөлшек сауда айналымы — 1 млрд. 513 млн. теңге
«Кең дала» бағдарламасы бойынша несие алуғ тапсырыс берген төрт тұлға 21 100 млн. теңге алды.
«Ауыл Аманаты» бағдарламасымен жыл басынан бері 11 кәсіпкер 139 млн. теңге несие алды.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша үш елді мекенде мал дәрілеу орындарын талапқа сай қоршауға 11,3 млн теңге бөлініп, жұмыс толық аяқталды.Облыстық ветеринария басқармасынан 7 елді мекенде мал қорымдарын салуға 15,4 теңге бюджеттік өтінім берілді.
«ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 % лизингке 24 дана ауыл шаруашылығы техникасы 283,3 млн. теңгеге сатылып алынды.
Нысаналы мақсатында пайдаланылмаған жер телімін пайдаланушылардың келісім-шарттары бір жақты бұзылып, 3607 гектар жер аудандық жер қорына қайтарылды.
Өмірдерек: Нұрбақыт Молдахметұлы 1983 жылы туған. Қазақ. Білімі жоғары. ҚР Президенті әкімшілігінің және Кеген аудандық мәслихаты депутаттарының келісімі бойынша және Алматы облысы әкімінің өкімімен Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев Кеген ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.
2002 жылы Қ. Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт колледжінде «дене шынықтыру және спорт», 2007 жылы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясында «кеден ісі», 2007 жылы Қазақ спорт және туризм академиясында «дене шынықтыру мәдениетінің оқытушысы, күрес жаттықтырушысы», 2009 жылы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясында «көлікті пайдалану және тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру», 2014 жылы Қазақ спорт және туризм академиясында «педагогика ғылымының магистрі» мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2001 жылы Қазақстан Республикасының грек-рим күрес федерациясының спорт-нұсқаушысы болып бастаған.
2018 -2023 жылдары Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы. 2023 жылдың 27 шілдесінен Кеген ауданының әкімі лауазымын атқарады.
Нұрбақыт Молдахметұлы грек-рим күресінің палуаны, жастар арасында әлем чемпионы (Стамбул, 2003 жыл), 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2009 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. «Құрмет» орденінің иегері.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!
Нұрбол Әлдібаев, Алматы облысы