– Мұрат Нұрәліұлы, әңгімені кәсіпкерлік палатасының тарихынан бастасақ. Ол қандай мақсатпен құрылған еді?
– Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы – «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аумақтық бөлімшесі, «ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңға сәйкес 2013 жылғы 8 қазанда құрылған. Бизнес пен биліктің тиімді әріптестігі негізінде дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерін біріктіретін коммерциялық емес өзінөзі басқаратын ұйым. Түркістан облысының Кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі бағыттарына тоқталар болсақ, оқыту, кеңес беру, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары, бизнесті жүргізу, заңнамалық талаптар мен жаңалықтар және тағы да басқа талаптар туралы хабардар ету. Екіншіден, кәсіпкерлерді құқықтық қорғау, әкімшілік кедергілерді анықтау, аудандар, өңірлер, республика бойынша бизнестің өзекті мәселелерін шешу. Сонымен қатар, отандық өндірістерді дамытуға және тауарлардағы, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі қазақстандық қамту үлесін арттыруға жәрдемдесу, бизнес-жобаларды және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу. Түркістан облысының кәсіпорындарында сұранысқа ие мамандарды кәсіби даярлауға жәрдемдесу.
– Қазіргі таңда кәсіпкерлердің құқығы қалай қорғалады?
– Бизнесті мемлекеттік қолдаудағы маңызды оқиғалардың бірі – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымының пайда болуымен байланысты. Кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау үшін бизнес-омбудсмен институтын нығайту қажеттілігі туындағаны туралы Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» жоспарында айтылған болатын. Қазақстан кәсіпкерлері өз құқықтарын біледі және ешкімге өзін басынуға жол бермейді. Егер Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қолдау көрсетпесе, түсіністік танытпаса, онда әрине, оларға әлі күнге дейін қиын болар еді. Шынымды айтсам, посткеңестік кеңістікте бизнесті қорғау саласында бізге тең келер ешкім жоқ. Бұл тәуелсіздіктің жемісі.
– Мұрат Нұрәліұлы, бизнес мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қалай қарайды?
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – өте қажет әрі маңызды мемлекеттік бағдарлама және бұл көптеген мәселелерді шешудің бір жолы. Мысалы, мемлекеттік балабақшалардың жетіспеушілігі. Осы бағдарламаның арқасында балабақшаға кезекте тұрғандардың мәселесі 80% шешілді. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің ең сәтті мысалдарының бірі. Бұл жерде де шенеуніктер аяқтан шалуға тырысты. Өңірлердегі кездесулердің бірінде кәсіпкерлердің бірі: «Ауданға барып едім, меңгеруші маған ақша берілмейді деді және өзіне бағынышты адамдардан құралған комиссияға жіберді. Егер бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік болса, онда неге бұл комиссиялардың 50%-ы шенеуніктер, ал 50%-ы қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, депутаттар болмасқа?» – деді. Толық негізделген ұсыныс. Бұл мәселе министрдің бұйрығымен шешілді.
– Кентау қаласында кәсіпкерлікке қолдау қалай көрсетіледі? Әттеген-ай дейтін тұстар бар ма?
– Әлі есімде, қаламыздың шет жағында картошка, пияз, сәбіз егілетін, ол егінді жинап профснабқа өткізетін. Кентау қаласының және қалаға қарасты ауылдық округтерде орналасқан дүкендердің тұтынушыларын қамтамасыз ететін. Ал қазір ол жерлердің шаңы шығып жатыр. Егер осы жерге Байылдыр каналын бетондап, жөндеуден өткізіп, осы егіс алқабына дейін су құбырын тартатын болса 5 мың гектар жерді суаруға жетер еді. Қазіргі таңда ол жер жайылымға айналды. Жайылым дейін десең ол жерде шөп те жоқ. Ал біздің мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер шөпті Қызылордадан сатып алып отыр. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік мәселелерін жедел шешу мақсатында Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп, бүкіл Қазақстан бойынша «Ауыл аманаты» жобасын іске қосты. Оны жүзеге асыруға биыл 52 миллиард теңге бөлінген. Партия жанынан әдістемелік қамтамасыз ету, азаматтар мен әкімдерді оқыту, өтініштерді қабылдау және қаржы бөлу барысын қадағалайтын жобалық кеңсе ашылды. Әрине, бұл біздің ауылдарды көтеруге көмектесетін нақты қадамдар болып табылады. «АМАNАТ» партиясы мен Үкіметтің міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын республика бойынша ауқымды ету. Сондай-ақ, тұрғындарды жобаның барлық артықшылықтары туралы дұрыс ақпараттандыру маңызды. Осы жобаны іске асырып, қадағалау үшін ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Кезінде осындай кооператив мал бордақылаумен, егіндікпен айналысатын шаруалардың өнімдерін жинап, дүкендерге өткізетін. Ал қазіргі таңда мал бордақылау үшін төмендетілген несие алған шаруалар ірі қараларын бордақылай бастайды. Сөйтіп, оны жілікке бөліп ағайын-туысына немесе басқа да тұрғындарға айлыққа таратып береді. Айлықты біреу ерте алса, екіншісі кеш алады. Ерте берген адамның ақшасы жаратылып кетеді. Міне осындай жағдайға тап болған кейбір кәсіпкерлер мал да, ақша да жоқ болып, мемлекет тарапынан алған несиені төлеп келеді. Мен жоғарыда айтып өткен ауыл шаруашылығы кооперативі кәсіпкердің бордақылаған малын сатып алып, дүкендерге немесе тағы да басқа жерлерге өткізіп тұрса, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер де қиналмас еді. Біз де осы мәселені қолға алғанымыз абзал. Себебі, мемлекет тарапынан алған қаржыға өз кәсібін бастаған кәсіпкер, өзінің өнімін қайда өткіземін деп басын қатырмауы керек. Мемлекет тарапынан ол өнімді өткізуге де қолдау көрсетілуі қажет. Өзіміздің көршілес Өзбекстан мемлекетін алып қарайық, ол жерде кәсіпкерлер өнімін өткізуге жағдай жасалған.
– Жаңа бір сөзіңізде ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысы жайында айтып қалдыңыз, сонда бізде АШК жұмысы ақсап тұр ма?
– Бізде ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған. Бірақ осы саланың жұмысын жақсартуымыз керек. Олай дейтін себебім, ауыл шаруашылығы кооперативі кәсіпкерлердің өндірген өнімін белгілеген бағаға сатып алып, оны дүкендерге өткізіп отыруы қажет. Сөз барысында көрші Өзбекстан мемлекетін мысалға келтіріп өттім. Онда бір ауданда 10 шақты үйде құрт, ірімшік және тағы басқа өнім өндіреді. Екінші ауданда онға жуық кәсіпорында химиялық тауарлар шығарады. Осылай бөліп-бөліп қойған. Олар өздерінің өнімін қайда өткіземін деп бас қатырмайды. Кәсіпкерлердің шығарған өнімін арнайы өндіріс орнына белгіленген бағаға сатып алып дүкендерге және өзге елге жіберіп отырады. Міне, біздің елімізде де ауыл шаруашылығы кооперативі осылай жұмыс жасаса мемлекетке қосар үлесі мол болары анық. Кәсіпкерлердің өнімін өзге елге де жіберуге мүмкіндік болады.
– Ұлттық жоба бойынша Кентау қаласында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Кәсіпкерлікті дамытудың 2021– 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы 2021 жылдың қазан айында бекітілді. Ұлттық жоба ШОБ-тың бәсекеге қабілетті секторын қалыптастыруға, кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін арттыруға және кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар жасауға бағытталған. Ұлттық жобаны іске асыру 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтар болсақ, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру, кәсіпкерлердің өсуін жеделдету, бәсекелестікті кешенді дамыту. Сонымен қатар, өз ісін ашу және дамыту үшін жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне дағдыларды дамыту арқылы кәсіпкерлерді қолдау, кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, экономиканы мемлекет меншігінен алу. 200-ге жуық азамат өз кәсібін ашты. Енді осы кәсіпті ірілендіру қажет. Бізде қатып қалған қағида қалыптасқан, «біз шағын қалада тұрамыз» деп өзінің өнімін қаладан тыс жерге өткізбейтін өндірушілер де кездеседі. Біз осындай қағидадан арылғанымыз абзал. Қазіргі таңда техника дамыған заман. Өзіңіздің өніміңізді интернет дүкені, әлеуметтік желі арқылы сатып, республика өңіріне және өзге елдерге де жібере аласыз. Шағын кәсібін бастаған кәсіпкерлер иентернет және әлеуметтік желі арқылы да жұмыс жасауы қажет. Сонымен қатар, аталған жоба аясында 26 кәсіпкер несие алды.
– Шағын несие алған кәсіпкерлердің басым бөлігі қандай бизнес түрін қолға алуда?
– Несие алып өзінің кәсібін ашқан тұрғындар мал шаруашылығымен айналысуда. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің басым бөлігі логистикалық қызметке бет бұруда. Батыс-Еуропаға үлкен жол бар. Осы жол арқылы Қытай мемлекетінің Харгос қаласынан Алматы қаласына келген заттарды республика аумағына тасымалдау қызметін дамытуда. Төмен пайызды несие алып жүк тасымалдайтын көлікпен Қытайдан келген заттарды тасымалдауда. Қазіргі таңда Кентау қалалық кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы бөліміне кредит алу және құжаттарды дұрыс рәсімдеуге келген қала тұрғындарына сапалы қызмет көрсету жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы Кәсіпкерлер палатасының Кентау қалалық филиалы арқылы 600-ден аса тұрғынға кеңес беріліп, 74 бизнес жоспары әзірленіп, кәсіпкерлікпен айналысамын деген тұрғындарға бағыт-бағдар берілді. Сонымен қатар, 300 миллион теңгені құрайтын 25 жобаға қала және қалаға қарасты ауыл тұрғындары тарапынан несиелер берілді. Оның ішінде 4 жоба мал шаруашылығын дамытуға, 6 жоба айналым капиталын ұлғайтуға, 2-уі бизнесті ұлғайтуға және 13-і автокөлік сатып алу бойынша алынды.
– Осы Ұлттық жоба аясында бизнесті қалай жүргізуге болады?
– Бизнесті нөлден бастауға болады. Алдымен сіз ақша табуды бастау үшін не істеу керектігін түсінуіңіз керек – қызметтер көрсету немесе тауарлар? Бүгінгі таңда тек дайын өнімдер ғана емес, сонымен қатар жеке білім, дағдылар, талант пен тәжірибе де үлкен сұранысқа ие. Біріншіден, сіз өзіңіздің күшті жақтарыңыздан бастап, не істеу керек екенін білуіңіз керек. Мысалы, мұғалім білім беру орталығын аша алады, ал бухгалтер компанияларда бухгалтерлік есеп пен аудит жүргізуге көмектеседі. Екіншіден, сізге белгілі бір нарықты зерделеп, сол нарық түріндегі сұраныстарды түсініп, бәсекелестердің ұсыныстарын зерделеп, өзіңіздің жаңа қызметіңізді ұсынуыңыз қажет болады. Мысалы, жаяу жүретін жерге кофехана болмаса, кофе машинасын сатып ала отырып сіз бариста қызметтерін ұсына аласыз. Егер сіз белгілі бір бастаманы таңдаған болсаңыз, сізге бизнес-жоспар әзірлеу керек. Ол жерде барлық қажетті тармақтарын қарап шығу керек, идеяңызды жүзеге асыру үшін шығындарды есептеуіңіз қажет. Жаңадан бизнес бастағандар үшін кеңсені жалға алмай-ақ, үйде отырып жұмыс істеуге болады. Мысалы, сүйікті хоббиіңізді де кәсіпке айналдыра аласыз. Атап айтар болсақ, нан пісіру, тәтті пісіру, кесте тігу, журнал шығару және тағы да басқа өзіңіздің сүйікті ісіңізді бизнеске айналдырып, сол арқылы табыс табуыңызға мүмкіндік бар
. – Бизнесті біреумен бірлесіп ашқан жағдайда ол бизнестің жұмысын қалай жүргізуге болады?
– Егер сіз өз кәсібіңізді өзіңіз серіктесіңіз, танысыңыз, туысыңыз немесе досыңызбен бірлесе отырып ақшаларыңызды, біліміңізді салып, бизнес ашқыңыз келсе, онда бірлескен бизнес үшін жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашқан дұрыс. Сонымен қатар, жауапкершілігі шектеулі серіктестік аша отырып, кез келген қызмет түрімен айналысуға болады. Қызмет көрсетумен, өңдеумен, өндіріспен шұғылдануға болады. Қосымша лицензияларды талап ететін белгілі бір қызмет түрлері ғана бар. Мысалы, сіз құрылыс жұмыстарымен айналысам деп шешсеңіз, бұл жағдайда қызмет түрін жүзеге асыру үшін ЖШС-ке қосымша лицензия алу қажет. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашу үшін жарғылық капитал да қажет. Ол ЖШС құрылтайшыларының әрқайсысының салымдарынан құрылады және осылайша олардың серіктестіктегі үлесі анықталады. Бұл ақшаны шикізатқа, жалға алуға, коммуналдық қызметке және басқа да шығындарға жұмсауға болмайды. Бұл тиісуге болмайтын сома. Кризистік сәтте де жарғылық капитал ЖШС шотында қалуы керек. Ол кепілдік депозит ретінде қызмет етеді және компания таратылған жағдайда алынады. Ақша банкроттықтан кейін ЖШС қарыздарын және басқа да міндеттемелерін өтеуге кетуі мүмкін. ЖШС ашу және жабу туралы толығырақ ақпаратты мына жерден табуға болады.
– Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап жұмыссыз жастардың жағдайын көтеру мақсатында 2,5 пайыздық несие беру жұмыстары жүргізілуде. Осы несиенің шарттары қандай?
– Негізгі шарттарына келер болсақ, микрокредит кепілмен қамтамасыз етілуі шарт кепілдік ретінде жылжымайтын мүлік немесе арнайы техника қою міндетті. Егер жас кәсіпкердің өзінің атында жылжымайтын мүлкі болмаса онда ата-анасының немес жақын туысының үйін кепілдіке қоя алады. Сонымен қатар, бұл несие 21-35 жас аралығындағы азаматтарға беріледі. Несие алушыларға микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайтын мерзімге жеңілдік кезеңі беріледі. Несие алатын уақытта үміткерлердің жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі бес жылдан аспаған болуы шарт. Несие алуға өтініш беруші ұсынған құжаттардың мазмұны мен мәліметтерін тексеру мерзімі барлық қажетті құжаттар тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнін құрайды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кредит өтеусіз беріледі. Бағдарламаның жүзеге асуына 29 млрд теңге бөлінген.
– Мұрат Нұрәліұлы, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары қалай жұмыс жасауда?
– 2021 жылдың қараша айынан бастап «Атамекен» ҚР ҰКП базасында еліміздің барлық өңірлерінде 17 Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы (ӘКДО) жұмысын бастады. Орталықтар COVID-19 пандемиясымен күресте Қазақстан үшін ынтымақтастық қоры шеңберінде Азия даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады және «Атамекен» ҚР ҰКП Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасымен әріптестікте іске асырады. Бұл орталықтардың ерекшелігі кәсіпкер-әйелдер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдер анықталған қажеттіліктер бойынша кеңес алуға, оқытуға, менторлыққа өтінім бере алады. Орталықтар өз алдына әйелдердің бизнес жүргізудегі мүмкіндіктерін, оның ішінде олардың тұлғалық дамуын кеңейту, инклюзивті, өмірге қабілетті және тұрақты экономиканы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және барлық әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мақсатын қойып отыр. ӘКДО екі санаттағы әйелдерге арналған қаржылық емес қызметтерді (білікті мамандарды тарта отырып, қажеттіліктерді талдауға сәйкес оқыту, консультация беру, тәлімгерлік, нетворкинг қызметтері және т.б.) ұсынады:
– Мұрат Нұрәліұлы, мазмұнды сұхбатыңызға көп рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын.
Раушан НАРБЕК ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ