12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ҮМІТ ПЕН ҮКІМ

Күндізгі сағат бірде қала орталығындағы супермаркеттен сәнді киінген жас жігіт шықты. Ол өзінің көлігіне отыра бергенде, оған қара күрте киіп, үлкен қара көзілдірік таққан адам жақындады. Тапа тал түсте қамсыз ғана көлігіне отырып жатқан жігіт өмірінің бір сәтте осылай астаң-кестеңі шығатынын ойлай да алмапты. Қара киімдінің бұйрығымен қымбат қол сағатын шешкен ол, енді бір сәт балшық араласқан қарда етпетінен жатты. Көлігін айдай қашқан адамның әрекеті жұмбақ. Оның бұны тонамақ ойы болса, көлікті бір көше айналдыра сала сол жаққа қалдырып, аса бағалы сағатты көше қайыршысының алдындағы себепке лақтырып кетпес еді.
Көп уақыт өтпей-ақ, Әуезов көшесіндегі дәмханадан да дау шықты. Түстеніп отырған көпшілік бет аузын тұмшалаған «қара киімдінің» алдында – «мен нақұрыс, іштар, жауыз адаммын» деп имене айғайлап отырған жарнама агенттігінің директоры Серіктің қылығын түсінбеген. «Мен тиран, нақұрыспын» деп бірнеше мәрте айғайлап отырған Серікті алдындағы кісі бетінен сипап одан әрі қызартты. Дәмханаға келген қонақтар мен даяшылар да екеу-ара көпшілікке түсініксіз «жұмбақ әңгіме» жүріп жатқанын білсе де, ешқайсысы араласа алмаған. Бұл түсініксіз жағдайлардың сорақысы Чайковский мен Мәметова көшелерінің қиылысында орналасқан бес қабатты үйде жалғасты. Подъезден шыққан ащы айғайды ең әуелі есік алдында отырған екі жас ана естіді. Артынша аула тұрғындары бесінші қабаттан шалқалай құлаған ер адамның сұлбасын көрді. Екінші қабаттағы теледидар антеннасына соғылып, асфальт шетіне арқасымен түскен азаматтың аппақ жемпірін лезде қып-қызыл қан жуып кетті. Қимылсыз жатса да, демі үзілмеген сияқты. Тып тыныш қоңыртөбел тірлігін жасап жатқан көрші-қолаң лезде абыр-сабыр, айғай-шуға толды да кетті. Полицияның артын ала жедел жәрдем көлігі де келіп жетті. Подъездегі қыз сол арада жантәсілім етіпті. Үстінде тек ішкі лыпа ғана. Үй баспалдағынан төмен қарай жылғалап, жерге аққан қанға қарап мұнда бір құдды кескілескен шайқас болғандай дерсің. Подъездегі қанға боялған үлкен пышақ, капюшенді қара күрте және қара қолғап ізкесушілерді бесінші қабаттағы пәтерлердің біріне жетеледі. Оның есігі ашық, кілт сырттағы саңылауда. Пәтердің кіреберісінің еденінде әйелдің пальтосы, көйлегі, аяқ киімі және үлкен қара көзілдірік жатыр. Ашық тұрған балкон қоршауында қан дақтары байқалады. Сыртта жатқан ер адам дәл осы жерден құлаған. Пәтерде басқа ешкім жоқ. Үшінші қабаттағы бір пәтер де ашық жатыр. Полиция айналаны мұқият тексеріп, күмән туғызатын бүкіл айғақты жинап жүр. Ежелден келе жатқан ескі үйдің негізгі тұрғындары қарттар екен. Шатыр мен жертөленің есіктері берік, құлыптаулы тұр. Үй тұрғындарының айтуынша, кіреберіс есіктен күдікті ешкім шықпаған.
Пәтер тұрғындарының бар білетіні, баспалдақтан бір ер адамның алдымен жоғары көтерілгені мен төмен түскені, қыздың жанұшырған айғайы ғана. Бірақ оқиға кезінде үй тұрғындарының ешқайсысы сыртқа шығып та үлгермеген. Құдды бір әккі ұры дерсіз?! Бір қызығы, мұнда ұрланған ештеңе жоқ. Кектескендердің кегі деуге тағы келмейді. Екі жақтағы екі
жәбіреленушінің бір-біріне ортақ таныстығы ғана болмаса, араларындағы әлдеқандай қарым-қатынасы мен бас араздығын көршілері тағы көрмеген. Ендеше, екеуге зауал қайдан келді?! Біреуінің подъезде бауыздалып, екіншісінің балконнан лақтырылатынындай не болды? Айдың күннің аманында екеуге ерегескен кім? Кісі қолынан қаза болған ару Керім десе керім еді. Қала аруы атанған бикештің артынан жүгірушілер көп болатын. Айналасына жылы жүзді аруды көршілері жаман әдеттен аулақ болатын десіп жатты. «Оған қастасса қыз сыны байқауындағы қыздар қастасуы мүмкін» деген болжам да айтылды. Көршілер Керім Маратқызы байқаудың іріктеуінде жүргенде аулаға әлденеше қыздың келіп, айғай шығарып, жұрт көзінше балағаттап кеткенін де айтып жатты. Бірақ бәрі үшінші қабаттағы ашық жатқан пәтер иесінің Мұратқа тиесілі екенін, оның ешқашан Керімнің пәтеріне аяқ баспағанын, оқиға орын алған сәтте оның онда қайдан жүргенін түсіне алмай дал болысты. Мұратты Керімге қиянат жасайды деген болжамға көршілерінің ешқайсысы қимады. Қырықтан асқан бойдақ жігіттің сыпайы, салмақты адам екенін айтысты. Ол қиянат жасауға барған жағдай бола қалған күннің өзінде біреуінің денесі подъезде, екіншісінің денесі пышақталған күйінде балконнан ұшпас еді. Пышақтағы және жердегі қан Керім мен Мырзалиевтің қан топтарымен сәйкес келеді. Бір түсініксіз жай, пышақта ешқандай саусақ іздері жоқ. Керімнің кілтінде тек өзінің ғана саусақ іздері анықталды.

Тергеуші Панин
Келесі күні-ақ елеңдеп отырған аула тұрғындарына «күдікті қолға түсіпті» деген сыбыс тарады. Бұрын сотталған, сол үйдің тұрғыны Қанатбек қамалыпты. Алғашқы тергеуде көрші-қолаң да оның үнемі Керімге қырындап, жолын кес-кестеп жүретіні айтқан. Зейнеттегі анасымен тұратын Қанатбек еш жерде жұмыс істемейді. Жасы қырықтан асса да, зейнеткер
анасының мойнында отыр. Жиі ішіп алып, подъезде үнемі жанжал шығарады. Тіпті бірде ішіп ап, Керімді ұрмаққа оқталғанда, бүгін жоғарыдан құлап, омыртқасын сындырып, пышақталып жатқан Мырзалиев арашалап алған. Бірақ есесіне Қанатбек Мырзалиевті оңдырмай соққыға жыққан еді. Ол тіпті бұған дейін де көшедегілерді қорқытып кеткен пышағы бар «қара киімді» адам сипаттамасына да сәйкес кеп тұр: орташа бойлы, шымыр денелі. Қанатбек тергеуде оқиға кезінде қалада болмағанын туыс қарындасына жолығуға қала шетіне шығып кеткенін айтты. Бірақ оның қарындасымен кездеспегені жағдайды қоюландырып жіберді. Анасы ұлының сөзін растады. Зейнеткер: «Оның ешқашан қара күртесі болған емес. Ол оны сатып ала да алмайды, біз менің зейнетақыммен ғана өмір сүріп отырмыз», – деп шырылдады.
Тергеудің алғашқы болжамы: Қанатбек Керімді өзіне көндіре алмағаны үшін пышақтады, ал Мырзалиевті оған әркез ара түсетіні үшін жазалады. Немесе Мырзалиев Керімді тағы да қорғауға тырысып, жарақат алып, қылмыскерден қашуға тырысты. Қанатбек болса, Керімнің пәтеріне дейін қуып барып, оны балконнан итеріп жіберді. Қан іздері сол күрестің айғағы. Күрделі іс тәжірибелі тергеуші – Панинге берілді. Оның зейнетке шығуына екі жылдай уақыт қалған-ды. Панин із кесу саласында өте беделді тұлға. Көбіне фактілер арасындағы келіспейтін қарама-қайшылықтан ілік тауып, ақиқатты ашып жүреді. Ең алдымен ол заттай айғақтарды қарап шықты: күрте, қолғап және пышақ. Содан кейін ол Қанатбектен жауап алды. Ол барлық айыптарды жоққа шығарды. Қанатбек Панинге – дөрекі, ұр да жық көрінгенімен, алайда ол істі шешуге негіз бола алмайтынын тәжірибелі тергеуші бірден байқатты.

Шырмауық
– Әлі сөйлеген жоқ, бірақ есін жиды, – деді дәрігер.
– Оның сөйлейтініне үміт бар ма?
– Әрине! Медбике Панинді палатаға алып барды. Мырзалиевтің үмітсіз жанары төбеге қадалыпты. Көздерінде еш от жоқ, тән азабын сезініп жатқандай, ауыр дем шығарады. Оның алған дене жарақаттарына аяушылықпен қараған Панин дәл осы сәтте неге екенін, оның жалғыздығын да, алда күтіп тұрған мүгедектігін де ойлап, көңілсіз бір күйге түсті. Мырзалиевтің осы кейпінен соң ол қайта кері бұрылды. Дәрігерге науқастан әлдеқандай өзгеріс байқаса өзіне хабарлауын өтініп шығып кетті. Жолай оны әртүрлі сұрақтар мазалады: «Мырзалиевтің бұл іске қандай қатысы болуы мүмкін. Қала аруынан әлде бұл бойдақ жігіттің де дәмесі болды ма екен? Үнемі неге оның қасынан табылып қиналғанда қорған бола кетеді, әлде бұл кездейсоқтық па?!» Панин қылмыс болған үйге қайта барды. Дәлізді, Керімнің, Мырзалиевтің пәтерлерін сырттай шолды, пәтер жалдаушылармен сөйлесті. Қанатбектің анасы мұны көре сала жыламсырай жөнелді: «Оны шығар! Ол менің тірегім. Қылмыс кезінде ол үйде болмады. Ақ самайыммен сені алдап қайтем?!». Кабинетіне оралған соң, тағы да іске байланысты материалдарды қолына алды. Түсініксіз тұстар көп. «Неге Мырзалиев қылмыскерден қашқанда, өзінің пәтеріне емес, Керімнің пәтеріне қарай жүгірді? Балкондағы қанның шашырауы да түсініксіз. Егер қан төбелес алыс жұлыстың кезінде шашыраса, қабырғаға немесе басқа тұстарға да жағылар еді, әрі пышақ онда дәлізде емес, балконның маңында жатар еді?». Маңайдағы дүкендерді аралап шығуға бекіген Панин сыртқа беттеді. Сатушы әйел оның ауысымында пышақ сатылмағанын айтты. Басқа дүкендерден де еш нәтиже шықпады. Келесі бетке алған нысаны Серіктің жарнама агенттігі. Керім осы агенттікте жұмыс істейтін. Сыртта тұрған билбордта Керім әдемі көздері мөлдірей, алаңсыз күліп тұр. Агенттік басшысы мұны өте салқын қарсы алды.
– Сіз неге осыдан біраз бұрын дәмханада: «Мен нақұрыспын, ішім тар, арам адаммын», – деп айғайладыңыз?
– Қолында пышағы бар адам мені солай деуге мәжбүрледі, – деп Серік құлықсыз жауап берді.
– Ол «сіз» деп сөйледі ме «сен» деді ме?
– Оның енді не маңызы бар. Сіз басқа іспен айналыссаңызшы,–деп директор дауысын көтере сөйледі. Панин жауаптарға қанағаттанғандай болды. Қанатбектің ешкіммен «сіз» деп сыпайы сөйлемейтіні анық. Ендеше, бұл оқиғалардың бәрін байланыстыратын басқа фактор бар. Ол жарты сағатта басқа қызметкерлермен де сөйлесіп шықты. Олар Серік пен Керімнің қарым-қатынасының кәсіпке, жұмысқа ғана байланысты болғанын айтты. Панин сыртқа жиналғанда бір келіншек:
– Мұраттың хәлі қалай? Кешіріңіз, Мырзалиевті айтам.
– Сіз ол кісімен таныс па едіңіз? Мырзалиев осы агенттікте бұрын жұмыс істеген боп шықты. Компания директоры оны алты ай бұрын жұмыстан шығарыпты. «Бұрынғы Панин қартаяйын деген екен?. Неге мен жаңа ол адам туралы ұмыт қалдырдым?», – деп ойлады тергеуші. Агенттік қызметкерлері Мырзалиев туралы тек жағымды пікірлер айтты. Агенттік директоры ғана іште бір кегі бар адамдай тістене отырып:
– Ол кісі де асып бара жатқан қабілет болмады. Рас, тындырымды адам шығар, бірақ біздің бизнеске тек қана таланттар қажет! Ішкі түйсігі Панинге Қанатбектің кінәлі еместігін сездіре түскендей. Келесі күні Мұраттың пәтеріне тағы барды. Үйді айнала жүріп пәтерлердің балконын сырттай бақылады. «Мырзалиев қылмыскермен пәтер ішінде шайқаспады. Мырзалиев қылмыскердің қолына түскеннен гөрі бесінші қабаттан секіруді жөн санаған ба, сонда оны кім қуды? Пәтердің ішіндегі қылмыскерде пышақ болмағаны анық. Ол неге ешкімді айқай салып көмекке шақырмады?

Абсурдтық гуманизм
Тексеріс кезінде Мырзалиев дәрігерге жалт қарады да, еріндерін жыбырлатып, солғын дауысымен:
– Сізден бір нәрсе сұрайыншы
– О, сіз сөйледіңіз бе? Өте қуаныштымын!
– Оңашада айтайыншы Мұны бірден түсінген мейірбике сыртқа бірден лып ете қалады.
– Мені бірден өлтіре салатын дәрі беріңізші! Дәрігер науқастардың мұндай көңілін бірден түсінетін, бірақ ол осы сәт біраз үнсіз қалды.
– Өтінемін, дәрігер!
– Мұндай өтінішіңіз орынсыз. Мен дәрігермін, сіздің өміріңіз үшін соңғы мүмкіндігіме дейін күресемін. Үмітіңізді үзбеңіз. Әлі-ақ тәуір боп кетесіз.
– Менің өмір сүргім келмейді. Өмір сүруге қақым жоқ!
– Үміт үзбеңіз! Сіз әлі ақ аяқтан тұрасыз. Қазір сабырға келіңіз Дәрігер мейірбикені шақырып науқасты тыныштандырмаққа оқталып, сыртқа беттеді. Мырзалиев осы сәт ашуға булықты.
– Абсурдтық гуманизм, бәрі өтірік. Арсыздық әрқашан салтанат құрады! Оның жолы және сондай жеңіл! Бәріңді жек көрем!

Жаза
Панинге дәрігердің қоңырауы жеткенде тергеуші осы іске қатысты қағаздарды тағы ақтарыстырып отырған. Ауруханаға қалай құстай ұшып жеткенін өзі де байқамады. Дәрігер науқаспен арадағы әңгімені толықтай тергеушіге баяндап берді. Ол палатаға кіргенде Мұрат тас түйін бекіп жатқан. Тергеуші де істің түйіні шешілетінін осы сәтте түсінді. Десе де сырт келбеті салмақты, өте ұстамды адамдай көрінетін Мырзалиевтен осынша қатыгездік пен жауыздық шығатынына сенгісі келмеген. Папка құшақтаған тергеуші науқасқа жақындады.
– Қызды мен өлтірдім,– деген Мырзалиев тергеушіге кекесінмен қарады. Панин дәл осы сөзді күткендей науқасқа еш эмоциясыз назар аударды.
– Дәрігермен диалогыңыздан-ақ бір шикілікті сезгенмін. Бәрін ретімен баяндайық.
– Өмірде жолы болмаған бейбақпын мен. Бай-бағлан болғым кеп еді. Ол да қолымнан келмеді. Бар жеткенім бейшара курьерлік, хат-хабар тасушы қызметі. Мені агенттік директоры сүмелек Серіктің мазақ қылатынындай бар. Агенттікке жұмысқа тұрғанда Рая деген сұлумен сөз байласып, үйленуге ниеттеніп жүр едім. Ол бақытты да маған лайық көрмеді. Жылтыңдап жүріп Серік айналдырып алып, артынан мазақ қып тастап кетті. Ол менің өмірлік махаббатым еді. Менің кеудемнен итеріп күйеуге шығудан бас тартса да ол Серікке де оңай олжа болмайтынын көрсетті. Керімге қолы жетпеген Серік ашуын менен алды. Қызға ғашықтығымды да көре алмады. Жұмыстан тырқыратып қуып шықты. Одан кейін жұмыссыз қалдым. Отбасым да, досым да ешкімім жоқ. Мырзалиев төбеге қараған қалпы тығыны ағытылған шерлінің кейпінде тоқтаусыз сөйлеп жатыр.
– Керімнің ауқатты бір жігітке тұрмысқа шыққалы жатқаны маған ауыр тиді. Намысым тапталғандай ішімді бір қара мысық тырнаумен жүрді. Неге жұрттың бәрі табысты, бақытты?!
Мұратты алғаш көргенде аяушылық сезім болғанымен ішкі бір түйсік сол кезде бұған алыстан белгі бергендей күйді сезінгенін Панин сол сәтте есіне алды. «Әлі де қартая қоймаған сияқтымын» деген жымысқы бір сезім жылт ете қалды. Қартаймаса да, өмірлік тәжірибе тергеушіге бұл ретте кінәсіз Қанатбекті іштей әлдеқашан ақтатқан. Осыдан бірнеше күн бұрын қолхатпен қоя бергені қандай абырой болған.
– Мен айналаммен түгелдей өштесіп болған соң бәріне өзімше үкім кестім. Әуелі өзімнің өлуім керек екенін түсіндім. Ал, өлімнің жолы ең алдымен сені жолында мазақ қып кеткендерді жазалаумен басталады деп шештім. Сіз бұл ләззаттың қандай болатынын түсінбейсіз. Мен өмірімде тұңғыш рет біреуді мазақ қылудың ләззатын сезіндім. Панин Мырзалиевтің жүйкесінде біраз ауытқушылық орын алғанын осы кезде түсінгендей. «Бұл жай ғана бақытсыз жолы болмаған адам емес, бұл сонымен қатар жүйке жағынан адаса бастаған адам екен!». Тергеушінің үнсіздігін Мұрат бұзды.
– Мен ең әуелгі ләззатты Керімнің жігітін шалшық жерге бетімен аунатқанда сезіндім. Содан кейін ана сүмелек Серікке елдің көзінше «нақұрыс екенін, мал екенін» айтқызып айызым қанды. Ал енді, Керімнің жөні тіпті бөлек?! Бұл сол кердең қалпы менің бетіме түкіріп кетті. Подъезге кіріп, пышақты артыма жасырып тұрып, ең әуелі Қанатбектің есік қоңырауын бастым. Маған жұмсаған жұдырығының орнына пышақ жұмсамақ ем. Ешкім есік ашпады. Кенет баспалдақтан біреудің жүрісі естілді. Бірінші және екінші қабаттардың арасына жеткен Керім шошынған көзімен маған, сосын пышаққа бір қарады. Бәрін түсінген сияқты. Артынан бесінші қабатқа қарай жүгірдім. Ол есікті жабуға тырысқанда, оны ішке бір-ақ итердім. Пышағымды тақап тұрып шешінуді бұйырдым. «Айқайласаң өлесің!» – дедім. Ол менің көзіме сөзбен жеткізе алмайтын жеккөрінішпен қарады. Оның бойында: тәкаппарлық, менсінбеу, таңдану, қорқыныш барлығы болды! Керім шешіне бастады. Пальтосын, аяқ киімін, кезек көйлекке келгенде оны шешті де: «Сен аянышты бейшара, жиіркенішті қоқыссың!», – деп көйлегін бетіме лақтырып жіберді де, есікті жұлқи ашып шыңғыра қашты. Қатты ашуланып тұра қудым. Пышақпен арқасынан екі рет ұрып, тамағынан орып жібердім. Мырзалиевтің ерні дірілдегенімен көзін төбеден алар емес. Бір нүктеге қадалып қалған.
– Керім қорқырай құлағанда шошып оянғандай болдым. Бұл мен емес, ішіме құдды бір жын кіргендей. Өкініш пен қорқыныш қатар келді.
– Бұл күй адам төзгісіз болғаны соншалық, күртемді шеше сап дәлізде өз жүрегіме пышақ сұғып алдым да пышақты тастай салып, өлімді күттім. Енді психикалық ауруға, физикалық ауырсыну қосылды. Соққым нәтиже бермеді. Мүмкін өзінөзі сақтау инстинк жұмыс істеген шығар. Қайталап көруге бел будым. Қолғабымды шешіп, пышаққа еңкейгенімде, өзімді бұлай өлтіре алмайтынымды түсіндім: қолдарым дірілдеп тұрды, маған бағынбады. Ақыры балконнан секіруге бел буып жоғарыға жүгірдім. Ұзақ үнсіздік орнады.
– Мен бұлай өмір сүре алмаймын. Мүгедек бейшара, ақылынан адасқан адам сау кезде ешкімге керек болмаған енді кімге, қай қоғамға керек. Мені өлім жазасына кесіңіз! Мұрат төбеге қадалған көзін жарқ еткізіп Панинге қадады да тергеушінің қолынан шап берді.
– Сіз өзіңізге үкімді өзіңіз кесіпсіз!, – тергеуші қолын жұлқи тартып, орнынан көтерілді.
Есеркеп ТЕМІРЛАН

 

[ratings]

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...