12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Өмірсерік Қожабаев, «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Жауаптылық жоқ жерде экономикалық контрабанда көбейеді»

– ҚР Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары жұмысынан хабарымыз бар. Бірлестік қоғамдағы мәселелерге үн қоса алып жүр ме?
– Отставкаға шыққанымен, ардагер-судьялар қоғамдық мәселелерден сырт қалған емес. Құқық қорғау, сот саласындағы жаңашылдықтарды үнемі бақылап, жаңа заңдардың сапалы дайындалуына, өз мәнінде қолданылуына үлес қосып келеді. Аға буын ретінде оң өзгерістерді құптап, кемшіліктерді көрсетуден шаршаған емеспіз. Отанымыз бір, мүддеміз ортақ болғандықтан еліміздің дамуы, өркендеуі үшін аянып қалмасымыз анық. Өйткені, «Жаңа Қазақстанды» жалғыз адамның күшімен қалыптастыра алмаймыз. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дейді қазақ. Сол айтпақшы, бірігіп іс жасамасақ, бос ұрандағаннан пайда жоқ.
Әрине, біздің бірлестіктің мемлекет мүддесі үшін дайындаған ұсыныстары толық шешіліп жатыр деп айта алмаймыз. Бұған дейінгі қаржыны қайтару, көлеңкелі экономикамен күрес туралы көтерген мәселелеріміз билік назарынан тыс қалды. Бір қуанарлығы, Қаржылық мониторинг комитетінің экономикалық зерттеу қызметін ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық мониторинг комитетінің құрамынан шығарып, Президентке тікелей бағынышты болатын агенттік құру жөніндегі ұсынысымыз ескеріліп, жүзеге асырылды. Алайда, елімізден қаржы шығаруға рұқсат беруінің негіздемесі, валютаны қайтару мерзімін сақтау және оның қайтару мерзімін ұзартуға рұқсат берудің заңдылығы бойынша Ұлттық Банктің қызметін тексеру туралы ұсынысымыз іске аспады. Отставкадағы судьяларды зейнетақымен қамтамасыз ету бойынша ұсынысымыз Жоғарғы Сотқа кері жіберілді. Олар судьялардың әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін шешуге құқылы емес, өйткені, бұл мәселе заңнамаға өзгеріс енгізуді талап етеді. Алдағы уақытта ардагер судьялардың айтқаны Мемлекет басшысының құлағына жетеді деп сенеміз.
– Бізде көп мәселе Мемлекет басшысы араласқан кезде ғана шешіліп жатады. Құқық, заң саласын жетік білетін ардагер маман ретінде тағы қандай мәселелерге назар аударту керек деп ойлайсыз?
– Мені еліміздегі көлеңкелі экономиканың өсуі алаңдатады. Оның көлемі ЖІӨ-нің 17,8 – 32,8 пайызға дейін жетеді. Бұл – триллиондаған алынбаған салықтар деген сөз.

Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) дерегі бойынша, айналымдағы капиталдың жетіспеушілігі салдарынан экономикамыз зардап шегіп жатқан тұста 2021 жылдың басында елден шы­ғарылған қаржының көлемі 27 триллион теңгені құраған. Енді мына жағдайға қараңыз! Ұлттық және шетелдік валютаны елден шығару туралы талаптың орындалмауы қылмыстық жауапкершілікке алып келетініне қарамастан, осы құқықбұзушылық үшін бірде-бір тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Бұл қалай? Ал жауаптылық болмаған соң, жаза қолданылмаған соң экономикалық контрабанда, кедендік төлем мен алым тө­леуден, заңды тұлғалардың салық төлеуден жалтару мақсатында жалған мәміле жасауы көбеймей қайтеді? Осы іске тікелей жауапты Қаржы мониторингі агенттігі Президент жолдаулары мен басқа да бағдарламалық құжаттарда айтылған тапсырмаларды елемей (мысалы ҚХР-нан жіберілген тауарлардың құны олардың есептік деректері мен біздің кеден қызметінің деректерінің айырмашылығы 1 миллиард доллардан артық қаржыны құрайды), нормативтік-құқықтық базасы жеткілікті бола тұра, қаржылық құқықбұзушылықтарды жою бойынша ешқандай шара қолдан­бауда.
– Көлеңкелі экономиканы тоқ­татуға заңдарымыз әлсіз болып тұрған жоқ па?
Олай деуге болмайды. Еліміз әлдеқашан қаржы мен мүлікті заңсыз заңдастыруға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияға қосылған. Сонымен қатар, «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заң бар. Онда Қазақстан экономикасының мүддесі үшін резиденттердің шетелдегі валютасын қайтару, ішкі нарықты сырт­тан келетін импорттық инфляциядан қорғау, валюталық резервтердің азаюына жол бермеу және оларды толықтырып тұру, теңгенің курсын тұрақтандыру және оның конвертациялануына жағдай жасау талаптары бекітілген. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» заңында осы міндеттерді жүзеге асыру Ұлттық Банкке жүктелген. Қазіргі жағдай көрсеткендей, Ұлттық Банк өзінің осы капиталдың қозғалысын бақылау міндетін орындаудан шеттеліп қалды. Неге? Себебі, Ұлттық Банктің, Қаржы мониторингі агенттігінің меніңше кадрлық әлеуеті әлсіз, креативті ойлау қабілеті төмен. Бұған қоса басқарушы құрамды қалыптастыруда жемқорлықтың болуы, соның нәтижесінде өз міндетін, ведомство жұмысының ерекшелігін жетік білмейтін тұлғалардың басшылық қызметке тағайындалуы жұмысты ақсатуда. Осы орайда Герман империясының канцлері Отто фон Бисмарктың «Жаман заңдармен және жақсы шенеуніктермен елді басқаруға болады. Ал шенеуніктер жаман болса, ең жақсы деген заңдардың өзі көмектесе алмайды» деген сөзі ойға оралады.
Бұл мәселеге назар аударуымның мәні бар. Қазіргідей сыбайластық пен жемқорлық дендеген кезеңде экономикалық қылмысты анықтап, оларды тергеуде әділдік пен бейтараптық таныту оңай емес. Жоғарыда аталған аса маңызды көрсеткіштер бойынша жедел тергеу жұмысының нә­тижелі болмауы түптің түбінде шетелден қаржыландырылған шерушілер, сату және терроризмді қаржыландыру мақсатында кедендік бақылаудан тыс өткен қару-жарақтар мен халық тұтынатын тауарлармен айқындалған қасіретті қаңтар оқиғасының қайталануына алып келеді. Сондықтан Қорғаныс министрлігі, ҰҚК, т.б. басшылығы сияқты, Қаржы мониторингі агенттігінің, Табиғи монополияларды реттеу комитеті сияқты органдардың қызметіне де әділ баға берілуі тиіс және халық арасында дұрыс ұғым болуы үшін мақтау да, даттау да әділ болғаны жөн.
– 2020 жылы Президент жанынан Реформалар жөніндегі Жоғарғы Кеңес құру туралы шешім қабылданды. Бұл кеңестің жұмысына сенім артуға бола ма?
– Реформалар жөніндегі Жоғарғы Кеңестің құрылуын құптаймыз. Бірақ оның құрамы осы реформаларды қабылдау қажеттілігі туындаған адамдардан құралған. Ендеше, олар ұсынған реформалар қаншалықты нақты болмақ және оларды әрі қарай кім жүзеге асырмақ? Меніңше, бұл кеңестің құрамына сарапшы немесе бақылаушы ретінде болса да қоғам өкілдерін көбірек тарту керек. Сондай-ақ, оның құрамынан сала басшыларын шығарып тастап, орнына кәсіби мамандарды, беделді әлемдік сарапшыларды енгізу қажет.
– Қаңтар қақтығысының орын алуына бағаның негізсіз өсуі, халық тұрмысының төмендеуі әсер еткені белгілі. Елдің жағдайымен санаспай, бас пайдасына жұмыс істегендерді неге тәртіпке сала алмадық?
– Ең алдымен еліміз үшін стратегия­лық маңызы бар нысандарды жекешелендіру өте сауатсыз жүргізілді. Мысалы, бәсекелестікті қорғау саласындағы мемлекеттік органдар әрекетінің немесе әрекетсіздігінің салдарынан мұнай-газ, азық-түлік өні­мін сату нарығы бақылаусыз қалды. Соның нәтижесінде, Энергетика минис­трлігі және басқа құзырлы органдар с­татистика маманы ретінде мұнай-газ өнімдерінің күн санап шарықтап өсіп жатқан бағасын тіркеп отырумен ғана шектелді, ал бұл мәселе халыққа, әрбір қазақстандық отбасына ауыр тиді. Оның соңы неге жеткізгенін өз көзімізбен көрдік.
Бұрын Энергетика министрлігі мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның қарамағында еліміздегі жанар-жағармай құю бекеттерінің ең ірі желісі болды. Сол ар­қылы дағдарыстың алдын алып, ол бүкіл нарыққа жанама әсерін тигізіп отыратын. Қазіргі таңда бұл актив жекенің қолына өтіп кетті, «ҚазМұнайГаз» құрамында бөлшек сауданы жүзеге асыратын бөлімше жоқ. Жекешелендірілген сәттен бастап, жаңа меншік иелері жанар-жағармай бағасын бірнеше есеге өсірді, соның салдарынан газ, азық-түлік, т.б. бағасы қымбаттады. Бұл тек бір ғана мысал, ал жекешелендіруге берілген немесе беріліп жатқан нысандар қаншама? Қазақстандық экономиканың әрі қарай қандай болары белгісіз. Сол себепті мемлекетіміз ең алдымен елімізді шығынға ұшырататын қажетсіз жобалардан құтылып, мемлекет қоржынына қатты валюта түріндегі активтерді әкелетін стратегиялық маңызы бар өндірістерді қалдырғаны жөн. Бұдан бөлек, қаңтар оқиғасынан кейін «оянып» қоймай, еліміздегі бәсекелестікті қорғауға құзырлы органның жұмысын біржола жүйелендіру қажет.
– Осының бәрі мамандардың әлсіздігінен, білікті кадрларды таң­дау­ға көңіл бөлмеудің кесірінен орын алатындай көрінеді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бізде мемлекеттік қызметке үміткерлерді таңдау ашық жүргізіледі, әр азамат үшін қолжетімді. Алайда, ең үздік, талантты, кәсіби маманды табу міндеті толық шешімін таппай тұр. Дамыған елдер дүниежүзінен мамандарды тарту арқылы адами ресурстар үшін белсенді күрес жүргізуде. Ал біздегі жағдай оған мүлде қарама-қайшы. Қазір бізде шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орнында оқыған, оқуын үздік тәмамдаған, ұлттық, отандық жекеменшік және шетелдік компанияларда еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған, әртүрлі салаларда практикалық білімі мен дағдысы бар мамандар мемлекеттік қызметке алынбайды. Олардың орнына өндірістен, жалпы процестен түк хабары жоқ тұлғалар биліктің жоғарғы тармағына орналасуда. Осы мамандардың адамның ойына келмейтін, тіпті, өздері анық түсінбейтін ұсыныстар жасайтыны таңқалдырады. Сондықтан вакансиялық лауазымдарға мамандарды таңдау әдісі мен тәсілін қайта қарау қажет. Резервтегі үміткерлерді ала салмай, Internet желісіндегі заманауи технологиялар мен сайттарды (LinkedIn мен Headhunter сияқты) пайдалана отырып, үздік отандық мамандарды тауып, оларды, тіпті, қажет болса, Мемлекеттік қызмет академиясында оқытып, қызметке тарту қажет. Бұл жерде маманды іздеп табу, жұмысқа орналастыру бастамасы үміткердің тарапынан емес, кеңес дәуіріндегідей мемлекет тарапынан болғаны дұрыс.
Парламент депутаттығына үміткерлерді де іріктеу партия тарапынан осы принціппен жүргізілгені дұрыс. Парламент Мәжілісінің қазіргі құрамы қоғамда үлкен пікірталас туғызды. Азаматтар «Шығармашылық, спорт өкілдері, мемлекеттік тілдегі дайын мәтінді оқып бере алмайтын тұлғалар заң шығарушы қыз­метке кәсіби тұрғыда сәйкес келе ме?» деген орынды сауал қоюда. Бұл сұрақтар жауапсыз қалғанмен, заң жобаларын талқылау, қабылдау кезінде кері әсерін тигізуі ықтимал және олардан туындайтын салдардың зардабын қарапайым халық тартады.
– Жалпы заңдардың жиі өзгертіліп, толықтырылуына көзіміз үйренді. Бұл да заңшығарушы орында кәсіби мамандардың аздығынан болар?
– Басқаны былай қойғанда, 2014 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық кодекс, Қылмыстық процестік кодекстің өзіне көптеген өзгеріс енгізілді. Соған қарамастан, Қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық заңнаманың кемшін тұсы азаяр емес. Соттардың қылмыстық құқықбұзушылықтар туралы істерді қарау және қылмыстық тексеру органдарының тергеу ісіндегі проблемаларды шешуі қиындап барады. Мұндай проблеманың бар екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіру жөнінде берген соңғы тапсырмаларында атап өткен. Заңдағы негізгі кемшілік қылмыстық заңға түзету енгізудің жүйесіздігіне, жаңадан енгізілген өзгерістердің қылмыстық және әлеуметтік негізсіздігіне, заң шығару процесін ғылыми тұрғыда қолдаудың жеткіліксіздігіне, заң жобасын сарапшылар тарапынан бағалау жүйесінің болмауына, қоғамдық қарым-қатынастарды жетілдіруде қылмыстық қудалаудың рөлін әсірелеуде болып отыр.
Мысалы, тергеу мен сотты әуре-сарсаңға салған қолданыстағы қылмыстық процестің аясындағы кемшіліктерді алайық. Соттардың қылмыстық теріс қылық туралы істерді қарау және қылмыстық тексеру органының тергеу ісіндегі тиімсіздіктің себебін талқылайтын болсақ, мынадай жағдайды көреміз. Қылмыс­тық теріс қылық түсінігі енгізілгенге дейін қылмыстық-құқықтық сипаттағы ұсақ құқықбұзушылықтардың барлығы әкімшілік санатына жатқызылған болатын және оларды қарау ӘҚБтК-те қарастырылған тәртіппен жедел әрі қысқа мерзімде жүргізілетін. Кейіннен қандай да бір құқықтық салдары жоқ әкімшілік жаза тағайындау туралы сот шешімі шығарылатын. Әкімшілік жауапкершілікке тарту қоғамда қатты айыпталмайтын.
Әкімшілік құқықбұзушылықтарды қылмыстық теріс қылықтар санатына ауыс­тыру және олар бойынша сотқа дейінгі өндірісті қылмыстық процесс принциптерімен жүргізу, бір қарағанда, адамның және азаматтың құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге, оны негізсіз кінәлаудан қорғауға бағытталған халықаралық стандарттарға жауап беретін дұрыс қадам болып көрінеді. Өкінішке қарай, осы саладағы заңнаманы реформалау қылмыстық құқық пен криминалдың, субъективті факторлардың институттары мен принціптерін ескерместен, ҚК-дегі «қылмыс» деген сөзді «құқықбұзушылық» деген сөзбен алмастыру, ҚК пен ҚПК-нің қылмыстық теріс қылық үшін қарастырылған ережелерін автоматты түрде ауыстырып, қылмыстық теріс қылық үшін жауапкершілік институтын енгізу арқылы шектен тыс жеңілдетіп жіберген.
Нақтырақ айтсақ, ҚК-те қылмыс пен қылмыстық теріс қылық жиынтығы, қылмыс пен қылмыстық теріс қылық жиынтығы бойынша ортақ қылмыстық жаза тағайындау нормаларын бекіту, қылмыстың үкімі мен қылмыстық теріс қылықтың үкімі бойынша ортақ қылмыстық жаза тағайындау, т.б. ойластырылмаған шешім болып табылады. Қылмыстық заңның бұл ережелері қылмыс пен қылмыстық теріс қылық ұғымының арасындағы айыр­машылықты жойып, қылмыстық теріс қылықты қылмыстың бір түрі ретінде көрсетіп тұр.
– Соңғы уақытта заңдарды ізгілендіру бойынша көп жұмыс жасалды. Ал сіз айтқан өзгеріс ұсақ құқықбұзушылық жасағандар есебінен қылмыскерлер қатарын көбейтуге алып келіп отырған жоқ па?
– Иә, олай дейтініміз қылмыстық теріс қылық туралы істер бойынша сот өндірісі де қылмыстық істерді тергеуге және қарауға негізделген. Сонымен, қылмыстық теріс қылық бойынша сотқа дейінгі тергеу (хаттамалық нысан) формальды түрде алдын ала тергеуден (жауап алу) бөлінсе де, ҚПК-де қылмыстық және қылмыстық теріс қылық жөніндегі істерді қосып, әрі қарай сотқа дейінгі өндірісті жауап алу немесе сотқа дейінгі тергеу түрінде жүзеге асыру қарастырылған. Осы және сотқа дейінгі өндірістің ортақ ережелерін қолдануға байланысты қылмыстық теріс қылық жөніндегі істер көбінесе ұзақ уақыт тергеледі. Бұл өз кезегінде ұсақ-түйек құқықбұзушылық үшін бірден жауап беру туралы заңның маңызы мен мақсатын солғындатуға алып келеді, сондай-ақ, тергеу және сотқа қатысты әуре-сарсаңға салады.
ҚК пен ҚПК-нің жоғарыда айтыл­ған ережелері негізіндегі қылмыстық теріс қылық үшін қылмыстық жауапкершілік институтын қоғам респрессия­лық деп таниды. Егер бұрын әкімшілік құқықбұзушылықтың айтарлықтай құқықтық салдары және қоғам тарапынан айыптау болмаса, қазір қылмыстық теріс қылық түріндегі осы іс-әрекеті үшін жауапқа тартылып, сот үкімімен қылмыстық сотталуға жатады, ал жауапқа тартылған тұлға қылмыскер деп танылады.
Қылмыстық теріс қылық үшін сот шешімімен сотталған тұлғалар туралы құқықтық статистиканың ағымдағы есебіне көз салсақ, жазалаушы бағытын айқын аңғарамыз. Тек 2019 жылдың өзінде 7246 тұлға (барлық 27160 сотталғанның 26,7%) қылмыстық теріс қылық үшін сот шешімімен сотталып, қылмыскер деп танылған, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 5981 тұлғаны (барлық 29911 сотталғанның 20%) құрады. Осыған орай, аталған мәселе бойынша қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнамаға айтарлықтай түзетулер енгізген жөн.
– Ол қандай өзгерістер?
– Жалпы, кемшілікті көрсеткен адам оны реттеудің жолын да ұсынуы тиіс. Сондықтан менің ойымша қылмыстық теріс қылық бойынша сот өндірісінде мынаны ескеру керек. Біріншіден, қылмыс­тық теріс қылық үшін тұлға сот үкімімен сотталғанымен, қылмыстық жаза таға­йындалмайды, тек сот шешімімен жауапқа тартылып, қылмыс­тық шара қолданылады. Екіншіден, қылмыс пен қылмыстық теріс қылық туралы істерді қосуға жол берілмейді, қылмыс пен қылмыстық теріс қылық жиынтықтау мен қылмыстың үкімі мен қылмыстық теріс қылықтың үкімін жинақтау арқылы ортақ қылмыстық жаза тағайындау жойылады. Үшіншіден, қылмыстық теріс қылық бойынша сотқа дейінгі тергеу (хаттамалық нысан) формальды түрде алдын ала тергеуден (жауап алу) бөлінуі тиіс және бірден немесе неғұрлым қысқа мерзімде, мысалы, 3 тәуліктен көп емес мерзім ішінде жүргізілуі қажет. Төртіншіден, мұндай істердің сотта қаралуы да материал түскен күні шұғыл өткізіліп, қылмыстық шара қолдану туралы сот шешімін шығару қажет. Бұл жерде құқық бұзушыны қылмыстық теріс қылық үшін сот үкімімен емес, сот шешімімен қылмыстық жауапкершілікке тарту ҚР Конституциясының 77-бабы, 3-бөлімі, 1-тармағының талаптарына сай келеді. Онда тұлғаның қылмыс жасаған кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденбейінше, ол кінәсіз болып есептелетіні туралы анық жазылған.
Осы ретте қылмыстық теріс қылық үшін жауапкершілікті реттейтін қол­даныс­тағы заңнаманы жетілдіру де ма­ңызды. Бұл материалдық және процессуалдық құқықты қамтитын арнайы Қылмыстық теріс қылықтар туралы кодексті (ҚТҚК) қабылдауды қажет етеді. ҚТҚК-те жалпы нормалар, мақсаттар, міндеттер, қылмыстық теріс қылық үшін қылмыстық жауапкершіліктің ұғымы мен принципі, оны жасағаны үшін жауапкершілікті қарастыратын баптар тізімі, сотқа дейінгі тергеу мен осы санаттағы істер бойынша соттағы өндірістің процессуалдық тәртібі болуы тиіс.
– Соңғы жылдары Қазақстаннан шетке кететіндер легі азаймай отыр. Оның негізгі себебі неде деп ойлайсыз?
– Отанымыздан көшіп жатқан қазақстандықтар санының жыл сайын арта түсуі алаңдатады. Жүгін жинап отырған азаматтардың өзге елге көшуінің басты себебі өмір сүру сапасының төмендеуімен, болашаққа сенбеуімен байланыс­ты. Сонымен бірге, олар білім беру саласындағы кемшіліктерді, экологиялық мәселелерді, жеке адамға төнетін қауіп-қатердің молдығын, шенеуніктердің немқұрайдылығын, пандемия жағдайындағы бизнестің ахуалын алға тартады. Кетіп жатқандар негізінен техникалық саланың мамандары, медицина қызметкерлері, мұғалімдер. Ал Қазақстанға көбіне кәсіби біліктілігін көтеруді, оқытуды және орнығып кетуі үшін басқа да шығындарды талап ететін кадрлар келіп жатыр. Көп жағдайда олар өзіне дейінгі маманның жұмысын толыққанды атқара алмайды. Сөйтіп, кәсіби жарамдылық деңгейінің төмендеуіне, одан туындайтын әртүрлі жағдайларға алып келеді. Осыған орай әлеуметтік реформалардың үлкен пакетін жасау қажет. Оған бала дүниеге келгенде берілетін төлемақыны көбейту, білім беру жүйесіне жасалып жатқан шексіз экспериментті тоқтату, кеңестік білім беру жүйесін қайтару немесе әлемнің үздік білім беру жүйесін енгізуді кіргізген жөн. Оқушылардың білімін бағалайтын беделді халықаралық ұйымның (PISA) дерегі бойынша, қазақстандық оқушылар басқа елдердің оқушыларынан әлдеқайда артта келеді. Артта қалушылар саны оқу бойынша үш есе, математика бойынша алты есе, басқа пәндер бойынша 2,8 есе көп. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі заманауи талаптарға жауап бере алмайды және үздік әлемдік тәжірибелер негізінде түбегейлі реформалауды қажет етеді. Бұл жердегі жағдай білім беру жүйесімен бірдей. Мысалы, елімізде 2010 жылы 998 аурухана болса, 2020 жылы олардың саны 761-ге дейін азайған.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

А.Сатыбалды

Насыщенный старт года 

Начало 2025 года ознаменовалось для Президента Республики Казахстан плотным графиком встреч и рабочих поездок, каждая из которых стала ярким подтверждением его курса на модернизацию страны и укрепление ее позиций на мировой арене. Все события недели, от интервью до осмотра современных спортивных комплексов и заводов, демонстрируют многогранность задач, стоящих перед нашей страной в наступившем году.

Қазақстанның қай қалаларында тұрғын үй бағасы қымбаттады?

Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы желтоқсан айында Қазақстандағы тұрғын үй нарығындағы бағалар мен бағамдар туралы деректерді жариялады.

Садақа мен қайырымдылыққа ақша жинайтындар қалай тексеріледі?

Кірістер комитеті мобильді аударымдар арқылы садақа мен қайырымдылық шараларына жиналған қаржының қалай бақылауға алынатынын айтты.

Алапат өрт, төтенше жағдай: Лос-Анджелесте не болып жатыр?

Калифорния штатының Лос-Анджелес қаласы маңында орман өрті өршіп жатыр. Өрт салдарынан қаза тапқандар бар.

Қазақстандықтар заңсыз схемаларға “тартылып“ жатыр — ҚМА

Қаржы мониторингі агенттігі 2024 жылы дроперлер арқылы ақшаны жылыстату деректерін анықтау нәтижелерін хабарлады.