12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Өмірсерік Қожабаев, «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «ПРЕЗИДЕНТТІҢ ШЕТЕЛГЕ ШЫҒАРЫЛҒАН КАПИТАЛДЫ ҚАЙТАРУ БОЙЫНША БЕРГЕН ТАПСЫРМАСЫ ОРЫНДАЛМАЙ ОТЫР»

– Өткен жылы Президент құқық қорғау органдарына шетелге шығарылған ақшалай қаражатты ұлттық және шетел валютасымен қайтару жөнінде бірқатар тапсырма берді. Бұл идея бірден азаматтық қоғамның қызығушылығын туғызғанын білеміз. Ал, іс жүзінде нақты не жасалды? Президент тапсырмасының орындалуы қалай?

– Президент мемлекет үшін аса маңызды, халықтың көкейінде жүрген мәселені дер кезінде көтерді. Алайда, оның орындалуы көңілден шығып отырған жоқ. Уәкілетті органның, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің (бұдан әрі – ҚМА) ашық көздердегі ақпараттарына сәйкес, Кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласын дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленген. Мұнда активтерді қайтару жөніндегі Ұлттық үйлестірушіні құру, қандай да бір саясатты жүргізу, қажетті құқықтық негізді қалыптастыру туралы айтылады. Бірақ бұл қадамды – шындыққа үйлесімсіз және сауатсыз жасалған, дұрысы, белгілі бір адамдардың қайтарылатын қаражатын жасыруына жағдай мен мүмкіндік жасау мақсатында, Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындаудан қасақана жалтару деп бағалар едім. Өйткені, қолданыстағы актілердің орнына жаңа құқықтық актілерді әзірлеу, қабылдау және шығару ұзақ уақыт алады. Бұл өз кезегінде ақшаны қайтару бойынша нақты нәтижеге қол жеткізбеу үшін тамаша жағдай жасайды. Сөйтіп, еліміз үшін дәл қазіргі кезде құнды болып отырған уақытты уыстан жіберіп алады. Осы істің басы-қасында жүргендер бұрын елде аталмыш мәселе бойынша заңнама мен нормативтік-құқықтық актілер болмаған деген жалған түсінік қалыптастыруға тырысары анық. Бірақ бұл шындыққа жанаспайды. Шетелге шығарылған ақшаны қайтару бойынша барлық қажетті құралдар жиынтығы жасалып қана қоймай, жүйеленіп, 2014 жылы менің авторлығыммен «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтар (түсініктемелер, нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық конвенциялар)» тақырыбында жеке еңбек болып мемлекеттік және орыс тілінде басылып шыққан. Атап айтқанда, ұлттық заңнамада ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талаптарын орындамағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген. Әрине, бұл құқық қолдану тәжірибесінде барлығын бірдей қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет деген сөз емес, өйткені, кінәлі белгілі бір тергеу шарттарын орындаған жағдайда, мысалы, заңсыз шығарылған капиталды өз еркімен қайтаратын болса, қылмыстық жауапкершіліктен босатудың заңмен белгіленген тәртібі бар. 1995 жылғы 30 наурыздағы №2155 «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» заңының 56-бабының 7) тармағына сәйкес, Ұлттық банкі Қазақстан резиденттерінің репатриациялау талаптарын орындауын қамтамасыз ету мақсатында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды. Сондай-ақ, шетел валютасындағы активтерді қайтару жөніндегі бақылау функциясын орындау тәртібі мен тетігі ҚР 2018 жылғы 2 шілдедегі №167-VІ «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» заңымен егжей-тегжейлі реттелген. Жоғарыда көрсетілген заңның 9-бабы 3-бөлігінің 5-тармағына сәйкес, ҚР Ұлттық банкі басқа да валюталық бақылау органдарымен және агенттерімен бірлесіп, резиденттердің (шетелдік ұйымдардың филиалдарын (өкілдіктерін қоспағанда) репатриациялау талабын орындауын бақылау мақсатында экспорт немесе импорт бойынша жекелеген валюталық шарттар аясында ақша қозғалысының және өзге де міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізеді. Осы мониторингтің мақсаттарын орындау үшін, экспорт немесе импорт бойынша валюталық шартқа қызмет көрсететін өкілетті банк оған есептік нөмір береді, ол кейіннен валюталық бақылау органдарына экспорт немесе импорт бойынша валюталық шарт есептерін ұсынған кезде көрсетіледі. Демек, Ұлттық банк бақылаушы орган ретінде, Президенттің заңдары мен актілеріне сәйкес, валюталық реттеу және валюталық бақылау саласындағы міндеттерді атқаруға құқылы.

– Біздің еліміз шетелге шығарылған қаржыны қайтару бойынша бірталай халықаралық құжаттарды ратификациялағаны белгілі. Осыны бағдар етіп те талай түйінді мәселені шешуге болмай ма? Жалпы, біздегі заңдар мен құжаттардың қағаз жүзінде қалатыны қалай?

– Расында, біз заң қабылдап, халықаралық конвенцияларды ратификациялаудан, қаулылар дайындаудан кенде болып отырған жоқпыз. Мысалы, Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы № 191-IV «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңы да бар. Ол ақшаға және өзге мүлікке қатысты күдікті операцияларды немесе клиенттің операцияларын (осындай операцияның әрекетін жасау процесіндегі немесе жасалған операцияны қоса алғанда) анықтау тәртібін айқындайды және оны жасауға жұмсалатын ақша және (немесе) өзге де мүліктер қылмыстық қызметтен түскен табыс деп танылады. Айта кетейік, Қазақстан бірқатар халықаралық шарттарды ратификациялады, оның ішінде 2012 жылғы 25 қазандағы № 47-V «Кеден одағының шекарасы арқылы қолма-қол ақша қаражатын және ақша құралдарын өткізу кезінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы шартты ратификациялау туралы» заңы да қабылданды. Онда мүше мемлекеттердің кеден органдарының мүше мемлекеттерінің құқық қорғау және уәкілетті органдарымен өзара бірлесіп, кедендік шекара арқылы қолма-қол ақша қаражатын және ақша құралдарын өткізуді тоқтата тұру және оларды қайтару жөніндегі іс-қимылдары бойынша шаралар қабылдау тәртібі нақты реттелген. Сондай-ақ, «Қылмыстық қызметтен түсетін кірістерді жылыстату, анықтау, алып қою және тәркілеу туралы» Еуропа Кеңесінің Конвенциясын (Страсбург), БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясын, БҰҰ-ның 1999 жылғы 9 желтоқсандағы «Терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы» халықаралық конвенциясын (Нью-Йорк), Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясын ратификациялады (1883 жылғы 20 наурыз), Сондай-ақ, БҰҰ-ның 1988 жылғы 20 желтоқсандағы «Есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы» Конвенциясын (Вена) ратификациялады. Сонымен қатар, жоғарыдай аталған конвенцияларда, шарттарда бекітілген Экономикалық құқықбұзушылықтарға қарсы күрес бойынша халықаралық стандарттар бар, олардың мазмұнына жекелеген ел өз бетімен түзету енгізе алмайды. Бұл стандарттарды әлем елдерінде ақшаны жылыстатуға қарсы күресті жүзеге асыратын халықаралық қаржылық барлау бөлімшелері де пайдаланады («Эгмонт» тобы, ФАТФ). 2011 жылы осы ұйымға қабылданған Қазақстан да аталған ұйымның мүшесі болып табылады, бірақ, өкінішке қарай, өзінің халықаралық міндеттемелерін орындамай отыр. Жоғарыда аталған заңдар мен халықаралық конвенцияларды орындау үшін ҚР Үкіметінің Қаулысы, қаржы мониторингі субъектілерінің қызметін бақылайтын ведомстволар арасында көптеген бірлескен бұйрықтар қабылданды, атап айтқанда: – ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 23 қарашадағы №1484 «Қаржы мониторингі субъектілерінің қаржылық мониторингке жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпарат беру қағидаларын және күдікті операцияны айқындау өлшемшарттарының белгілерін бекіту туралы» Қаулысы; – ҚР Қаржы министрінің 2010 жылғы 15 ақпандағы №56 «Қаржы мониторингі субъектілерінің түрлері бойынша клиенттерді тиісінше тексеру үшін қажетті құжаттардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығы; – «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңының мақсаттары үшін Қаржы министрінің 2010 жылғы 10 ақпандағы №52 оффшорлық аймақтардың тізбесін бекіту туралы бұйрығы; – ҚР Бас Прокурорының 2011 жылғы 18 қазандағы №96 және ҚР Қаржы министрінің 2011 жылғы 27 қыркүйектегі №489 «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға байланысты ақпарат алмасу және материалдарды беру жөніндегі өзара іс-қимыл қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығы (экстремизм)»; – Ішкі істер министрінің 2011 жылғы 27 тамыздағы №444 және Қаржы Министрінің «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ақпарат алмасу және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді (экстремизмді) қаржыландыруға байланысты материалдарды беру жөніндегі өзара іс-қимыл қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығы. Соңғыларының бірі Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының 2021 жылғы 16 тамыздағы №7 және Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 16 тамыздағы №80 «Қазақстан Республикасының Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының орындалуына тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін және тексеру парағын бекіту туралы» бірлескен бұйрығы және мемлекеттік органдар мен қаржы мониторингі субъектілерінен кірістерді заңдастыру (жылыстату) тәуекелдерін бағалау үшін деректер жинау әдіснамасы бойынша Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының 2022 жылғы 23 ақпандағы №14 «Кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдеріне бағалау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы болып табылады. Осылайша, нақты нәтижелерді ескере отырып, біз көптеген жылдар бойы бұйрық шығарудан басқа ештеңе жасалмады деген қорытындыға келеміз, бұл сот практикасының жоқтығын көрсетеді.

– Аталған құқықтық актілерден көрініп тұрғандай, Қазақстанда ақшаны қайтару үшін нормативтік база бұрыннан бар. Валюталық реттеудің тәртібі мен тетігі толық көлемде әзірленген. Сондай-ақ, қаржылық мониторинг жүргізуге құзыретті органдардың функциялары мен өкілеттіктері көптеген актілермен және бұйрықтармен айқындалған. Осындай заңнамалық құқықтық база бола тұра, жекелеген ведомство басшыларының қозғалыссыз отыруының сыры неде?

– Ниет болса, бұл бағытта үлкен істер тындыруға болады. Ал енді оффшорлық аймақтардан ақша қаражатын қайтару үшін органдар мен комиссия құруға келетін болсақ, заңның өзінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі шараларды әзірлеуге, сондай-ақ, кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін азайтуға бағытталған шараларды үйлестіру мақсатында құрамына келісім бойынша Қазақстанның құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың өкілдері кіретін Ведомствоаралық кеңес құру көзделген. Бұл жағдай жауапты мемлекеттік органдардың тарапына (негізінен, ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес, барлық экономикалық қылмыстар тергеуге құқылы ҚМА тарапына), ҚР Президентінің тапсырмаларын орындау үшін шаралар қолданбай отырғанына орай көптеген күмәнді сұрақ туындайды. Және бұл жерде «Қазақстаннан заңсыз шығарылған және шетелге аударылған ақша қайтып орала ма?» деген ең маңызды мәселенің басы ашық тұр. Мүмкін, ҚМА-ның кадрлық әлеуеті капиталды қайтару бойынша өз міндеттерін толық орындауға мүмкіндік бермейтін шығар, өйткені, валютаны заңсыз репатриациялау үшін жауапкершілікті көздейтін заң мәтінін түсіну және зерделеу өте қиын. Ол құрылымы бойынша бланкеттік нормаларға жатады. Заңсыз әрекеттерге дұрыс құқықтық баға беру үшін, қызметкерлер заңнаманың әртүрлі салаларының нормативтік актілеріне, ең алдымен, қаржылық, әкімшілік, азаматтық ережелеріне жүгінуі керек. Сонымен қатар, валюталық кірісті қайтарудың көптеген мәселелері халықаралық шарттармен реттеледі. Осыған байланысты жария және жеке заңнама нормаларын қолдануда қайшылықтар туындауы мүмкін. Әдетте, заңды білмеу, түсінбеу орындаушының іс-әрекетіне кедергі келтіреді және бұл көрер көзге анық байқалып тұрады. Сонымен қатар, капиталды шығарудың заңдылығын тергеу мәселелері «елге инвестиция тарту» және тағы басқа да желеумен ұлттық компанияларды шетелге сатудың көлеңкелі жағына алып келуі мүмкін, бұл, сайып келгенде, осы құрылымның кейбір қызметкерлерінің өздеріне де қатысы барын көрсетуі мүмкін. Бірде-бір транзакцияны Ұлттық банк, ҚМА-ның және басқа да құзырлы органдардың қатысуынсыз жүргізуге болмайтындығын ескерсек, КСРО Сыртқы істер министрі А.Я. Вышинскийдің: «Тергеу әрекеттеріндегі ең бастысы – өзіңді ұстап бермеу», – деген әзіл аралас дәйексөзі еске түседі. Жоғарыда айтылғандай, экономикалық құқықбұзушылықтарды ҚМА тергеуі тиіс, бірақ іс жүзінде қазіргі уақытта бюджет қаражатын жұмсауға байланысты қылмыстардың маңыздыларын, рейдерлік әрекеттерді ашумен және тергеумен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет көбірек айналысады. Сөйтіп, олар өздерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге бағытталған тікелей міндеттерін атқарудың орнына бар уақыты мен қаржысын өздеріне тән емес міндеттерді орындауға жұмсайды. Олардың еңбегіне, әрине, зор ризашылығымызды білдіреміз. Сонда басқа құзырлы органдар қайда, неге олар да өзінің үлесін қоспайды деген орынды сұрақ тууы сөзсіз. Сондықтан ұлы Конфуций «Егер мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болмаса, мақсаттарды реттемеңіз, әрекеттерді реттеңіз» дегендей, нақты әрекеттерге көшудің уақыты енді келді. Өйткені, бір жерді таптап, жетер мақсатты қайталап айтып тұра беру, заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару жөніндегі мемлекет саясатының жүзеге асырылмауының белгісі және ол азаматтық қоғамның наразылығына алып келуі ықтимал. Осы орайда Ромен Ролланның: «Тірілерден де өміршең өлгендер бар. Бірақ өлгендерден бетер тірілер бар», – деген даналық сөзі ойға оралады. Бұл тағылымды сөзде айтылғандай ҚР Президентінің заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару туралы идеясын іске асыруға қабілетті, кеудесінде жаны бар, мәселеге дұрыс баға беретін уәкілетті органдардың адамдары қалмаған сияқты көрінеді маған.

– Президент тапсырмасын орындамау – халықтың билікке деген сенімін төмендетеді. Мұны жауапты органдар білмей отыр ма? Неге әлі күнге әрекетсіз?

– 2022 жылғы 28 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрінің өкімімен осы мәселе бойынша 2022 жылғы 20 қарашада жарияланған Президент Жарлығын іске асыру шеңберінде заң жобасына ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Яғни, нақты шаралар қабылдаудың орнына билік құрылымдарында жаңа заң қабылдау қажет деген сылтаумен Президент тапсырмасының орындалуына салғырттық таныту жалғасуда. Және мұның бәрі қолданыстағы заңнаманың бірде-бір ережесі капиталды қайтару идеясына қайшы келмейтініне және қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнамаға ситуациялық өзгерістер енгізе отырып, олармен баяғыдан бері айналысуға болатындығына қарамастан орын алуда. Сонымен қатар, бүгінгі күнге биліктің бұл әрекетсіздігіне оппозициялық немесе патриоттық көзқараспен қарайтын азаматтардың бірлестіктері өздерінің капиталды қайтару жөніндегі жұмыс топтарын құра бастады, әртүрлі қоғамдық зерттеулер жүргізіп, биліктің әдейі уақытты созып, капиталды қайтаруға мүдделі емес екенін, т.б. жайларды түсіндіре отырып, журналистік зерттеулер жүргізуге шақыра бастады. Бұлай бола берсе, мемлекеттің де, тікелей Президенттің де беделіне нұқсан келері сөзсіз. Сондықтан Президенттің елге ақшаны қайтару жөніндегі нұсқауларын орындау бойынша одан әрі әрекетсіздік пен салғырттық қалың бұқараның наразылығын тудырып, арты жақсы болмауы мүмкін. Мұны кейінгі кезде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жүрген жаңалықтардан байқауға болады. Қалай болғанда да, біз ҚР Президентінің заңсыз шығарылған капиталды қайтару туралы тікелей тапсырмаларын орындауға мемлекеттік органдардың құлықсыздығын немесе қабілетсіздігін тілге тиек еттік. Екі жағдайда да болашаққа тұжырымдар жасауға болады және бұл тұжырымдарды біз болмасақ, азаматтық қоғам мен қоғамдық пікір көшбасшылары жасайды.

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!

Айгүл АХМЕТОВА, «Заң газеті»

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...