Еркін Мұсаханұлы 1962 жылы Сыр бойында ауылшаруашылық маманы мен мейірбике отбасында дүниеге келген, балалық шағы Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданына қарасты Өзгент ауылында өтті.
Жастайынан ата-анасына жәрдемдесіп, тірлікке бейім болып өскен бала Еркін үй мен сырттың шаруасын жетік меңгерді. Мал жайып, қораны жөндеуге, отын тасып, даланың тірлігін жайғауға төселген баланың еңбекқорлығы, тындырымдылығы сол кезден-ақ көрініп тұратын. Бастаған ісінен оң нәтиже шығармай тынбайтын жас жігіттің қайсарлығына айналасындағылар сол кездің өзінде тәнті еді.
Әр нәрсенің болмысы мен бітіміне, тарихына терең үңіліп, зерттегенді жақсы көретін Ерекең шөп шауып, шөмеле жиып жүріп те туған жерінің өткеніне көз тігуді ұмыт қалдырмаған. Оның үстіне, кейіпкеріміздің туған жері де тарихқа бай. Өзгент ауылы орта ғасырларда Ұлы Жібек Жолының бойында тіршілік кешкен Өзгент деген ірі қаланың іргесінде орналасқан. Сол ескі қаланың құлаған мұнараларын, дуалдарын көрген бозбаланың бабалар мұрасына, батырлар ерлігіне деген қызығушылығы осы кезден басталса керек. Аңызға, батырлыққа бейіл боп өскен бала арманының бастауы осы туған жерден тамыр алады.
Бала Еркіннің бойында әділдік пен тазалықтың дәнін сіңірген тарихи оқиғалар аз емес. Солардың бірін Ерекең үнемі жанындағыларға тағылым ретінде айтып жүреді. Осындай бір тарихи оқиға хан мен халық арасындағы байланыспен сабақтас. Қоқан ханының Сәдуақас деген жандайшабы Сыр өңірінің халқына жасақ төлете отырып, онысымен қоймай жыл сайын бір бойжеткен қызды ханның төсеніші ретінде алып кетіп жүрген екен. Ерекеңнің бабасы Әл-Әмин баб, серіктестері Шәә – Бүзүрі (Шәмші Бүзүрік) және Шәә-Бұлтпен (Сабылт) бірігіп, Қоқан ханына қарсы қол ұйымдастырып, оған тойтарыс беріп, Сәдуақасты тұтқындап, оны мешітке апарып алдағы уақытта Сыр бойының бірде бір бойжеткеніне қол тигізбейтіні жөнінде ант-су ішкізген. Бұл оқиға халықтың әділетсіздікке төзбейтінін, қарындастарын қорлауға жол бермейтінін нақты көрсетеді. Әділеттілікке деген құмарлығы, әлсізді қорғауға құлшынысы Ерекеңе сол бабасынан мұра болып қалған сияқты.
1979 жылы Жаңақорғандағы орта мектепті тәмамдаған соң Ерекең Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, 1984 жылы «заңгер» мамандығын алады. Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық прокуратурасына жолдама берілген жас маман үш айлық тағылымдамадан өткеннен кейін Балықшы аудандық прокуратурасының тергеушісі қызметіне тағайындалады. Ол жерде кісі өліміне байланысты қылмыстарды, әйел зорлауды тергеп, талай зұлымдарды сот алдына апарады. Қатыгездікпен күрескен кейіпкеріміз қылмыскердің жазасын алуына барын салады. Пара алғандардың қылмысын тергеп, мемлекеттік мүлікті ірі және аса ісі мөлшерде жымқырғандарды әшкерелеп, қазынаға жүз мыңдаған шығынды қайтарады.
Өз ісіне тиянақты жас тергеушіге облыстық прокуратура басшыларының көзі бірден түскен еді. Өйткені, жүктелген жұмысын сапалы, мінсіз атқарған маманның аты халықтың арасында да жиі атала бастаған болатын. Осылайша Еркін Мұсаханұлы 1988 жылы Гурьев облыстық прокуратурасының аға тергеушісі, бір жылдан соң айрықша маңызды істер жөніндегі тергеушісі қызметіне тағайындалады. Бұл кезеңде кейіпкеріміз адам өлтіру қылмыстарын әшкерелейтін, Ішкі істер басқармасының оперативтік қызметкерлерімен біріккен тергеу-оперативтік топты басқарып, өзінің ұстазы санайтын, сол мезгілде прокурор-криминалист қызметін атқаратын Аян Орақовпен бірге талай қылмысты ашып, аудандағы тергеушілерге орасан көмегін тигізгені белгілі. Іс бойынша куәлер мен сезіктілерге сұрақ қою, оқиға болған жерді қарау, заттай дәлелдемелермен жұмыс істеуде тергеуші Е.Жапаров әріптестеріне керемет үлгі көрсетті.
Бірде табылған көйлекті сараптамаға жолдап, оның жағасындағы екі тал шаш күдіктінікі, көйлектің жеңіндегі қатып қалған бір тамшы қан дағы жәбірленушінікі екенін анықтап, тағы бірде оқиға болған жерден табылған бәтеңкені сараптамаға жолдап, оның ұлтарағына сіңген тер иісі күдіктінікі, өкшесіндегі қан жәбірленушінікі екені анықталып, қылмыскерлер әшкереленіп тергеуші шеберлігінің арқасында қылмыс жедел ашылғаны есімізде. Мұндай мысалдар жетерлік. Қызметтегі қажымас еңбегі Кеңес Одағы деңгейінде еленіп, Е.Жапаров 1987 жылы ҚСРО Бас Прокурорының бұйрығымен марапатталып, ҚСРО-ның үздік тергеушілері қатарына енген болатын. Ол марапатын Ерекең ұстазы Аян Орақов пен облыс прокуроры И.Сеитовтің сеніммен қарағанының нәтижесі деп бағалайды.
Ерекеңнің ұйымдастыру қабілетін байқаған басшылық оны қызметтің ең қиын, ең күрделі тұсына жіберетін. Бұл шешімнің дұрыстығын атқарылған жұмыс нәтижесінен аңғару қиын емес. 1988 жылы жабылып қалып, 1990 жылы қайтадан ашылған Мақат ауданына Еркін Мұсаханұлының прокурор болып таңдалуы соның дәлелі. Тергеушілік жұмысында істің ұңғыл-шұңғылын жетік меңгеріп, қылмысты ашуда кәсіби маманданған Ерекеңе бір ауданның қадағалау қызметін үйіріп әкету көп қиындық келтірмеді. Ауданда тергеудің сапасы айтарлықтай артты.
Еркін Жапаровтың негізгі қызметімен қатар, саясатқа да араласқан кездері болған. Мәселен 1989–1992 жылы Гурьев облыстық халық депутаттары Кеңесінің депутаты, заңдылық пен құқық тәртібі жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып сайланғаны белгілі. Бұл саяси қызметінде де табандылық танытып, заңдылыққа байланысты көптеген мәселелердің түйінін таба білгені ақиқат. Ерекеңнің депутаттық қызметін атқару кезінде облыстық кеңестің кезекті сессиясында Гурьев қаласы мен облыстың атауын Атырау деп өзгертіп, ел үшін тарихи шешім қабылдаған болатын.
1993 жылы Қызылорда облысының прокуратурасына ауысып, ол жерде аға тергеуші, тергеу бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып, тәуелсіз Қазақстанның экономикасына қарсы жасалған бірнеше қылмысты тергеп, кінәлілерді сот алдына апарған. Прокуратура органдары реформаланып, барлық тергеушілер Ішкі істер органдарының тергеушілерімен бірігіп Мемлекеттік тергеу комитеті құрылған мезгілде Еркін Мұсаханұлының тергеудегі біліктілігі мен ұйымдастыру қабілеті ескеріліп, Қызылорда облысы бойынша Басқармадағы тергеуді басқару жүктелген еді. Ол жерде орынбасарлары полковник пен подполковник шенінде болған. Осы бір сындарлы сәтте жас майор Е.Жапаров табандылық танытып, бірнеше жыл бұрын орын алған жасырын қылмыстарды анықтауға білек түре кірісті. Қылмыстарды тергеуге өзі тікелей араласып, көп уақыт өтсе де қылмыскерлерді әшкерелейтін бұлтартпас дәлелдемелерді табуға атсалысты.
Мемлекеттік тергеу комитетінің сол облыстағы Сырдария аудандық бөлімінің басшысы болып тағайындалған мезгілде де, ауданда бірнеше жыл бойы ашылмай келген қылмыстарды ашып, қашып жүрген қылмыскерлерді табуға мұрындық болды.
Мемлекеттік тергеу комитеті тараған соң Е.Жапаров 1997 жылы құрылған Салық полициясының облыстық басқармасында тергеу бөлімін басқарды. Сол жылы тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл бөлімнің жұмысы соңғы орында тұрған екен. Тергеу сапасына қатысты сын-ескертпе де көп болатын. Сеніп тапсырылған жұмысқа құлшына араласқан Еркін Мұсаханұлы ақылмен әрекет ете отырып тергеу қызметін небәрі үш айда жоғары тұғырға көтерген.
Салық полициясында қызмет еткен мезгілінде төлеуден жасырылған миллиондаған қаржы қазынаға құйылған. «Бұл жерде бізге сенім артқан басқарма басшысы С.Төралиевтің, оның орынбасары Б.Баймахановтың көмегі, маған түсіністікпен қараған, тапсырмамды екі айтқызбай орындайтын өзімнің курстасым, айрықша маңызды істер бойынша тергеуші қызметін атқарған Шынтемір Дарбаевтың еңбегі қаншалықты маңызды болғанын айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді Ерекең.
Әрдайым жаңашылдықтың басы-қасында жүретін Еркін Мұсаханұлы 1998 жылы Әділет министрлігінде жаңадан ашылған Сот актілерін орындамау жағдайларын тергеу департаментінің Қызылорда облысы бойынша басқармасына бастықтың орынбасары болып тағайындалды. Осы кезеңде сот шешімдерін орындаудан жалтарып жүрген борышкерлер табанымен шоқ басқандай халге түсіп, берешегін қайтаруға мәжбүр болды. Сөйтіп атқарушылық өндіріс ісі сол мезгілде ілгері жылжығаны халықтың көз алдында.
Еңбектің еленгені жақсы. Құқықтық саладағы сындарлы еңбектің сот саласында түйінделуі Еркін Мұсаханұлының еңбегін елеусіз қалдырмай, қабілетін бағалаудың нақты көрінісі. Кәсіби маманның жұмыстың күрделілігінен қорықпайтынын осы жолы да байқауға болады. Сол сенімнің күштілігінен болса керек, Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылы 16 қарашадағы Жарлығымен Е.Жапаров бірден Атырау облыстық сотының судьясы болып тағайындалысымен қиын да күрделі істерді қарау тапсырылды.
– Тергеуші, прокурор қызметінде қаулы жазу өз алдына, ал адам тағдырына қатысты шешім мен үкім шығарудың жауаптылығы орасан зор, – дейді Еркін Мұсаханұлы.
Сот актілерін жазудың қыр-сырына қанық етіп, сот істерін саралауға үйреткен облыстық соттың сол кездегі төрағасы М.Қамназаровтың қамқорлығын Ерекең ерекше ілтипатпен есіне алып отырады.
Біліктілігі мен ұйымдастыру қабілеті бұл жолы да қажет болып, Е.Жапаров Ресей Федерациясымен шекаралас Құрманғазы ауданына 2007 жылы сот төрағасы болып тағайындалады. Аудандық сотта жас судьяларға ұстаз бола білген Ерекең, олардың нақты шешім қабылдауына араласпай, сот актілерін негіздеп, дәлелді сипатта жазуға үйретті.
Қазақ елінің табиғатқа деген сүйіспеншілігі, жануарлар әлеміне деген қамқорлығы ерекше зор. Мұны елдің заңдарынан да байқау қиын емес. Заңды қару еткен Еркін Мұсаханұлы Каспий жағалауында заңсыз балық аулаған бір топ шетелдік браконьерлерге де, жабайы доңызды торайларымен аяусыз атып алған аудан тұрғындарына да бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, табиғатқа жасалған қастандықтың кешірілмейтінін дәлелдеді. Сондай-ақ, қарияларды өз үйінде соққыға жығып, тірнектеп жинаған ақшасын тартып алып кеткен бір топ адамға да, қыз баланы ауылдың сыртына апарып көлік ішінде қорлаған азғындарды да, бүкіл бір ауылдың малын алып Ресей асып алдап кеткен алаяқты да бас бостандығынан айырып, әділдігімен елдің ризашылығына бөленді.
Ерекең судья ретінде тек үкім шығарумен шектелмей, сол істі тергеген тергеушінің, мемлекеттік айыптауды қолдаған прокурордың біліктілігіне де жіті назар аударып, өз шеберлігін көрсеткен мамандарды басшыларына айтып, өсуіне де септігін тигізген.
Осы ауданда қызметте жүрген кезінде Е.Жапаров облыс судьяларының аумақтық семинар сабағын ұйымдастырып, ол жиынға Ресей Федерациясындағы Красный Яр аудандық сотының судьяларының да қатысуына қол жеткізген.
Бүгінде жасы алпысқа толып отырған Е.Жапаров Ақтөбе облыстық сотының судьясы. Тәжірибелі қазы әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарайтын жас судьяларға тәлімгерлік жасап, салыққа байланысты, кәсіпкерлік қызмет пен жер дауларына қатысты істердің қыр-сырын үйретуде орасан зор еңбек етуде.
«Алпыс – тал түс» дейді қазақ. Алқалы белесіне биік бедел, үлкен абыроймен жеткен Еркін Мұсаханұлының өзі қызмет еткен салаға, еліне берері әлі де көп. Тәжірибелі қазы, кәсіби маманның өнегелі жолы көпшілікке үлгі-өнеге.
А.Құрманғали