Бас ауырып, балтыр сыздағанда іздейтін ақ халатты абзал жандар Елорданың тап іргесіндегі Ақмола облысында да аса үлкен күрделі жағдайды бастан кешіп тұр. Әсіресе, өңір медицинасындағы есеп пен шынайы өмір арасындағы алшақтық аса қатты ұлғайып барады. Мұны күнделікті өмірде ауруханада кезек күтіп сарғайған халық әлеуметтік желілерде желдей есіп жиі шағымданып жатқанынан-ақ анық аңғаруға болады.
Ақмола облысының денсаулық сақтау саласына қатысты ресми баяндамаларды парақтасаңыз, жүйенің бірқалыпты дамып келе жатқанын байқау қиын емес. Кадр тапшылығы азайып келеді, ауылдарға дәрігер тарту бағдарламасы жүзеге асып жатыр, әлеуметтік қолдау көлемі де артып келеді. Қағаз жүзіндегі көрініске назар аударсақ бәрі «сақадай-сай». Бірақ сол қағаздың ар жағында тірі өмірдің жағдайы өкінішке орай көңіл құлазытарлық деңгейде. Ал ол өмір ресми есептермен әрдайым сәйкес келе бермейтіні шынайы жағдайда анық байқалады. Бұл алшақтық Ақмола облыстық Қоғамдық кеңестің соңғы отырысында тағы да айқын сезілді.
Келгені бар, бірақ қалғаны қайда?
Кеңес отырысында медицина саласына жауапты басқарма өкілдері өңірге жүздеген жас дәрігердің келгенін, кадр тапшылығының біртіндеп азайып жатқанын мәлімдеді. Ресми дерек те солай жазылыпты. Хош. Деректерге жүгінсек соңғы бірнеше жыл ішінде ғана Ақмоланың ауылды жерлерінде жаңа мамандар тарту бағдарламасы аясында ондаған дәрігер жұмысқа орналасқан.
Алайда қоғамдық кеңес мүшелері бұл көрсеткіштің екінші жағын сұрады. Медицина ғылымдарының кандидаты Серік Кәкеновтің сөзі осы тұста мәселенің өзегін ашып түйткілдің әбден шегіне жеткенін бір-ақ ауыз сөзбен шегелеп берді:
– Бізге «Қанша дәрігер келді?» деген есепті ғана көрсетеді. Бірақ «солардың қаншасы қалды?» деген сұраққа нақты жауап жоқ. Егер келген маман бір-екі жылдан кейін кетіп қалса, бұл жетістік пе, әлде айналмалы статистика ма? – дейді ол.
Бұл сұрақтың залда ауыр үнсіздік туғызғаны байқалды. Өйткені шын мәнінде бұл тек Ақмолаға ғана емес, бүкіл елге ортақ сұраққа айналғаны мәлім.
Жиында жас дәрігерлердің ауылда тұрақтамау мәселесі де көтерілді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, мемлекет ауылға барған мамандарға 8,5 миллион теңгеге дейін көтермеақы төлеп отыр. Бірақ бұл қолдау кадрды ұстап тұруға әрдайым жеткілікті болмай отыр.
Осы тұста кеңес төрағасы Серік Кәкенов мәселені ашық айтты:
– Қағазда бәрі бар. Бірақ ауылға барған дәрігердің күнделікті тіршілігіне қарасақ, жағдай мүлде басқаша көрініс тапқан. Бірі тұрғын үй таппайды, бірі баласын балабақшаға орналастыра алмайды. Мұндайда адам ұзақ тұрақтамайды ғой, – деді Серік Қабдөшұлы.
Ал аудандық деңгейде жұмыс істейтін кейбір дәрігерлердің сөзінше, мәселе тек әлеуметтік жағдаймен шектелмейді.
– Бізге келгенде бәрі жақсы көрінді. Бірақ кезекшілік, жүктеме, кадр тапшылығы, қосымша міндеттер көп. Бір адамның орнына екі-үш адамның жұмысын атқаратын жайттар жиі болады. Біраз уақыт шыдайсың, бірақ бәрінің шегі бар, – дейді әлеуметтік желілерде ой бөліскен жас дәрігердің бірі.
Жүйе бар, үйлесім жоқ
Қоғамдық кеңесте тағы бір өткір мәселе – медициналық төлемдердің уақытылы берілмеуі болды. Қоғамдық кеңес мүшелері облыстық ауруханада әлеуметтік қолдауға қатысты 21 медицина қызметкерінің төлемі кешіктірілгенін алға тартты. Бұл дерекке жауап берген құзырлы орган өкілдері мәселенің техникалық себептермен байланысты екенін айтып, реттеліп жатқанын түсіндірмек болды. Алайда кеңес мүшелері мұндай түсіндірмеге қанағаттанбады.
– Егер мемлекет өзі уәде еткен қолдауды уақытында бере алмаса, онда жас маманның сенімі қалай қалыптасады? – деген пікір жиында бірнеше рет қайталанды.
Ақмола облысында жалпы медициналық ұйымдар саны жеткілікті болғанымен, маман тапшылығы әлі де өткір сезіледі. Әсіресе тар бейінді дәрігерлерге сұраныс аса жоғары.
Ресми деректерде кадр тапшылығы біртіндеп азайып келе жатқаны айтылғанымен, ауыл тұрғындарының пікірлері бұл көріністі толықтыра түседі. Көкшетау маңындағы ауылдардың бір тұрғыны жағдайды былай сипаттайды:
– Бізде амбулатория бар. Ғимарат бар. Бірақ кейде дәрігер аптасына екі-ақ күн келеді. Қалған күндері қалаға баруға тура келеді. Жедел көмек керек болса, уақыт жоғалтамыз, – дейді ол.
Өкінішке орай бұл пікір бір ғана ауылға тән емес екені әлеуметтік желілерде желдей ескен халықтың наразылығынан-ақ анық аңғарылады. Кеңесте де осыған ұқсас уәждер тағы бір мәрте айтылды. Мамандардың айтуында қарағанда медицина инфрақұрылым болғанымен бірақ оны толыққанды жүргізетін кадр тұрақтылығы әлсіз.
Мәселе тек ақшада емес
Жиын барысында тағы бір маңызды ой айтылды. Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша мәселені тек қаржымен шешу мүмкін емес. Мәселен, облыстық мәслихат депутаты Берген Беспалинов тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымның әлсіздігін тілге тиек етті.
– Біз көбіне қаржыны көбейтсек, мәселе шешіледі деп ойлаймыз. Бірақ ауылға барған маман тек жалақы емес, өмір сүру ортасын да бағалайды. Егер орта болмаса, ақша ұзақ ұстап тұрмайды, – дейді Берген Маратұлы.
Бұл пікірді денсаулық сақтау саласының ардагерлері де қолдады.
– Бұрын дәрігер ауылда жылдар бойы қалатын. Қазір жағдай өзгерді. Жас маманға тек жұмыс емес, өмір сапасы керек, – дейді тәжірибелі дәрігерлердің бірі.
Қағаздағы көрсеткіш нақты өмір емес
Қоғамдық кеңесте көтерілген мәселелердің барлығы бір түйінге келіп тірелді. Жиынға арнайы жазылған ресми есеп пен шындық арасындағы алшақтық тым ұлғайып кеткен. Бір жағында – ресми статистика бәрі ойдағыдай іске асырылып жатқанын цифрлармен әйгілеп, дәрігерлер саны артып, қаржы бөлінуде, бағдарламалар іске асып жатқанын көрсетсе, екінші жағында – тұрғындардың күнделікті тәжірибесі ақ түйткілдің түйіні тарқатылмағанын керісінше шиеленісіп бара жатқанын айғақтайды. Яғни, кадр жетіспейді, кезек ұзақ, кей ауылдарда маман аптасына бірнеше күн ғана келеді. Осы қайшылықты кеңес мүшелері былай түйіндеді:
– Бізде жүйе бар сияқты. Бірақ сол жүйе толық жұмыс істемей тұрғандай әсер қалдырады, — дейді Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Қабдуали Құлышев.
Ақмола медицинасындағы бүгінгі ахуал бір ғана мәселемен өлшенбейді. Бұл – кадр саясаты, әлеуметтік инфрақұрылым, басқару тиімділігі және сенім мәселесінің тоғысқан жері. Миллиондаған қаржы бөлініп жатыр. Тиісті бағдарламалар қабылданып, есептер жасалуда. Бірақ шалғайда жатқан ауылдар бәрібір дәрігерге зар. Бұл мәселенің шешімі қандай?
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы


