Қазіргі кезеңде Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жүйесі терең әрі мазмұнды жаңғыру үдерісін бастан өткеруде. Бұл өзгерістердің өзегінде меритократия қағидаты жатыр. Яғни, мемлекеттік қызметке қабылдау және мансаптық ілгерілету үдерісі адамның жеке қабілетіне, кәсіби біліміне, тәжірибесіне және нақты еңбек нәтижелеріне негізделеді. Бұл – сапалы мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған стратегиялық таңдау.
Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған стратегиялық құжаттар мен заңнамалық актілер реформалардың берік институционалдық негізін қалады. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында меритократия мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарының бірі ретінде нақты бекітілген. Заң нормалары мемлекеттік қызметшінің кәсіби дайындығы мен жеке жетістіктерін мойындауды, мансаптық өсудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуді көздейді. Осылайша, қызметтік ілгерілеу формалды еңбек өтіліне ғана емес, нақты нәтижеге, құзыреттер деңгейіне және жауапкершілік ауқымына тәуелді бола бастады.
Бұл тәсіл мемлекеттік аппараттың сапалық құрамын арттыруға, басқарушылық шешімдердің тиімділігін күшейтуге және ең бастысы – қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтуға бағытталған. Әділдік пен ашықтыққа негізделген жүйе ғана кәсіби бәсекелестікті қалыптастырып, талантты кадрлардың мемлекеттік қызметке келуіне жол ашады.
Мансаптық өсудің негізгі тетіктері
Мемлекеттік қызметшілердің мансаптық өсуі бірнеше маңызды құралдар арқылы жүзеге асырылады.
Біріншіден, қызмет нәтижелерін бағалау жүйесі енгізілген. Әрбір қызметшінің жұмысы нақты көрсеткіштер мен индикаторлар негізінде сараланады. Бағалау қорытындылары көтермелеу, қосымша оқытуға жіберу немесе жоғары лауазымға ұсыну кезінде негізгі өлшем ретінде қолданылады. Бұл – еңбектің әділ бағалануына мүмкіндік беретін тиімді тетік.
Екіншіден, конкурстық іріктеу жүйесі қалыптасқан. Бос лауазымдарға ашық конкурс жариялау арқылы тең мүмкіндік қағидаты қамтамасыз етіледі. Үміткерлердің кәсіби және жеке қасиеттері, білім деңгейі мен тәжірибесі жан-жақты сараланып, объективті шешім қабылданады. Мұндай тәсіл кадр таңдауда субъективтілікті азайтып, ашықтық мәдениетін нығайтады.
Үшіншіден, оқыту және кәсіби даму жүйесі тұрақты түрде жетілдірілуде. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға, басқарушылық және көшбасшылық дағдыларын дамытуға бағытталған бағдарламалар олардың кәсіби әлеуетін үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік береді. Үздіксіз білім алу қағидаты қазіргі мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігіне айналды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі конкурс арқылы тағайындалған 66 мемлекеттік қызметшінің 54-і бұрын төменгі лауазымдарда жұмыс істеген. Бұл мансаптық өсудің 81 пайызын құрап отыр. Аталған көрсеткіш жүйенің тиімділігін және кадрлық ілгерілеудің әділ жүзеге асырылып жатқанын дәлелдейді.
Кадрлық резерв – болашақ басшылар мектебі
Меритократия қағидатын іске асырудағы маңызды құралдардың бірі – кадрлық резерв жүйесі. Бұл бағытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Президенттің тапсырмасына сәйкес Президенттік жастар кадр резервін және өңірлік кадр резервтерін қалыптастырып келеді.
Президенттік жастар кадр резерві – дарынды, бастамашыл әрі кәсіби жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған ұлттық жоба. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және кандидаттардың білімі, жұмыс тәжірибесі, стратегиялық ойлау қабілеті мен көшбасшылық әлеуеті кешенді бағаланады. Резервке енген жастар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторда жауапты лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігіне ие болып, ел дамуына өз үлесін қосуда.
Өңірлік кадр резервтері де осы мақсатты аймақтық деңгейде жүзеге асыруға бағытталған. Олар жергілікті ерекшеліктерді терең түсінетін, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бере алатын басқарушы кадрлар корпусын қалыптастыруға ықпал етеді. Мәселен, қазіргі уақытта Алматы қаласының өңірлік кадр резервінде 39 резервші бар, олардың 14-і (36 пайызы) резерв шеңберінде басшы лауазымдарға тағайындалған. Бұл көрсеткіш жүйенің практикалық тиімділігін айғақтайды.
Стратегиялық бағдар – сапалы мемлекеттік аппарат
Алдағы кезеңге арналған стратегиялық бағыттар да айқындалған. 2024–2029 жылдарға арналған Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасы меритократия қағидатын одан әрі нығайтуды, HR-процестерді цифрландыруды және кадрлық саясаттың ашықтығын арттыруды көздейді. Бұл шаралар мемлекеттік қызметті жастар үшін тартымды әрі бәсекеге қабілетті, ал қоғам үшін тиімді әрі нәтижелі институтқа айналдыруды мақсат етеді.
Қорытындылай келе, қазіргі Қазақстандағы мемлекеттік қызметтегі мансаптық өсу жүйесі – әділ бәсекеге, кәсібилікке және үздіксіз дамуға негізделген заманауи модель. Мұндай жүйе елдің басқару әлеуетін күшейтіп қана қоймай, ұзақ мерзімді ұлттық дамуға қызмет ететін сапалы әрі жауапты кадрлар корпусын қалыптастыруға берік негіз қалайды.
Мемлекеттік қызмет басқармасы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті


