Мінекей, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанына 30 жылдан астам уақыт өтті. Ата Заңымыз Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына және Қазақстан Республикасындағы тіл туралы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Дегенімен, әлі де қазақ тілін қолдану өз керекті жоғары деңгейінде деуге деп айту қиын.
Мәселен, ең бірінші кезекте мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жандандыру, тіл саясатын іске асыру, тілдің тұғыры мен мәртебесін көтеру мақсатында қолданысын дамыту мәселесін мемлекеттік мекемелер бақылауға алулары қажет деп есептеймін. Яғни, мемлекеттік мекемелердің өзара құжат айналымы тек мемлекеттік тілінде болу қажет, қазақ тілін дамыту саясатын қолдап және осы ұстанулары абзал. Алайда, кейбір жағдайда мемлекеттік мекеме бола тұра, хат алмасу барысында ресми тілінде хат жолданатыны кездесіп тұрады.
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік тіл мемлекеттік дәрежедегі аса маңызды мәселе болғандықтан ол патриотизм, мәдени тұтастық сияқты ұғымдармен тығыз байланысты. Сондықтан да, қазіргі кезде мемлекеттік тіліміздің деңгейін көтеру мәселесі ең басты мәселелердің біріне айналып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен қатаң бақылауға алынып отыр.
Мәселен, соттар өз тарапынан басқа мемлекеттік мекемелерге сот өндірісіне барлық хаттар мен құжаттар мемлекеттік тілде жолдану қажеттігі жайлы хаттар жолдап, қазақ тілін кеңінен пайдалану мақсатында іс-шаралар жиі өткізіп тұрады. Алдағы уақытта бұл жүргізіліп отырған жұмыстар қажетті көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деген ойдамыз.
Сот практикасында мынадай жағдай да кездеседі, мысалы – ұлты қазақ бола тұра талап қоюшы сотқа талап арызын ресми тілінде өткізеді, жауапкері де ұлты қазақ. Сотқа келгенде тараптардың ешқайсысы орыс тілін білмейтін болып шығады. Орыс тілін білмесе не себептен орыс тілінде талап арызын келтіргені жайлы сұрағанда – адвокат талап қоюшыға талап арызды орыс тілінде жазып бергені жайлы айтады. Бұл өз кезегінде біршама қиындық туғызады. Яғни, Қазақстан Республикасы Азаматтық Процестік кодексінің 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге болады. Бірақ бұның өзі де судьяның біршама уақытын алады. Ал сот отырысы барысында тараптардың тілді білмейтіні анықталса аудармашы шақыртылады.
Мемлекеттік тіл – тәуелсіздікті айқындайтын басты белгілерінің бірі.
Әр елдің, мемлекеттің өзіндік ана тілі, заңмен көзделген, айқындалған мемлекеттік тілі бекітіледі, ал тілсіз мемлекет болмайды. Мемлекеттік тілдің пайдаланысын азайтуға мүмкіншілік берілмеу қажет. Тіпті ақын, жазушы Р.Ғамзатовтың өзі – «Ертең менің тілім өлсе, мен бүгін өлуге дайынмын» деген. Қандай керемет айтылған дана сөз.
Мемлекеттік тіл – бүкіл қазақстандықтардың тілі, бәрімізге ортақ тіл. Тіл – халықтың рухани және мәдени байлығының дамуының құралы екенін ескере отырып, қазақ тілі — еліміздің барлық азаматтарын топтастырудың мықты іргетасы болатынына және мемлекеттік тілдің болашағы зор екеніне кәміл сенеміз.
Қорытындылай келе, алдағы уақытта тілге қатысты кемшіліктерге жол берілмей, мемлекеттік тіл қолданысын дамытуға, мәртебесін арттыруға тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, сонымен қатар барлық қазақстандықтар атсалысулары қажет.
Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Думан Болатұлы Мәуленов