Мемлекеттік тіл – елдің егемендігі мен бірлігінің басты тірегі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бұл жай ғана құқықтық норма емес, тарихи шындық пен ұлттық болмыстың айғағы. Тіл – халықтың жаны, рухы, сан ғасырлық тәжірибесі мен дүниетанымын сақтап жеткізетін құндылық. Сондықтан мемлекеттік тілді құрметтеу – әр азаматтың заң алдындағы міндеті ғана емес, ар-ождан алдындағы жауапкершілігі.Әр ұлт өзінің тілі арқылы танылады. Тіл жоғалса, ұлттың ерекшелігі де көмескіленеді.
Қазақ тілі – халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениеті мен әдебиетін бүгінгі күнге жеткізген рухани көпір. Демек, мемлекеттік тілді дамыту – ұлттық мұраны сақтау деген сөз.Мемлекеттік тіл қоғамның барлық саласында еркін қолданылғанда ғана оның мәртебесі артады. Білім беру, денсаулық сақтау, сот жүйесі, мемлекеттік қызмет, бизнес және цифрлық технология салаларында қазақ тілінің үлесі кеңейсе, елдің ішкі тұтастығы нығаяды. Ортақ тіл – ортақ түсіністікке жол ашады.
Мемлекеттік тілді құрметтеу туралы көп айтылады. Бірақ құрмет нақты іспен дәлелденуі керек. Ол үшін ресми құжаттар мен қызмет көрсетуді мемлекеттік тілде сапалы жүргізу, күнделікті қарым-қатынаста қазақ тілін қолдану, жұмыс орнында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тіліндегі сапалы кітап, мақала, ғылыми еңбек, медиа өнімдерге сұранысты арттыру қажет.Егер әр азамат өз ортасында қазақ тілінде сөйлеп, сауатты жазуға мән берсе, бұл үлкен өзгеріске бастайды. Тілді дамыту тек мемлекетке жүктелетін міндет емес. Қоғам сұраныс білдірмейінше, тілдің өрісі кеңеймейді.
Тілге деген құрмет ең алдымен отбасында қалыптасады. Бала қай тілде ойлап, сөйлеп өссе, сол тіл оның дүниетанымының негізіне айналады. Сондықтан ата-ананың жауапкершілігі зор. Үйде қазақша сөйлесу, ертегі оқу, ұлттық құндылықтарды таныстыру – болашаққа жасалған нақты қадам.Мектеп пен жоғары оқу орындары да мемлекеттік тілдің сапалы оқытылуына көңіл бөлуі тиіс. Тек грамматика емес, ойды жүйелі жеткізу, ресми стильде жазу, ғылыми тілде сөйлеу дағдылары дамытылуы қажет. Қазақ тілі заманауи ғылым мен технология тіліне айналуы үшін терминология жүйелі қолданылуы керек.Қазіргі ақпараттық дәуірде тілдің дамуы цифрлық ортаға тікелей байланысты. Әлеуметтік желі, сайт, мобильді қосымша, онлайн қызметтердің қазақша нұсқалары көбейсе, тілдің қолданыс аясы кеңейеді. Жастар қазақ тілінде сапалы контент жасап, кәсіби деңгейде блог жүргізсе, бұл тілдің беделін арттырады.
Мемлекеттік тіл бизнес саласында да тиімді құралға айналуы тиіс. Клиентке қазақ тілінде қызмет көрсету – тек міндет емес, бәсекелік артықшылық.Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттік тілдің мәртебесі нақты бекітілген. Бірақ заң талаптарын орындау формалды сипатта қалып қоймауы керек. Негізгі мақсат – тілдің шынайы қолданысын қамтамасыз ету.Әр азамат мемлекеттік тілді білуге және қолдануға мүдделі болуы керек. Бұл өзге тілдерді меңгеруге кедергі емес. Көптілділік – артықшылық. Алайда мемлекеттік тілге басымдық беру – елдік мүдде.Мемлекеттік тілді құрметтеу – ұлтқа деген құрмет. Тілді сақтау мен дамыту – болашаққа жауапкершілік. Егер әрқайсымыз қазақ тілін күнделікті өмірімізде белсенді қолданып, оның сапалы дамуына үлес қоссақ, мемлекеттік тілдің мәртебесі табиғи түрде нығаяды.
Тіл – халықтың тірегі. Оны қадірлеу – әр азаматтың парызы.
Орал қалалық № 2 сот әкімшісінің бас маманы сот-мәжілісінің хатшысы Е.Е.Рақым



