Мемлекеттік тілдің дамуы

Әрбір тәуелсіз мемлекеттің ең басты құндылықтарының бірі – ана тілі. Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан тіл саясаты жаңа белеске көтеріліп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қарқынды түрде кеңейіп келеді.

Бұл бағыттағы негізгі бағдар – «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы». Құжатта мемлекеттік тілді ғылым, бизнес және цифрлық кеңістік тілі ретінде дамыту міндеті қойылған. Ал қойылып отырған маңызды межеге сәйкес, 2029 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген халық үлесін 84%-ға жеткізу көзделген.

Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Тіл туралы» Заңы мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындап,оның қоғамның барлық саласында, соның ішінде құқық қорғау және сот жүйесінде толыққанды қызмет етуін қатаң қамтамасыз етеді. Тіл саясаты – бұл тек мәдени немесе әлеуметтік бағыт қана емес, бұл ең алдымен мемлекеттіліктің басты тірегі, қоғамдағы әділдік пен теңдіктің ажырамас кепілі. Бүгінгі таңда рухани астанамыз – Түркістан өңірінде де сот төрелігін жүзеге асыру барысында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту – азаматтардың конституциялық құқықтарын сапалы қамтамасыз етудің және сот билігіне деген халықтың сенімін арттырудың ең маңызды тетігіне айналып отыр.

Сот өндірісіндегі құқықтық негіздер мен жаңа үрдістер

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік, Азаматтық-процестік кодекстерінде және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізілетіні, ал қажет болған жағдайда орыс тілінде немесе басқа тілдерде қатар жүргізілетіні нақты көрініс тапқан. Бұл ретте заң талаптарының бұлжытпай орындалуы – сот корпусының басты міндеті.

Соңғы жылдары сот өндірісінде қазақ тілінде түсетін талап арыздар, шағымдар мен іс материалдарының көлемі артып келе жатқаны байқалады. Бұл – қоғамдағы құқықтық сананың жаңарғанын, азаматтардың өз ана тілінде әділдік іздеуге деген ұмтылысының күшейгенін айқын көрсететін үрдіс. Сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыру – судьялардың кәсіби борышы ғана емес, елдегі мемлекеттік тілдің беделін көтерудің нақты көрінісі.

Цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің үлесі

Бүгінгі таңда сот жүйесін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де айтарлықтай ықпал етуде.

Электронды құжат айналымы: 

«Төрелік» ақпараттық жүйесі мен «ЕПСО» (Сот кабинеті) сервисі арқылы мемлекеттік тілде құжат тапсыру, іс материалдарымен танысу қарқынды жүруде. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, мемлекеттік тілдегі құқықтық ақпараттың қолжетімділігін арттырады.

Ашықтық пен қолжетімділік: Сот процестерінің аудио, видеожазбаға түсірілуі және олардың мемлекеттік тілде жүргізілуі сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға жол ашуда.

Терминология тұрақтылығы және сапалы сот актілері

Мемлекеттік тілдің сот саласындағы әлеуетін толық ашу үшін кәсіби терминологияны бірізді қолданудың маңызы зор. Заңнамадағы ұғымдардың қазақ тіліндегі баламаларын сот практикасында дұрыс қолдану – шығарылатын сот шешімдерінің сапасына тікелей әсер етеді.

Мемлекеттік тілде шығарылатын шешімдер мен үкімдердің мазмұны логикалық тұрғыдан жүйелі, құқықтық тілі бай, әрі қарапайым азаматқа түсінікті болуы шарт. Бұл бағытта судьялар мен сот қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, құқықтық терминология бойынша әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Мемлекеттік тілдің дамуы – бір ғана ведомствоның немесе жекелеген саланың шешілетін мәселесі емес, бұл – бүкіл қоғамның ортақ ісі. Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясының кеңюі еліміздегі құқықтық мәдениеттің өсіп, заң үстемдігінің нығая түскенін паш етеді. Әрбір судьяның мемлекеттік тілде сапалы сот төрелігін жүргізуі – ел болашағы мен ұлттық мүддеге қосылған сүбелі үлес болып қала бермек.

Сөз соңында айтарым, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дегендей, тілімізді ұлтымызды, отбасымызды қадірлегендей қадірлейік! Қазақстанның азаматымын деп санайтын әрбір адам мемлекеттік тілді білуі шарт деп ойлаймын. Тіл – адамдар арасындағы қарым-қатынастың аса маңызды құралы ғана емес, ойлаудың, дүниетанымның, рухани мәдениетті жасаудың ұлттық ұжымдық тәрбиесін жинақтаудың, сақтаудың құралы. Жас ұрпақты тәрбиелеу, оларға ғылым мен білімді үйрету тіл арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік тілді оқыта отырып, жастардың бойына елдік сана сіңіріліп, мемлекеттік рәміз, ұлттық діл, ұлттық болмыс туралы ақпараттар толық берілетіні анық. Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл ақылдың — өлшемі. Тіл — адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Ана тілін жақсы білу — әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген даналық сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден алыстап кетпеуіміз керек. Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі. Тәңірдің адам баласына жасаған сыйы да — тіл.

Түркістан облысының мамандандырылған

ауданаралық экономиалық сотының судьясы                            Кәрім  Б.С.

ИСКУССТВЕННЫЙ ИНТЕЛЛЕКТ И ВЫЗОВЫ БЕЗОПАСНОСТИ

В Астане состоялся международный саммит Акабского процесса, посвященный безопасности...

Ұлытау облысында Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі бағыттар талқыланды

Ұлытау облысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы...

Ашықтық  сотқа деген сенімді нығайтады

«Заң мен тəртіп» қағидатының жүзеге асуы ең алдымен заң...

Әскери ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат пен «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету

Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуде...