Мемлекеттік тіл ел тәуелсіздігін айқындайтын негізгі белгілердің бірі. Қазақ тілінің мәртебесі Конституциямен бекітілген, сондықтан, ел азаматтары осы тілде сөйлеуге міндетті. Десекте, оның қанатын кеңге жая алмай, әлі күнге дейін өзекті болып отырғаны өмір шындығы. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту әр қазақстандықтың қолында. Тек ниет болса болғаны. Яғни, қызметтің барлық саласында, қоғамдық ортада, отбасында бір-бірімізбен мемлекеттік тілде сөйлессек, мемлекеттік тіл жайлы мәселе болмас еді. Жасыратыны жоқ, әлі де айтулы жиындар орыс тілінде өтіп, құзырлы мекемелердің құжаттары ресми тілде дайындалады. Қазақстан өзінің мемлекеттік тілі, рәміздері, ұлттық заңдары, т.б. құндылықтары бар тәуелсіз мемлекет болғандықтан, Конституциямен мойындалған қазақ тілінің тұғырын биіктету әрбір мемлекеттік қызметкердің басты мақсаты болуы керек.
Бұл ретте мемлекет тарапынан нормативтік-құқықтық актілер, оны кешенді іске асыруға бағытталған бағдарламалар қабылданды, соған сәйкес ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Соттар да қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге белсенділік танытуда. Мемлекеттік тілде жазылатын сот актілерінің сапасына жоғары талаптар қойылады. Судьялар істі екі тілде бірдей қарайды. Шығыс, т.б. құжаттар мемлекеттік тілде дайындалады. Сот қызметкерлері екі тілге бірдей жетік. Еліміздің Тіл туралы заңында мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарға азаматтардың өтініштері мен басқа да құжаттарға мемлекеттік тілде, сондай-ақ, өтініш тілінде жауап беру айқындалған. Заңмен белгіленген талаптар соттарда қатаң сақтайды және барлық уақытта мемлекеттік тілге басымдық береді.
Егер сотқа келушілер мен оның қызметіне жүгінушілер талап арыздарын тек мемлекеттік тілде жазып, осы тілде сөйлейтін болса бұған соттар дайын. Өкініштісі, қазақстандықтар мұндай деңгейге жете алмай жатыр. Тіпті, заңгерлер, оның ішінде адвокаттар азаматтарға заңдық тұрғыда көмек көрсеткенде көп жағдайда ресми тілге басымдық беретіні дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Бұған олардың мемлекеттік тілді білмейтіні себеп болады, нәтижесінде қызметіне жүгініп отырған адамның емес, тілді өзінің ыңғайына бұрады. Мұндай жағдай сот процесінде анық көрінеді. Өйткені, талап ресми тілде қойылған, бірақ, процесте талапкер өзінің орыс тілін білмейтінін алға тартып аудармашы сұрайды. Заң бойынша арыз-шағым сотқа қай тілде түседі, сот өндірісі сол тілде қозғалады. Сондықтан, сот өндірісінің толықтай мемлекеттік тілге көшуі азаматтарға тікелей байланысты.
Әрбір адамның отанға, туған елге, жерге деген құрметі мен мәдениеті өзі өсіп-өніп отырған мемлекеттің ұлттық құндылықтарына деген құрметінен басталады. Солардың ең бастысы мемлекеттік тіл десек, қазақстандықтардың қазақ тілін кеңінен қолданатын кезі жетті. Мұны әрбір азамат алдымен өзінен бастаса нұр үстіне нұр болар еді.
Республикамыздағы мемлекеттік және басқа тілдер мемлекеттің қорғауында. Азаматтардың құқықтарына тілдік белгілері бойынша нұқсан келтіруге жол берілмейді. Ел Президенті өзінің Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгенін айтты. Хакім Абайдың «Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?»,- деген сөзі елдің әрбір азаматын ойландырып, мемлекеттік тілдің өз тұғырына көтерілуіне асталысулары тиіс. .
М.Альмуханбетов,
Ырғыз аудандық сотының судьясы
Ақтөбе облысы