Мемлекеттік тіл – мемлекеттің құқықтық, саяси және рухани негізін айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Қазақстан үшін қазақ тілі – ел тәуелсіздігінің нышаны, ұлттық бірегейліктің тірегі. Мемлекеттік тілдің мәртебесі қоғам өмірінің барлық саласында, соның ішінде сот жүйесінде де нақты көрініс табуы тиіс.
Қазақстан Республикасының Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде айқын бекітілген. Бұл талап сот ісін жүргізу саласына да толықтай қатысты. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңның дұрыс әрі біркелкі қолданылуы, сот шешімдерінің түсінікті болуы – барлығы мемлекеттік тілдің сапалы қолданылуына тікелей байланысты.
Сот – әділдіктің айнасы. Әділдік халыққа түсінікті тілде жүзеге асқанда ғана өз мәнін толық ашады. Мемлекеттік тілде жүргізілген сот процесі азаматтардың сотқа деген сенімін арттырып, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтады. Әрбір азаматтың өз ана тілінде өз құқығын қорғауы – заңмен кепілдендірілген маңызды мүмкіндік.
Бүгінде сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сот актілері мен процессуалдық құжаттар мемлекеттік тілде әзірленіп, құқықтық терминологияны біріздендіру мәселесіне ерекше назар аударылуда. Бұл – құқықтық тіл мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Заң тілі нақты, түсінікті және бір мағыналы болуы тиіс.
Мемлекеттік тілдің сот саласында орнығуы сот қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігімен тығыз байланысты. Заңды жетік білуімен қатар, оны сауатты әрі түсінікті тілде жеткізе білу – құқық саласындағы маманға қойылатын басты талаптардың бірі. Тілге деген құрмет – заңға, қызметке және азаматқа деген құрметтің көрінісі.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәжбүрлеу арқылы емес, құқықтық сана мен мәдениет арқылы жүзеге асуы қажет. Азаматтардың мемлекеттік тілде сотқа жүгінуі табиғи қажеттілікке айналғанда ғана бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтиже береді. Ол үшін заң мәтіндерінің сапасын арттыру, құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту маңызды.
Сот төрелігі – мемлекет пен қоғам арасындағы сенім көпірі. Бұл сенім мемлекеттік тіл арқылы беки түседі. Қазақ тілі сот залында толыққанды құқық тілі ретінде орныққанда, оның мәртебесі де нақты мазмұнмен толығады.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – сот жүйесінің ажырамас бөлігі. Оның дамуы заңның үстемдігін нығайтып, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырады. Мемлекеттік тілдің сот төрелігінде кеңінен қолданылуы – тәуелсіз, әділ әрі құқықтық мемлекеттің айқын белгісі.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Н.О.Таштенов


