Мемлекеттік тілде сөйлеу Қазақстанда тұратын барлық адамға міндет. Өкінішке қарай, бұл міндет өз деңгейінде орындалмауда. Мемлекеттік тілді білмеу тәуелсіздігімізге қауіп төндіретіні айдан анық жайт. Өйткені, тілден өзге ешбір ерекшелік ұлтты ұлт ретінде сақтап қала алмайды.
Ақпарат көздері әлемдегі алты мыңға жуық тілдің ішінде қазақ тілінің қолданылуы жағынан жетпісінші, ал көркемдігі мен оралымдығы, тіл байлығы жағынан алғашқы ондықтың қатарында екенін көрсетіп отыр. Бұған қоса қазақ тілі әлемдегі тілдік мәдениеті ауызша да, жазбаша да нық қалыптасқан алты жүз, сондай-ақ, мемлекеттік мәртебеге ие екі жүз тілдің қатарынан ойып орнын алған. Осының өзінен-ақ, қазақ тілінің қаншалықты бай екенін көруге болады.
Қазақ тілі Ата Заңмен айқындалғандай, республикамыздың барлық аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылу мәртебесіне ие. Осы заңдылыққа сай, мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсi және iс қағаздарын жүргiзу барлығы қазақша жүргізілуі тиіс. Алайда, шын мәнінде олай болмай отыр. Ел заңдары алдымен орыс тілінде дайындалады, одан кейін ғана қазақ тіліне аударылады. Мұның өзі мемлекеттік тілдің қолданылу деңгейін көрсетеді. Қазақ тілі ел халқын топтастырудың аса маңызды факторы. Сондықтан, оның мәртебесін арттырып, мемлекеттік тіл ретінде өз биігіне шығару кезек күттірмейтін мәселе.
Барша қазақстандық қазақ тілінде сөйлемейінше тіл мәселесінің шешілуі екіталай екенін уақыттың өзі байқатып отыр. Қазақ тілін Қазақстаннан басқа жерде ешкім қолданбайтындықтан, оның болашағы қазақстандықтардың патриоттық сезіміне тікелей тәуелді. Мемлекеттік тілге қолдау қоғам тарапынан керек. Конференция, семинар, қандай да бір жиындардың шегінде тілді дамыту мүмкіндігі аз, оның үстінде жиындардың дені ресми тілде өтеді. Сондықтан, көшеде, қоғамдық орындарда, т.б. жерлерде азаматтар бір-бірімен қазақша сөйлескенде ғана қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейеді.
Мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыруда мемлекеттік қызметкерлердің ролі басым. Соттар тарапынан Тіл туралы заңның барлық талабы орындалуда. Кіріс және шығыс, ішкі құжаттар, барлық хат-хабар алмасулар мемлекеттік тілде жүргізіледі. Заң талабына сай, сот өндірісінде іс жүргізу тілі талап арыздың немесе арыздың жүгіну тілімен анықталады.
Ақын Қадыр Мырза Әлі «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», дейді. Біздің қоғамда өзге тілді үйренуге шек қойылмайды. Дей тұрғанымен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақстандық үлес қосса нұр үстіне нұр болар еді. Өз елімізді ұлықтап, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтатайық!
Нұртуған Қуандықов,
Ырғыз аудандық сотының
Сот әкімшісінің бас маманы,
сот отырысының хатшысы
Ақтөбе облысы