12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Мемлекеттік тіл мәртебесінің артуы – азаматтардың мемлекетшілдігіне байланысты

Тәуелсіздік алған соң Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі екендігі Конституциямен нақтыланып, ҚР Тіл туралы заңымен мемлекеттік тіл мәртебесі бекітілді. Дегенімен, мұнымен мәселе шешілген жоқ, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу, оның қолданыс аясын кеңейту сынды проблемалар алдан шықты.

Елбасы Жарлығына сай, 2001 жылы «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» өмірге енді, соған орай, жасалған ауқымды жобалар аясында мемлекеттік органдар түгелдей іс қағаздарын қазақ тіліне көшірді. 2011 жылы «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.

Мемлекеттік тіл аясын кеңейтуге ел соттары да белсене кірісті. Бұл тұрғыда ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі іске асыру туралы» өкім қабылдады. Нәтижесінеде Жоғарғы Сот төрағасының 2009 жылғы №36 өкімімен республика соттарындағы іс қағаздар мемлекеттік тілге толық көшті.

Ел тәуелсіздігін айқындайтын негізгі белгілердің бірі – мемлекеттік тіл десек, Елбасының «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас» деуі соның дәлелі. Қазақстан халқын мемлекеттік тіл тағдырына бей-жай қарамауға шақырған Тұңғыш Президенттің «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деген сөзі, тіл құдыретінің шексіздігін аңғартып тұр.

Қазақстанда сот ісінің мемлекеттік тілде жүргізілетіндігі «Тіл туралы» заңмен айқындалды. Бірақ, Азаматтық процесстік кодекс азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіні, қажет болған жағдайда қазақ тілімен қатар, орыс немесе басқа тілдер қолданылатыны көрсетілген. Яғни, сотқа қай тілде жүгіну азаматтардың өз құқығы. Сондықтан, сот ісін толықтай мемлекеттік тілде жүргізу, соттарға ғана қатысты емес. Олай дейтініміз, статистикалық мәліметтер, елімізде қазақ тілінде қаралатын істер саны әлі де болса көңіл қуантпайтынын көрсетуде. Себебі, соттардағы мемлекеттік тіл қолданысының артуында ең алдымен халықтың, одан кейін адвокаттар мен тергеушілердің рөлі басым.

Мысалы, кейде талап арызды орыс тілінде жазған талапкерлер сот процесінде өз ойын орысша анық жеткізе алмай, қиналады. Ондай кезде оның өз тілінде жауап беруіне кедергі жасалмайды. Олар талап арызды орыс тілінде жазуының себебін адвокаттың мемлекеттік тілді білмеуімен түсіндіріп жатады. Адвокат көмек көрсету барысында өз қызметіне жүгінуші азаматтың ойын қай тілде жетік жеткізе алатынын ескеріп, тергеуші тергеу шараларын мемлекеттік тілде жүргізсе, судьялар сот істерін қазақша жүргізуге барлық уақытта дайын. Бұл соттарда мемлекеттік тілдің толығымен салтанат құруын адвокат пен тергеуші жұмысынан да бөліп қарай алмайтынымызды көрсетеді.

Соңғы уақыттары ҚР Жоғарғы Соты сот төрелігін атқарудағы тіл қолданысына жіті көңіл бөліп, пәрменді шаралар қолға алуда. Оған Бас судьяның соттарда мемлекеттік тілге қатысты талап жыл сайын емес, күн сайын қатаятынын айтуы дәлел. Ж.Асановтың айуынша, процестік құжаттарды ғана мемлекеттік тілде жүргізу жеткіліксіз. Сол себепті, сот процестерін қазақ тіліне біртіндеп көшіру керек. Бұл үшін, әрине, мемлекеттік тілде сөйлей және жаза білуге міндеттіміз. Әсіресе, сот шешіміндерін түсінікті әрі қарапайым тілде жазудың маңызы зор. Өйткені, түсініксіз сот актілері халықтың сотқа деген сеніміне нұқсан келтіреді. Сондықтан, Жоғарғы Сот сот шешімі мен үкіміне қойылатын тілдік талаптарды күшейтіп, нормативтік қаулылар қабылдады. Мемлекеттік тілдегі сот актілеріне тұрақты мониторинг жүргізу қолға алынды. Саладағы атап өтерлік бетбұрыс, мемлекеттік тілдегі сот актілерінің біркелкі стандарты қалыптасты. Сот саласы тіл заңдылықтарының сақталуына кепілдік беріп қана қоймай, мемлекеттік іс жүргізуді сапалық белеске көтеруге бағыт алып отыр.

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген сөзі қай-қайсысымызға да үлгі-өнеге. Ойымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауымен нықтасақ, «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келді». Сондықтан, қай салада болмасын мемлекеттік тіл мәртебесінің артуы қарапайым азаматтардың еге деген сүйіспеншілігімен тығыз байланысты. Өйткені, біз мемлекеттік мүддені жоғары қоймайынша, қазақ тілінің мәртебесін көтере алмаймыз.

Қытай ойшылы Конфуций: « Егер де маған ел басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі, тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсінік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан, бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деген. Бұл тіл мәселесінің мемлекет үшін аса маңызды фактор екенінің айқын көрінісі. Демек, мемлекеттік тілді жетік білу – әр қазақстандықтың Отан алдындағы міндетті борышы.

Баян Жүсіпбекова,

Алматы қаласының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Алматы қаласы

Судьялар съезінің маңызы зор!

Биылғы жыл Қазақстан Республикасы судьялар съезінің ІХ рет өтуімен...

Сенім  – заңды білуден басталады

Бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі –  сабырсыздық, шыдамсыздық, яғни...

Істерді оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарау

Азаматтық істі қараған кезде белгілі жағдайларда талап қою оңайлатылған...

Мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар

АПК-нің 27-бабының 1-бөлігіне сәйкес мемлекеттік сатып алудан туындайтын даулар...

Көлікті мас күйде басқарудың жауапкершілігі жоғары

Жол көлік оқиғаларын барынша азайту қазіргі таңда қоғамның алға...