1997 жылы 11 шілдеде жарық көрген «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы Қазақстан Республикасындағы тілдердің қолданылуының құқықтық негізін, мемлекеттің олардың оқып-үйрену мен дамытуы үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді, Республикада қолданылатын барлық тілге құрметпен қарауды қамтамасыз етеді. Осы Заңның 4-шi бабында: Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Сонымен бiрге, Үкiмет, мемлекеттiк органдар мемлекеттiк тiлдi яғни қазақ тiлiн барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға және қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы мен дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi деп көрсетілген.
Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті.
Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру-Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.
«Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген конституциялық норма орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін бермейді». (Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 23 ақпандағы қаулысы).
Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәніндегі қоғамдық қарым-қатынас тілі ету бүгінгі күн талабы екендігі баршаңызға белгілі.
Дегенмен, сотта барлық істерді мемлекеттік тілде толыққанды қарау мүмкіндігі болмай отыр.
Мысалы, сотқа талап қою түсті. Талап қоюшы Д. жауапкер Т.жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген шығынды өндіруді сұрайды. Тараптар қазақ ұлтының азаматтары. Талап қоюшы өкілінің де ұлты қазақ. Өкінішке орай, талап қою орыс тілінде жазылған.
Арызды қабылдау мерзімінде іс жүргізу тілін анықтау барысында жауапкер орыс тілін меңгермейтінін, ал талап қоюшы өкілі дәлелдеме ретінде тіркелген құжаттардың орыс тілінде жасақталғанын алға тартып, қазақ тілінде түсініктеме беруде қиындық тұдыратынын мәлімдеді.
Сонымен іске қатысушы тұлғалар барлығы қазақ ұлтының өкілдері бола тұра, іс орыс тілінде жүргізілуге жатады. Себебі, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады, әрбір азамат істі өзінің ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде жүргізуді талап етуге құқылы, әрі сот ісін жүргізу тілі сотқа берілген құжаттардың (талап қоюдың) берілуіне қарай жүргізіледі. Бұл процессуалдық норма.
Мемлекеттік тілді меңгеру-Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.
Елім, жерім дейтін әрбір азамат өз ана тіліне, мемлекеттік тіл-қазақ тіліне құрметін көрсетуді өзінен бастап іске асыру керек. Сонда ғана мемлекеттік тіл саясаты нәтижесін береді деп ойлаймын.
Шалқар аудандық сотының бас маманы Ақмарал Нұрұдин