Мемлекеттік тіл – бірлік пен татулық кепілі

Қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністіктің негізі – ортақ құндылықтар мен ортақ тіл. Қазақстан үшін мұндай біріктіруші күш – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – елдің рухани тірегі, мәдени коды және ұлттық бірегейліктің айқын көрінісі.

Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Тіл мәселесі тек мәдени немесе әлеуметтік салаға қатысты емес, ол құқықтық кеңістікте де маңызды орын алады. Себебі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды жүзеге асыруы, мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуі көбіне тілге байланысты.

Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылуы – әділ сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімділігінің кепілі. Іс жүргізу барысында тараптардың өз ойын ана тілінде еркін жеткізе алуы олардың құқықтарын қорғаудың маңызды шарты болып табылады. Бұл – заң талаптары ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы сенімді нығайтатын фактор.

Мемлекеттік тілді дамыту – бір ұлттың мүддесі емес, бұл – бүкіл қазақстандық қоғамның ортақ міндеті. Тіл арқылы адамдар бір-бірін түсінеді, сыйлайды және ортақ мақсатқа ұмтылады. Әртүрлі этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруі – олардың ел өміріне белсенді араласуына, әлеуметтік байланыстарын нығайтуына ықпал етеді.

Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу – заман талабы. Бұл талап ешкімді шектеу үшін емес, керісінше барша азаматты біріктіру, ортақ құндылықтарды қалыптастыру мақсатында қойылып отыр. Тілді құрметтеу – елге, жерге деген құрметтің белгісі.

Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – қоғамдағы келісім мен татулықтың берік негізі. Әрбір азамат тілдің дамуына өз үлесін қосқанда ғана біз бірлігі жарасқан, болашағы баянды мемлекет құра аламыз. Тіл тағдыры – ел тағдыры. Сондықтан мемлекеттік тілге деген жауапкершілік әрқайсымыздың жүрегімізде болуы тиіс.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Г.Ерназарова

Сыбайлас жемқорлықпен күрес баршамыздың міндетіміз

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық мәселесі әлемнің көптеген елдерінде өзекті...

ҚазҰУ түлектері — ел дамуының сенімді тірегі

Қазіргі қоғамда жоғары білім тек кәсіби дағды қалыптастыру құралы...

Тіл болашақ кепілі

“Болашақ - білімді жастар қолында» деген сөз жастайымыздан біздің...

ҚазҰУ-да тұрақты даму қағидаттарының жүзеге асуы

Қазіргі кезеңде әлемдік қауымдастық алдында тұрған басты міндеттердің бірі...