Мемлекеттік қызмет туралы заңмен нақтыланғандай, мемлекеттік қызметке қабылдауда ел азаматтарының тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, тіліне, дініне, наным-сеніміне, тұрғылықты жеріне, т.б. байланысты кемсітушіліктерге жол берілмейді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты іске асыру, сол арқылы озық елдер қатарынан орын алуды мақсат еткен елімізде мемлекеттік қызметшілерге қойылар талап қатаң, жауапкершілік жоғары. Сондықтан, олар кәсіби-тұлғалық, моральдық-әдептілік бейнесін қоғам сұранысымен үйлестіре білулері керек. Азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, дер кезінде жауап беру, ашық қызмет көрсетіп, әрқашанда қарапайымдылық таныту сынды қасиеттер мемлекеттік қызметшілер қызметіндегі негізгі құндылықтардың бірі болып саналады.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметтерін әдеп кодексімен айқындалған адал ниеттілік, әділеттілік, ашықтық, адалдық, сыпайылық қағидаларын басшылыққа алып атқарады. Сондай-ақ, олар мемлекет мүддесі мен азаматтар құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген әрекетке қарсы тұрулары керек. Қызметтік әдеп стандарттарын бұзу тәртіптік жауаптылыққа әкеледі.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексіне сай, мемлекеттік қызметшілер тек жұмыста ғана емес, одан тыс уақытта да әдептілік ережелерін ұстануға міндетті. Өйткені, оның жағымсыз мінез-құлқы жұртшылықтың мемлекеттік аппаратқа деген сеніміне нұқсан келтіреді. Мысалы, мемлекеттік органдардың барлығында баспасөз қызметі бар. Ондағы мамандардың жеделдігі, кәсіби шеберлігі, қоғамды тексерілген ақпараттармен ғана қамтамасыз етуі мекеменің ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттің де беделін көтереді.
Осы тұрғыда баспасөз хатшыларының бұқаралық ақпарат құралдарымен ынтымақтастық қарым-қатынаста жұмыс істеп, қандай да бір мәселе туралы ақпаратты сауатты түсіндіре әрі жеткізе білуі маңызды. Бұлай болмаған жағдайда тақырыпқа қатысты ақпарат қоғамға дұрыс жеткізілмей кері пікірлерге арқау болуы әбден мүмкін. Сол себепті, баспасөз хатшыларының өздерін кәсіби жағынан үнемі жетілдіріп отыруы уақыт талабы.
Ел Президенті мемлекеттік қызметшілер алдына «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын ұстану міндетін қойып, жастар форумында «Үкіметте болсын, квазимемлекеттік секторда болсын, ел басқару ісіне араласасыздар. Әлбетте, жеке секторда да еңбек етесіздер… Қай салада болмасын, негізгі мақсат мемлекет мүддесі болуы тиіс» деген болатын. Мемлекеттік қызметке келу мақсатын көздеген әрбір азаматтың халық сенімінен шығып, Отанымызға мінсіз қызмет етуі жарқын болашаққа жол ашады.
Дархан Мырзахан,
ҚР Сот әкімшілігінің Алматы қаласы бойынша
Департаменті баспасөз қызметінің басшысы