Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдірді

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның сөзінше, мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Мемлекеттік кеңесші Президенттің бұл бағыттағы пікірін түсіндірді.

«Кешеден бері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына айналғанын көріп отырмыз. Ой бөліскен, көзқарасты ашық білдірген дұрыс. Бірақ «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді. Ассамблея сессиясында Президент осыны тағы да анық айтты», — деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жеткен.

«Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілі жастардың тіліне айналды. Жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып, өз бағыттарында барынша дамытып жатыр. Демек «қазақ тілінің болашағы жоқ» деп айту ешқандай қисынға келмейді. Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек: мемлекеттік тілдің мәртебесі «ұр да жық» әдіспен өспейді. Қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды. Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды. Және қазіргідей алмағайып заманда мұндай әрекеттер елдегі жағдайға зиянын тигізуі мүмкін», — деді ол.

Ерлан Қарин мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру нақты жоспармен, жүйелі жұмыспен атқарылатынын мәлімдеді.

«Сондықтан туған тіліміздің тамырын тереңдету ісін алдағы уақытта да ақыл-парасатпен атқаруға тиіспіз. Сөз соңында мына дүниені айтқым келеді. Бүгінде елімізде тек қазақ тіліне қатысты емес, жалпы ұлттық бірегейлікті, ұлттық болмысымызды дәріптейтін ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық мерекеміз Наурыз жаңаша сипат алып, өзгеше аталып жатыр. «Ұлттық киім күнін» қоғам өте жылы қабылдады. Биыл алғаш рет өткен «Ұлттық кітап күні» де халқымызға пайдалы бастаманың бірі болмақ. Осылай бәрі бірте-бірте ретке келеді», — деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясына қатысып, тілге қатысты пікір білдірді.

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады 

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам баланың бірінші сыныпқа баруы күтіледі. Қазір олардың 320 мыңға жуығы мектепке қабылданды.

Мектеп рюкзагын таңдағанда ата-аналар неге мән беруі керек? ДСМ жауап берді 

Негізгі қағида – рюкзак баланың бойына сай әрі ыңғайлы болуы, ал толық жиналған кездегі салмағы оның дене салмағының 10%-ынан аспауы керек.

Әлемде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өсті: ХЕҰ негізгі себептерді атады 

ХЕҰ мәліметінше, 2025 жылы 15-24 жас аралығындағы жастар арасындағы жаһандық жұмыссыздық деңгейі 12,4%-ға жеткен

Алматыда LRT құрылысына дайындық басталды: Ол қашан іске қосылады? 

Алматыда LRT бірінші желісінің құрылысына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі кезеңде негізгі жұмыстар Б. Момышұлы және Төле би көшелерінде жүргізілуде.

Тамыздан бастап мерекелік төлемдерді ЖИ тағайындайды 

Еңбек министрлігі әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыруды күшейтіп, бір өтініш арқылы қызмет алуға мүмкіндік беретін бірыңғай платформаны барлық өңірде іске қосты.