Мемлекеттік қызметші – халық пен мемлекеттің арасындағы байланысты қамтамасыз ететін маңызды тұлға. Сондықтан оның кәсіби біліктілігімен қатар, жоғары адамгершілік қасиеттері, әдептілігі мен жауапкершілігі ерекше маңызға ие. Осы талаптарды қалыптастыру және сақтау мақсатында мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін басшылыққа алады.
Әдеп кодексінің негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту және қызметтік әдептің жоғары стандарттарын қалыптастыру.
Кодекс талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметші өз міндеттерін адал, әділ, заң талаптарына сай және кәсіби деңгейде орындауға тиіс.
Мемлекеттік қызметші азаматтармен қарым-қатынас барысында сыпайылық, әдептілік, сабырлылық және құрмет қағидаттарын сақтауы қажет. Әрбір азаматқа тең қарап, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу – мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаларының бірі. Сонымен қатар қызметтік өкілеттіктерді жеке басының мүддесіне пайдалануға, сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол беруге немесе мүдделер қақтығысына жол беруге болмайды.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы тек жұмыс орнында ғана емес, қоғамдық ортада және әлеуметтік желілерде де қоғам назарында болады. Сондықтан мемлекеттік қызметші өзінің іс-әрекеті мен сөзінде мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруға үлес қосуы тиіс.
Әдеп кодексінің талаптарын сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің заң алдындағы ғана емес, қоғам алдындағы да жауапкершілігі. Әдеп қағидаларын ұстанатын қызметші халықтың сеніміне ие болып, мемлекеттік аппараттың тиімді әрі ашық жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Қорытындылай келе, Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтау – сапалы мемлекеттік қызмет көрсетудің, заңдылықты қамтамасыз етудің және қоғам сенімін арттырудың маңызды кепілі. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағидаларды күнделікті қызметінде басшылыққа алып, адалдық, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын берік ұстануы қажет.
Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман – сот отырысының хатшысы А.К Дуйсенова


