12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Мейрамкүл СМАҒҰЛҚЫЗЫ, Алматы қаласы психикалық сауықтыру орталығының психологы: СУИЦИД: баланың өмірі ойыншық емес

Әлемдік және отандық деректер бойынша суицид статистикасы жағынан Қазақстан алдыңғы қатарда. Кей мәліметтер тіпті Қазақстанды 178-елдің ішіндегі 19-орынға тұрақтатады, енді бір дерек көздері 178-дің арасынан 91-орынды Қазақстанның үлесіне байлапты. Қалай десек те, екі мәлімет те көңіл көншітпейді. Өкініштісі, бұл келеңсіз жағдай балалар мен жасөспірімдер арасында кең орын алады. Мәселен, бір ғана Алматы қаласында 2022 жылы 0-14 жас аралығында 13 жағдай тіркеліп, оның үшеуі, 15-17 жас аралығында 29 жағдай тіркеліп, оның бесеуі, 18-29 жас аралығында 206 жағдай тіркеліп, 15-і қайғылы аяқталған. Қоғамды алаңдатып отырған келелі мәселенің жай-жапсарын білу мақсатында Алматы қаласы психикалық сауықтыру орталығының психологы Мейрамкүл Смағұлқызына жолыққанбыз. Сұхбат барысында маман суицид себептері мен оның алдын алу шаралары, негізгі белгілері мен алғашқы көмек және арнайы орталықтар жайында сөз қозғады.

– Суицидтің алдын алуда қандай іс-шаралар оң нәтиже беріп жатыр?

– 1999 жылы Алматы қаласындағы психикалық сауықтыру орталығындағы лабораторияға психолог-диагност болып жұмысқа кіргенмін. 2015 жылдан бастап «сенім телефонында» жұмыс істеп келемін. 2013 жылы ЮНИСЕФ-тің Қазақстан бойынша жасалған бірнеше жобасына қатыстым. Сол жобалар аясында суицидтің алдын алу бойынша Қызылорда, Астана, Тараз, Шымкент, Алматы сынды қалаларда біраз жұмыстар жүргіздік. Кейін суицид жасауға бейім адамдарға онлайн кеңестер керек екенін түсініп, сол жылы осы Алматы қаласындағы, психикалық сауықтыру орталығында сенім телефонын іске қостық.

– Адам не үшін мұндай әрекетке барады? Себебі неде?

– Ешқандай адам «өле салайыншы» деп аяқ асты өз-өзіне қол жұмсамайды. Ең бірінші, міндетті түрде суицидалды ой пайда болады. Суицид дегеннің өзі, қандай да бір өмірдегі проблемаларға, қандай да бір қиыншылықтарға бетпе-бет келген кезде саналы түрде, әдейілеп өзінің өмірін қию деген сөз. Оны «ойламаған жерден кетті» деп санау, «олай жасайтын адам емес еді», «аяқ астынан болды» деу – қате тұжырым. Адамда бірінші міндетті түрде суицид жайлы ой пайда болады, кейін жоспар жасайды: «дәрі ішемін, тамыр кесіп өлемін, ана жерден секіріп өлемін, мына жерден асылып өлемін» деген сияқты. Ол жоспарды адам үш ай, жарты жыл, жыл бойы ойында пісіруі мүмкін. Кейін әрекет жасайды. Осы ой пайда болғаннан бастап, әрекетке көшкенге дейінгі уақытта біз көмектесе алсақ, суицидтің алдын алуға болады. Суицид жасаған балалардың ата-анасы, достары, көрші-қолаң, сыныптастары, мұғалімдерінен сауал жүргізіп байқағанымызда, барлық қыршын кеткен балалардың өз өлімі жайлы айтып жүретінін анықтадық. Бірақ, өкінішке қарай, оған көп жағдайда жақындары көңіл аудармайды. Негізі суицидке алып келетін фактор сан алуан. Соның ішінен маңызды деген үш факторды атап айтсақ, ең бірінші, ол әлеуметтік факторларға тәуелді. Әлеуметтік факторға не кіреді: мектебі, отбасы, дос-жаран, құрбы-құрдас т.б. Отбасындағы тәрбие, отбасындағы қарым-қатынас, отбасындағы баланың рөлі осы үлкен әлеуметтік факторға жатады. Суицид жасамақ болған балаларды зерттей келе түсінгенім, бала отбасында дұрыс, сенімді қатынас құруға тиіс. Ол әкесімен, анасы, не бауырларының біреуімен ақылдасып, сенім артып, сырласатын болса, оның тығырықтан шығуы оңай болады. Отбасындағы ішкі жай-күй – ең маңызды аспект. Баланың қоғамдағы орны, тек балалар емес, ересектердің, ер мен әйел қатынасы барлығы осы әлеуметтік факторға әкеледі. Екінші себебі, жеке тұлғалық фактор. Жеке тұлғалық фактор адамның мінез-құлқына байланысты. Өмірде әртүрлі мінез-құлық бар. Мысалы темперамент адамда туа пайда болады, ал мінез жүре қалыптасады, кейбір адамдар өте сезімтал келеді, енді бірі тұйық, оқшауланып жүргенді ұнатады. Олар ешкімге сенбейді, өз ойын ешкімге айтпайды. Кейбір адамдар депрессивті, меланхоликті мінезді болады, ол да бір басты фактор болуы мүмкін. Үшінші себеп, медицина-биологиялық факторлар деп айтамыз. Ол отбасында біреудің суицид жасауы, немесе үлкен кісілердің қандай да бір созылмалы ауруға ұшырауы себеп болуы мүмкін. Немесе қандай да бір психобелсенді заттар есірткі, алкоголь, синтетикалық қоспалар әсер етуі мүмкін. Себеп әртүрлі болғанымен, негізгі факторлар осы. Әлеуметтік, жеке тұлғалық, медицина-биологиялық.

– Суицидке бейім адамды қалай анықтаймыз?

– Жоғарыда айтып өткендей, адам бірден суицидке келмейді. Адамның жүріс-тұрысында, мінез құлқында өзгерістер пайда болады. Тәбеті болмай, өзінің болмысына сай емес әрекеттерге баруы мүмкін. Мысалы менің тәжірибемде суицид жасаған бала өзінің ешкімге бермейтін, жақсы көретін итін көршінің баласына берген. «Бұған мен кеткеннен кейін сен ғана жақсы қарайсың» депті. Сол сияқты суицидік ойы бар адам өзінің заттарын сыйлыққа бере бастайды. Яғни, адамда түгелдей өзгеріс пайда болады. Көбіне бұл белгілерге бейжай қарағандықтан ба, біз осындай тұстарды өткізіп аламыз.

– Мұндай жағдайда жанашырлары қандай әрекет жасау керек?

– ЮНИСЕФ бағдарламасы бойынша барлық мектептерде түсіндірме жұмысы жүргізіліп, бұндай ситуацияда кімге жүгіну, не істеу керектігі жайында айтылып, арнайы сабақтар өткізіліп келеді. Жалпы бұндай белгілер анықталғанда жүйелі дұрыс жұмыс жасап, сол адаммен ашық сөйлесу керек. Мысалы мұндай баланың санасына әсер ету үшін ең бірінші міндетті түрде ата-анасымен жұмыс жүргізіледі. Кейін ата-анасының рұқсатымен ғана бала мамандар қолына беріледі. Бастысы, бізге себебін анықтау шарт. Себебін білу арқылы біз сол адамға көмектесе аламыз. Әрине, бұның барлығы адамның өз рұқсаты, не жақындарының рұқсатымен жасалатын дүниелер. Сенім телефонына хабарласқандар өтініші кезексіз қабылданады. Мамандар бірбір жарым сағат сөйлескеннен кейін, адамды орталыққа алдыруға тырысады. Өйткені орталықта бетпе-бет жұмыс жасау әлдеқайда тиімді. Не де болса ол адаммен міндетті түрде, кеш болмай тұрып жұмыс жасау шарт.

– Оқырманға түсініктірек болу үшін тәжірибеңіздегі оқиғалардан мысалдар келтіре отырсаңыз.

– Неше түрлі қоңыраулар түседі. Соның бірі, жақында ғана хабарласқан 21 жастағы ер бала. Бірінші телефон шалғанда әзілдеп, ойнап тұрды. «Қайда телефон соқтым, анализ тапсыратын жер ме?» – деп қалжыңдады. Сөйлесе келе ашылып, жағдайын баяндап берді. Үш рет суицидтік әрекет жасаған екен. Бәрі сәтсіз аяқталыпты. Сол қоңырау соққан сәтте алдына көп қылып дәрілерді үйіп қойыпты. Сұрай келе себебін анықтадық. Әке-шешесі ішкіш екен. Бірақ әкесі жақсы жерде жұмыс жасайды. Ішімдікке салынғанымен, отбасын толық қамтамасыз етіп тұр. Баласына үй әперіп қойған, шетелге оқуға жіберген. Бала оқи алмай бір жылдан соң елге қайта келген. Сосын елдегі бір оқу орнына ақылы бөлімге түсірген. Айтуы бойынша «әкеме ренжулімін, сабақтан келсем шешем әрқашан ішіп отырады. Әкем анамды емдеуге түк әрекет жасамайды» — дейді. Әрине, ол адам өлгісі келсе кедергі жоқ еді, бірақ сенім телефонына соғып көргісі келген. Психолог деген кім, тілдесіп көрсем деген ниеті бар. «Қандай көмек бере аласыз, осы ойдан арылу үшін» деп артынша шешіліп, ақтарылды. Бір сағат қырық минут әңгіме барысында баланың гитара тартатынын, жұмыс жасамайтынын, араласпай қойса да әкесінен ақша алып тұратынын, қалаған уақытында тұрып, сабаққа бармай, қыдырып қана күнін өткізетінін білдік. Айтуынша оқып жатқан оқуы өзіне ұнамайды екен. Сол үшін бармайды. Бірақ шығармашылықты жаны қалайды, жақсы көрген қызы да шығармашылыққа жақын жан екен. Болашақта осы бағытта қызымен проект жасамақ ойы барын айтып қалды. Әрине біздік мақсат осы алынған деректер бойынша психологиялық коррекция жүргізу. 21 жастағы баланың әке-шешесін жамандап, бірақ әлі күнге шейін мойнында отыру дұрыс емес. Біз оған «жақындарың қандай болмасын, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етіп отыр. Неге өзің жеке, тәуелсіз, өз өміріңді бастамасқа» дегенді тікелей емес, жанама түрде жеткізуге тырыстық. Өзі «мен түсіндім, әкемнің өмірімдегі функциясы осы, мен енді бағытымды өзім таңдап ары қарай арман-мақсат жолында еңбек етіп көрейін» деп мәселені өзі түсінгенше жалғастыра бердік. Суицид жасағысы келген адамдардың барлығын тыңдап отырсаң, оларды әрекетке итермелейтін ішкі жанайқайы. Олар өлуден басқа мәселенің шешімін көрмейді. Мысалы алдыңғы жұмыс кезегімде үш қоңырау түсті. Үшеуі де 19-23 жас аралығындағы жігіттер. Олар әртүрлі өңірдің адамы, бірақ басына түскен ситуация бірдей. Ойынқұмарлық. Қаншама қарызы бар, бір кредиттен екіншісіне кірген. «Үйге көрінер бет жоқ» дейді. Ойынқұмарлық дегеннің өзі психикалық ауруға жатады. Оны комплексті емдеу керек. Бірақ оны көбісі мойындай бермейді.

– Осы мәселені шешудің жолы қандай?

– Суицидтік ойы бар адамға мылтықтың шүріппесі басылғандай ғана уақыт жеткілікті. Италияда мысалы, арнайы палаталар беріліп, әр адамға бір қараушыдан бекітілген. Ол қараушы, өз пациентін қайда барса да қарап жүреді екен. Ал бізде қынжылтар дүние көп. Елімізде негізі психотерапевт маман жетіспейді. Біздің орталықтың өзінде бір-ақ штат бар. Ол маманның күніне 2-3 адам қабылдаған соң жұмыс жасау эффектісі төмендейді. Өлімнен басқа шешім көрмей тұрған адаммен сөйлесу оңай емес. Менің өзім күніне 4-5 адамды телефонмен қабылдаған соң сарқылып қалам, ары қарайғы жұмыс өнімді болмайды. Үкімет көп дүние қарастырып, ашып жатыр дейді, жастар орталығы т.б. сынды. Бірақ шындап тексеріп барып қарасаң сондағы психотерапевт мамандарға қарапайым кабинет бөлінбегенін көресің. Мысалы бағанағы үш бала да «апай, қайда барып емделсек болады?» – деп сұрады. Сондайда жауап беруге қиналып қаламын. Өзін-өзі өлімге қию деген, адамның соңғы шекарасы деген сөз. Көп факторлар, әсіресе жұмыссыздық, ойынқұмарлық, тәуелділік адамды құртатын дүние. Оқу біткен адамдардың көбі мамандық бойынша жұмысқа кіре алмай тозып кетеді, алдағы уақытқа деген белгісіздік өте қауіпті. Психология Қазақстанда кенже қалған ғылым. Өзім мемлекет адамымын, айына 180 мың алам. Алдағы уақытта дамуыма, біліктілігімді арттыруға мүмкіндік жасау қиын. Осы жайттар ескерілсе екен. Өйткені ғылым бір орында тұрмайды. Ең озық құралдармен жұмыс жасау әрқашан тиімді. Оның үстіне, біздің елдегі жағдай дамуды талап етеді. Баланың өмірі ойыншық емес. Бізбен байланысуға қорқу, не арлану өте қате дүние. Біздің жақындарымызға, дос, туысымызға деген бей-жайлығымыз – талай өлімнің себебі. Ашық диалог, бірауыз жылы сөз көп мәселені шешеді. Осыған ұқсас жағдай бойынша «Жедел желі» нөмері тәулік бойы жұмыс істейді. Көмек қажет кез келген адамдар мына номерлерге — 376-56-60, 8-708- 983-2863 хабарласа алады.

Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»

Қылмыстық кодекстегі өзгерістер қолданыста

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік...