12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

МЕХАНИЗАТОРЛАР ӘУЛЕТІ

Түгін тартсаң, майы шығатын қара топырақты теріскей аймақта ауыл шаруашылығының қыры мен сырын бес саусағындай білетін маман кадрлар баршылық. Тіпті диқаншылық кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқан тұтас династиялық отбасылар да бар десек, қателеспейміз. Адал еңбегімен нанын тауып, бейбіт күннің берекесін кіргізген азаматтардың қоғамда да беделі мен абыройы асқақ. Ел ішінде құрмет пен қошеметке ие. Бүгінгі тақырыбымыздың кейіпкеріне айналған Сандықтау ауданына қарасты «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде саналы ғұмырында механизатор болып қызмет еткен – Жұматай ҚАЙЫРЖАНОВ. Әкенің үлгі-өнегесімен өсіп, темір тұлпарды тізгіндеп келе жатқан нағыз еңбек адамы.

Биылғы көктем ауылдағы қарапайым ағайынның баршасына оңайға соққан жоқ. Тасқын судың салдарынан шаруалар да шаш-етектен шығынға батып, бір күні мың күнге азық болатын егіс науқаны кешеуілдеп жетті. Ылғал басқан егістік алқапты жыртып, дән сіңірудің машақаты да аса ауыр. Мұнымен қоса сібірлеп жауған жаңбыр да астықты аймақ жұртын аса қатты алаңдатып, әр сәтті ұтымды пайдалану қажеттігін туғызған. Бар саналы ғұмырын темір тұлпардың үстінде өткізген Жұматай Ұрымбайұлы да күн-түн демей, астықты дер уақытында сіңіру үшін аянбай тер төккен еді. Алайда осы жылы 25-көктемгі егіске қатысуы тиіс кейіпкеріміз денсаулығы сыр бергендіктен, шаруадан сәл де болса маза тапқан. Ота жасауға әзірленгендіктен, шаруашылық жұмысын біраз уақыт тоқтата тұруға дәрігерлер кеңес беріпті. Дегенмен бала кезінен еңбектеніп өскен Жұматай Қайыржанов егін орағына тастүйін кірісіп, өзінің «John Deere» комбайнын қайта тізгіндемек ниетте. Сонау кеңес заманында-ақ шаруаға белсене кіріскен Жұматай Ұрымбайұлы шынжыр табандыларынан бастап дөңгелекті тракторлардың талайын тізгіндеген. Ондаған жылдар бойы ауыр К-700 тракторымен кең алқапта еркін көсілген. Бірақ заманға сай шетелдік импортты «Вuhler» егін себу кешенінің рөліне отырған сәтін күні бүгінге дейін ерекше толқыныспен еске алады. – Жан-жағы ашық-шашық, жел тұрса, шаң мен топыраққа толып кететін кеңес заманындағы техникадан кейін заманауи техникаға отыру мен үшін де аса керемет таңғажайып оқиға болды. Салқындатқыш орнатылған кабинаның ішінен жанға жайлы самал есіп, жазда салқын, қыста жылы болады. Еш саңылау болмағандықтан, сырттан шаң-топырақ та кірмейді. Әрине, мұндай техникада жұмыс істеудің өзі бір ғанибет қой. Сондықтан істің де берекесі артып, еңбектің де өнімділігі арта түсті. Тіпті бұрынғыдан әлдеқайда жылдамырақ әрі жеңілірек істей бастадық, – деп еске алады Жұматай Ұрымбайұлы. Кейіпкеріміз Сандықтау ауданына қарасты Жыланды ауылында дүниеге келіпті. Ата кәсіпті бар жан-тәнімен қалап өскен ол әкенің сара жолын жалғап, шаруашылықта күні бүгінге дейін 42 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Алдымен кең бейінді механизаторлар курсын тәмамдап, туған ауылына тракторшы болып жұмысқа орналасқан. Бұл кезде ауылдағы бұрынғы шаруашылық «Елім» шаруа қожалығы болып қайта құрылған. Техника атаулыдан тек екі ескі трактор, екі дән сепкіш пен бір топырақ қопсытқыш қана бар. Дегенмен әке тәлімін бала кезінен-ақ бойына сіңірген Жұматай үшін мұның еш қорқынышы да жоқ. Тозығы жеткен ескі техникаға отырса да, оның әр бөлшегі мен атқаратын қызметін өте жақсы білетіндіктен, жамап-жасқау ол үшін еш қиындық та тудырмайды. Сөйтіп, осыған дейін бір күн жүрсе, бір аптадан астам уақыт сынып тұратын тозған техника білікті маманның қолына түскен соң, айнадай жалтырап шыға келді. Бұдан кейін бір қолын екі ете алмай жүрген шағын шаруа қожалығының айы оңынан туып, шатқаяқтаған жағдайы біршама тұрақталып, өнімі де молая түскен. Ең алдымен таңдаған мамандығына адал болған Жұматай Ұрымбайұлы өз ісін шынымен сүйгендіктен, тапсырылған әр міндетті бұйым құрлы көрген жоқ. Қажырлылық пен төзімділікті әкесінен көріп өскен ол енді өзінің ізін жалған өсіп келе жатқан жастарға да үлгі-өнегесін көрсетіп келеді. Жұматай Қайыржановтың әкесі Ұрымбай да кезінде Балкашин ауданына қарасты Веселовский кеңшарының бетке ұстар механизаторы болып, еңбек еткен азаматтың бірі болған. Бала Жұматай еңбек етуді сол әкесіне еріп егіс даласында еңбектенуден бастапты. Оқушы кезінде темір тұлпарына жайғасқан әкесінің қасына отырып алатын Жұматайға қара жердің төсін қақ айырып, топырақтың төңкеріліп түсетіні, дәннің жерге сіңіріліп, топырақтың астына қалатын сәттері – бәрі-бәрі ерекше қызық көрінетін. Бұл кезде, әрине, осы бейнетті істі одан әрі өзі де жалғайтынын білген де жоқ. Кейін балаң жігітті әкесі темір тұлпардың тізгініне отырғызып, істің қалай жүзеге асырылатынын тәптіштеп тұрып түсіндіріп, техниканы баптаудың қыр-сырын меңгерте бастаған. Қағылез ұлы темір техниканың тілін жылдам үйреніп алады. Содан ес білгелі бала кезінде көңіл түкпірінде жатталып қалған техникаға деген махаббат бірден осы кәсіпті одан әрі сүйреуіне жол ашыпты. Әкесі бастаған нәсібі мол істі одан әрі жалғаймын деп түбегейлі шешімді де сол кезде қабылдаған.

– Біз елдің күнделікті жейтін азығын дайындап, кең далада егін егеміз. Қара жерден қылтиып шыққан бидайдың жас өскінін көрудің өзі – білген адамға зор бақыт. Табиғат-ананың мол мейірімімен өскен қауызына сыймай, баданадай болып пісіп, сап-сары болып жайқалған астық мені ерекше бір күйге бөлейді. Жапан далада өзіңмен-өзің ауыр техникада отырғанда, көк теңізде алып кемемен жүргендей боласың. Бар даланың үнін тыңдап, тұтас табиғатпен үндесіп сырыңды да бөлісесің. Бұл – айрықша керемет сезім, – дейді кейіпкеріміз. Атадан балаға кәсіп болған диқаншылық еңбек шынында да одан әрі де жалғасып тауып, ұрпақтар сабақтастығы одан әрі жалғана түсіпті. Оған себеп бүгінде Жұматайдың ұлы Тимур да дәл осы «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде он жылдан астам уақыттан бері механизатор болып еңбек етеді екен. Үш бірдей ұрпаққа кәсіп болған істің берекесі де осы әке мен атадан қалған тәлімнің дұрыстығында болса керек. Жұматайдың ұлы да – адал еңбегінің арқасында шаруашылықтың басшыларынан талай мәрте алғысқа бөленген айтулы азамат. Әрине, мұның бәрі де атадан балаға мұра болған тәлім мен отбасындағы мақсат жолындағы тәрбиенің жемісі деуге толық негіз бар. Еңбектің арқасында балалары да қажырлылық пен төзімділікке үйреніп, өз ісінің шеберіне айналған. – Бала күнімдегі өзімнің басымнан өткергенім енді баламмен дәл солай қайталанғанына шын мәнінде қатты таң қалдым. Тимур да дәл мен сияқты жанымнан қалмай жүріп техниканы меңгеріп алды. Әр тетігі мен бөлшегін сұрап жүріп үйреніп, тіпті өзімнен де артық білетін болды. Сынып қалған тракторды өзі жөндеп жүретін жағдайға бала күнінде-ақ жеткен. Сөйтіп, көңіліне жатталып қалған техникаға құмарлық, көзін ашқалы бері көрген-түйгені баламның да әке жолын, тіпті әкесі ғана емес, атасының жолын жалғауына себепкер болды ма деп ойлаймын, – дейді Жұматай Қайыржанов.

Механизаторлар әулеті адал еңбегінің арқасында елге сыйлы. Серіктестік еңбегіне сай жалақысын да уақытында төлеп, реті келсе, сыйақыдан да құралақан қылмайды. Шаруасын дөңгелетіп жүргізіп отырған династиялық әулетке шаруашылық серіктестіктің басшылығы да дән риза.

– Әкелі-балалы Қайыржановтар біздің шаруашылықтың ең абыройлы азаматтары десем, қателеспеймін. Осындай еңбекқор адамдардың арқасында еліміздің де еңсесі көтеріліп, халықтың тұрмысы мен әл-ауқаты да артады, – дейді «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Марат Оразалин.

Тұтас үш ұрпаққа жалғанған ата кәсіптің әулеттің жалпы еңбек өтілінің қанша болғанын есептеу ойларына да келмепті. Дегенмен өздерінің еңбегінің табы қалған әрбір дәнді аялап, әр көктем мен сары ала күзді асыға күту – бұл әулеттің ежелден келе жатқан ізгі дәстүрі. Ұрпақтарға жалғанған дәстүр одан әрі де жалғана беретіні айқын.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

Беспомощные жертвы перед лицом преступности: фундаментальное исследование и призыв к действию

В современном мире, где повестка дня часто переполнена экономическими...

Қымызмұрындық көрем десең, Кегенге кел!

21 маусым күні Алматы облысы, Кеген ауданы, Қарқара жайлауында...

В АСТАНЕ ЧЕСТВУЮТ ЛУЧШИХ МЕДИЦИНСКИХ РАБОТНИКОВ СТРАНЫ

В преддверии профессионального праздника – Дня медицинского работника –...

АСТАНАДА ЕЛДІҢ ЕҢ ҮЗДІК МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Астанада еліміздің денсаулық сақтау саласының...