Өмірінің бар саналы бөлігін медицинаға арнаған аяулы жан, аға мейірбике Айнұр Мұстафинаның еңбек кітапшасына тек бір ғана «Көпбейінді облыстық аурухананың травматология бөліміне жұмысқа қабылданды» деген жазба бар. Адал еңбегімен көптің көңілінен шыққан мейірбике күні бүгінге дейін өз қызметімен халықтың көкейінен шығып жүр.
Айнұр Мұстафина бүгінде 20 жылдан астам уақыт бойы мейірбике болып қызмет атқарады. Бұрынғы Ленинград ауданы, Совхозное селосында педагогтар отбасында туған қыз болашақ кәсібін дәл осы медицина саласымен байланыстырыпты. Айнұрдың мейірбикелік қызметті таңдауына жергілікті мейірбикенің де ықпалы болыпты.
– Біздің ауылда шағын ғана фельдшерлік-акушерлік пункт болатын. Онда балаларды үнемі дәрігерлердің кәсіби бақылауына алып келетін. Маған ондағы жанға жайлы атмосфера қатты ұнайтын. Ал мейірбике бізге үнемі тәтті дәрумендер беретін. Мені соншалықты осы салаға үйірсек еткен дәрігерлер мен мейірбикенің әр қимылы мен жүріс-тұрысы еді. Үйге келіп үйдегі мысық пен иттерді, үй жануарларын «емдеп» жүретінмін, – дейді балалық шағын есіне алған Айнұр Ергебекқызы. Қыздарының медицина саласына талпынған ниетіне ата-аналары да қатты қолдау білдіреді. Балаларының алғашқы оқуға түсу емтиханын тапсыруында да ата-анасы қыздарымен бірге Көкшетау қаласына еріп келген. – Медицина саласында оқысам деген қызығушылығым мен ниетім аса зор болды. Барлық қажетті білім мен медицина қызметкеріне тән дүниелердің бәрін бойыма сіңіруге талпындым. Егер сабақ кезінде бірдеңеге түсінбесем сұраудан ешқашан ұялған емеспін. Әсіресе, тәжірибе кезінде толыққанды түсінгенімше ұстаздарымның соңдарынан қалмайтынмын. 2001 жылы колледждің соңғы курсында Ақмола облыстық ауруханасының травматологиялық бөліміне санитар қызметкері болып жұмысқа орналастым. Ал келесі жылы дипломым қолыма тигесін мейірбике атандым. Әрине, бұл мен үшін үлкен жетістік болды. Сол кездегі қуанышым шексіз болатын. Өз мамандығымды таңдағаныма еш өкінген емеспін. Керісінше, арманымдағы мамандығыма қол жеткіздім деп ойлаймын. Иә, бұл әрине аса қиын еңбек. Физикалық тұрғыдан да, моральдық тұрғыдан да ауыр. Ұзақ күн бойғы талмайтын жұмыс пен жауапкершілік мойныңа түседі. Адамды кейде дәрігердің емі ғана емес, бір ауыз жылы сөзі емдейтінін ұмытпау қажет, – дейді Айнұр Ергебекқызы. Алғаш еңбек жолына қадам басқан Айнұр Мұстафинаның ауруханадағы жұмысының сәтті басталуына оның тәлімгерлері де зор ықпал етіпті. Еңбек өтілі қырық жылдан астам Ольга Воронова, жарақаттарды таңу мейірбикесі Нина Романова мен пост мейірбикесі Ботагөз Тасболатовалар барлық білген-түйген тәжірибесімен бөліскен. Бүгінде зейнетке шыққан аяулы жандарды Айнұр Ергебекқызы шексіз құрметпен еске алады. Бүгінде облыстық ауруханада 36 емдеу кереуеті бар. Мұнда түрлі жарақат алған, іріңді инфекциялар пайда болған немесе термиялық және химиялық күйік шалған науқастар емделеді. Емделушілер облыстың әр түкпірінен, сондай-ақ көршіліс Солтүстік Қазақстан облысынан да келеді. Кейіпкеріміз бөлімшедегі науқастардың арасында түрлі аурулары бар адамдардың да жиі ұшырасатынын айтады. – Егде пациенттердің кейде басқа қосымша жүрек-қантамырлар жүйесінің аурулары, урологиялық, қант диабеті сияқты басқа да кеселдері болып жатады. Әрине осылардың бәрін ескере отырып, емнің тиімді болуын қадағалау қажет. Мұнда өте құнды тәжірибе алуға болады. Травматология бөлімінде мейірбике болып істеген адам түрлі кеселдермен күресе алады, – дейді Айнұр Мұстафина. Адал еңбегі мен өз кәсібіне шынайы берілген маман 2018 жылы аға мейірбике болып тағайындалыпты. Ал бұл маманға қосымша міндеттер мен үлкен жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз. Өйткені, аға мейірбике кіші және орта персонал қызметкерлерінің жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, дезинфекциялық режимді қадағалауы тиіс. Сондай-ақ ұжымның жұмысын ойдағыдай іске асыруда басқа да көптеген қажетті істі бес саусағындай білуі тиіс. Жалпы Айнұр Ергебекқызының қарауында бүгінде 11 мейірбике мен 14 санитар еңбек етеді екен. – Күн сайын емделушілерге барып олардың көңіл-күйін сұраймын. Егер шағымдары болса барынша құлақ түріп, оны қолдан келгенше шешуге тырысамын. Біздің ұжым өте ұйымшыл. Жас мамандарға ұрпақтар сабақтастығы яғни аға буынның тәжірибесін игеруіне баса мән беріледі. Ал біздің істе бұл аса маңызды. Мәселен төрт жыл бұрын колледжден Асылжан Ташанова деген қыз келген. Қазір ол кәсіби маман, гипстеу технигі әрі жара таңушы мейірбике де болып істей алады, – дейді Айнұр Мұстафина. Күні-түні талмай еңбек ететін мейірбикенің осынша қуатты энергияны қайдан алатыны жөнінде сұрадық. Ол күнделікті қажырлы жұмыс істеуіне отбасының ықпалы аса зор екенін айтады. – Энергияны отбасым мен бала-шағамнан аламын. Көктем мен жаз шықса болды біз үнемі велосипедпен отбасымызбен табиғатқа шығамыз. Балаларымызбен бірге түрлі ойындар ойнаймыз. Суреттер салып, қолдан түрлі бұйымдар жасаймыз. Тіпті жұбайым Нұрланмен де жұмыс барысында таныстым. Мен әскери комиссариатта медициналық комиссияда жұмыс істеп жүргенмін. Іссапар кезінде Астанада танысып, бір-бірімізді ұнаттық. Одан кейін тіпті бір мекемеде жұмыс істейтін болдық. Қазір ұлкен ұлымыз Әлішер 14 жаста. 8 сыныпта оқып жүр. Футболмен әуестенеді. Қызым Әдия тоғыз жасқа толды. Үшінші сыныпта оқитын қызым музыкаға қызығып, пианинода ойнайды. Жақында бір байқаудан лауреат атанып келді, – дейді отбасы жайлы әңгімелеген кейіпкеріміз. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын әрі тапсырылған істі мұқият орындайтын мейірбикені ұжым да, емделушілер мен дәрігерлер де құрметтейді әрі сыйлайды. Мейірбикелерден жүктелген міндеттердің тиісті түрде орындалуын талап етеді. Бірақ әрқашан үнемі өзі де мейірбикелер мен санитарлардың мәселелеріне бірге араласып, көмектесуге тырысады. Аттестаттау қорытындысы бойынша 2021 жылы облыстық аурухана республика бойынша барлық медициналық мекемелер ішінен үздік үштікті түйіндеген. Мекемелер арасынан алға тек ғылыми-зерттеу институттары ғана түскен. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Оның ішінде Айнұр Ергебекқызының да үлесі ерекше, – дейді бөлім меңгерушісі Мұратбек Бекмұхамбетов. Айнұр Ергебекқызы кәсіби жұмыста өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыру қажет деп санайды. Сондықтан 2021 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап алған. Осылайша қазір мейірбикелік қызметімен қатар өзі оқыған медициналық колледжде болашақ мейірбикелерді әзірлеуге де кіріскен.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ


