12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Медиацияның тиімділігін әлі түсінбейтіндер бар

Сотқа жүгінген азаматтар құқықтық түйткілдің әділ шешілгенін қалайтыны түсінікті. Одан бөлек, екі тарап та істің ұзаққа созылмай, әуре-сарсаңға салмай қысқа мерзімде біткеніне мүдделі. Бірақ сот сатыларында дауды азаматтар күткен уақытта шешу мүмкін емес. Өйткені істі қараудың арнайы заңдық тетігі бар. Әрі заңнамада әр істі қараудың, таразылаудың қисынды мерзімі белгіленген. Осы ретте тараптарды әбігерге салмай, алауыз етпей, жүйкесіне салмақ түсірмей дауды шешудің ең ұтымды, ең тиімді жолы ретінде медиацияны қолдануға басымдық берген орынды.

Өкінішке орай қазір медиацияның пайдасын түсіндіруде, медиациялық келісімге келуге шақыруда отандық соттан артық белсенді, тындырымды жұмыс істеп отырған құрылым жоққа тән. Бұқаралық ақпарат құралдарының бетін парақтасаңыз судьялардың медиацияға қатысты түсінік беріп, артықшылығын айтқан мақалалары бірден көзге түседі. Медиация туралы заңның мәйегін ашып, насихаттайтын да сол сот сарбаздары. Билер кеңесін құрып, ардагерлерді сауапты іске біріктіріп жүрген де, медиация бұрыштарын, медиция кабинеттерін ашып, ішін халыққа қажетті ақпараттарға толтырып жатқан да сот саласының мамандары. Қазақтың қанында болған бітімгершілікті дәріптеу, халықтың санасына орнықтыру үшін Жоғарғы Соттың бастамасымен қаншама меморандумдарға қол қойылды. Әкімдіктермен, Қазақстан халқы ассамблеясымен, Кәсіпкерлер палатасымен медиацияның қолданылуы аясын бірігіп кеңейту бойынша келісімдер жасалды. Сонымен бірге, ішкі істер органдарымен, адвокаттармен, нотариустармен азаматтарды татулыққа шақыру бойынша ұтымды жұмыстар жүргізілуде. «Еңбек қылмай ер оңбас, Бірлік қылмай ел оңбас», «Көп біріккен жерден көл шығады» дегенді бабаларымыз елді осындай іргелі істерге біріктіріп, ілкімді нәтижелерге үміт еткендіктен болғандықтан айтқан шығар.

Шындығында медиацияның артықшылығы аз емес. Ал оны сотқа алғаш рет келіп, дау-дамайға тұңғыш рет араласып отырған жандар түсіне бермейді. Мысалы қарапайым азаматтар арасында қарыз дауы жиі туындайды. Танысы қиналғанда қарызға ақшасын беріп алып, үстемеақымен теңгесін көбейтпек түгілі, өз ақшасына қолы жетпей қалғандар сотқа аз шағымданбайды. Әрине оларды да түсінуге болады. Ол сенді, танысы алдап кетеді деп ойлаған жоқ. Ақша қолға тигенше әке-көке деп, қарызын дер кезінде қайтаруға уәде еткен адамның жеме-жемге келгенде қарызын қайтармақ түгілі, телефонын сөндіріп тастап, дұрыс жауап бермей, жасырынуы, кейде дөрекі тіл қатуы кімді болсын ашуландырмай қоймайды. Мұндайда ұрыс шығарып, айғайлап, күш көрсетумен мәселені шеше алмайсың. Ашуға беріліп, ақылға сала алмасаң бір сәтте жәбірленушіден айыпталушыға айналуың оп-оңай. Сондықтан қарызды қайтару мәселесін заңды шешкен дұрыс. Ал ол мәселенің екі жаққа тиімді, екі тараптың да көңілінен шығатындай етіп шешу медиаторларға, судьялардың біліктілігіне байланысты.

Біз азаматтық даумен жүгінген азаматтарға міндетті түрде келіспеушілікті келісіммен шешу жөнінде кеңес береміз. Ортақ келісімге келудің тәртібін, пайдасын түсіндіреміз. Медиаторлар, судья-медиаторлар тәжірибесінен мысалдар келтіріп, ой салуға, ақылға келуге үндейміз. Ал ұсынысты қабылдау, қабылдамау – тараптардың өзіне байланысты. Қарызын қайтаруды ойлаған, даудың ұзаққа созылмауын, қарсы тараппен сыйластықтың сақталуын мақсат еткен азаматтар бұл ұсынысты қуана қабылдайды. Екеуі келісім үстеліне отырып, мәселені оңтайлы шешуге барынша тырысады. Істің бұлайша өрбуі медиативтік келісіммен, бітімгершілікпен аяқталып жатады.

Өкінішке орай, қарызын қайтартуды ғана емес, іштегі қыжылын баса алмай, айыптыны тұқыртып, үлкен көлемде моральдық залал өндіртуді мақсат ететіндер де аз емес. Оларды ешқандай келісім қызықтырмайды. Қанша үгіттегеніңмен, мұндай адамдар медиацияға келуден саналы түрде бас тартады. Бабаларымыздың «Кең болсаң, кем болмайсың» деген тағылымды сөзін мойындамайтындарды ортақ мәмілеге келтіру өте қиын.

Тәжірибеден байқап тұрғанымыздай медиативтік келісімнің пайдасын, тиімділігін тек судьялардың насихаттауы біз күткендегідей нәтиже бере қоймайды. Сондықтан ортақ мәмілеге келудің артықшылығын медиативтік келісімге келген тараптар айтып, халықпен бөліссе жаңа институттың маңызын мойындайтындар саны арта түсер еді деп ойлаймын.

Ильяс Қосаев,

Алматы қаласы

Әуезов аудандық №2 сотының судьясы

Судья көмекшілерінің көмегі көп

Сот жұмысын жандандыратын, судьялар жұмысын оңтайландыратын бастамалар аз емес....

Медиацияның тиімді тұсы көп

Елде даудың көбеюі халықтың бірлігіне салқынын тигізеді. Дау артқан...

Дербес кассациялық соттар – азаматтар сенімінің кепілі

Азаматтар өз құқығы мен бостандығының мінсіз қорғалғанын, сапалы қаралғанын...

Медиация әділ шешім негізі

Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесінде медиация кеңінен қолданыла бастады....