Қазақтың бұрынғы заңдарының қай-қайсысын қарасаңыз да тамырын ізгіліктен алған. 2011 жылы қабылданған «Медиация туралы» заң осы дала заңдарының жалғасы іспеттес. Мұнда медиацияны жүргізудің тәртібі, міндеттері мен мақсаттары жан-жақты көрініс тапқан.
Ал осы медиацияны жүргізетін медиаторлар қызметіне қазіргі кезде сұраныс өсіп келеді. Өйткені, азаматтар медиацияның маңызына көз жеткізіп қоймай, медиаторлардың да тәуелсіз, әділетті, нәтижелі еңбек ететініне іс барысында куә болып келеді. Бұған медиаторлар реестрін қалыптастырудағы тыңғылықты іс-шаралардың ықпал еткені талассыз.
Елімізде кәсіби медиаторлар реестрін – кәсіби медиаторлар ұйымы құрайды. Бұл қатарда еңбек етіп жүрген жандар заңнан терең хабары бар, құқықтық дауларды шешуде белгілі бір тәжірибе қалыптастырған жандар. Ал
кәсіби емес медиаторлар реестрін – қалада аудан, аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауыл (село), ауылдық (селолық) жерлерде медиаторларды өңір әкімдері жүргізеді. Реестрлер сайттарда және Бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланып отыруы тиіс. Бұл еліміздегі бітімгершілік дәстүрін заңды түрде жалғастыруға, дауларды бейбіт шешуге, тараптар арасындағы өзара сыйластықты сақтауға түрткі болатын шешуші қадам.
Бүгінде медиатор болып қызмет ететіндер мамандар аз емес. Олардың арасынан білімі терең, білігі күшті маманды таңдау тараптар құзырында. Осыған орай азаматтар кәсіби медиаторлар ұйымына ерікті түрде жүгініп, медиация рәсімін өткізетін медиаторды немесе кәсіби емес медиаторды тандайды. Екі жақтың көкейіндегісін тыңдап, даудың мәнін саралаған медиатор медиацияны өткізу туралы келісім (келісім-шарт) жасайды. Келісім жасар кезде тараптармен біріге отырып рәсімдік сұрақтар, соның ішінде орын, уақыт, медиатордың шығыны, сыйақысы толық талқыланады.
Егер медиация рәсіміне қатысқан тараптар медиатордың көмегімен өзара тиімді шешімге келсе, тараптардың талаптарды белігіленген тәртіпте және мерзімде ерікті орындайтыны туралы медиациялық келісім жасалады. Өкінішке орай, медиатордың қатысуымен дауды өзара талқылап, ортақ келісімге келгенімен, өзіне жүктелген жауаптылықтан жалтарып, талапты орындамайтындар да кездеседі. Ал азаматтық істі сотта қарастырғанға дейін жасалған келісім тараптардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәміле болып табылады. Бұл келісімді орындамаған немесе тиісті түрде орындамаған жағдайда келісімді бұзған медиация тарабы жауапты болады. Оның реті «Медиация туралы»заңның 27-бабының 4-бөлімінде көрсетілген.
Жалпы, медиация артықшылығы жеткілікті. Бұл бейресми әрі икемді рәсім; ең алдымен ол дауласқан тараптар арасындағы қатынасты сақтауға мүмкіндік береді; сондай-ақ тараптардың ресурстарын үнемдеуге: уақытын, ақшасын, жүйкесін сақтауға көмектеседі.
Ендеше, алдағы уақытта да медиация мен медиаторлардың жұмысын насихаттап, дауды өзара мәмілемен шешуге атсалысқан абзал.
Г.Ажибаева,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы