2011 жылғы 28 қантарда Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» №401-IV заңы қабылданып, 2011 жылдың 6 тамызында заңды күшіне еніп, қазіргі таңда жүзеге асып жатқаны белгілі.
«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал», «екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді.
Медиация жолымен істерді сотқа жеткізбей шешіп отырған өркениетті елдер баршылық. Бұл елдерде жазасын өтеушілер аз, себебі өздерінің құқықтық мүмкіндіктерін пайдаланып отыр. Бүл орайда «Медиация туралы» заңының көмегінің тиіп жатқаны анық.
Сот шешіміне көбіне бір ғана тарап қанағаттанады, екінші тарап шығарылған сот шешіміне риза болмағандықтан, істі апелляциялық және қадағалау сатыларында қайта қарауға шағым түсіреді. Аталған сатылардың әрқайсының өзінің уақыт мерзімі болғандықтан істерді қарау бірнеше айға, кейбір жағдайларда жылға созылып жатады.
Қазақтың билері — бүгінгі күннің судьялары. Ал сол билердің халық алдындағы беделі оларды халықтың мойындауымен артып отырған. Ал, өзі сыйлаған, өзі дәріптеген әрі мойындаған адамның билігін ешкімнің бұзбайтыны өз кезегінде тәуелсіз әрі әділетті сот төрелігін жүзеге асыруға негіз болғаны даусыз. Билер халықтың сенімді өкілі, халықтың ары болып табылды.
Олар қазақ құқығының басты жүктеушісі және мемлекеттің функцияларын іске асырушы бола отырып хандардың кеңесшісі болған. Бұрын қазақ қоғамындағы әділетті, туралықты іс жүзінде қамтамасыз еткен де осы қазақтың билері еді. Олар тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бірегейі әрі дара тұлғалары – қазақтың үш жүзін біріктіре білген Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер ел арасындағы кез – келген дауларды бітімгершілік жолымен шешіп отырған.
Медиатордың негізгі функциясы бұл тараптардың бірыңғай көзқарасын қалыптастыру, бұл ретте медиатор мәселені шешу жолын өз көзқарасы бойынша тараптарды көндіруге құқылы емес, себебі, бұл кезде тараптар жүргізілген рәсім нәтижесінің дұрыстығына кәміл сенеді. Заңға сай медиация рәсіміне қатысудың шарты тараптардың өзара ерікті ниет білдіруінен көрініс табады. Дегенмен, екі тарап өзара ерікті ниет білдіріп отырса, олар медиатор іздемей – ақ мәселелерін өзара шешуге, ортаға ағайындар салуға талаптанып жатады.
Алайда, бұл заңға сай емес, ауызша келісім-шарт болып қалады. Жалпы, медиация тәсілімен дауды реттеу азаматтық іс жүргізуде кең көрініс алған.
Осы тұрғыдан алғанда медиация, яғни бітімгершілік – біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан Қазақ елінің дәстүрлі құқығын ұстанып келе жатқан бітімгершілік жолы деп айтуға болады.
Қарақия аудандық сотының
әкімшісінің басшысы
Ж.Қолғанат


