Сот төрелігі билер заманында бітімгершілік институтының негізінде жүзеге асырылған. Осынау тамаша үрдіс егемен еліміздің заңдарында жалғасын тауып, дау шешудің тиімді үлгісін көрсетуде. Осыған орай, азаматтар дау-жанжалды заңдарда белгіленген тәртіпте сотқа дейінгі және сот ісін жүргізу барысында татуласу жолымен бітіре алады.
Бұл тұрғыда судьялар сотқа жүгінушілерге заң нормаларын, оны жүзеге асыру тәртібін жан-жақты түсіндіруде. Нәтижесінде қылмыстық істі заңға сай, татуласу арқылы аяқтағысы келетіндер адвокат пен медиатордың көмегіне жүгінеді. Егер тараптар өзара медиативті келісім жасасса, сотталушыны жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату туралы сот төрелігі іске асырылады.
Қазақстан Республикасының Медиация туралы заңымен айқындалғандай, татуласу рәсімдері жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, өзге де құқықтық қатынастардан, сондай-ақ, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстарда туындайтын дау-жанжалдарда қолданылады. Осы тұста ескерерлігі, дау медиация рәсіміне қатыспайтын үшінші тұлғаның немесе сот әрекетке қабілетсіз, әрекетке қабілеті шектеулі деп таныған азаматтың мүддесін қозғаған жағдайда, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік, адам өліміне қатысты және мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы қылмыстарда медиация қолданылмайды.
Қылмыстық сот ісін жүргізуде медиацияның өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Медиация туралы заң талабына сай, тараптардың медиация туралы шарт жасасуы қылмыстық іс жүргізуді тоқтата тұрмайды. Сонымен бірге тараптардың біреуі кәмелеттік жасқа толмаса, медиация жүргізуге оның заңды өкілдері немесе педагог, психолог міндетті түрде қатысуы керек. Егер медиация тоқтатылса, тараптар қылмыстық процесті жүргізетін органға медиацияны тоқтату туралы хабарлама жібереді. Хабрламада дауды реттеу туралы келісім мен аталған заңның 26-бабымен көзделген негіздер көрсетілуі тиіс.
Өмірде түрлі жағдай кездеседі. Сондай кездері қателесіп, қадамын шалыс басқандарға медиацияның тигізер мүмкіндігі мол. Осы ретте Қылмыстық кодекстің 67-бабымен процестік келісімнің барлық талабын орындағандарға қылмыстық жауаптылықтан босатылу жеңілдігі қарастырылғанын айта кеткен жөн. Алайда, бұл норма кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысты он төрт пен он сегіз жас аралығындағыларға кәмелеттік жасқа жетпегендер жасаса қолданылмайды.
Қылмыстық кодекстің 68-бабында татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату нормалары бекітілген. Яғни, қылмыстық теріс қылыққа немесе онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмысқа барғандар жәбірленушімен медиация тәртібінде татуласып, зиянды қалпына келтірсе жазадан босатылады.
Қылмыстық жауаптылықтан босатуда кәмелеттік жасқа толмағандарға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Сондай-ақ, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтіргеніне шынайы өкініп, шығынның орнын толтырғандарда да татуласу тәртібімен жазадан босатылу мүмкіндігі бар. Айтып өтерлігі, қылмыстық жауаптылықтан босатылғандар қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімі ішінде қылмыстық әрекетін қасақана қайталаса, медиация қайта қолданылмайды.
Медиация туралы заң тараптардың еріктілігі мен бостандығы принципіне негізделген және дауласушы тараптар медиатордың көмегіне өзара келісіммен жүгінеді. Бұл, сотқа жүгінушілерге дауды өзара татуласу жолымен шешу үшін жасалған үлкен мүмкіндік, дегенмен, халық әлі де болса оны тиімді пайдалана алмай отыр. Сондықтан, татулыққа шақыратын заң, яғни, медиацияны ұдайы насихаттағаннан ұтарымыз көп. Яғни, дау-жанжалды медиациямен бітіру дауласушылар үшін ғана емес, қоғам үшін де пайдалы екенін халыққа жеткізу бәріміздің міндетіміз.
Бейнегуль Кайсина,
Наурызбай аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы