Медиация дегеніміз-тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.
Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді.
Медиацияның тағы бір оңтайлы жағы — қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігінде және уақыттың үнемділігінде. Сотта іс әдетте ұзаққа созылады, ол тіпті айларға созылуы мүмкін. Бірнеше мәрте сот отырыстары белгіленеді, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі де мүмкін, сөйтіп жағдай ушыға түседі. Бұл ретте медиацияның келесі ерекшеліктері алдыңғы қатарға шығады – тараптардың еріктілігі және жеделдетілген шараның бейресмилігі. Дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн уақыт беріледі. Белгілі бір себептермен бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін, бірақ 60 күннен аспауы тиіс.Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етеді, ал медиация барысында өзара ынтымақтаса қимылдайды. Сот тағайындалады, ал медиатор таңдалады. Сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал медиатор тараптардың мүдделерін ескере отырып, бірақ заң аясында қабылдайды. Сот – жария үдеріс, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз етеді, бұл медиатордың рәсім барысында мәлім болған ақпаратты оны ұсынған тараптың келісімінсіз жария қылуына жол бермейді. Сәйкесінше, медиатордан куәгер ретінде жауап алуға рұқсат етілмейді. Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиация барысында тараптардың тең құқылықты көздейтіні сөзсіз, сондай-ақ оларға тең міндеттер жүктеледі. Сонымен қатар тараптар өз қалаулары бойынша медиацияны жүргізу орны мен медиацияны жүргізу барысында қай тілдің қолданылатыны жайында келісе алады. Тараптардың келісімімен медиатор медиацияның жүргізілу күні мен уақытын белгілейді. Медиатордың қызметі кәсіби және кәсіби емес (қоғамдық) болуы мүмкін.
Отставкадағы судья немесе жиырма бес жасқа толған, кез келген салада жоғары білімге ие, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша сертификат алған азамат кәсіпқой медиатор бола алады. Оның қызметі ақылы және еңбек ақысын тараптар өзара келісіп төлейді.
Қоғамдық медиатордың рөлін судья немесе қырық жасқа толған азамат атқара алады, қызметі ақысыз. Барлық медиатор арнайы медиаторлардың тізімінде тіркелуі қажет. Мемлекеттік қызметкер, әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған, қылмыстық қудалауға ұшыраған, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.
Т.Амангелдиев, Ақтөбе облысының кәмелетке
толмағандар істері жөніндегі
мамандандырылған сотының
бас маманы сот мәжілісінің
хатшысы