12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Меңіреу әлем

Көше шамдарының сәулесі мен бағдаршамның қызылды-жасылды жарығы тас жолдың бетіндегі суға шағылысып, жол үстінде түрлі-түсті жолақтар  дірілдейді. Арагідік зу етіп өте шыққан машиналар шалшық суды шашыратып, жылтылдаған суды сапырылыстырып кетеді.

Жолдың арғы беті. Қаз-қатар тізілген электр шамдары. Онан әрі төбесі шатырлы жазғы сырахана. Жолдың жиегінде бір қыз тұрған. Ол тас жолға түскен бейнесіне үңілген-ді… Кенет тарс ете қалған дыбыс пен жанұшыр­ған айқай қабаттасып шықты. Жол үстіндегі жылтыраған түстің бәрі демін ішіне тартып, түнере қалды. …Бас сүйегі езілген қыздың маңына адамдар шоғырлана бастаған… Ал кідірместен өте шыққан автобусқа зер салған ешкім жоқ.

* * *

Жұмысқа көбіне-көп кешігіп келетін әдетім. Күндегі уақыттан сәл кеш келсем де кабинетте ешкім жоқ екен. Компьютердің түймесін бастым да, екінші телефонымды ашсам, қабылданбаған қоңыраулар мен хатқа толып қалыпты…

Осы кезде тыстан тергеу­ші Хасен кіріп келді. Жүрісі суыт. Сырт киімін ілді де қайтадан есікті жартылай ашып, «аты-жөндерін тіркеп, бір-бірден енгізе беріңіз», – деді. Сосын маған бұрылып:

– Кеше қаланың шеткі ауданында бір қызды автобус қаққан, әлде қыз автобусты «қаққан», – деді қисық сөйлейтін әдетімен. – Оқиға болған жерден төрт кәугер таптық.

Мен үнсіз куәгерлердің сөзін теруге дайындалдым.

Үстінде ұзындау қара плащ, басында картуз киген селеу шыққан сақал-мұртты біреу кірді.

– Екі-ақ сұрақ қоямын, көп уақытыңызды алмаймын. Өз көргеніңізді нақты әрі анық айтуыңызды өтінемін, – деді тергеуші.

– Жеңіс күнінің құрметіне деп аздап тойлатып… Иә, айт­пақшы, мерекеңізбен, – деп бастады бірінші куәгер ұшқалақтап. – Уақыт шамамен он бір боп қалған кез. Сыраханада бір-екі үстелден әрірек бір әйел кеш бойы жалғыз сыра ішіп отырды. Құлағында құлаққабы бар, ешкімде шаруасы жоқ, планшетіне үңіліп отырды да қойды. Мас болғаны белгісіз, жылағаны белгісіз, жүзі мұңды көрінді. Қазіргі қыздар сол… Түн ішінде сыра ішіп… Көше кезіп…

– Тоқтаңыз, сіз мынаны айтыңызшы, қыз жолдың арғы бетіне өте қоямын деді ме, әлде қасақана машинаның алдына жүгіріп шықты ма?

Ол сәл ойланып қалды да:

– Иә, ол біреулерге телефон шалды, бірақ оңды жауап алмағандай көрінді. Демек, оның жігіті алдаған. Қазір жігіттерде мүлде жауапкершілік жоқ… А иә… Тарс ете қалған дыбыс естілді. Қарасақ жолдың үстінде қыздың өлі денесі жатыр. Қаланың соңғы автобустарының бірі болса керек, асығыс кетіп бара жатты. Бірақ ол соқты ма, әлде басқа машина қақты ма, оны анық көрмедім.

– Нешінші автобус екені есіңізде ме?

– Автопаркке қайтарда автобустар нөмірлерін алып тастайды ғой.

– Автобустың түсін байқай алдыңыз ба?

Ол сәл ойланып отырды да:

– Жаңбыр жауып тұрған. Күн бұлыңғыр… түсін есімде сақтай алмаппын.

– Бар көргеніңіз осы ма?

– Иә.

Осы кезде мен оның жүзінен біртүрлі қобалжуды байқадым. Іштей қыздың өліміне бұл куәгердің де қатысы бар ма деп ойладым. «Анық көрген нәрселерін де сырғақтап айтпай отыр».

Тергеуші Хасен шылымын тұтатып болғанша екінші куәгер кірді.

Көзілдірік киген. Жүзі қуқыл, ұзынша шашы бар, қыз мінезді жұқалтаң жігіт екен.

Тергеуші тағы да оған әлгі екі сауалын қойды.

– Түн. Жаңбыр сіркіреп тұрды. Қыздың да жүзі сол түндей мұңды болатын. Ол жалғыз отыр­ды. Жалғыздықтан қажы­ған шығар, бәлкім. Өмірде өзіңнің жалғыз екеніңді сезіну… Тергеуші куәгердің сөзін бөліп:

– Қыз жолға қалай шықты, соны айтыңызшы?

– Өте өкінішті, сондай қайғылы жағдай. Қараудың өзі мүмкін емес еді. Жолдың үстінде оның қаны көл болып жатты. …Гүжілдеген автобус сондай әдемі қызды басқанда, нәзік жанның күтірлеген сүйегінің дыбысы құлағыма жетті. Жүрегім әлі сыздап отыр.

Нақты әрі көңілге қонымды айғақ таба алмады ма, тергеу­ші бұдан әрі сұрауды қойып, «Рақмет, келесі кірсін», –  деді.

Мен куәгерлердің әрбір сөзін үтір-нүктесіне дейін қалт жібермей теріп отырмын. Бірақ маған қыз да емес, автобус та емес, куәгерлердің айғақтары секем алдыра бастады.

Сонымен, үшінші куәгер де жетті. Тергеуші әдепкі екі сұрағын қойды.

– Оқиға сағат он жарым, он бірге таяуда болды. Көпе-көрінеу автобус қызды қағып өте шықты. Қала ішінде жүретін автобустар тоқтаған, бос қайтып бара жатқан. Автобус сол күйі тоқтамай зып берді. Ешкім көріп, үлгерген жоқ. Қазір автопарктер өте жауапсыз, мұны бұлай қалдыруға болмады. Автобус шопыры және автопарк қожайыны тиісті жазасын алуы қажет! Бұл жерде қыздың ешқандай кінәсі жоқ!..

– Жақсы, рақмет, – деп шолақ қайырды тергеуші.

Куәгерлер қызды ақтап, автобусты даттай жауап беруде. Автобустың нөмірін айтқан бірі жоқ. Әлде жасырып отыр ма? 

Төртінші куәгер әлгі үшеуінен гөрі ересек екен. Тергеушінің әдепкі екі сұрағына ол асықпай ойланып, баппен жауап берді:

– Біз ұжымымызбен көңіл көтеріп отырдық. Сырахана деген біреу келіп, біреу кетіп, сапырылысып жатқан жер. Көрген нәрсең есіңде қалмайды. Бір қарағанымда көшеде бір қыздың өлі денесі жатты. Бірақ оны машина қақты ма, әлде біреулер өлтіріп, сол жерге тастап кетті ме, әлде біз мүлде ойламаған оқиға болды ма, бейхабармын. Қысқасы, зер салып қарамаппын…

– Жол үстіндегі қызды көрген соң не істедіңіздер?

– Мен оқиға болғаннан ке­йін бірден үйге тартып отырдым. Себебі, ұйықтайтын уақытым болып қалыпты. Ал қалғандар не істегенін білмеймін.

– Сау болыңыз. Сіздер боссыздар. Қажетті жағдай болса, хабарласармыз, – деген тергеуші «хабарласармызды» сенімсіз айтты…

Мен тергеушіде қылмысты нақты айғақтайтын дәлел бар болған соң олардан жеңіл ғана жауап алды деп бір ойладым.

Куәгерлер кеткен соң тағы да шылымын тұтатқан тергеу­ші оларды «қылмысқа қатысы жоқ және нақты айғақ болатын адамдар емес, әсершіл-қияли біреулер» деп келеке етті.

Оқиға болған ауданнан ең соңғы қайтқан автобусты автопарктен біліп, экспертиза жасауға және басқа да жолдарын қарастыруға болар еді, бірақ тергеуші істі (делоны) жапты да, асығыс еңбек демалысын алып тайып тұрды…

Бақытбек ҚАДЫРҰЛЫ

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...