12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Мариям ҚАРАБАЕВА, Алматы қалалық сотының судьясы, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның мүшесі: «ҚОҒАМДЫ АБСОЛЮТТІ БАҚЫТҚА ЖЕТКІЗЕТІН БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ – ӘДІЛДІК»

– Бұдан бес жыл бұрынғы жағдайға қарағанда сот актілерінің сапасы анағұрлым артқаны рас. Бұл тұрғыда қолға алынған істер мен оларды жедел әрі тиянақты түрде жүзеге асыруға ықпал еткен шараларды айта отырсаңыз?

– Сөзіңізге толықтай қосыламын. Осы соңғы бес жылда тек сот актілерінің сапасы ғана емес, жалпы сот отырысын өткізу сапасы да едәуір көтерілді. Мұндай жетістікке жетуге Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың осы қызметке келген алғашқы күннен бастап судьялар қауымдастығына жолдаған үндеуі ықпал етті дер едім. Ол кісі сот жүйесіне жаңа леп әкелді, жаңа сыни көзқараспен келді, «нендей жұмыстар атқарып жатырмыз, не үшін?», «сот жүйесіне ауыз толтырып, мақтанышпен айтарлықтай не бердім, тағы не бере аламын?», «ендігі бағыт-бағдарымыз қандай?» деген сияқты судьяларды күнделікті күйбің тіршіліктен бір сәт бас көтертіп, ойландыратын сұрақтар қойды. Бұған қоса «судья қызметінде маңызды нәрсе технология немесе ноу-хау емес, адам екеніне» баса назар аударып, «сот ғимаратына кіргенде, сот процесін ұйымдастырғанда, сот актісін әзірлегенде, адамдармен сөйлескенде, осының бәріне сотқа келушілердің көзімен зер сала қарап, оларға ғимарат қолайлы ма, сот процесі мен актісі түсінікті ме, судья адамдармен жылы сөйлесе ала ма?» деген сияқты судьялардың санасын сілкіндіретіндей мәселелерді көтерді. Ең бастысы, сұрақ қоюмен шектелмей, соттың мінсіз қызмет атқаруына бағытталған жаңа менеджменттік әдістерге негізделген бағдарлама жариялап, оны негізгі үш топқа бөлді. Атап айтқанда, а) «Сот жүйесінің жеті түйіні»; ә) «2018 жылғы шұғыл жеңістер»; б) «Сот жүйесін дамыту тұжырымдамасы».

– Судьялардың қызметін бағалау комиссиясының мүшесі болып сайландыңыз. Комиссия жұмысына толығырақ тоқталсаңыз.

– Рақмет. Бұл мен үшін шынында да аса жауапты қызмет. Өйткені, әріптестеріміздің қызметін бағалау, тіпті, олардың судья ретіндегі тағдырын шешу, яғни, кәсіби білім-білік деңгейінің төмендігі анықталған жағдайда судьяны қызметтен босату туралы шешім қабылдау оңай емес. Судьяның кәсіби қызметін бағалауды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанында құрылатын сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жүзеге асырады. Комиссияның жеті мүшесі бар, олардың үшеуі – облыстық соттардың, үшеуі – Жоғарғы Соттың судьялары және біреуі отставкадағы судья. Олар Жоғарғы Соттың пленарлық мәжілісінде дауыс беру арқылы сайланады. Комиссия өз қызметін «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 26 маусымдағы жарлығымен бекітілген осы комиссия туралы Ереженің және комиссия Регламентінің негізінде жүргізеді.

– Судьяның білім-білігі мен кәсіби шеберлігі ол шығарған сот актілерінің бұзылу немесе өзгертілу деңгейімен бағалана ма әлде оның өзіндік бір өлшемдері бар ма?

– Жаңа аталған Конституциялық заңға сәйкес судьяның кәсіби қызметін бағалау кезінде оның кәсіби білім деңгейі мен оны іс жүзінде дұрыс қолдана білудің негізгі көрсеткіші ретінде сот төрелігі сапасының көрсеткіштері, яғни, күші жойылған немесе өзгертілген сот актілері міндетті түрде ескеріледі. Сонымен қатар, баға объективті болу үшін автоматты түрде кездейсоқ таңдалып алынған бірнеше сот актісі мен сот мәжілісінің бейне және дыбыс жазбалары сарапталады. Соңғылары арқылы судьяның іскерлік және адамгершілік қасиеттерімен бірге, оның Конституциялық заң мен Судья әдебі кодексінде көрсетілген сот төрелігін іске асыру барысындағы мінез-құлығы да бағаланады. Осындай бағалау көрсеткіштері балл, яғни, ұпайлармен есептеледі. Жоғары балл алған әріптестерге басы артық сұрақ, тексеріс болмайды. Ал кәсіби білігі бойынша ең төменгі көрсеткіш 8,97 ұпай алған судьялар мамандығы бойынша кейс есебін шығару немесе белгілі бір тақырыпта эссе жазу сияқты қосымша сынақтардан өтеді. Қосымша сынақтан тиісті ұпай жинаған судья басқа (мамандығы және жүктемесі бойынша жеңілдеу) сотқа ауыстырылуы мүмкін, ал қосымша сынақ бойынша да төмен көрсеткіш жинаған судья комиссия ұсынысы бойынша қызметтен босатылады.

– Өткен жылдардың нәтижелері қандай, статистика не дейді?

– 2019–2021 жылдар аралығында жалпы Республика бойынша барлығы 1 238 судья кезекті бағалаудан өткізіліп, оның 1 156-сы өз қызметіне лайық деп танылса, 63-і жүктемесі төмен соттарға ауыстырылған, ал 19 судья қызметтен босатылған. Биыл барлығы 513 судья кезекті бағалаудан өткізіледі, оның 13-і Жоғарғы Сот судьялары, 160-ы облыстық соттардың, ал 340-ы аудандық соттардың судьялары.

– Қазіргі қазылардың басым көпшілігіне қандай кемшілік тән, олар жұрт сенімін ақтау үшін нені ескерулері тиіс?

– Жалпы, бүгінгі судьялар корпусының кәсіби білім-білігі жоғары деңгейде. Дегенмен, жетілдіруді талап ететін де тұсы бар. Атап айтсақ, судьяның риторика, яғни, көсемсөз бен шешенсөз өнерінің қарапайым қағидаттарын меңгеруі мен оны сот қызметінде пайдалана білуі. Бұл тұрғыда риторика деген не және оны процестік заң ережелерімен «маталып тасталған» сот ісін жүргізуде қаншалықты дәрежеде пайдалана аламыз деген сұрақ туады. Осыған жауап іздеп көрейік. Адамзаттың екінші Ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Риторика» туралы пәлсапалық трактатында «Риторика дегеніміз силлогистік өнер және оның мақсаты – көз жеткізу болмақ. Яғни, тыңдаушының жанына, жүрегіне қандай да бір нәрсеге көз жеткізушілікті қалыптастыратын құбылыс» дейді. Ал көз жеткізушілік риторикалық амалдар арқылы орындалады екен. Өз кезегінде көз жеткізушілік қандай да бір нәрсе туралы пікір болып қалыптаспақ дейді. Сонымен, әл-Фарабише айтқанда, риторика өнерінің мақсаты тыңдаушының тек терең танымына ғана емес, ең бастысы оның жан-жүрегіне, сезіміне әсер ету арқылы қандай да бір ақиқатқа көзін жеткізу, ал түпкі мақсаты сол көз жеткізу арқылы пікір қалыптастыру екен. Аталған трактатында әл-Фараби бабамыз сөйлеушінің сыртқы келбетін, бет-әлпетінің жалпы көрінісін, тіпті, оның дене бөліктерінің жай-күйі мен қимыл-қозғалысын, үні мен дауыс ырғағына дейін тыңдаушының сезіміне әсер ететін риторика өнерінің құралы деп таныған. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атамыз риторика өнерін – Көсемсөз, ораторлық өнерді – Шешенсөз деп, көсем сөз – жазбаша айтылатын, әлеуметті тәрбиелеуге бағытталған сөз, шешен сөз – ауызша айтылған сөз өнері, мәдениеті деп жіктеп беріпті.   Судья дауға төрелік айтушы адам ретінде процесс жүргізу барысында сөз саптау, адамды тыңдау, тіпті, үні мен дауыс ырғағы арқылы да Шешендік шеберлігін, ал жазылған сот актісі арқылы өзінің кәсіби білігін, логикалық ойлау, талдау мәдениетін, яғни, Көсем сөз шеберлігін көрсетеді. Бұдан басқа судьяның сырт келбетінің өзі дауласушы жақтардың процесс барысындағы мінез-құлық, іс-әрекетіне әсер етері анық. Ал ең бастысы көпшілікке сот, мемлекет билігі туралы пікір қалыптастырады. Ақиқат, әділдік орнатудың соңғы инстанциясы ретінде сотқа жүгінген әрбір адамның сот туралы жеке пікірі көбейе келе қоғамдық пікірге ұласатынын ескерсек, судья өз қызметінде риторика өнерінің қарапайым талаптарын меңгеруге міндетті болмақ екен. Осы салада Жоғарғы Сот басшылығының жоғарыда аталған «Шұғыл жеңістер» бағдарламасы бойынша 2018–2019 жылдары филология, риторика мамандары өңірлерге шығып, семинар, тренингтер өткізе бастады. Алайда, індет жайлаған жылдары бұл іс уақытша тоқтап қалды. Алдағы уақытта бастама жалғасын табады деген үміттеміз. Ал бүгінде Сот төрелігі Академиясы арқылы аталған саланың мамандары судьяларға тиісті дәрістер оқып жатыр.

– Соттарға қойылатын талаптар жылдан-жылға қатаюда. Бұл оларға деген сенімсіздікті білдірмей ме?

– Рас айтасыз. Кешегі қаңтар трагедиясынан кейін қоғамдық сана сілкінді, тозығы жеткен ескіден арылып, жаңаша қызмет ету – замана талабына айналып отыр. Бұл үрдістен сот жүйесі қалыс қала алмайды. Судьяның қызметін әр бес жыл сайын бағалау – ол судьяның қызметіне деген сенімсіздіктен емес, судья қызметінің сапасын жылдан-жылға арттыруға, мінсіз қызмет, мінсіз сот процесі және мінсіз сот актісі деңгейіне жеткізуге бағытталған шара деп ойлаймын.

– Судьялық қызметіңізге жақында 27 жыл толады екен. Аллаға шүкір, абырой-беделден кенде емессіз, бұл үшін судьяға қандай қасиет қажет деп ойлайсыз?

– Ең бастысы өз жауапкершілігіңді терең түсіну деп ойлаймын. 1994 жылы Қазақстан Республикасы мен Пакистан Ислам Республикасы Жоғарғы соттарының арасындағы келісім бойынша еліміздің судьялары Исламабад қаласында орналасқан Ислам университетінде бір ай тағылымдамадан өттік және олардың сот жүйесімен терең таныстық. Сол кездегі ислам құқығы ғалымдарының дәрістері санамда жатталып қалды. Олар айтады: «Қазы болу өзін-өзі мақтамен бауыздағанмен бірдей, себебі, адамдардың айтқанын істесең – Алланың ашуына қаласың, ал Алланың айтқанын істесең – адамдардың ашуына қаласың». Жаратушының қазыға ашуланатын екі себебі бар екен: 1) білімсіз бола тұра сұранып қазы болу және білімсіздіктен теріс үкім айту; 2) білімі бола тұра, біреудің ықпалымен қасақана теріс үкім айту. Жаратушының қазыға разы болу себебі – қазы болуға мәжбүрленген кезде әділдікпен үкім шығару екен. Тиісінше, Жаратушы ашуының салдары – тозақ, разылығы – жәннәт екен. Бұл ішкі түйсікпен қабылданатын рухани жауапкершілік. Сонымен қатар, қоғам алдындағы жауапкершілігіміз бар. Әл-Фараби бабамыз «Қайырлы қала тұрғындары» трактатында қайырлы қоғамды абсолютті бақытқа жеткізетін басты құндылық – әділдік» дейді. Кезінде дүркіреп тұрған әрбір империяның түбіне жеткен бір-ақ нәрсе – әділдіктің ақсауы. Яғни, әділетсіз қоғамның байлары қылмыс жасаса – олар жазаланбайды немесе жазаның ең жеңіл түрі қолданылады. Ал кедейлері қылмысты болса – жазаның ең ауыр түрі қолданылады. Содан қоғамда алауыздық туып, ондай қоғам түбінде құрдымға кетеді екен. Алауыздықтың қандай салдарға әкелетінін кешегі қаңтарда көрдік. Сондықтан құдайдан қорқып, адамнан ұялып, заңды құрметтеп, әділдік туын биік көтеріп қызмет ету – басты қағидатым.

– Сізге ерік берілсе, Конституцияға қандай өзгеріс енгізер едіңіз?

– «Құлақ асқыш мемлекет» қағидатын тереңдету мақсатында Конституцияның 61-бабына толықтыру енгізуді ұсынар едім. Аталған бапқа сәйкес заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі. Демек, заң шығару туралы бастама көтеру мемлекеттің атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарына берілген де, сот билігі осы құқықтан мақұрым қалған. Заңды қолданып, оның қайшылығы мен кем-кетігін күнделікті өз көзімен көріп, зерттеп-зерделеп, елеп-екшеп отырған сот билігінің осы заң бастамасы құқығынан қалыс қалуы – біріншіден, мемлекеттік биліктің үш тармағы арасындағы тепе-теңдік қағидатына кереғар болса, екіншіден, ұлттық заңнаманы жетілдіру жұмысына жедел және жоғары кәсіби деңгейде үлес қоса алатын бірден-бір білікті саланың әлеуеті, зор мүмкіндігі пайдаланылмай отырғанына «әттеген-ай» деп ішім ашиды. Келесі ойым – сот билігіне халықтың сенімін арттырудың бірден-бір жолы ретінде судьяларды сайлау жүйесіне көшіру туралы ұсыныс айтар едім. Бұл халықтық демократияға жасалған батыл қадам, әрі халықтың сот билігіне деген сенімін арттыру құралы болар еді. Қазір болмаса да әйтеуір бір кезде бұған да келеміз деп ойлаймын.  

– Әңгімеңізге үлкен рақмет.

Сұхбаттасқан Т.СМАҒҰЛҚЫЗЫ

Жаңа кассациялық сот

 Мемлекет басшысы 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қылмыстық, азаматтық...

«Е-апостиль электрондық қызметін қалай тез алуға болады

Шетелге шығу кезінде Қазақстан Республикасының аумағында берілген құжаттар басқа...

Как не стать жертвой финансовой пирамиды

Финансовая пирамида (также инвестиционная пирамида, схема или игра Понци)...

Сот отырысында аудио-бейне тіркеу жүйесін пайдалану ережелері

Осы Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын...

СОТ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ — ҚОҒАМНЫҢ ТАЛАБЫ

Сот - кез-келген даудың түйінін тарқатып, әділдігін айтып, тура...