12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Марат Сағымбек, Алматы облысы Панфилов ауданының әкімі: «Ел басқару ісінде халық мүддесінен биік мүдде жоқ»

– Марат Рахымбердіұлы, алдағы конституциялық реформалар ел өміріне қандай өзгерістер әкеледі деп ойлайсыз? Жедел жүзеге асып жатқан саяси іс-шаралардан халық толықтай хабардар деп есептейсіз бе?

– Қаңтар оқиғасынан кейін ел өмірінде елеулі саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер орын алды. Оған қазір бәріміз куә болып отырмыз. Бүгінгі конституциялық реформа да сол саяси оқиға, елдік толқулардан басталды деуге болады.

Ол Президенттің өкілеттілігін шектеу қажеттігін, елде пропорционалды және мажоритарлы жүйе енгізу кезек күттірмейтін мәселе екенін, Қазақстандағы Парламент рөлін күшейту, халықтың азаматтық белсенділігін арттырып, елді басқару ісінде таңдау және араласу құқығын беру секілді бірқатар мәселелердің жедел қолға алынуы керектігін айқындап берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің наурыз айындағы халыққа арнаған жолдауында осы жағдайларды таратып айтты да. Міне, бүгінгі өзгерістер аяқасты пайда болған жоқ, ол жыл басынан бері өз ретімен келе жатқан саяси ағыс болатын. Сол себепті, бұл мәселеден қарапайым халық хабардар деп есептеймін.
Сұрағыңыздың бірінші бөлігіне де жауап бере кетейін. Алдағы болатын Конституциялық реформа ең алдымен суперпрезиденттік басқару үлгісінен Президенттік республикаға көшу процесін жүзеге асыратынымен маңызды. Тағы бір ерекше өзгеріс халықты басқару ісіне қарапайым кез келген азаматтың қатысу мүмкіндігінің кеңейгені. Енді жеке бас мүддесі емес, ел басқару ісінде қоғам мүддесі алға шығады. Елдік мәселеде халық мүддесінен биік мүдде жоқ.
– Осы тұсын таратып түсіндіре кетсеңіз.
– Жер – халықтың жаны. Шындығында, солай. Кез келген азамат жер үшін басын бәйгеге тігуге даяр. Оны осы кезге дейінгі барлық жер дауы, жер митингілерінен көріп жүрміз. Жаңа өзгерістерде жер мәселесінің енуі де осыдан. Бұған дейін ҚР Конституциясының 6-бабы 3-тармағында: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүние­сі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ, заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» – делініп келген. Қазіргі енгізілгелі отырған жаңа нұсқада: «Жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені жайындағы норма нақты және кесімді түрде бекітілген. Меншік құқығын халықтың атынан мемлекет жүзеге асырады» – делінген. Яғни, халықтың жерге қатысты құқықтық статусының артқаны құптарлық іс. Ендігі уақытта билік жерді сату, жалға беруге қатысты жағдайда ең алдымен халық үніне құлақ асып, елдік пікірді ескеретін болады.
Ата Заңның 50-бабының 3-тармағы мен 51-баптың 1-тармағының жаңа нұсқасы бойынша Мәжіліс депутаттарын аралас сайлау жүйесімен іріктеу: яғни, біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды жүйе бойынша және бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайлау ұсынылады. Бұған қоса, 52-бап 5-тармақ бойынша енді бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігі пайда болады.
Халық білуі тиіс тағы бір өзгеріс, енді республикалық маңызы бар қалалар мен астананың әкімдерін, облыстардың әкімдерін Президент сол аймақтың (қаланың) мәслихаттарының барлық депутаттарының келісімімен және баламалы негізде (кемінде екі кандидатура ұсынылады) тағайындайды. Конституциядағы 87-бап 4-бөлігінің жаңа нұсқасы бойынша, белгілі бір өңірдің дамуына жауапты жергілікті өкілдік пен атқарушы органдар жүзеге асыратын мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жұмыстарына қатысты берілетін кепілдіктер нығая түседі. Халықты басқару ісіндегі қарапайым азаматтардың үлесінің арта түсуі мәселесіне қатысты осындай игілікті, оңды өзгерістер орын алады.
– Жаңа жобада Мемлекет басшысының аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату секілді құзыреттері алынып тасталатыны да айтылуда. Бұл өзгерісті қалай қабылдап жатырсыздар?
– Конституцияның 87-бабы 4-тармағы бойынша бұған дейінгі нұсқасында: «Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке тиісінше облыстардың, респуб­ликалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президенті тағайындайды. Өзге әкімшілік-­аумақтық бөліністердің әкімдері заңда айқындалатын тәртіппен қызметке тағайындалады немесе сайланады, сондай-ақ, қызметінен босатылады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметтерінен босатуға хақылы» – делініп келген. Енді жаңа нұсқада Президенттің аудан, қала, ауылдық округ әкімдерін лауазымынан босату туралы құзыретін алып тастау көрсетілген.
Конституцияның 87-бабы 4-тармағының жаңа редакциясы бойынша «енді оларды Президент облыс аумағында орналасқан мәслихат депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихат депутаттарының келісімімен тағайындайды». Жаңа нұсқадағы тәртіп негізінде Мемлекет басшысы енді «кемінде екі кандидатураны ұсынып, дауысқа салады. Дауыс беруге қатысқан депутаттардың көпшілігінің дауысына ие болған кандидат келісім алған болып есептеледі». Міне, мұндай баптар Президент өкілеттігін едәуір азайтып, өңірлердің еркін дамуына, өз бастамаларымен таңдалған басшымен аймақты гүлдендіруге атсалысуына мүмкіндік ашты. Сондықтан өңір халқы өзінің тұрмыс салты мен алдағы басқарушы – атқарушы билікке қатысты өзгерістерді өте жылы қабылдайды деп ойлаймын. Аймақтағы бүкіл жағдай халыққа етене таныс. Ел азаматтарының ұйымшыл, ауызбірлікте жүріп атқарған әрбір шаруасының нәтижелі болатыны анық.
– Аудандағы референдумға дайындық барысы қалай жүзеге асып жатыр? Аудан халқы Конституциялық өзгерістерге өз дауысын беруге ниетті ме?
– Панфилов ауданында референдумды өткізуге дайындық барысы өз ретімен жүріп жатыр. Қарапайым тұрғындар тарапынан «Референдумда не болады?», «Конституция түгелімен өзгере ме?», «Қандай баптар қосылады, қай бөлігі алынып тасталады?», «Халықтың тұрмыс-тіршілігін, өмір сапасын көтеруге арналған өзгерістер бар ма?» деген секілді әртүрлі сауалдар көп қойылып жатыр. Аудандағы заңгерлер, өзге де қоғам мүшелері, әкімдік өкілдері көпшілікке референдумға қатысты танымдық түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Таңдау халықтың өзінде ең бастысы. Бұл қарапайым халықтың құқықтық сауатын көтеруге арналған ауқымды іс-шара болды деуге негіз бар секілді. Себебі, бұған дейін Конс­титуцияны оқымаған, жекелеген баптарын білмейтін азаматтар болса референдумға барар алдында осы тұрғыда іздену мүмкіндігі туды.
Жалпы, Панфилов ауданы бойынша 74 референдум учаскесі бар. Оның ішінде Жаркент қаласында – 18, ауылдық округтерде – 47, әскери бөлімдерде – 8, орталық ауруханада – 1. 74 референдум учаскесінің: 52-сі мектептерде (4 мектепте: Розыбакиев, Б.Назым, №6, Б.Момышұлы 2 учаскеден бар); 1-уі спорт мектебінде (Алтыүй ауылы); 1-уі өнер мектебінде 2-уі колледждерде; 6-уы мәдениет үйінде (Еңбекші, Үшарал, Көктал — 2 сайлау учаскесі, Қоңырөлең, аудандық мәдениет үйі); 3-уі әртүрлі мекемелерде (Су құбыры, орман шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі); 1-уі ауруханада; 8-і әскери бөлімдерде орналасқан.
Мен аудан халқының өз тағдырына тікелей әсері бар саяси науқаннан қалыс қалмайтынына сенемін. Конституцияның 33-бабына 56 өзгеріс енгізу тәуелсіз ел тарихындағы елеулі кезең. Бұған дейін халық депутаттардың санының көп, сапасының нашарлығына көп шағым айтатын. Жаңа өзгерістер бұл оқылықтардың да орнын толтырмақ.
Жаңадан енгізілгелі отырған Конститу­ция­лық Соттың құрылуы, оның жаңа тәртіппен жасақталуы азаматтық қоғам институттарының алғышарттары деуге болады.
Парламенттің рөлін күшейту, Президенттік билікті азайту халықтың әу бастан айтып жүрген арыз-арманы еді. Конституциялық өзгерістердің нәтижесінде биліктің заң шығарушы тармағының өзгергені, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесінің артқаны көпшілік көңіліне үміт ұялатады. Өзгеріс пен оның нәтижесінің бәрі – уақыт еншісінде. Бұл жерде халықтың саяси белсенділігі маңызды. «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген бекер айтылмаған нақыл. Халық саяси сауаттанған сайын оның талап-тілегі де жүзеге асып, тұрмыс тіршілігі көтеріледі. Ендеше, қарапайым азаматтар Конституциялық өзгерістерге қатысты өз мүмкіндігін жіберіп алмауға тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет. Ісіңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Ш.Рақымқызы

ОСОБЕННОСТИ НАЗНАЧЕНИЯ НАКАЗАНИЯ НЕСОВЕРШЕННОЛЕТНИМ

ЮВЕНАЛЬНОЕ ПРАВОСУДИЕ ЯВЛЯЕТСЯ САМОЙ, ПОЖАЛУЙ, ЧУВСТВИТЕЛЬНОЙ СФЕРОЙ СУДЕБНОЙ СИСТЕМЫ,...

КТО ЗАЩИЩАЕТ МАЛЫЙ И СРЕДНИЙ БИЗНЕС В КАЗАХСТАНЕ?

Сфера государственных закупок в Казахстане давно стала ассоциироваться с...