Марат ОСПАНОВ, Ақмола облысы әкімдігі жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы: «БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БЕЛІН ЕШКІМ СЫНДЫРМАС»

Төтенше жағдай кезінде ел бірлігі ерекше маңызды. Күз де келді. Ендеше елдің қысқа дайындығы қандай, су тасқынымен күрестегі қазіргі нақты жағдайды білу үшін Ақмола облысы әкімдігі жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Марат Оспановпен сұхбаттасқан едік.

– Жалпы, су басқан аймақтардан қанша адам құтқарылды? Олардың бүгінгі хал-ахуалы жайлы баяндап берсеңіз.

– Иә, дұрыс айтасыз. Ақмола облысында су тасқыны кезеңі әлі де болса қауырт күйде жалғасып жатыр. Далалы жерлерден еріген қар суларының толассыз ағып келуінен тасқын су деңгейі көтеріліп жатқан аумақтардың қатары күн санап артып келеді. Су басқан елді мекендерде қауіптің бетін қайтару үшін жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметінің жеке құрамының сарбаздары күн-түн демей, дамыл таппай арпалысып жатыр. Оның ішінде баспаналарын су басып қалған адамдарды эвакуациялау шараларына баса назар аударылған. Су тасқыны басталғалы бері облыс аумағында баспаналарын қарғын су басып қалған 687 адам құтқарылды. Бүгінге дейін қауіпсіз жерлерге көшірілген 526 адам өз үйлеріне қайтып оралды. Қалған 161 адам уақытша туыс-туғандарының үйін паналап отыр. Қазір су басқан аймақтарда еріген қар суларын сору жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр.

– Жалпы өңірдегі қазіргі жағдай туралы айтып өтсеңіз. Өңірдің аудандарындағы жағдай қаншалықты қауіпті? Су тасқынының алдын алу, қауіптің бетін қайтару мүмкін болып жатыр ма?

– Қазіргі уақытта облыстың 5 аймағында, атап айтқанда Степногор, Біржан сал, Ақкөл, Ерейментау және Егіндікөл аудандарында жағдай біршама тұрақталып, тасқын қаупінің шырқау шегінен өтті. Бұл, әрине, жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметкерлерінің жанкешті еңбегінің арқасында ғана мүмкін болды. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында облыстың аса зор қауіп төніп тұрған 25 елді мекенінде 2 мыңнан астам үйді тасқын судың астында қалдырмай дер кезінде құтқарғанын атап өткен жөн. Аталған аймақтарда 5 мыңнан астам халық тұрады. – Қарғын судың адаммен қатар, малға да оңай соқпай жатқанын байқап жатырмыз. Су тасқынынан мал басын аман сақтап қалу қаншалықты мүмкін болып жатыр? – Иә, расында да тасқын су елдің батыс облыстары мен Қостанай облыстарында мал басының аса ірі көлемде шығыны болды. Жағдай аса қауырт болғанымен, өңір құтқарушылары адаммен қатар мал басын да аман алып қалуға барынша назар аударып жатыр. Су тасқыны басталғалы бері ғана өңірде 18 мыңнан астам мал эвакуацияланып, өліп қалмас үшін қауіпсіз жерлерге көшірілді. Сондай-ақ, төтенше жағдай қызметкерлерінің күшімен арықтар мен өзендерде арқыраған ағыспен кетіп қала жаздаған үйірлі жылқылар, түйелер мен ұсақ қой-ешкілер құтқарылды. Бұл да болса ел басына күн туған қиын кезде жауапты мамандар мен құтқарушылардың, сол сияқты жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп ынтымақтаса жұмыс істегенінің көрінісі деуге толық негіз бар.

– Өңірде су тасқыны қаупі аса күрделі болып тұрған аймақтарды атап өтсеңіз. Қарғын су қатерінің жоғарылауына қандай факторлар әсер етіп тұр?

– Барлық күштік құрылымдар, төтенше жағдай қызметі, полиция, жергілікті атқарушы органдар, ерікті азаматтар бірлесіп барынша әрекет етіп жатқанымен, жалпы өңірдегі жағдай тұрақты түрде күрделі болып тұр. Әсіресе, Есіл, Жарқайың және Шортанды аудандарындағы жағдай қазір қауырт әрі аса өткір болып тұр. Су деңгейі еріген қар суларынан көбейіп, арнасынан асып бара жатқан Жабай және Колутон өзендеріндегі су ағысының қозғалысы Атбасар, Сандықтау және Астрахан аудандарына аса жоғары қауіп төндіруде.

– Өзен жағалауларындағы ауылдарды су шайып кетуден қорғауға мүмкіндік бар ма?

– Әрине, бірінші кезекте қауіптің бетін қайтару үшін бөгендер тұрғызуға барынша назар аударылды. Су тасқыны қаупі төнген аймақтағы елді мекендерде жалпы ұзындығы 32 шақырым болатын жаңадан бөген тұрғызылды. Сонымен қатар арықтар мен өзендердің, жасанды каналдардың бойындағы нысандарды құтқару мақсатында су қоймаларының 18 шақырымнан астам жағалауларына топырақ үйінділері нығайтылып, құм салынған қапшықтармен тығыздалды. Жалпы, облыс бойынша су тасқынымен күреске 2,5 мыңнан астам адам, 1 мыңнан астам техника, сондай-ақ мотопомпалар мен жүзу құралдары жұмылдырылған.

– Өзге аймақтардан су тасқынының алдын алуға көмек болды ма?

– Төтенше жағдайлар, Қорғаныс және Ішкі істер министрліктерімен өзара әрекеттесудің арқасында облыста су тасқынына қарсы шараларды күшейту үшін өзге аймақтардан қосымша күш пен құралдар жеткізіліп жатқаны рас. Мәселен Астана маңы айналасындағы елді мекендердің, сол сияқты Атбасар қаласында, басқа да су тасқыны ерекше қауіп төндірген жерлерде Астана, Жамбыл, Қарағанды облысынан келген құтқарушылар мен сарбаздар еңбек етуде. Су тасқынымен күресте төтенше жағдайлар министрлігінің еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны болып табылатын – Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғаныс академиясының курсанттары мен офицерлері өте белсенді көмек көрсетіп жатқанын атап өткен жөн.

– Аймақта су тасқынымен күресте ерікті азаматтар қаншалықты көмек беріп жатыр?

– Тасқын судың алдын алуда аймақта жергілікті волонтерлік қозғалыстар мен ресурстардың шет қалмай, тіпті барынша белсене әрекет етіп жатқанын айта кету керек. Олар өңірдің әр аймағында тасқын судан зардап шеккен отбасыларға қол ұшын тигізіп жатыр. Атап айтқанда, су басқан үйлердің иелеріне еріктілер мұрындық болып жылы киім-кешек, азық-түлік, төсек-орындарын апарып жатыр. Жалпы саны 385 волонтер қазір белсене еңбек етуде. Сондай-ақ, тұрғындар да құтқарушылар мен төтенше жағдайлар қызметкерлеріне құм салынған қапшықтарды толтырып, бөгендерге орналастыруға барынша көмегін тигізуде. Ел басына күн туған мұндай аса ауыр кезеңдер бірлігіміз бен ынтымағымыздың сыналар шағы. Сондықтан барша жерлестерімізден сабырлық сақтап апаттан еліміздің барынша төмен шығынмен аман-есен өтуі үшін қолдарынан келгенше көмек беруге шақырамын.

– Әңгімеңізге рақмет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ

«Ұлттық рухты ұлықтаған турнир: «ENU BARYSY – 2026» жеңімпаздары анықталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 30 жылдық мерейтойына...

Турнир, прославляющий национальный дух: определены победители «ENU BARYSY – 2026»

В Евразийском национальном университете имени Л. Н. Гумилева состоялся...

В Алматы стартовал проект «Социальная мастерская»

В Алматы стартовал социальный проект «Социальная мастерская», направленный на...

Алматыда «Әлеуметтік шеберхана» жобасы басталды

Алматы қаласында әлеуметтік осал санаттағы жасөспірімдер мен жастарды қолдауға...