Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Әлеуметтік бейімделу, инклюзивті білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, қолжетімді инфрақұрылымды қалыптастыру, оңалту қызметтерін кеңейту секілді негізгі бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Сонымен қатар, медициналық-әлеуметтік сараптаманың ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрландыру және қашықтықтан куәландыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр.Осы және өзге де мәселелер туралы Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, облыстық медициналық-әлеуметтік сараптама саласының басшысы Марат Архаровпен сұхбаттасқан едік.
– Марат Аманғалиұлы, Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында қандай нақты жобалар жүзеге асырылуда? Бұл бастамалардың нәтижесі қандай?
– Бүгінде Түркістан облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл жобалар олардың әлеуметтік бейімделуіне, тұрмыс жағдайын жақсартуға және еңбек нарығына қосылуына мүмкіндік береді.
Алдымен, инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше мән берілуде. Мектептерде мүгедектігі бар балаларға арнайы сыныптар ашылып, оларды жалпы білім беру процесіне барынша бейімдеу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, педагогтардың біліктілігін арттыру, заманауи оқу құралдарымен жабдықтау және арнайы әдістемелерді енгізу арқылы білім алуға тең қолжетімділік қамтамасыз етілуде.
Кәсіпкерлікке қолдау көрсету де маңызды бағыттардың бірі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар қарастырылып, олардың өз ісін бастауына немесе кәсібін кеңейтуіне жол ашылуда. Бұл бастама мүгедектігі бар адамдарды экономикалық тұрғыдан белсенді топқа қосып, олардың өзін-өзі қамтамасыз етуіне ықпал етеді.
Қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Облыстағы қоғамдық орындар, әлеуметтік және мемлекеттік мекемелер, көлік инфрақұрылымы мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болуы үшін бейімделуде. Атап айтқанда, пандустар орнату, арнайы көліктермен қамту, ғимараттарға кіру мүмкіндіктерін арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынған.
Оңалту және сауықтыру қызметтері де кеңейтілуде. Азаматтарды қажетті техникалық құралдармен (арба, тифлотехникалық және сурдотехникалық жабдықтар) қамтамасыз ету, шипажай-санаторийлерге жолдама беру, медициналық-әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді.
Жалпы, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасалып, олардың әлеуметтік тұрғыдан бейімделуіне мүмкіндік артуда. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.
– Мүгедектердің күнделікті өмірінде кездесетін негізгі кедергілер қандай және оларды жою үшін қандай шаралар қолға алынуда?
– Қоғамның әрбір мүшесі үшін тең мүмкіндіктер жасау – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Дегенмен, мүгедектігі бар азаматтар күнделікті өмірде әлі де көптеген қиындықтарға тап болуда. Бұл мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Алдымен, инфрақұрылымдық қолжетімділік мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Өкінішке қарай, кейбір ғимараттар мен қоғамдық орындарда пандустардың болмауы немесе олардың стандартқа сай келмеуі, арнайы лифтілер мен көтергіш құрылғылардың жетіспеушілігі мүгедектігі бар адамдардың еркін қозғалысына кедергі келтіреді. Бұл мәселені шешу мақсатында әлеуметтік және мемлекеттік мекемелердің инфрақұрылымын мүгедектігі бар азаматтарға бейімдеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әкімдіктер мен жергілікті басқару органдары нысандардың қолжетімділігін арттыру бағытында кешенді шаралар қабылдауда.
Екінші өзекті мәселе – қоғамдық көліктердің қолжетімділігі. Түркістан облысында инклюзивті автобустардың үлесі әлі де төмен. Көп жағдайда мүгедектігі бар адамдар қоғамдық көлікке өздігінен міне алмайды немесе арнайы орындардың жеткіліксіздігінен қиындыққа тап болады. Бұл бағытта соңғы жылдары облыстағы қоғамдық көлік паркін жаңарту жұмыстары қолға алынып, арнайы жабдықталған автобустар саны арттырылуда. Сонымен қатар, жүргізушілер мен кондукторларды инклюзивті қызмет көрсету мәдениетіне үйрету жұмыстары да жүргізілуде.
Үшінші маңызды кедергі – еңбек нарығына бейімделу және жұмысқа орналасу қиындықтары. Көптеген мүгедектігі бар азаматтар білікті маман бола тұра, жұмыс табуда кедергілерге тап келеді. Мұның негізгі себептері – инклюзивті жұмыс орындарының тапшылығы, жұмыс берушілердің мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеуге дайын болмауы және қоғамдағы әлеуметтік стереотиптер. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тарапынан квоталық жүйе енгізіліп, жұмыс берушілерге мүгедектігі бар азаматтарды еңбекке тарту бойынша нақты талаптар қойылуда. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіби оқыту, қайта даярлау, кәсіпкерлікпен айналысуға гранттар бөлу шаралары жүзеге асырылуда.
Жалпы, бұл кедергілерді жою – ұзақ мерзімді әрі кешенді тәсілді талап ететін процесс. Дегенмен, мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың арқасында мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
– Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қандай тетіктер енгізілді? Қандай реформалар қажет деп есептейсіз?
– Медициналық-әлеуметтік сараптама – мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау мен әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Сондықтан бұл процестің әділ, ашық және қолжетімді болуы – басты міндет. Қазіргі таңда халықтың осы жүйеге деген сенімін арттыру мақсатында бірқатар маңызды шаралар қолға алынып жатыр.
Біріншіден, электрондық кезек жүйесін енгізу қарастырылуда. Бұл азаматтарға медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту кезінде қағазбастылықты азайтып, процесті барынша жедел әрі ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Цифрландыру арқылы бюрократиялық кедергілер азайып, қызмет көрсету сапасы артады.
Екіншіден, мүгедектікті анықтау рәсімдерін жеңілдету бағытында заңнамалық өзгерістер жасалып жатыр. Бұрын азаматтар медициналық тексерістен өту үшін бірнеше инстанцияға жүгінуге мәжбүр болса, енді бұл процесс кезең-кезеңімен оңтайландырылып, азаматтардың артық әуре-сарсаңға түспеуіне жағдай жасалуда. Мүгедектік анықтау кезінде талап етілетін құжаттардың санын азайту және процесті цифрландыру жұмыстары да жүргізіліп келеді.
Үшіншіден, сарапшылардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Медициналық-әлеуметтік сараптама мамандары халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, үздіксіз оқыту және қайта даярлау курстарынан өтеді. Бұл олардың жұмыс сапасын жақсартуға, заманауи әдістерді қолдануға және азаматтарға әділ шешім шығаруға ықпал етеді.
Төртіншіден, жемқорлыққа қарсы іс-шаралар күшейтілді. Мүгедектік алу немесе ұзарту барысында заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында бақылау жүйесі жетілдіріліп, сарапшылар қызметінің ашықтығы артып келеді. Бұл бағытта қоғамдық мониторинг енгізіліп, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыстар жүргізіледі.
Бүгінгі таңда жүйені толық жетілдіру үшін бірнеше маңызды реформаларды жүзеге асыру қажет деп есептейміз. Толық цифрландыру және қашықтықтан сараптама жүргізу мүмкіндігі енгізілген. Бұл азаматтарға ыңғайлы болу үшін медициналық құжаттарды онлайн тапсыруға және кейбір сараптамаларды қашықтан жүргізуге мүмкіндік береді. Медициналық-әлеуметтік сараптама қызметінің тәуелсіздігін арттыру қажет. Сарапшылар шешім қабылдау процесін әділ әрі бейтарап ету үшін мүгедектікті анықтаудың тәуелсіз сарапшылық институтын енгізу маңызды. Қоғамдық бақылау тетіктерін күшейткен жөн. Азаматтық қоғам өкілдері мен мүгедектігі бар адамдардың ұйымдары процесті бақылап, оның ашықтығын қамтамасыз ететін механизмдер құрылуы қажет.
Жалпы, медициналық-әлеуметтік сараптаманың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы өзгерістер жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта аталған реформалар толыққанды іске асқан жағдайда, бұл саладағы қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейге көтеріледі деп сенеміз.
– Әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыруда қандай түйткілді мәселелер бар? Бұл бағытта қандай шешімдер ұсынылып отыр?
– Әлеуметтік қызмет көрсету – мемлекеттің халық алдындағы ең маңызды міндеттерінің бірі. Бұл сала, әсіресе, халықтың әлжуаз топтарына – мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, егде жастағы адамдарға, көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік қолдауды қажет ететін өзге де санаттарға тікелей әсер етеді. Дегенмен, бүгінгі таңда әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін шешілуі тиіс бірқатар түйткілді мәселелер бар.
Бірінші мәселе – кадр тапшылығы. Әлеуметтік қызметкерлердің саны жеткіліксіз, ал бар мамандардың жүктемесі тым жоғары. Бұл, өз кезегінде, көрсетілетін қызмет сапасына әсер етеді. Қазіргі уақытта осы мәселені шешу мақсатында әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен арттыру, бұл салаға білікті мамандарды тарту, олардың мәртебесін көтеру бағытында нақты шаралар қолға алынуда.
Екінші түйткіл – әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру қажеттілігі. Әлеуметтік салада жұмыс істейтін мамандардың кәсіби деңгейі заман талабына сай болуы шарт. Қызметкерлердің жаңа технологияларды меңгеруі, халықаралық тәжірибеге сүйенуі, ерекше күтімді қажет ететін адамдармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруі – басты талап. Осы орайда, оқыту бағдарламалары күшейтіліп, тұрақты түрде біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылуда.
Үшінші мәселе – қызмет көрсету стандарттарының жетілдірілуі. Әлеуметтік қызметтің сапасын арттыру үшін халықаралық озық тәжірибелер енгізілуде. Атап айтқанда, Әзірбайжан тәжірибесіне сүйене отырып, сырттай-проактивті куәландыру жүйесін енгізу қарастырылуда. Бұл жоба әлеуметтік қызметтерді алу процесін оңтайландырып, азаматтардың артық құжат жинап, мекемелерге баруын барынша азайтуды көздейді.
Әлеуметтік қызметкерлер санын арттыру және олардың еңбек жағдайын жақсарту – бұл салаға жастарды тарту және мамандарды тұрақты оқыту арқылы жүзеге асады. Кадрлардың біліктілігін арттыру және әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби даярлығын күшейту – озық әдістерді енгізу, халықаралық тәжірибелерді пайдалану арқылы жоғары сапалы қызмет көрсетілуіне жол ашылады. Цифрландыру және проактивті қызмет көрсету механизмдерін енгізу – бұл әлеуметтік көмекті қажет ететін азаматтарға ыңғайлы әрі жылдам қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Жалпы, әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту – уақыт талабы. Сондықтан аталған мәселелерді кешенді түрде шешу бағытындағы жұмыстар жалғасады және бұл саладағы реформалар халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болады.
– Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың қоғамға толыққанды араласуын қамтамасыз ету үшін қандай нақты қадамдар жасалып жатыр?
– Мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы орта қалыптастыру бағытында «ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ!» атты «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, 2023-2027 жылдар аралығында Түркістан облысында 3 550 әлеуметтік және қоғамдық нысанды бейімдеу жоспарланған. Бұл жұмыстар қоғамдық көліктерді, мемлекеттік мекемелерді, денсаулық сақтау және білім беру орындарын, сауда және қызмет көрсету нысандарын мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді етуге бағытталған.
Осыған орай, «Қолжетімділіктің интерактивтік картасы» ақпараттық жүйесі құрылып, бейімдеу жұмыстарының мониторингі жүргізілуде. 2023 жылы 607 нысан, ал 2024 жылдың соңына дейін 667 нысан толық бейімдеуден өтті, бұл жоспардың толық орындалғанын көрсетеді. 2025 жылы тағы 83 нысанды бейімдеу көзделген.
Мүгедектігі бар азаматтардың қоғамға толыққанды араласуы үшін Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту, құқықтық қорғанысты күшейту және экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту бағытында жүйелі шаралар атқарылуда. Бұл бастамалар олардың өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, толыққанды әлеуметтік теңдік қағидаларын қалыптастыруға ықпал етеді.
– Мемлекеттік мекемелерде мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін қандай шаралар қолға алынып жатыр?
– Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында 2024 жылы 210 тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде: 26 профилактикалық бақылау, 50 жоспардан тыс тексеру. Облыстық, қала және аудан прокуратураларының ұсынысы негізінде 134 нысанды тексеру қамтылды.
Бұл тексерулер барысында қызмет көрсету сапасына қатысты бірқатар кемшіліктер анықталып, оларды жою бойынша 65 ұйғарым берілді. Сондай-ақ, стандарттарға сәйкес келмеген 170 нысанға 36 236,9 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
2025 жылдың І жартыжылдығында 17 мемлекеттік мекемеде профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланған. Бүгінгі таңда бұл жұмыстардың алғашқы кезеңінде 2 мемлекеттік мекемеде тексерулер жүргізілді.
Мүгедектігі бар азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту – тек инфрақұрылымды жетілдірумен шектелмейтін ауқымды міндет. Бұл бағытта қызмет көрсету стандарттарын жетілдіру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қоғамдық бақылау механизмдерін күшейту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылдары да бұл саладағы реформалар жалғасып, мүгедектігі бар азаматтар үшін барынша қолайлы жағдай жасалатын болады.
– Алдағы уақытта әлеуметтік қорғау саласында қандай түбегейлі өзгерістер күтілуде?
– Алдағы уақытта әлеуметтік қорғау жүйесінде бірқатар түбегейлі реформалар жүзеге асырылуы жоспарлануда. Қазіргі таңда мүгедектікті анықтау рәсімін оңайлату және оның ашықтығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағытта цифрлық форматқа көшу кезең- кезеңімен іске асырылуда. Осыған орай мүгедектікті анықтау кезінде құжат айналымын азайтып, проактивті қызмет көрсету жүйесі енгізілуде
Қашықтықтан куәландыру жүйесі денсаулық жағдайына байланысты қозғалысы шектеулі азаматтар үшін медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту тәртібін жеңілдетеді. Қоғамдық бақылауды күшейтіп, мүгедектікті анықтау кезінде әлеуметтік қорғау ұйымдары мен тәуелсіз сарапшылардың қатысуын қамтамасыз ету — әділдік пен ашықтықты арттырады.
Жеке оңалту бағдарламаларын кеңейтіп, мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін оңалту шараларының қолжетімділігін арттырған жөн. Оңалту орталықтарының санын көбейтіп, қызмет көрсету ауқымын кеңейту маңызды. Техникалық оңалту құралдарымен (протездер, арнайы арбалар, есту аппараттары және т.б.) қамтамасыз ету қажет. Мүгедектігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту әдістерін енгізу арқылы оларды күнделікті өмірге бейімдеу мүмкіндіктерін кеңейту жоспарланып отыр.
Мүгедектігі бар азаматтарды қоғам өміріне белсенді араластыру керек. Бұл мақсатта инклюзивті білім беру жүйесін дамыту арқылы мүгедектігі бар балалар мен жастардың сапалы білім алуына жол ашылады. Еңбек нарығында мүмкіндіктерді кеңейтіп, кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерді ынталандыру, мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруды жеңілдету, арнайы жұмыс орындарын ашу керек. Қоғамдық сананы өзгерту үшін ақпараттық-ағартушылық науқандар жүргізу, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау мен олардың қоғамдағы рөлін нығайту маңызды.
Әлеуметтік қорғау саласындағы бұл реформалар мүгедектігі бар азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасап, олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Басты мақсат – әлеуметтік әділеттілікті орнатып, тең мүмкіндіктер жасау. Сондықтан алдағы өзгерістер тек әлеуметтік саясаттың дамуына ғана емес, жалпы қоғамның инклюзивтілігі мен дамуына да ықпал етеді.
Сұхбаттасқан – Серік ЖҰМАБАЕВ.