– Президент жолдауларының жолбасшымызға айналып келе жатқаны рас. Жыл сайын халыққа ұсынылатын стратегиялық маңызды құжатта ел дамуына серпін берер, елдік мәселелерді шешуге ықпал етер тапсырмалар беріліп, бағыт-бағдар көрсетілетіні белгілі. Ал осы тапсырмалардың орындалуы қалай?
– Кез келген жолдаудың өзіндік салмағы, маңызы бар. Президент жолдауларында әр жылы қоғамды алға жылжытуға бағыт беретін жаңа бастамалар көтеріліп, қай салаға басымдық берілетіні айқындалады. Мәселен былтырғы жолдау «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деген тақырыппен таныстырылып, басты назар экономиканы жандандыру, өндірісті дамыту, отандық кәсіпкерлерді қолдау, әрі осы басымдықтардың бәрін әділдікке сүйене отырып қолға алу мақсат етілді.
Жолдауда Қазақстанның жалпы ішкі өнімін арттыру межеленген болатын. Осы ретте Президентіміз құзырлы органдарға кемі 6-7 пайыз өсім болуы керек деген тапсырма бергені есте. Шындығында, биыл осы көрсеткішке жету өте қиын. Дегенмен мәселені бұлай төтесінен қою арқылы Мемлекет басшысы құзырлы орындардың жұмысын ширатып, елдің тұрмыс-тіршілігін көпке созбай жандандыру мақсатын көздегені шындық.
Сондай-ақ құжатта өндірісті дамыту, өндірісі дамыған елдердің қатарына қосылуға бағытталған тапсырмалар да көтерілген. Отандық өндірістің өрістемей отырғаны – жылдар бойы айтылып, жазылып келе жатқан үлкен мәселе. Сондықтан бұл мәселенің жолдауда көрініс табуы орынды, ретті. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі, жедел қолға алынуы керек еді. Соған орай Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевпен кездесуде «экономиканың қай саласында нақты өндірісті дамыту көзделген? Қай салаларды сыртқы импорттан қорғауымыз керек?» деген сауалдарымды қойдым. Министр мұндай тізімнің әлі жасалмағанын, өндірістің қай саласына басымдық беру жағы айқындалмағанын айтты. Білдей бір министрлік үшін бұл үлкен сын. Ал Президент тапсырмасы сапалы орындалуы үшін өндірістің нақты қай саласын дамыту керектігі, оның толық кескіндемесі белгілі болуы керек еді. Ондай жоспарсыз жақсы нәтиже күту орынсыз.
– Елімізде жасыл экномиканы қалыптастыру, туризм саласын дамыту да аса өзекті. Жолдауда осы мәселелерді жолға қою міндеттелген еді. Берілген тапсырмалардың орындалуы қалай?
– Соңғы жылдары біздің ғана емес, әлемнің «жасыл» экономикаға басымдық беріп жатқаны аңғарылады. «Жасыл» экономика түптеп келгенде қоршаған ортаға зиян келтірмей, энергия өндірудің жолы саналады. Бұл жолда мемлекеттің жеткен жетістігі аз емес. Соның арқасында келешекте Қазақстанда энергия тапшылығы болмауға тиіс. Президент жолдауынан кейін жасыл энергия көздерін дамыту бойынша Араб елдерінен, Германиядан инвестиция тартылып жатқанынан құлағдар болып жатырмыз. Бұл туралы жобалардың енді қолға алынып жатқандығын айтып өтуіміз керек. Бүгін қолға алынған іс-шаралардың ертең оң нәтижесін көреміз деп үміттенеміз.
Туризм де ел экономикасын дамытудың күретамыры. Тек туризмнің көмегімен табысын еселеп, елін әлемге танытып, халқының жайлы өмір сүруіне жағдай жасап отырған мемлекеттер бар. Табиғаты көркем Қазақстанның да тек табиғи байлыққа иек арта бермей, туризм арқылы теңгесін көбейтуге қадам жасап жатқаны құптарлық. Дегенмен, бұл бағыт бойынша елімізде нақты не істелініп жатыр деген сұрақ туындайды. Бұл жерде сөзден гөрі, нақты іс керек. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (СЖжРА) 2029 жылға дейінгі дамуды қамтыған бағдарлама дайындағаны белгілі. Бірақ бұл бағдарламада көңіл толмайтын тұстар баршылық. Себебі ұлттық экономикамыздың моделі жасақталмаған, қай бағытта жұмыс жасау керектігі де нақтыланбаған. Мұндай шала жоспарлар жолдаудағы тапсырмалардың сапалы атқарылуына салқынын тигізбей қоймайды.
– Экономист маман ретінде алдағы уақытта қандай мәселелерге назар аудару керек деп ойлайсыз?
– Былтырғы жолдауда агроөнеркәсіп, логистика мәселелері көтеріліп, Қазақстанның IT HAB ретіндегі функциясын атқару керектігі атап өтілді. Бұл өте өзекті және маңызды саланың бірі. Осыған орай транспорт және логистика министрлігі жұмыс жасай бастады. Себебі қазіргі таңда Қытаймен сауда айтарлықтай дамуда. Әрі бұл алдағы уақытта жандандыра беруді қажет ететін салалардың бірі.
Сондай-ақ Су және иррегация министрлігі құрылып, Орта Азияда болашақта өте үлкен көлемде су тапшылығы болатындығын болжады. Су мұздықтары қазір қатты еріп жатыр, келер ұрпақ тіпті осы мұздықтарды көрмеуі мүмкін. Мұның соңы су тапшылығын тудырары талассыз. Осыған орай арнайы министрліктің құрылғандығы өте дұрыс. Дегенмен, осы тұста өз көзқарасымды айта кетсем, бізде министрлік өте көп, олардың санын қысқарту керек деп ойлаймын. Өйткені қандай да бір мәселе туындай қалса, жеке бір министрлік құру әдетке айналып бара жатқан тәрізді. Сондықтан министрліктерді қысқартып, біріктіретіндерін біріктіріп, оптимизация жасап, үлкен тиімділікпен жұмыс жасау керек деген пікірдемін.
Келесі мәселе банктерге қатысты. Онда тұтынушылық несиенің көптігі, соның ішінде шағын және орта бизнестен гөрі, жеке адамдарды қаржыландыру басым болып тұрғаны рас. Бұған енді Ұлттық банк қойып отырған пайыздық мөлшерлеменің көптігі де әсер етіп жатыр. Соның әсерінен екінші дәрежелі банктер «Репо операцияларын» жүргізу арқылы көптеген пайда таба бастаған. Олар жеке тұлғалармен жұмыс жасағанның ұтымды тұстарын тапқан, ал бұл бизнестің кейбір тұста құлдырауына алып келді. Соған орай Президент осы банктердің бизнесті дамытуға деген ынтасын тудыру үшін тауып отырған табыстарына салық салу керек дегенді айтқан болатын. Бірақ ол қазіргі таңда жүзеге асып тұрған жоқ. Меніңше алдағы уақытта бұл мәселе толық шешімін табуы тиіс.
– Былтырғы жолдауда көтерілген басымдықтың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Оның орындалуы халықтың көңілінен шықты ма?
– Расында былтырғы жолдаудағы осы жобаға байланысты халықтың пікірі оң. «Ұлттық қор – балаларға» жобасына орай былтырғы жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалардың әрқайсысына жеке шот ашылып, оған 100 доллардан ақша түскен болатын. Әр отбасына, әр балаға үміт сыйлаған жоба бұл. Сондықтан, көпшілікке үміт сыйлаған, ертеңгі күнге деген сенімін еселеген бұл жоба өміршең болса дейміз. Ендігі жерде Ұлттық қордың инвестициялық кірісін арттыру арқылы, балаларға түсетін қаржының көлемін ұлғайту керек. Айталық шетелден қайтарылған активтердің көбін Ұлттық қорға аударсақ орынды болар еді. Сонда біз Ұлттық қордың көлемін де еселейміз, тиісінше балаларға аударылатын ақшаның да көлемін ұлғайтатын едік.
— Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге рақмет!
Түймегүл Ибашева,
«Заң газеті»


