Талай адам балалық шағында полиция қызметкері болуды армандайды. Өйткені олардың әділдік пен адалдық, батылдық пен қайсарлық астасып жататын болмыстары, сымдай тартылған сымбаттары, ерекше кәсіби формалары талайларды тамсандырып жатады. Дегенмен сырттай көпшілік қызыға қарайтын полиция қызметкерлерінің жұмысы оңай емес.
Қызығынан қиындығы мол маман иесі болу үшін батырлық, біліктілік, білім мен икем ғана емес халқына адал қызмет ету патриоттығы, спортқа бейімділігі, өз қызметін адал атқару үшін жанкештілікке де бару керек.
Өйткені мамандығы одан соны талап етеді.
Соның ішінде патрульдік полиция қызметкерлерінің көтерер жүгі ауыр. Олар қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күрес, жол қозғалысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен қатар жолда кездесетін қылмыстық озбырлықтардан азаматтарды қорғауға да атсалысады. Сондай сегіз қырлы, бір сырлы жандардың бірі Алматы облыстық Полиция Департаментінің Талғар ауданы бойынша Полиция басқармасы, Патрульдык полиция ротасының қызмет инспекторы, аға лейтенант Кузенбаев Калмуhаммед Бекжанұлы.

Қазіргі таңда патрульдік полиция қызметкерлеріне артылып отырған міндеттің жүгі тіптен ауыр. Жолдағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, әмбебап маман иесі атану оңай емес.
Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығыпа жүрген Калмуhаммед Бекжанұлы 2023 жылы Бауыржан Момышұлы атындағы “Батыр Шапағаты” медалінің иегері атанса
2025 жылы «Алтын адам» номинациясымен марапатталған. Қызмет жолын адал атқарып келе жатқан маман, бейбіт күннің батыры деуге лайық қызмет етіп келеді. Алайда ол өзі туралы айтуды ұната бермейді. Өз әрекетін ол Отанға адал қызмет ету мамандығының міндеті деп санайды. Дегенмен мұндай мамандық иелерінің қадірі қашып, балалардың барлығы блогер мен әнші болуға ұмтылған кезеңде олардың жанкешті еңбегі мен қызметке адалдығын атап көрсетіп отыру уақыт талабы болып отыр. Әсіресе биылғы жұмысшы мамандықтар жылында Патрульдік полиция қызметкерлерінің мамандығы туралы көбірек айту қажет!
Қазақстан полициясы еліміздің қоғамдық қауіпсіздігінің, тәртіпті қамтамасыз ету мен сақтаудың, азаматтардың еркіндігі мен конституциялық құқықтарын қорғаудың, қылмысқа қатаң талап қоюмен қатар қабілеттілігі мықты мемлекеттік жүйе деп айтуға болады. Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық, бейбіт өмір, әр адамның қауіпсіздігінің қамтамсыз етілуі ең алдымен патрульдік полиция қызметкерлерінің арқасы! Сондықтан еліміздегі ерекше мамандық иелерінің маңызы ерекше зор деп айта аламыз! Қоғамның кез келген мүшесі бір адамның өмірін сақтап қалса оны арнайы марапаттап, ерекше құрмет көрсетіп жатады. Ал полиция қызметкерінің ол кәсіби міндеті, қарапайым қатардағы атқарар шаруасы саналады. Сондықтан қазақстандық полицияны қалыптастыруға жан аямай күш салғандар мен оның қатарында қызмет етушілерге мың алғыс! Калмуhаммед Бекжанұлы сынды мамандардың қатары арта бергей…