12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

МАҚСАТСЫЗ ЖҰМСАЛҒАН МИЛЛИАРДТАР

Ұлттық қор бүгінде мемлекеттік органдардың сауын сиырына айналғандай. Олар жас ұрпақтың болашағына, қиын-қыстау кезге деп жинақталған қаржыны түкке тұрмайтын шараларға беруге құштар екен. Өткен жылға арналған республикалық бюджет қаражатынан 427,5 млрд теңгенің мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болып отыр. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда үш есеге көп.

Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасының 2019 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы есебін тыңдау барысында айтылған әңгімеге қарағанда, мұның бәрі мемлекеттік органдардың жоспарды дұрыс жасамауының, индикаторларды мақсатқа сай айқындамауының салдары. Осы жайлы сын жыл сайын
айтылса да, жағдай жылдан жылға кері кетіп бара жатыр. Жиында былтырғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қаржы министрі Ерұлан Жұмабаев пен елдің бас есепшісі Наталья Годунованың баяндамасын тыңдаған депутаттар үкімет мүшелерін сұрақтың астына алды. Бұл ретте мақтаулы шенеунік Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовке біраз сын естуге тура келді. Өйткені, аталмыш құзырлы орын Ұлттық қордан университеттерге коворкингтік аймақ құруға бөлінген 663 млн астам қаржыны кері қайтарып, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың 5 мың баласын жоғары оқу орындарында оқыту үшін бөлінген 1 млрд 400 млн теңгенің 44 пайызын ғана игерген. Сондай-ақ, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы
бойынша жұмыссыздар үшін қысқа мерзімді оқыту курстарын ұйымдастыруға және гранттармен қамтамасыз етуге алған 25,6 млрд теңгенің де57,3 пайызын кәдеге жаратыпты. Аймағанбетов мырзаның бұл жағдайларға қатысты жасаған уәжі мардымды болмады. Оның айтуынша, коворкинг орталықтарын жекеменшік қор
мен бизнес есебінен ашуға болады екен. Жыл соңына дейін 5 орталық ашылады. Қалған 25 орталық 2021 жылдың соңына дейін ашылады. Сондықтан, 663 млн теңге бюджетке қайтарылған. «Қайтқан малдың қайыры
бар» дерміз. Бірақ, қаржы тапшылығынан әлеуметтің қаншама мәселесі шешусіз қалды? Неге бюджеттің әр тиыны толыққанды зерделеніп, тек нақты қажеттілікке бөлінбейді? Ұсақ-түйек шаралар үшін Ұлттық қорға қол салуға неге құштармыз? Жиында бұл сауалдарды Палата спикері Нұрлан Нығматулин қойып, министрді біраз сілкілеп алды. Мұндай кемшілік Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Мәдениет және спорт министрліктеріне де тән. Бұл құзырлы органдар да Ұлттық қордан аттай қалап алған ақшасын кері қайтарған. Наталья Годунованың айтуынша, бөлінген қаржының орнын таппауына жоғарыда айтып кеткеніміздей,
дұрыс жоспарламаумен қатар мемлекеттік сатып алу кезінде орынсыз талаптардың қойылуы себеп болып отыр. Өкінішке орай, қанша айтылса да, осы кемшілікті анықтап, сипаттайтын тиісті әдістеме жасалмай
келеді. Жалпы, республикалық бюджеттің кірісі 100,4 пайызға орындалған. Алайда, оған тағы да салықсыз түсімдер есебінен қол жетіпті. Жиында оның қандай көздер екені нақты айтылмады. Былтырғы есеп беру кезінде кірістің денін айыппұл құрағанын мәлімдеген Парламенттегі Коммунистер фракциясының серкесі,
депутат Владислав Косырев биыл пандемияға байланысты жиынға қатыспады. Жиында қосымша баяндама жасаған депутат Аманжан Жамаловтың айтуына қарағанда, төленуге тиіс салықтың жартысына жуығы, яғни 164 млрд теңгесі түспеген. Бұған себеп еліміздегі салықтық жеңілдікті иеленушілердің көптігі екен. Салық кодексі бойынша аз да емес, көп те емес 4,5 трлн теңге көлеміндегі 277 жеңілдік қарастырылған. Бюджетті
Ұлттық қордың трансфертіне тәуелді еткен осы жағдай. Мұның бәрі салықтық әкімшілендірудегі проблемалардың көптігі және тиімді жоспарлаудың жеткіліксіздігінің дәлелі. Мұнай табысы құлдырап отырған сәтте бұл жағдай бюджет тұрақтылығына айтарлықтай әсер етіп, үкіметтің тағы да Ұлттық қор қаржысына қол салуына соқтыруы ғажап емес. Бюджеттің ұлттық қорға тәуелділігінің негізгі себебі, әрине, еліміздегі өңдеу секторының төрт аяғынан тең тұра алмай келе жатқанында. Есеп комитетінің мәліметі бойынша, бұл
саланың экономикадағы үлесі былтыр 11 пайыздан аспапты. Ал, кен өндіру саласының үлесі он төрт пайызға өскен. Яғни, ел экономикасы әлі шикізаттық бағытта ғана дамып отыр. Қыруар қаржыны жұтқан Мемлекеттік индустриалдыинновациялық даму бағдарламасының тиімділігі болмады. Жиында сөз алған Мәжілістегі
Ақжол фракциясының төрағасы, депутат Азат Перуашев мемлекеттік қолдау шараларының пайдасын қашаннан қаржы секторының ғана көретінін, бірақ соған қарамастан, оның өндірістің дамуындағы рөлі
өспей отырғанын қынжыла айтқан еді. Оның мәлімдеуінше, банктердің экономикадағы ссудалық портфелі соңғы төрт жыл ішінде 38 пайыздан 22 пайызға азайып кетіпті. Жиында квазимемлекеттік секторға қатысты да сын айтылды. Экономиканы тығырықтан шығарады деп үміт артқан бұл ұйымдар әлі бюджетке тәуелділіктен арыла алмай отыр. Оларға бөлініп отырған қаржы да тиімді жұмсалмауда. Мысалы, жолаушылар паркін
жаңарту үшін «Бәйтерек» холдингіне бөлінген ақша толық игерілгенімен, есеп комитетінің мәліметі бойынша, бұл соңғы нәтижеге яғни, жолаушылар вагонының жаңаруына қол жеткізбеді. Квазимемлекеттік ұйымдар есепшотындағы ақша жыл соңында 53 млрд теңге болды және оның 25 млрд теңгесі былтырғы жылдани қалған. Соған қарамастан оларға қаржы бөлу жалғасып отыр. Жиында бұл мәселеге қатысты да мардымды уәж естілмеді. Тоқетерін айтқанда, жиында бюджет қаражатына қатысты біраз кемшілік ортаға салынды, сындарлы ұсыныстар да жасалды. Бірақ олардың бәрі әдеттегідей нақты шараға негізделмеген соң сипай қамшылаған әңгімедей әсер етті. Осы ретте шақша басымызға тағы да тым болмаса бір рет бюджет есебі құпталмай, кері қайтарылса, үкімет ширар ма еді деген ой келді. Өкінішке орай, бұл жолы да депутаттардың мұндай шешім қабылдауға батылы бармады. Ендеше он жылдан бері айтылып келе жатқан қаржының тиімсіз игерілгені жайлы әңгімені келер жылы да естіріміз даусыз. Осылай ұзын арқау, кең тұсауға салынып жүргенде арқа сүйеп жүрген Ұлттық қорымыздың түбі көрініп қалмаса болғаны?!
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Президент Тоқаев қалалық сенбілікке қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілікке қатысып, елордадағы "Ұлытау" аллеясында ағаш отырғызды.

Шығыс Қазақстан облысында жер сілкінді

Жерасты дүмпулерін сейсмикалық станциялар желісі 27 сәуірде Астана уақыты бойынша 07:44-те тіркеді.

Қазақстанда балалар қанша жасқа дейін пойыздарда тегін жүре алады?

Жақында жазғы демалыс басталады, жол жүретін қазақстандықтар көбейеді. Балалар қай жасқа дейін пойыздарда тегін жүре алады?

Синоптиктер бірнеше қала тұрғындарына ескерту жасады

Қазгидромет Алматы, Астана және тағы бір қала тұрғындарын қолайсыз метеорологиялық жағдай туралы ескертті.

Абай облысында тағы орман өртеніп жатыр

Бородулиха ауданындағы "Семей Орманы" МОТР филиалының аумағында орман жамылғысы аумағында өрт шыққан. Филиалдың мәліметтері бойынша, бұл аймақ батпақты жетуі қиын жерде орналасқан.