Мақсұт ТЕКЕТАЕВ, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы: «СОТ ЖҮЙЕСI ҮШIН ХАЛЫҚТЫҢ СЕНIМIНЕН АРТЫҚ АБЫРОЙ ЖОҚ»

– Мақсұт Нысанбайұлы, сот саласындағы жаңа реформалардың көпшілігі Президент жолдауларынан бастау алатынын білеміз. Биылғы жолдауда отандық сот жүйесіне қандай міндеттер жүктелді?

– Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауларының ел іргесін бекітіп, ел еңсесін тіктеуде ықпалы орасан. Алдағы кезеңде атқарылар межелерді белгілеп, мемлекеттің кешенді даму бағытын айқындап келе жатқан бұл стратегиялық құжат бүгінгі күнге дейін іргелі өзгерістердің өзегі болып келгені рас. Жолдаудың маңызы қоғамға қозғау салатын тетіктерді дер кезінде айқындап, тапсырма ретінде бекітіп, тəжірибеде қолдануға қол жеткізуінде. Бұған дейінгі жолдаулардың қай-қайсысының да маңызы бөлек. Президент тапсырмасының нəтижесінде отандық сотта озық жаңашылдықтар енгізіліп, көптеген реформалар жүзеге асырылды. Сот жұмысының сапасын жақсарту, сотқа деген сенімді нығайту, судьялар мен сот қызметкерлеріне қатысты талаптарды күшейту бойынша атқарылған іс-шралардың нəтижесі жоғары. Ал жақында таныстырылған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдаудағы сот саласына тікелей қатысты бірнеше міндетті айрықша атап өтуге болады. Оның біріншісі жаңадан құрылған Алатау қаласында инвестициялық сотты қалыптастырумен байланысты. Мұнда ағылшынның жалпы құқық моделіне негізделген инвестициялық сот құру жоспарланып отыр. Арнайы соттың құрылуы жалпы республикадағы инвестициялық дауларды оңтайлы шешу механизмін қалыптастырары анық. Екіншіден, азаматтық заңнаманы жаңарту мəселесі көтерілді. Бұл да заң, құқық алаңында біраздан бері айтылып, жазылып жүрген, көпшілік көкейіндегі мəселе. Сонымен бірге, заң үстемдігі мен құқықтық тəртіпті нығайту, кəсіпкерлер мен инвесторлар мүддесін Конституция негізінде қорғау қажеттігі атап көрсетілген.

– Азаматтық кодекс – еліміздегі ең жиі қолданылатын негізгі заңның бірі. Отыз жыл бойы азаматтық құқықтық қатынастардың заңдық тұрғыда реттелуіне алғышарт болып келген бұл құжатты жаңғырту қандай қажеттіліктен туындады?

– АҚШ-тың тəуелсіздік декларациясын жазған автордың бірі, заңгер Томас Джефферсон: «Заңдар мен институттар адамзат санасының дамуымен бірге ілгерілеуі тиіс» десе, француз философы Шарль Луи Монтескье: «Заңдар қоғамның табиғаты мен қағидаларына сəйкес келуі керек» деп ой қорытқан. Расында қоғам дамиды, азаматтардың сана-сезімі өседі, сауаты артады. Соған сəйкес заңдар да жаңғыруы, қоғамның, адамның талабына сай өзгеруі тиіс. Ендеше, тəуелсіздіктің елең-алаңында қабылданып, отыз жыл халыққа құқықтық қорған болған Азаматтық кодексті де бүгінгі заманның талабына сай əзірлеу қалыпты үрдіс. Бүгінде цифрлық технологияға сүйенген қоғамның экономикасы ғарыштық жылдамдықпен өзгеруде. Жасанды интеллект, электрондық коммерция мен кəсіпкерліктің жаңа модельдері азаматтық-құқықтық институттардың жекелеген бағыттарын жетілдіруді қажет етіп отыр. Бұл жердегі негізгі мəселе – қолданыстағы құқықтық модельден толық бас тарту емес, оны қазіргі экономиканың қажеттіліктеріне сай жаңғыртуда болса керек. Жаңа Азаматтық кодекс дайындауды тапсыра отырып Мемлекет басшысы халық үніне құлақ асатынын, төрелік алаңындағы түйткілдерге уақытылы мониторинг жасалып отырғанын дəлелдеді. Өйткені, бұл заңнаманың қамтитын аумағының кең екені, кейбір мəселелерде дəлдік жетіспейтіні, цифрлық ортада қор ғаудың неғұрлым нақты тетігі жасалуы керектігі заңгерлер мен сот қауымдастығында жиі сөз болатын. Міне, Президент назар аударған бұл мəселе алдағы уақытта оң шешілеріне күмəніміз жоқ.

– Заңдардың тиімділігі теориялық тəпсірлеу барысында емес, тəжірибе кезінде бірден байқалады. Құқықтық құжаттарды сот алаңында қолданып жүрген тəжірибелі судья ретінде жаңа Азаматтық кодексте қандай өзгерістердің орын алып, қандай мəселелерге айрықша көңіл бөлінгені дұрыс деп ойлайсыз?

– Азаматтық кодексті жаңадан дайындау – еліміздің құқықтық жүйесін заман талабына сай жетілдіруге бағытталған бірегей қадам. Мұндай маңызды заңды тəжірибелі заңгерлер мен білікті практик, ғалымдардан құралған жұмыс тобы азаматтық қоғаммен бірлесе дайындаса нəтижелі болады. Əрі қоғам талап етіп отырғандай заңның түпнұсқасы мемлекеттік тілде дайындалғаны дұрыс. Тəуелсіздік алған отыз бес жылдың ішінде қазақтілді заңгерлердің мықты шоғыры қалыптасты. Құзырлы орган өкілдері, ғалымдар мен заңгерлердің де құжатты мемлекеттік тілде талқылап, сараптауға қабілет-қарымы толық жетеді. Жаңа жоба тек заңнамалық өзгеріс қана емес, қоғамдық қатынастардың өзгерген сипатына құқықтық тұрғыдан жауап беретін маңызды құқықтық акт болуы шарт. Сондай-ақ жаңа технология, цифрлық құзыреттілік, жасанды интеллект мамандарын да кодекс жобасын дайындауға тартқан орынды. Себебі қазіргі кезеңде цифрлық технология, инновация жəне IT саласы қарқынды дамуда. Бұл азаматтық-құқықтық қатынастардың мазмұны мен жүзеге асу нысандарын түбегейлі өзгертті. Мұның бəрі өз кезегінде электрондық мəмілелер, цифрлық активтер, онлайн-қызметтер жəне интеллектуалдық меншік объектілеріне қатысты жаңа қатынастарды құқықтық реттеудің заманауи тетіктерін енгізу қажеттілігін тудырғаны түсінікті. Соған орай жаңа кодекс бұған дейін қолданыста болған дəстүрлі азаматтық-құқықтық институттарды сақтай отырып, цифрлық экономиканың ерекшеліктерін толық қамтыса діттеген мақсатқа жақындайды. Əсіресе, кəсіпкерлік саласында заңды тұлғаларға қатысушылардың корпоративтік құқығын қорғау, корпоративтік басқарудың ашықтығын қамтамасыз ету, меншік иелерінің жəне азаматтық ортаның өзге де қатысушыларының мүдделері арасында орынды тепе-теңдік орнату ерекше маңызға ие. Сонымен қатар құқықтық қорғаудың тиімділігі заң нормаларының мазмұнына ғана емес, сот практикасының біркелкілігіне, сот төрелігінің қолжетімділігіне жəне сот шешімдерінің іс жүзінде орындалуына да байланысты. Сондықтан Азаматтық кодексті жаңғырту азаматтық заңнаманы іс жүзінде қолдану тетігін жетілдірумен қатар жүргізілгені орынды.

– Бүгінгі сот жүйесі сандық технология, жасанды интеллект салтанат құрған қоғамның талабына сай жұмыс істей алып отыр ма?

– Былтырғы жолдауында Президент Қ.Тоқаев: «Жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың болмыс-бітіміне əсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл əлемде қалыптасқан тəртіпті жəне адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл əрекет етуіміз керек. Əйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады» деді. Демек, мемлекеттік биліктің бір тармағы болып отырған сот саласы да бұл үрдіске ілесіп, замана көшінен сырт қалмауы керек. Десек те, өзге мемлекеттік органдармен салыстырғанда сот жүйесінің сандық технологияны күнделікті жұмысына ерте енгізіп, жасанды интеллект жетістіктерін мейлінше оңтайлы пайдаланып отырғанын көпшілік жақсы біледі. Қазір сот залдарының толықтай дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен қамтамасыз етіліп, талап-арыз, құжаттарды қашықтан жолдауға, сот өндірісіне түскен талап-арыздар мен материалдардың судьяларға автоматты түрде бөлініп, онлайн сот отырыстарының үздіксіз өтетініне көпшіліктің көзі үйренген. Жария сот отырыстарын еліміздің азаматтары ғана емес, əлем халқы көріп, тамашалауда. Бұл сот саласындағы əрбір судья мен сот қызметкерінің жаңа технологияны жетік меңгеріп, тиімді қолдана алатынының жарқын дəлелі. Ізденіс жеткен жетістікпен тоқтап қалмайды. Мəселен, қазір судьялардың күнделікті құралына айналған «Судьяның цифрлық көмекшісі» жобасы осы бағыттағы іргелі өзгерістің бірі. Мұнда жасанды интеллект көмегімен судьялар ұқсас істер бойынша бұрын қабылданған сот актілерін іздеу ге, сот практикасын талдауға, талап қою арыздарының мазмұнын жүйе леуге мүмкіндік алды. Жаңа тетік даудың мəн-жайы мен тараптардың дəлелдерін құрылымдап, ұқсас істер бойынша құқық қолдану тəжірибесін ұсынады. Жасанды интеллект судьяны алмастырмағанымен, қазылардың қызметтік міндетін айтарлықтай жеңілдеп отырғанын мойындауымыз керек. Сот жүйесін цифрландыру – тек саланы техникалық жаңғырту емес, сот төрелігін жүзеге асыру мəдениетін өзгертетін маңызды реформа. Заманауи технология сот жұмысының жеделдігін арттырып қана қоймай, сот қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге, адами факторды азайтуға жəне азаматтардың сотқа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Дегенмен цифрландыру қаншама ыңғайлы, болғанымен, заңдылық, тəуелсіздік, əділдік жəне судьяның ішкі қағидаттардан айнымау керек. Себебі соттың негізгі міндеті – əділ, заңды шешім шығару. Біз тек заңымызбен, технологиялық жабдықтарымызбен ғана тиімді, тəуелсіз сот құра алмаймыз, ең бастысы сотта еңбек ететін мамандардың білікті болуы аса маңызды. Сот жүйесі үшін халықтың сотқа деген сенімінің артқанынан басқа абырой жоқ.

– Барлық жұмысы халықтың көз алдында өтетіндіктен, судьялар қызметіне қатысты айтылатын сын да, ескертпе де аз болмасы белгілі. Көпшілік айтқан пікірлер талданып, қандай да бір қорытынды жасала ма?

– Азаматтар тарапынан сот жұмысына қатысты жазылған пікір, сынның ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Себебі көпшілік пікірінсіз саланы жандандыру, жаңа биікке көтеру мүмкін емес. Судьялар мен сот қызметкерлерінің атына жазылған сынның бəрін сүзгіден өткізіп, мəселелердің себебі мен салдарына үңілу, нақты шешімдер қабылдау – кемшілікті оңтайлы реттеуге көмектеседі. Əрине, қателеспейтін адам жоқ. Бір рет кеткен қатені жолға қою қиын болмас. Ал кемшілік жүйелі түрде қайталанғанда, саланың оң имиджіне нұқсан келеді. Соның ішінде судьяның істі қарауды дұрыс ұйымдастыра алмауы салдарынан шығарған шешімінің күшінің жойылуы жылы жауып қоятын мəселе емес. Күнделікті тəжірибеде байқап жүргеніміздей қолданыстағы заңнама үнемі өзгеріп отыратындықтан, судьяларға өзгерістерге ілесу, үнемі ізденісте болып, білімін жетілдіріп отыру маңызды. Мұндай талап сақталмаса, заң бұзушылықтар жалғаса берері сөзсіз. Сондықтан сот төрелігін жүзеге асыру жəне сот жұмысының тиімді ұйымдастырылуы бойынша тəжірибелік-құқықтық көмек көрсетуді дəстүрге айналдырып келеміз. Əсіресе, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, заңнамада белгіленген барлық процестік мерзімдерді қатаң сақтау, татуластыру рəсімдерін қолдану көрсеткіштерін арттыру, мемлекеттік органдармен татуласу келісімдерін жасау кезінде қолданыстағы заң талаптарын қатаң сақтау, мемлекеттік тілде түсетін талап қою лардың үлес салмағын арттыру, істерді соттылығы бойынша негізсіз жолдауға жол бермеу бағытындағы іс-шараларды пысықтап, бағыт-бағдар беріп отырудың пайдасы ұшан-теңіз. Судья – сот билігінің қадірі мен беделінің нақты көрсеткіші. Осы беделдің биік болуы білім мен əдепке, парасаттылыққа тікелей байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн. Əрине, сын шын болғанда саланы да, маманды да шыңдайды, өсіреді. Ал қазіргідей əлеуметтік желі белсенділігі алға шыққан заманда сот жұмысына негізсіз араласу, орынсыз сынаудың да кездесетіні шындық. Ел Конституциясында нақтыланғандай судья тəуелсіз жəне ол тек заңға ғана бағынады. Сондай-ақ соттың қызметіне араласуға жол берілмейді. Осындай заңды талапқа қарамастан, сот ісіне негізсіз араласып, ақпараттық қысым жасау деректері əлі де кездеседі. Сот шешімді қоғамдық пікірге, əлеуметтік желідегі жазбалар мен ақпарат құралдарындағы мақалалар мазмұнына сүйеніп қабылдамайды. Сот шешімі заңға жəне дəлелдемелерге негізделеді. Əрі шешім ақпарат алаңында емес, сот алаңында шығарылатынын қаперде ұстағанымыз жөн. Зайырлы, құқықтық мемлекетте осы қағида бұлжымай орындалуы тиіс.

– Биыл əкімшілік əділет институтының қолданысқа енгізілгеніне 5 жыл толып отыр. Көп уақыт болмағанымен, бес жыл жаңа бастаманың нəтижесі туралы батыл болжам жасауға жеткілікті сияқты. Маңғыстау облысында əкімшілік соттарға жүгінетіндер көп пе?

– Əкімшілік əділет – халықтық жоба, көпшіліктің көңілінен шыққан институт. Бұл жаңашылдық енгізілмей тұрғанда жария-құқықтық дауларда талабы қанағаттандырылған жеке жəне заңды тұлғалардан үлесі тым аз еді. Ал қазір жағдай мүлде басқаша. Айталық биылғы тоғыз айда Маңғыстау облысының соттарына барлығы 1 077 əкімшілік талап қою арызы түсіп, былтырмен салыстырғанда арыз саны 26,9 пайызға өскен. Оның ішінде азаматтардың 216 ісі (59,2%) қанағаттандырылған. Яғни, сотта мүддесін қорғаған азаматтардың 59,2 пайызы жеңіске жеткен. Əкімшілік талап қою арыздарының басым көпшілігі сот орындаушыларының əрекетіне, салық дауларына, мемлекеттік сатып алу дауы бойынша жəне зейнетақы дауы бойынша түскен. Осы кезеңде барлығы 112 жекеше ұйғарым шығарылып, мемлекеттік органдар басшылары мен лауазымды тұлғаларға қатысты 30 ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылған. Бұл пəрменді механизмнің басым бөлігі жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен сот орындаушыларына қатысты қолданылған. Мұның өзі əкімшілік əділет мемлекет органдар жұмысын жандандырып, құзырлы мекеме өкілдерін сапалы қызмет етуге итермелейтінін көрсетеді. Əкiмшiлiк əдiлет – бұл адам мен мемлекет арасындағы құқықтық қатынастардың сипатын өзгертуге арналған жəне билiктi пəрменді етіп қана қоймай, сонымен бірге есеп беретiн билік ететiн тетiк. Негізгі нəтижелер ретінде сотқа жүгіну санының артуын, азаматтар сенімінің өскенін; мемлекеттік органдар шешімдері сапасының жақсарғанын; негізсіз əкімшілік актілер санының азайғанын; тұрақты сот тəжірибесінің қалыптасқанын атауға болады. Соттар азаматтарға өз құқықтарын тиімді қорғауға көмектесіп, белсенді рөл қағидатын кеңінен қолдануда. Осы бес жылдық тəжірибенің өзі таңдалған реформа бағытының дұрыс əрі сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр.

– Маңғыстау – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған аймақ. Осындай өңірде сот істерінің басым бөлігі мемлекеттік тілде қаралатын болар?

– Қазақ тілі – халықтың жаны, ұлттық болмысы. Алайда мемлекеттік тілге байланысты мəселелер қай салада болсын толық шешіліп кетті деп айта алмаймыз. Мəселен, биылғы тоғыз айда азаматтық соттарға 11 472 талап қою мемлекеттік тілде түскен, бұл барлық талап қоюдың 47,5%-ын құрайды. Ал осы кезеңде əкімшілік соттарға мемлекеттік тілде түскен істердің саны 462-ні (42,7%) құрады. Өткен жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,5%-ға артқан. Қазақы өңір үшін бұл аз екені рас. Бірақ, көрсеткіштің жақсаруы сотқа емес, жалпы қоғамның ынтасына байланысты. Өйткені, сотқа талап арыз, материалдар қай тілде түссе, іс сол тілде қаралады. Сондықтан мемлекеттік тілдің көрсеткішін соттардың қызметімен байланыстыру немесе мемлекеттік тілде қаралатын істердің аздығын сот жұмысының нəтижесі ретінде бағалау дұрыс емес. Соттар əрбір азаматтың мемлекеттік тілде сотқа жүгіну жəне өз ісінің мемлекеттік тілде қаралу құқығын толық көлемде қамтамасыз етуге ұмтылады. Əрине, бұған қарап соттар мемлекеттік тілдің мəселесін сырттай бақылап қана отырады деген теріс көзқарас қалыптаспауы керек. Шын мəнінде сот жүйесі мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесін арттыруға мүдделі. Соған орай мемлекеттік тілде сот актілерін əзірлеу, процестерді мемлекеттік тілде жүргізу, судьялардың тілдік құзыреттілігін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің мəртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге қатысты іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын таба береді.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет! Жауаптылығы жоғары жұмыста беделіңіз биіктей берсін!

Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң газеті»

Криминальный стартап Дело врачей №1

ИДЕЯ ЗВУЧАЛА КРАСИВО И С ВИДУ БЫЛА СОЦИАЛЬНО ЗНАЧИМОЙ....

От созидания – к новым горизонтам

НА Х КУРУЛТАЕ МЕЖДУНАРОДНОГО ОБЩЕСТВА «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ПРЕЗИДЕНТ КАЗАХСТАНА...

Цифрландыру сот жұмысының тиімділігін арттырды

Заман алға жылжыған сайын, оның тәртібі де, талабы да...

Заңнама талаптарының сақталуы туралы түсіндірме жұмыстары

Мемлекеттік қызмет – қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты қамтамасыз...

Жоғары академиялық көрсеткіш-мемлекеттік қызметке жол ашатын мүмкіндік

Жоғары оқу орнын аяқтап, кәсіби жолдарын бастауға дайындалып отырған...