Бүгін Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің ЛА-155/18 мекемесіне Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Хамедов Абилфас Мүсілімұлы, Қазақстан Халықтары Ассамблеясы Алматы қаласы хатшылығының этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Балғымбаев Назар Албанұлы келіп, тұтқындардың жағдайымен танысты.
Олар №3 посттың №32 және №33 камераларында жатқан қамаудағылармен бетпе-бет әңгімелесіп, ұстау және тамақтану жағдайымен танысты. Сондай-ақ депутат тұтқындарды тергеу жағдайына да қанықты.
Тексерудің мақсаты – қаңтар оқиғасы бойынша ұсталған адамдардың ЛА-155/18 мекемесіндегі жағдайын көзбен көру, оларға көрсетіліп жатқан медициналық-санитариялық қызметтердің сапасын және тұтқындағылардың құқықтары мен бостандықтарына қайшы келетін азаптау фактілерінің анықтығын тексеру, сонымен қатар күдіктілерге заң алдындағы жауапкершіліктерін түсіндіру.
Тексеру кезінде ұсталғандар тарапынан мекеменің ұстау жағдайларына, оның ішінде азаптауларға қатысты шағымдар болған жоқ.
Тергеу изоляторына келген Мәжіліс депутаты А.Хамедов және ҚХА өкілі Н.Балғымбаевпен Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Д. Қанатбеков және мекеме басшысы әділет подполковнигі А.Жумадиев, Алматы қалалық прокуратурасының басқарма бастығы А. Омаров бірге жүріп, тергеу изоляторындағы заңдылықты сақтау барысымен таныстырды.