Қазақстанда ажырасушылар қатары жылдан жылға көбеюде. Статистикалық деректерге сенсек, әрбір тіркелген үш некенің біреуі ажырасумен аяқталады екен. Мұның өзі елімізде отбасылық құндылықтардың әлсіреп кеткенін, неке бұзу деректеріне қоғамның қалыпты жағдай ретінде қарай бастағанын көрсетсе керек.
Ажырасудың салдары ауыр. Мұның соңы мүлікті бөлуге, баланың кіммен қалатынын анықтауға, алимент өндіруге, баламен кездесу уақытын белгілеуге қатысты көптеген сот процестеріне ұласады. Соның ішінде ортақ мүлікті бөлуге байланысты даулар да соңғы кездері азаймай тұр. Мүлікті бөлу ерікті түрде жүзеге асырылып, жұбайлардың өзара келісімі бойынша жүргізілсе оңай әрі тез жасалады. Егер де бұрынғы жұбайлар бірігіп, тіл табысып, бір шешімге келмеген кезде олар сотқа міндетті түрде жүгінеді. Біздің елімізде неке келісімшартын жасау мәдениеті қалыптаспаған. Ерлі-зайыпталар мүлік бөлудің қиындығымен бетпе-бет келгенде ғана мұндай келісімшарт жасаудың маңызын түсінеді.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінде (7 тарау, 35 бап) көрсетілгендей, ерлі-зайыптылар отбасылық өмірде иелік еткен, сатып алған заттардың, жылжитын, жылжымайтын мүліктердің барлығы тең бөлінуі керек. Ал некеге тұрғанға дейін сатып алынған мүліктер бөлінуге жатпайды. Сонымен бірге, отбасы құрғаннан кейін ерлі-зайыптылардың біріне туыстары мұраға қалдырған, сондай-ақ, сыйға тартқан дүниелердің де бөлініске түспейтінін айта кеткеніміз абзал.
Азаматтық некеде тұрғанда бірігіп үй алып, артынан некесін заңдастырған жұптардың бірі ұтылады. Мұндай кезде әркім арына салып әрекет етпесе бәрі бекер. Өйткені, сот тек заңды құжаттарға сүйене отырып шешім қабылдайды. Егер үй некеге тұрғанға дейін салынып, әйелінің атына рәсімделсе, қоддағы құжаттарды негіз еткен судья мүлікті әйелдің еншісінде қалдырады. Міне, осындай жағдайға тап болмас үшін азаматтар неке келісімшартын жасауы маңызды.
Дегенмен, үйге отбасылық одақ кезінде қымбат жөндеу жүргізіп, пәтерді кеңейткенін дәлелдеген азаматтар өз шығынын өндіріп ала алады. Бұған қайта жабдықтау, қайта жоспарлау, қайта жобалау және де кереметтей жөндеу жүргізу жатады. Мысалы, жеке үйге тағы бір қабат қосылса, гараж тұрғызса және тағы басқалар. Ағымдағы жөндеу оған жатпайды.
Тағы бір ескерерлігі, ата-анасы некеде тұрғанда алынған пәтерді бөлу кезінде балалардың да құқығы ескеріледі. Егер жылжымайтын мүлік баланың атына жазылса, онда ата-анасы ажырасқанда бұл мүлік бөліске жатпайды және ол балада қалады. Неке бұзу рәсімделгеннен кейін бұл үйде анасының балалармен бірге тұруға құқы бар. Бірақ, ол бұрынғы жұбайының келісімінсіз мүлікке билік жүргізе алмайды.
Қазір көп отбасылар ортақ мүлікке ипотека, несие арқылы қол жеткізіп жатады. Егер пәтер кепілдікте тұрса, ал жұбайлар некені бұзу туралы нақты шешімге тоқтаса, банктік қарыз мүліктерді бөлуге ешқашан кедергі де, бөгет бола алмайды. Қарызды бөліп төлеу несиелік келісімшарт бойынша ортақ міндеттемеге жатады. Мүлікті бөлгенде әбігерге түспеудің жалғыз жолы – неке келісімшартын жасау. Ажырасу көбейген қазіргідей заманда азаматтарға жол көрсетіп, құқықтық сауатын арттыру маңызды.
Э.Ақбаев,
Алматы қаласы
Медеу аудандық сотының судьясы