Мәжіліс бірқатар халықаралық құжатты ратификациялау туралы заң жобаларын талқылайды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтіп, онда депутаттар бірқатар халықаралық құжатты ратификациялау туралы заң жобаларын талқыға салады.

Айта кетейік, 26 қыркүйекте палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Мәжіліс бюросы өтіп, онда жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді. Соған орай депутаттардың талқылауына бірқатар халықаралық құжатты ратификациялау туралы заң жобалары ұсынылады. 2020 жылғы 6 қарашада қол қойылған ТМД-ға мүше мемлекеттерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімде экспорт, транзит және межелі елдерде міндетті рұқсат алумен қатар, жүк жөнелтушілер, жүк алушылар және тасымалдаушылар үшін бірыңғай ережелер мен қауіпсіздік талаптары нақтыланады.

Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге 2024 жылы 10 қазанда Ашхабадта қол қойылды. Құжат қылмыстың 14 түрі, оның ішінде, ұйымдасқан қылмыс, терроризм, экономикалық және есірткіге байланысты қылмыстар және басқалар бойынша ынтымақтастықтың құқықтық негізін айқындайды. Келісім екі ел арасындағы ұйымдасқан қылмыскерлікке, есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға, адам саудасына және басқа да қылмыс түрлеріне қарсы күрес жолында ынтымақтастықты күшейтуге бағыталған. Сонымен қатар, құжат аясында құзыретті органдардың өзара іс-қимыл жасау нысандары мен шарттары анықталған.

Мұнан бөлек, жалпы отырыста палата комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдайды. Олардың қатарында Еңбек кодексіне еңбек саласындағы ұжымдық қатынастарды реттеу мәселелері бойынша түзетулер мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігімен стратегиялық әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім бар.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform
Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Палатаның жалпы отырысында депутаттар бірқатар заңды қабылдады. Оның бірі — «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң. 

Заң жобасы бойынша негізгі баяндама жасаған Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, орталық қызметі трансшекара схемаларын анықтау, жолын кесуді арттыруға, ТМД арасында ынтымақтастықты нығайтуға, қаржылық барлау органдары арасында жедел ақпарат алмасуға, заңсыз шығарылған қаражатты қайтаруға ықпал етеді.

Сондай-ақ мәжілісмендер Қазақстан мен Марокко Корольдігі арасындағы ұстап беру, қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және сотталған адамдарды беру туралы келісімдерді ратификациялау туралы заңдарды қабылдады. 

Мәжіліс қабылдаған келесі заң «Жасанды интеллект туралы».

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, заң жобаларын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мәжіліс депутаттары әзірледі. Бұл заң жобалары Қазақстанда жасанды интеллектті дамытуға құқықтық негіз қалайды. Жобалар азаматтардың қауіпсіздігіне, деректерді қорғауға және инновацияларды қолдауға бағытталған.

Заң жобасы жасанды интеллект жүйелерін пайдалану кезінде азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады.

Пайдаланушылар:

жүйенің жұмысы туралы ақпарат алуға;
егер бұл заң бойынша міндетті болмаса, жасанды интеллектпен байланыстан бас тартуға;
шешімдерді қайта қарауды және түсіндіруді талап етуге құқылы.
Келесі функциялары бар жүйелерге тыйым салынады:

адамдардың мінез-құлқын басқару;
адамның эмоциясын қолдану;
әлеуметтік бағалау жүргізу;
дербес деректерді келісімсіз жинау.
Осы орайда палата спикері Ерлан Қошанов қабылданған заң жасанды интеллект саласы үшін, жалпы мемлекетіміздің дамуы үшін үлкен серпіліс беретінін айтты. 

  • Біз жаңа ғана өте маңызды заң қабылдадық. Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында алдымызға үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бұл прогрессивті идеяны Президентіміз бүгін әлемнің ең басты мінбері — Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен де жариялады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстан жасанды интеллектіні технологиялық жетістік деп қана емес, адамзат прогресіне қозғау салатын зор табыс ретінде қарастырады» деп атап өтті. Бұл жаһандық үрдіс екенін көріп отырмыз. Президент атап өткендей, жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні кеңінен қолдану еліміздің ұлттық басымдығына айналды, — деді Мәжіліс төрағасы.
    Мұнан бөлек, палата «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. 

Жаңа заңға сәйкес, халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары мен олардың тәлімгерлері біржолғы төлемақы алады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған немесе I топтағы мүгедектерге күтім жасайтын түлектер мемлекеттік грантты міндетті өтеуден босатылады. Мемлекеттік білім беруді қаржыландыру енді университеттер мен колледждердің рейтингтеріне байланысты бөлінеді.

Фото: Мәжіліс

  • Сондай-ақ балаларға арналған ұйымдарды санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында және балалардың құқықтарын қорғау саласында мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі реттеледі. Бұдан бөлек мемлекеттік аттестаттауды жаңа тәртіппен өткізу нормалары қарастырылған, – деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған депутат Ринат Зайыт.
    Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 14 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, депутат Нұргүл Тау Медициналық туризм саласындағы Бірыңғай оператор құру, медициналық туризм деңгейін арттыру үшін медициналық туристтерге арналған арнайы цифрлық визаны қолға алу қажет деп санайды.
  • Қорытындылай келе, медициналық туризмді дамыту арқылы елімізді Орталық Азиядағы жетекші медициналық хабқа айналдыруға толық мүмкіндік бар. Сізден аталған ұсыныстарды Үкімет деңгейінде қарастырып, «Медициналық туризмді дамыту» бойынша ұлттық бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма беруді сұраймыз, — деді депутат.
    Ал Анас Баққожаев Ішкі істер министрлігінің және облыстардағы ішкі істер департаменттердің құрамында мал ұрлығы бойынша арнайы жасақ құруды ұсынса, Ұлықбек Тұмашинов Шығыс Қазақстанда туризмді дамытуға кедергі келтіретін мәселелерді атады. 

Қайрат Балабиев жоғары сыныптарда мамандығына байланысты кәсіби бағдар негізінде баланың болашағына қажетті қазақ тілі, қазақ әдебиеті, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, тарих, құқық негіздері, шет тілдерін тереңдетіп оқыту жүйесін жетілдіру қажеттігін алға тартты.

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады 

Жаңа оқу жылында 380 мыңнан астам баланың бірінші сыныпқа баруы күтіледі. Қазір олардың 320 мыңға жуығы мектепке қабылданды.

Мектеп рюкзагын таңдағанда ата-аналар неге мән беруі керек? ДСМ жауап берді 

Негізгі қағида – рюкзак баланың бойына сай әрі ыңғайлы болуы, ал толық жиналған кездегі салмағы оның дене салмағының 10%-ынан аспауы керек.

Әлемде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өсті: ХЕҰ негізгі себептерді атады 

ХЕҰ мәліметінше, 2025 жылы 15-24 жас аралығындағы жастар арасындағы жаһандық жұмыссыздық деңгейі 12,4%-ға жеткен

Алматыда LRT құрылысына дайындық басталды: Ол қашан іске қосылады? 

Алматыда LRT бірінші желісінің құрылысына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі кезеңде негізгі жұмыстар Б. Момышұлы және Төле би көшелерінде жүргізілуде.

Тамыздан бастап мерекелік төлемдерді ЖИ тағайындайды 

Еңбек министрлігі әлеуметтік қолдау шараларын цифрландыруды күшейтіп, бір өтініш арқылы қызмет алуға мүмкіндік беретін бірыңғай платформаны барлық өңірде іске қосты.