ШҚО бойынша ҚАЖД Күршім аудандық №1,2 пробация қызметінің қызметкерлері Күршім аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп пробация қолданылатын адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету тәртібі талқылады. Ол ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі №217 қаулысымен 2014 жылғы 23 қазандағы №1131 қаулысына өзгерістер енгізілуіне байланысты өткізілді.
Пробация қызметі пробация қолданылатын адамдарды есепке қою кезінде, ол адамның тұрғылықты жерін, денсаулық жағдайын, білім деңгейін және еңбекпен қамтылуын анықтай отырып, оларға білім алуға, мамандықты меңгеруге, жұмысқа орналасуға, емделуге, сондай-ақ құқықтық көмекпен қамтамасыз етуге көмек көрсету және өзге де әлеуметтiк-құқықтық көмек алу тәртiбiн түсiндiредi. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан заңнамасына сәйкес әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуге байланысты процесті ұйымдастырады. Бірінші, медициналық көмек мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетіледі. Екінші, аяқталмаған орта білімі бар өзіне қатысты пробация қолданылатын адам тұрғылықты жері бойынша оқу орындарына жүгінеді. Үшінші, өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамдарға құқықтық көмек мынадай көрсетілетін қызметтерді көздейді: 1) олардың қаражаты болмаған жағдайда заңнама бойынша тиесілі әлеуметтік жәрдемақыларды, арнайы төлемдерді алуға, жұмысқа орналасуға, оқуға, медициналық көмек алуға құжаттар тапсыру үшін заңдық мәні бар құжаттарды ресімдеу; 2) әлеуметтік көмекке, әлеуметтік қамсыздандыруға заңнамада белгіленген құқықтар мен олардың бұзылуынан қорғау тәсілдері бойынша заңдық консультация беру; 3) өмірдегі қиын жағдайдан шығу үшін жағдай жасайтын мәселелерді шешуге ықпал ететін заңнамада белгіленген жеңілдіктерді, жәрдемақыларды және басқа да әлеуметтік төлемдерді алуға жәрдемдесу.
Төртінші, өздеріне қатысты пробация қолданылатын адамға жұмысқа орналасуға көмек көрсеткен кезде жергілікті атқарушы органдар мынадай іс-шараларды жүзеге асырады: 1) жұмыссыздарды өкілетті органның халықты жұмыспен қамту орталығының бос орындар базасында бар бос жұмыс орындарына жіберу; 2) жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу; 3) жұмыссыздарды олардың келісімі бойынша қоғамдық жұмыстарға жіберу; 4) жұмыссыздарды кейіннен жұмысқа орналастыруға көмек көрсете отырып, еңбек нарығының сұранысына сәйкес кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және біліктілігін көтеруге жіберу; 5) пробация қызметінің есебінде тұрған немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілеу. Бұл ретте жіберуші тарап жұмыскерлерінің тізімдік санында персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартқа сәйкес жұмысқа тартылатын жұмыскерлер есепке алынбайды.
Бесінші, пробациялық бақылау, әкімшілік қадағалау мерзімі өтіп,пробация қызметінің есебінен шығарғаннан кейін Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар көрсететін әлеуметтік-құқықтық көмек жалғасады. Алтыншы, пробация қызметі сот қаулысын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін жергілікті атқарушы органға және ұйымға іздестіру жарияланған, «қамаққа алу» бұлтартпау шарасы тағайындалған адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмекті тоқтата тұру үшін хабарландыру жолдайды. Жетінші, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсететін жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне заңнамада белгіленген тәртіппен шағымдануға болады.
Д. Толықов,
ШҚО бойынша ҚАЖД Күршім аудандық
№1 пробация қызметінің бөлімше бастығы әділет капитаны