Халықаралық сарапшылар Ресей-Украина соғысының аралық қорытындысын шығарып, қақтығыстың өрбу сценарийлерін болжауда.
Әлемнің әр еліндегі, соның ішінде ресейлік сарапшылардың бәрінің ойы бір арнада тоғысады: «Киевті 40 минут ішінде аламыз!» деген, Ресей «пропагандистері» біраз айдан бері ілгерілеткен «блицкриг» жоспар орындалмады. Мәскеу ойлағандай, Украина тез берілген жоқ, алға емінген РФ әскерінің алға қарай қозғалысы баяу жүруде.
Ресей Қорғаныс министрлігі өз жағының адам, әскери техника шығынын құпияландырып тастады, хабарламайды: «Ешқандай шығынымыз жоқ!» деген ауанда мәлімдеме жасады. Бұл сөзді халықаралық ақпарат агенттіктері таратып жатқан видеожазбалар жоққа шығарады.
Украина Қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың хабарлауынша, «26 ақпан таңындағы жағдай бойынша, Украина жеріндегі екі тәулік шайқаста Ресей жағы 14 ұшағынан, 8 тікұшағынан, 102 танкінен, 536 бронды машинасынан, 17 автотехникасынан, 15 зеңбірегінен, 1 «Бук» зениттік-зымыран кешенінен айырылды. 3 мың жауынгері жер жастанды».
Украина «Қызыл Кресттен» мыңдаған ресейлік солдаттың мүрдесін Ресейге алып кетуді сұрап жүгінді. РФ Қорғаныс министрлігінің дерегінше, осы кезге дейін Украинаның 7 әсери ұшағы, 7 тікұшағы, 9 пилотсыз ұшатын аппараты, 8 әскери катері, 87 танкі, 28 дүркін атыс реактивті жүйесінің кешендері жойылған.
Украинаның ресми дерегі бойынша 198 бейбіт тұрғын, соның ішінде 3 бала қаза тапқан көрінеді.
Сарапшылар екі жақтың ресми деректеріне күмәнмен қарауға шақырады. Жауласушы тарап қарсыласының шығынын көбейтіп көрсетуі мүмкін.
Дегенмен, олар бүгінгі түннің аса маңызды екенін айтады. Егер Киев құласа, әлем тарихында бетбұрыс болады және оның ақыры неге соқтыратыны беймәлім.
Сарапшылар алдағы күндері оқиғалар барысы қалай дамуы мүмкін екенін тұспалдауда.
Ресейлік әскери шолушы, әскери тақырыптағы зерттеуші Александр Гольц:
– Ресейлік ресми мәлімет бойынша Киев жанына бірнеше дүркін десант түсірілген. Бірақ Киев құлаған жоқ. Соған қарағанда десантталғандардың көзі жойылған. Әскери операция ЛХР/ДХР жерлерін азат ету деген сылтаумен басталғаны мәлім. Алайда одан да нәтиже шықпағаны байқалады. Себебі, 2014 жылы Украина әскерлері қайтара алған Мариуполь қаласы ДХР-ге өткен жоқ, қорғануын жалғастыруда.
Әрине, басты бағыт – Киевті алу. РФ Бас штабы бұл бағытта қорғанып жатқан Украина әскерінен саны жөнінен үш есе асып түсетін көлемде әскер жұмылдыруда. Бұған әуеге қарсы қорғаныс (ПВО) жүйелерін, әскери аэродромдарды істен шығару, сөйтіп, Украина аспанын бақылауға алу арқылы қол жеткізді: әскери тасымалдау ұшақтарымен әскерлерді, әскери техниканы енгізді. Ресей артиллериясы да абсолютті басымдыққа ие. Соған қарамастан Киевке қарай қарқынды ілгерілей алмады. Бұл нені білдіреді? Путин айтқандай, Украинада Ресейге қарсы тек «неонацистер мен нашақорлар» күресіп жатқан жоқ, басқыншыға қарсы қару ұстай алатын барша азамат көтерілген. Егер оларды да «ұлтшылдар» дейтін болса, онда басқа жайтты мойындайық: идеялы националистер тек кесірлі істерге ғана емес, мемлекетті, жерді және конституциялық құрылымды қорғауға, сол үшін жан беруге дайын.
Кремльдің жоспарын В.Путин жария етті: Украинаны «денацификациялау» (ұлтшылдық идеологиядан арылту) және «демилитаризациялау» (ұлттық армиядан арылту). Егер әр нәрсені өз атымен атасақ, Кремльдің көксегені – «Украина капитуляция жасауы, ондағы халық сайлаған режим өзгертілуі керек». Ал мұны елдің астанасын бағындырмай іске асыру мүмкін емес. Мұндай операцияларда ұрыс қимылдарының қарқыны аса маңызды: не блицкриг, не соғыс ұзаққа созылып кетеді. Соңғысы шабуылдаушы тарап үшін ең үрейлі сценарийлерге соқтыруы мүмкін.
Қазір ресейлік генералдар да абыржыған күйде. Бастапқыда Кремль тек әскери инфрақұрылымдарға шабуыл жасалатынын жариялады. Енді елді мекендер мен қалаларды тікелей шабуылдауда. Менің ойымша, егер Ресей Қарулы күштерінің барлық қаһарын төксе, Украина жерін орыс әскері әрлі-берді екі рет кесіп өте алады. Бұл проблема емес. Бірақ ары қарай не істейді? Мәскеу бұған дейін саяси талаптар қойып келді: Киевтегі режимді ауыстыру, оны бейтарап статустағы немесе ҰҚШҰ құрамындағы мемлекетке айналдыру және басқасы. Осы жағдайда әскерилерге не істеу керектігі түсініксіз. Әрине, тактика түсінікті: белгіленген объектілерді басып алу. Міне, Киев, Чернигов, Харковь және басқалар қоршауда қалды. Одан әрі не? Ленинградтың блокадасын қайталай ма? Халық берілгісі келмей, қарсыласуда, бәрін жоя ма? Яғни, әскери мақсаттар айқын емес.
АҚШ барлау деректерінше, Кремль Киевті 96 сағат ішінде құлатуды көздеп отыр. Ол мерзімнің көбі өтіп кетті. Енді асығатын, соққыны үстемелейтін болар. Жалпы, америкалық деректерге белгілі бір шамада сенуге болады, олар Ресей операциясының Қытай сұрауымен, тек Олимпиададан кейін басталатынын да, РФ қолданатын тактикаларды да дәл болжады. АҚШ-тың лайықты ақпараттандырғыштары болса керек.
Америка Иракты алғанда, әскери-әуе күштерінің және артиллерияның көмегімен қарсыласының әуеге қарсы қорғанысын тез әрі толық істен шығара алды. Ал Ресейдің сұрапыл әскери соққыларынан кейін Украинаның әуе қорғанысы қайта өрістетіліп жатыр. Олар қорғанысын сақтап қана қоймай, дұшпанының ұшақтары мен тікұшақтарын құлатып, зымырандарын жолай тұтып алуда. Ең бастысы, Украина алғашқы күндері-ақ жайрап қалған жоқ. Бұл елдің ұлттық армиясының ұрысқа қабілеттілігін осыдан білуге болады. Олардың алдында күші мен саны жөнінен бірнеше есе асып түсетін жау тұр.
Президент В.Зеленский болса, өзінен талап етілетін басты шартты қамтамасыз етті: ол елдің барлық өңіріндегі Қарулы күштерді бақылауда ұстап қалды. Енді кей жерде жау қолындағы қалаларды қайтарып жатыр деген ақпарат та бар.
Алда не болады? Киев маңында әуеден түсірілген ресейлік десант ұрыс салуда. Оларға Украина жерімен жүріп өтетін құрлық әскерлері келіп қосылуға тиіс. Егер олар бір-бірімен табыса алса, Киев құлауы мүмкін.
Украиналық саясаттанушы, Саяси технологиялар орталығының вице-президенті Георгий Чижов:
–Украина элитасы арасында бұл соғысқа қатысты ұстаным бойынша белгілі бір шамада бірауыздылық бар. Саяси күштер Зеленскийге деген бұған дейінгі өкпе-наздарын, талаптарын ұмытқан. Президент айналасында топтасуда. Көбі Киевте қалғанын паш етуде. Себебі Президент өзінің нағыз патриот, батыл адам екенін көрсетті. Егер ол Франция не АҚШ-қа тайып тұрғанда, Украина әп-сәтте Кремль машинасының астына құлайтын еді. Мұндай мехнатты заманға дайын болу мүмкін емес, соған қарамастан ол мемлекетті, армияны лайықты басқарып тұр. Бұл соғыста жетістікке жетсе, Ресейді тоқтаса алса, ол Ұлттың басты тұлғасына, тарихта қалар лидерге айналары сөзсіз.
Бизнес те мемлекетті қорғауға бекінгені байқалады. Олардың үлкен бөлігі елден кеткен жоқ. Халыққа, әскерге көмектесуде. Біразы қолына қару алып, аумақтық қорғаныс бірлестіктеріне кірді. Қызметкерлерін ертіп, ұжым болып, майданға аттанғандары бар. Халықтың ел үшін, жер үшін өлуге барын түсінген Зеленский соғысты жипломатиялық жолмен тоқтату амалдарын қарастыруда. Мысалы, Кремльді келіссөзге шақырды, бұған Путин келіскен, тіпті делегация жасақталып жатқан, алайда артынша ол келісімін жойғаны мәлім болды. Украина Президенті республиканың бейтарап статусы туралы да айтты. Бірақ Мәскеу не құртып, не құрып тынуға тәуекел еткенге ұқсайды.
Егер Ресей әскері Киевті алса, қуыршақ билікті қоятыны сөзсіз. Алайда ол үкімет халықтың жаппай жеккөрінішіне тап болады. Саясаттанушылар арасында «Кремль Украинаны бірнеше бөлікке бөлуге дейін барады» деген сценарий талқылануда. Яғни, Батыс Украинаға басып кірмейді, бірақ дамымауы үшін оған мейлінше зиян келтіруге тырысады. Алайда орталық Украина, тіпті шығыс Украина ондай билікке көнбейді. Себебі, онда да негізінен халықтың көңіл-күйі патриоттық, антиресейлік ауанда. Сол себепті ресейлік әскер бірнеше есе басымдыққа ие бола тұра, шығыста не Харьковты, не Мариупольды ала алмай жатыр.
Әскерилердің айтуынша, қазір басқыншылық 8 өсте, бірден бірнеше бағытта жүруде. Мысалы, Ресей өзімен шекаралас Сумы шағын қаласын басып алды. Алайда жергілікті «тероборона» жанқиярлық қарсылық көрсеткен. Қаншама ресейлік техника жойылған. Ал бұл – қалпымен орыс тілінде сөйлейтін өңір, орыстілді жұртшылық. Кремль оны тез бағындырамыз деп ойлаған болар.
Ресейлік саяси сарапшы, колумнист Михаил Фишман:
– Біз бірнеше күннен бері басқа шынайылықта өмір сүрудеміз. Енді әлем бұрынғыдай болмайды. Егер күлбілтелемей, ашығын айтсақ, бұл – басқыншылық соғыс. Еуропада соңғы 70 жылдағы ең ірі соғыс жүруде. Қазіргі жаһандық саяси архитектура агрессорды, әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде төл креслосы, ал қолында ядролық қаруы бар мемлекетті тез жауапқа тартуға мүмкіндік бермейді. БҰҰ вето құқығы бар кез келген алпауыт мемлекет алдында қауқарсыз.
Қалай болғанда бұл – бұған дейін біз білген Ресейдің, ондаған жылдар бойы көз үйренген әлемнің күйреуі. Мәскеу көрші еуропалық мемлекетті басып алып, өзге әлемге ядролық қарумен доқ көрсетуде.
Қазір көп нәрсе Украинадағы жағдайға байланысты болып тұр. 43 миллион халқы бар үлкен мемлекетті оккупациялау ешбір державаның қолынан келмес. Оның үстіне қаншама жаугершілік заманды бастан өткерген Украина халқы өз тарихында бірде бір оккупантты және олар қойған марионетка-билікті қабылдамаған, төңкеріп тастаған. Егер Украинаның қазіргі легитимді билігі құласа, оның орнына келетін оккупациялық режим не істемек? Ол қандай болады? Мәскеудің жоспары қандай екенін біз білеміз: мүмкіндігінше, Зеленскийді тірілей тұтқындау, көрнекті сот процесін өткізіп, «ұлтшылдық геноцидті ұйымдастырушы» ретінде соттау. Ресейлік «пропаганда» да осы идеяны ілгерілетуде.
Украинада «Ресейге достық пейілдегі жаңа билік құрылуға» тиіс. Бұл процесте кейбір деректер бойынша Ресейдің тумасы, Путиннің мүддесін Украинада ілгерілетіп келген жергілікті олигарх, «Оппозиционная платформа – За жизнь» партиясының лидері Виктор Медведчук басты рөл ойнайтын болады. Қазір ол Украинада үй қамағында отыр. Медведчукті бостандыққа шығарып, Президент етуі мүмкін. Бірақ ол халық қолдауынсыз легитимді болмайды.
Зеленский бейтарап статусқа дайын екенін мәлімдегенде Кремль оның капитуляциясын қабылдайтын кез жетті деп, осыған қажетті алаңды әзірлей бастады, Минскіге аттанатын делегация да қалыптастырылған. Алайда Киевтің өз шарттарын қоятынын білгенде, келісімін жойды.
Кремль Зеленскийден нені талап ететінін соғыстың алғашқы күнінде білдірді: ол мемлекетті демилитаризациялайды, Қарулы күштері Ресейдің бақылауына көшеді. Украина Қырым, ЛХР/ДХР-ді ресми мойындайды, Мәскеуге ұнамды саясат жүргізеді. Оған айырбас ретінде Зеленскийдің өзі мен отбасының амандығына кепілдік беріледі, Президенттің лауазымын сақтап қалуы мүмкін. Зеленский келіспеді.
Тіпті Киев құлағанның өзінде Медведчуктің қуыршақ үкіметі ұзақ тұра алмауы мүмкін: өйткені Украина халқы оккупанттарға жаны қас ел. Ендеше халық қарсылығын ұдайы аяусыз басып-жаншу ғана қалады.
Қорыта айтқанда, Еуропаның ғана емес, бүкіл әлемнің ендігі тағдыры Украина халқының ерік-жігері мен батылдығына байланысты болып тұр.