12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

КӨРШІ  ҚАҚЫСЫ

 — Әй,-деді Суат әйелі Күміскүлге зеки сөйлеп.

-Басқа балалардың біреуі манаурап, біреуі ұйықтап бөлмелерінде жатыр. Ал әлгі Қаныш зыпберген жоқ. Бәріміздің түскі ұйқыға шомғанымызды пайдаланып, шаңқай түсте қайда зып ете қалды екен? Бес жасында қолды-аяққа тұрмайтын  сонша зуылдақ. Өскенде қандай ғана жүгермек болар екен, ә!

-Неменеге сонша кейінесің. Әлі-ақ басылады бәрі де. Өздерің де солай зуылдап мына мені зар қақтырып өскенсіңдер,-деген енесінің сөзінен соң енді белсенбекке оқталған келінінің даусы пәсейігенімен:                                                  

-Тып-тыныш өзімен-өзі ойнаса мақұл ғой, апа. Мына көршінің үйімен тағы да шуылдасапасақ жарар еді. Өткенде жұмыртқа бастырған күрік тауығын ұясынан шошытып, жұмыртқаларын жарып тастапты. Жанымайдың «Осы жұмыртқадан шықпай қалған шөжектей жетілмей қал жүгермек» деп қарғағанын естігенде шыдамай «Жағың қарыссын» дегенім сол, анау кісі  өрекпи шаптықты  дейсің. Бұрыннан арамыз ит пен мысықтай екеуміз бет көріспестей тіл безестік. Соның пәлесі әлі күнге теріс қарасамыз бірі-бірімізді көзіміз шалғаннан. Айтпақша  үлкен баласы Қалдар жұлқынып: «Оңашада ұшырассаң, шөжектің мойнында етіп мойныңды жұлып аламын» дейді мізбақпай. Содан ғой Қанышты көзден таса етпеуге тырысатыным. Енді көрмейсіз бе «қас пен көздің арасында» басқа балалар үйде. Ол болса тағы да безе құрыпты,-деген әйелінің сөзінен баласына сонша тіл тигізіп, итше қуалайтын көршісі Айбарға буына ашуланған Суат «Мені көрсе жүзі күйіп қалғандай теріс қарағанша, балам жазықты екен, өзіме неге айтпайды?!» деп өзінен-өзі долырды.

 -Түлен түрткендей мың құбылған түрлеріңмен  көршілік қақыларыңнан құтылмай күнәға ұшырайсыңдар ма қайдам?!  Біріне-бірі қиянат жасамау, ауыртпалық түссе жәрдемдесу, той-томалақты да бірге көтерісу, тіпті қазан-ошақ, аяқ-табаққа дейін араласу  ежелден көршілік парыз екенін қалай ғана елемейсіңдер. Соның бәрін ұмытпауды, тілмен шанышқыласқанды тоқтатуды  талай мәрте құлақтарыңа құйдым емес пе? Қашан ымыраға көнесіңдер?-деген Үміт әже ауыр күрсініп үйге кірген еді. Осы кезде дарбаза қағылды. «Құдай біледі, тақылдатқан я көршінің  әйелі Жанымай, я баласы Қалдар. Әлгі Қаныш  тағы да бірдеңелерін бүлдіріп, соны жетектеп әкелді-ау. Әйтпесе ауыл үй отырып басқалар қақпаны қаққыламас еді» деп ойлаған Күміскүл жеделдете басып ергенекті күйеуінен бұрын ашты. Табалдырықта қарсы көшедегі көршінің баласы Ерман тұр  екен. Қаныш көрінбейді.  Әлгі бала:

 -Мына  сүйретпелер Қанштыкі ме деймін. Айбар көкенің дарбазасының маңынан таптым. Мінекейіңіз, апа,-деді де екі аяқ киімді Күміскүлдің қолына ұстатты. Баласының киімін таныған  ол бұларға жақындағын күйеуіне сұраулы кейіпте қарады.

-Қаныш қайда сонда? Көршісымақтарымыз қуыстарының-қуыстарына тығып тастап, соны  іздеген біздің аласапыран күйімізге  бала-шағасымен  мырс-мырс күліп отырмақ қой?-деп сілкінген  Ерманды қолынан жетелей  көшеге шығып, Айбардың дарбазасын келді.

–Қай жерден таптың сүйретпелерді?

–Дәл ергенектің алдында біреуін, анау шарбақтың түбінен екіншісін жинап апардым ғой сіздерге.

–Сонда  сен Айбардың  немесе баласы Қалдардың  Қанышты сүйрелеп үйлеріне кіргізгенін байқамадың ба?

–Әлгіндегі аяқ киімдерді жинағанымда, сыртта ешкім жоқ болатын. Ерманды босатқан Суат енді көршісінің дарбазасын бір-екі салдыратып ішке кіргенде, қарсы алдынан осы шаңырақтың кіші ұлы  Жандар шығып амандасты. Оның созған қолынан шап берген Суат енді айқайын күшейте сұрады.

-Қаныш қайда? Бала аң-таң қалпында иғын қушитты.

–Көтерме иығыңды. Сен бәрін білесің. Көрсет кәне сарайыңның қай қуысына тығып, аузын скотчтап, қол-аяғын байлап тастағандарыңды. Қорқақтаған бала енді жыламсырап ауырсынған қолын босатып алмаққа жұлқыныңқырай жалынды.

-Қаныш келген жоқ біздің үйге. Жіберіңізші саусақтарымды ауырттыңыз. Суат  енді  одан сайын ашу шақыра:

-Ауыртқанның көкесін көрсетемін саған. Қанышты таппасаң, оның орнына сені үйіме апарып қамаймын,-деген ол баланы дырылдата сүйреп өзінің ауласына әкелді де, әйеліне Жандардың қолын ұстатты.

–Тырп еткізбей балалардың бөлмесіне кілтте. Бұның әке-шешесі кинодағыдай бала ұрлаумен, сөйтіп табыс табумен айналыспақ, сірә. Ондай қылмыстың түбі қайда апарып соғарын білмейтін шығар.  Енді біледі. Қашан Қаныш табылғанша қамауда отырсын,-деп қайтадан көршінің ауласына кіре долдана айқайлады.

–Айбар, шық далаға! Есік көзінен көрінген Айбардың әйелі Жанымай біресе зіркілдеген Суатқа, біресе оның қолындағы  аяқ киімге қарады.

–Ауланы басыңызға көтере даыстап кіжінетіндей не болды, ағай!?

–Мына аяқ киімді танисың ба? Әйел басын шайқады.

-Танымасаң енді танысасың. Бұл менің балам Қаныштыңкі.

–Сонда оны маған не қыл дейсіз?

–Сенің дарбазаңның алдынан аяқ киімі табылады да, баламның өзі әлду.

–Әлдуі несі? Қанышты мен де бүгіндікке көрмедім. Бала емес пе, шешіп тастап осы маңайда жалаң аяқ зырылдап жүргендіт тә.

–Сарайларыңның біреуіне тығып, ойнатпақ түгілі ендігі ойнын осып та қойдыңдар-ау осы?

-Сарайда несі бар оның. Тауығымыздың күрігін бұзып, жұмыртқаларын Қаныш бүлдіргелі, есік атаулыны құлыптап, ілгіштеп тастағанбыз. Өздігінен ол жаққа кіре алмайды.  Балалардан сұрайын, солардың байқауы мүмкін.                                                                                                                              

-Сенің балаң үйіңде емесе, біздікінде қамауда. Менің Қанышымды   жұмыртқадай шағылып қалғыр деп қарғапсың. Сол мақсатыңа жетейін дедің бе? Әкел баланы, сонда ғана босатамын сенің жүгермегіңді.

-Ойбай қалай-қалай тантисың? Қу тұяқ Қанышың жүргендітте көршілердің үйлерін, сарайларын адақтап. Біреуге жазықсыз жалаңды жаппас бұрын жөндеп Іздесей. Жақын жерден жау тауып, бізге жабысқаныңнан құтылмай-ақ қойдық қой. Көрсем көзім шықсын. Баламды босат, оның жазығы не Қанышыңмен бірге ойнағаннан басқа. Шаңқай шаң түс деместен қаңғудан талмайтын  жүгермегінің орнына менің баламды қамағаны несі? Жібер баламды.

–Сенбеймін сөзіңе. Қанышты әкелесің, Жанымай. Содан соң балаңды аласың біздікінен. Бажылдағын Жанымайға пысқырмаған Суат үйіне оралып, ауласына кірді де, қақпаны тас бекітті. Айқай-ұйқайға көршілер жиналды демде. Ауылдың үлкені Шаймахан қарияны әкелді біреу жетелеп. Екі жақты сабырға шақырған Шаймаханның даусын естіген Суат бекітулы қақпасын ашып, көшеге шықты. Ендігі әңгіме көпшіліктің ортасында сыртта жалғасты. Бес жасар Қаныштың аяқ киімін Айбардың қақпасының маңына тастап, өзінің ұшты-күйлі жоғалуы  жиналғандарды әрі-сәрі етті. Шаймахан қария жұртты ақылға жетелер үнмен сөйледі.

-Үйді-үйден адам шықсын, жастарды түгел қатыстырыңдар. Қанышты іздейміз. Ал сен Суат, Айбардың баласын отбасына қайтар. Оны қамағаның ақылға сыймайтын амал. Егер сенбейді екенсің, екі кештің арасында ауылды шулатпай полицияға байланыс.  Бәрінің заңға сәйкестігі  жөн. Суат көзінің жасын сүрткілей қарады  қарияға.                                          

-Шәке, шаңқай түсте балам жоғалып, оның аяқ киімі соның есігінің алдынан табылса, содан көрмегенде кімнен көргендеймін. Қазір полиция шақыртамын,-деп телефонымен нөмір терген күйі әйеліне:

 -Жібер үйіне әлгі жүгірмекті. Түбінде соған таптыртамын Қанышымды,-деді де телефонға жауаптаса бастады. «Бес жасар баламды жоғалттым. отырмын. Күдіктенетін адамым бар. Бірінші «Жиделіге» келіңдер. Қалған әңгіме содан соң»,-деген ол байланысты үзді де Шаймаханға бұрылды.

-Шәке, бүкіл ауылды жарысқа қосқандай несіне асарлатпақсыз? Қаныш ешқайда емес, күніге бір мәрте ілініспесек «таңымыз атып, тауығымыз шақырмайтын» мына Айбардың қырық кепесінің біреуінде итше шынжырлаулы  жатыр. Баяғыректе газеттен оқығанмын. Бір жақта ерегіскен көршісінің ұлын ұрлап, сарайының ішінен үңгір қазып соған шынжырлап қамап, итпен бірге тамақтандырған бала табылғанда итше үргеннен басқаны ұмытқан екен. Мынау да соның кебін кидіретін сұмдық. Сіз білмейсіз ғой оның арам да сараң, қаныпезер сұр жыландығын. Сондықтан мен ол байшыкештің үйін ғана емес, анау таудың қуысындағы мал қорасын да, таудың жықпыл-жықпылының бәрін полицияға іздеттіремін. Қанышымды таптыртамын. Сонда риза боласыз маған. Сол кезде мына Айбар елден еріксіз көшеді. Көшпесіне жанын қоймаймын. Атасы бөлек бір үй басынып бітті ғой. Шұрайлы шабындық пен жайлым осыныңкі, суармалы жер осыныңкі, таудағы тіршілікке қолайлы аумақтың бәрі осыныңкі. Алмаған несі қалды? Біз ел емеспіз бе? Бізге тіршілік керек емес пе? Енді баламызды ұрлап әкетіп, өзінің қолына жаутаңдатып, жалынуымызды, жалбарынуымызды күтіп, мені ғана емес, бүкіл ауылды ділгірлікпен иіріп қойғанына бәріңіз күәсіз дәл қазір,-деп долыра булыққан Суат екі көршінің арасындағы бітпейтін теке тірестің біраз оқиғаларын жариялап тастады.                   –Әй, Суат! Осымен тоқта! Атасы бөлек деп нені көңірсітіп отырсың. Көп аталы екенбіз біреу аяқ-қолымызды матап, көзімізді байлап қойды ма? Сол Айбар сияқты неге әрекет жасамайсыңдар, ауыл үйдің арасында бекерден-бекер шабуылдап шуылдасқанша? Сендердің жүйелі іске икемі жоқ, шаруаға қырсыздықтарыңа Айбар қаншалықты кінәлі?  «Көршің жаман болса, көшіп құтыласың» дейді. Түбі қайсың жексұрынсың, соның көшесің бастарың піспесе. Жас балалардың арасына от тастайтын әлгі атаға, руға тиіскен сөзіңді есіттірме бұдан кейін,-деген Шаймахан қария орнынан  ашулана тұрып кетті. Күн бата полиция да, таудағы отарынан Айбар да жетті ауылға. Қарияның ызбарлы сөзінен соң басылғандай тым-тырыс қалған  Суат Айбарды көрісімен қайтадан қылқына айқайына бассын.

-Менің Қанышым жоғалды. Аяқ киімі сенің босағаңнан табылып, мына қарсы беттегі көршінің баласы Ерман әкеліп берді. Қайда әкеттің Қанышты? Күрік тауығыңды шошытқанындай оны да шошытпаққа үлкен балаңды жұмсап ұрлатып тауға алдырдың ба? Аузы бір тынбай осылай жұлқынған Суатты Шаймахан қария:

-Сен бекерден-бекер сілкінбе.  Егер ұрлап әкетсе, балаңның аяқ киімін есігінің көзіне тастамайды ғой. Ондай қылмысқа бел байлаған адам әуелі заттай деректің бәрін жым-жылас құртпай ма? Жек көрсеңдер біріңді-бірің ағаш атқа мінгізіп жүретін екеуің дә. Өрімдей баланың не қатысы бар? Бірақ уәжге байырқаламаған Суат Шаймаханның сөзін бөлді тағы да.                                                                       

–Шәке, екі жақта шашылған аяқ киімді асығыста байқамаған бұлар. Жинап әкелген жаңағы Ешеннің баласы Ерман. Ренжулі кейіптегі қария Суатқа түйіле қарады.

–Ақылыңды билеген ашуыңа булығып сөзді бөле бердің. Әзірге пәтуалы пікірге тоқтамайтын сияқтысыңдар. Ендігі жұмыс сендерде. Ал біз ауыл адамдары іздеуге көмекке дайынбыз,-деді полиция тобын бастап келген майор Фазыл Бекқараевқа. Ол жиналған көпке үйді-үйлеріне тарауды ескертті. Содан соң учаскелік өкіл Ерғали мен ауыл әкімі Жұматтың  бастауымен Суат пен Айбарды ілестіре кеңсеге бет алды. Майордың сұрақтарына жауап берген Суат жұрттың алдында айқайлаған себебін, күдіктенетінін адамына қатысты ойларын со күйі қайталап та,  бірнеше парақты толтыра жазып та тастады.  Өзінің таудаға қорасында екі күннен бері шөп жинап жатқан Айбарға әйелі тосын жағдайды жеткізу үшін кіші баласы Жандарды жіберіпті. Содан оқиғаны шала-шарпы естіген. Жалпы неге  байланысты полицияның алдында отырғанын түсінбейтінін айтты ол. Айбардың сөзін бөле киліккен Суат:

 -Бұл үйінде жоқ болуы да, бар болуы да мүмкін. Өйткені түс мезгілдерінде кейде шабындықтан ауылға «Нивасымен», кейде «Джибімен»  қайтатын кезі аз емес. Ал өзі   таудағы қорасына қонып, бұл іске үлкен баласы  Қалдарды  жұмсайтынына мен кепіл. Өйткені ол Қанышқа бірнеше рет «Мойныңды шөжектін мойнындай бұрап жұлып аламын» деп кіжінген. Әйелі «Жұмыртқадай шағылып өлгір» деп қарғаған деді кекештене булығып.  Екеуінің біріне-бірі кіржіңдескен дауасыз күйлеріне басын шайқаған майор Айбарға сөйледі.

-Жеке көлігіңіз бар екен. Сіз қазір тауға, қораңызға барыңыз. Таңертең сағат тоғыздан кешікпей балаңыз Қалдарды және әйеліңізді ертіп  аудандық ішкі істер бөліміне келесіз. Сізге де солай, Суат ағай. Жұбайыңызбен күтеміз.

-Сендер неге жайбарақатсыңдар? Мынаның үйін, таудағы қорасын тінтпейсіңдер ме? Қазір босатып жібере салдың. Менің Қанышымды ода әрі «Тескен тау асырып» құртады ғой.

 -Сабыр сақтаңыз. Сіздің жорамалдарыңызбен бұл отбасының бәрін бірдей  күдіктіге айналдырмаймыз. Тергейміз, сұраймыз. Содан соң егер солай жасалғанын дәлелдесек, баланы  жасырған орнынан  әкелдіруге, одан әрі қамауға да, соттауға да үлгереміз. Майордың бұл уәжін өзгелер мақұлдағанымен, Суат қана ризалық танытпастан ешкімді тыңдамаған мұз қалпымен  ауыл әкімшілігінің кеңсесінен суырыла жөнелді.

Ертеңіне айтылған уақытта баласы Қалдар мен әйелі Жанымайды ерткен Айбар да, әйелі Күміскүлді ілестірген Суат та аудандық ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі Фазыл Бекқараевтың кабинетінде тоқайласты. Шақыртылғандардың түгел жиналғанын көрген майор Айбардың тобын көмекшісіне жіберді де, өзі Суат пен Күміскүлді әңгімеге тартты.  Суаттың күдігі сол кешегі қалпында. Оның тұжырымынша ауылдас тұрғандарымен, ешуақытта пікірлері үйлеспеген екі үйдің бас араздықтары күн сайын дерлік өршімесе, басылмаған. Оған себеп, қашан жеке қорасын салғанша Айбар қыруар малын ауылды малаққа сасытып қолында ұстаған. Екі үйдің арасындағы шарбақ бекігенше Айбардың ірілі-уақты малдары таптағанын таптап, жегенін жеп Суаттың ауласындағы көкөністерінен бір түйір тіске тиер бұйыртпапты. Соның соңы бітіспес дауға дейін ушыққан. Бұлардың арасындағы дау-дамайдың ауыл әкімдігінде әлденеше мәрте қаралып келіскендей сыңаймен тарқаса да, бекітілдіге есептелген түйін қайта-қайта ағытылудан танбаған. Тіпті, Айбар бар малын тауға қорасына әкетіп, бұрынғы ренжіткеніне Суаттан кешірім сұрап, ауылдың бір топ қарияларын қоса шақырып дастарқан жайған. Бірақ Айбардың дастарқанында ауыл қарияларын күттірген Суат сол илікпеген тас мінезімен ауылдасының есігін ашпаған. Негізі діні қатты кісі екенін ауыл әкімі де  аңғартқан кешегі күні. Күміскүл де он екі де бір гүлі ашылмаған перзентін сонша қарғаған Жанымайды кешірмеген. Қанышты оңашада жолықса мойнын жұлмаққа пиғыл танытқан  үлкен ұлы Қалдардың бізге мінезі өзгеше қатты. Мен содан күдіктенемін. Баламды сол құртты. Әйтпесе есіктің алдынан ұзамай ойнайтын оны жасырып қою кімге керек? Бұрыннан ішіндегі қыжылы тарқамаған қаныпезерлер әдейі жұмбақ жасап отыр. Сіздер Қанышымызды ұрланды дейсіздер. Бізді мазақ ету үшін және тынымсыз баламыздың қайтып маңайларына жоламауы үшін қорқытпаққа оны Айбар тығып қойды деген кешегі ойын қайталады жауаптарында.  Бөлмеге кірген майордың көмекшісі лейтенант Ораз Тәжіұлы  бес-алты парақ қағазды ұсынды. Жазбаларды шоли көз жүгірткен тергеуші Сутқа қарады.        

-Сіздер қайта беріңіздер. Өзіміз шақыртамыз немесе ауылдарыңызға барамыз. Тергеушінің сөзінің соңын тоспаған Суат тағы да тулады.        

-Өй, сен қандайсың? Әлгі бала ұрлағыш қарабетпен беттестірсейші, өзім-ақ көз алдарыңда мойындатайын  баласымен біргіп жасаған қылмысын.                                                                                                                                                                                                                                       

-Оған бола қам жемеңіз. Беттесетін де уақыт туады әлі. Сіз бәрін өзіңізше топшылап айқайлауыңызбен жұмыстың жүруіне кедергі келтіресіз.  Ендігі істі біздің еншімізге тастап, ауылға қайтқаныңыз жөн. Майордың ешбір уәжіне тоқтамаған Суат:

-Оның малы көп,  қалталының бірегейі ауылдағы. Ал мен ондай асып-тасыған байлықтың иесі емеспін. Көкейлеріңді сол дүние боқтың құрты тесіп отыр-ә! Көзімнің тірісінде ондай әулекіліктеріңнің жолын шорт кесемін. Оған білім-білігім жетеді. Қазірден тиісті орындардың есіктерін қағамын,-деп жұлқына жетіп көлігіне отырғанда, әйелі әзер үлгеріп мінді машинаға. Көмекшісі арқылы Айбарды шақырған майор бірақ ауыз сөз айтты.

-Сіз жеңгей екеуіңіз қайта беріңіздер. Ал балаңыз Қалдар әзірше бізде қалады. Мұндай тосын шешімді күтпеген  Айбар қобалжи қарады тергеушіге.

-Неге?

-Түскен арызға байланысты біраз жағдайларды Қалдар арқылы анықтауымыз керек. Сіз бекерден-бекер үркектемеңіз. Көп ұстамаймыз. Ертең-ақ үйіңізге әкете аласыз. Полицияның баласынан көзбе-көз ажыратқанына көңілі қатты күптіленген Айбар көлігіне мінген  соң, біраз уақыт тырп етпеді де, кенет жылдам қозғаған машинасының тұмсығын  ауылға емес, Шуақкентке бұрды. Содан көлігін заулаған күйінде қаладағы әжептәуір қызметтің құлағын ұстаған құдасы Адырбектің дәу  дарбазасына бірақ тіреді. Осыған дейін күйеуіне бірдеңе деуге тайсақтаған Жанымай енді ғана тіл қатты. «Құдаласқанымыз күні кеше, ұят емес пе?»  «Ұят емес. Суаттың туысқаны әлгі полицияда бастықтың орынбасары. Баланы соттатсақ, ұяттың да, қасіреттің де көкесіне сонда ұшыраймыз. Сен ұялсаң, шықпа  машинадан. Мен кеттім»,-деген Айбар көлігінен түскенде ергенектің ашықтығын байқап, кідірмей ішке кірген. Құдасы, қарындасының атасы Адырбектің ауласындағы креслода газет пе, кітап па парақтап отырғанын байқады. Мұны көрген ол орнына тез көтеріліп, қарсы жүріп, құшағын жая амандасты да, үйіне қарай дауыстады. «Шақырғанға әзір шаруашылықтан қолы тимейтін, сәл кейінірегін алға сала қашқақтайтын Айбар мырзамызды қай құдай айдап әкелді бізге. Нұргүл, дастарқаныңды жая бер. Құда қолға ілінді». Сәлден соң екі құда мен құдағилар дастарқанда отырды. Тосын жағдайды естіген  Адырбек «Тамыр-танысты қуалайтын кейбіреулердің қылмыскер еместі қылмыскерге айналдыра салуы оп-оңай. Мен бір кісіні жақсы танимын. Бірақ ол полиция да, прокурор да, сот та емес. Жеке детектив әрі адвокат ретінде өзі кіріскен ісітің ақ-қарасын ашатын қабілеттің иесі. Мына Қаратас қаласы жағында он жеті жыл бойы ашылмаған қылмыстың бүркеулі пердесін сыпырған  сұңғыла. Қазір екеуміз сол із кесушіге жолығамыз. Баламның адвокаты болыңыз дейсің. Егер келіссе, ешқайды шаппайсың да, бармайсың да. Соның етегінен ұстайсың»,-деді.  Құдалар көп ұзамай «Шуақты сити» мөлтек ауданына қоныстанған із кесуші-адвокат Бұлан Еркеұлының пәтерінің қоңырауын басты. Адырбекпен тез шүйіркелескен ол көршілердің арасындағы бас араздықтың бүге-шігесін бұтарлай сұрап, екі үйдің суретін салып, айналдыра көшелердің жобасын сызды мұның айтуымен. Содан соң маңайларында құрылыс немесен басқалай қандай заттар барын ежіктеді. Сәл ойланған Айбар көшенің қарама-қарсысындағы көршінің «Газель» автомашинасы тұратынын, ауласына кіргізбейтінін, одан төменіректегі үй иесі де «Камазын» және  жеңіл көлігін гаражға емес, көшеге қоятынын айтты.   «Ал Суаттың жайы Қарағайлы мен Талдыбұлақ көшелерінің қиылысында да, менің шаңырағым Талдыбұлақ көшесінде, Суаттыңкінен кейінгі екінші үй. Суат пен біздің  ортамыздағы көше бойына трансформатор орнатылған. Менің төмен жағымдаға үшінші үйде машина жөндейтін баланың гаражы бар» деді. Адвокат соның бәрінің жобалап салған суреттерін бұған көрсетіп, қаншалықты дәлдігін анықтады. Бұл жоба бейнелердің негізінен дұрыс орналастырылғанын мақұлдаған  Айбардың жеке куәлігінің көшірмесін жасап, ертең кеңсесіне соғып, тиісті  іс-сапарының жай-жапсарын құжаттап, түс қайта «Жиделіде» болатынын ескертті.

Қырғи қабақ көршісінің баласы Қалдардың ішкі істер бөлімінің түрмесіне қамалғанын естіген Суаттың қыбы қанып, полиция бөлімі бастығының орынбасары, туысқаны Әзіретбек Байкенжеұлының алдынан ризашылықпен қайтқан. Ал Шуақкенттен кештетіп жеткен Айбар таудағы қорасына  Жанымай мен Жандарға қоса туысқан інісін апарып салды да, өзі ертең келетін адвокатты күтпекке шаңырағына оралды. Оның түс қайта төбе көрсетпекші уәдесін есте ұстап, таңертеңгі мезгілде шыли алаңдамаған. Сағат он екіге жуықтағанда сыртқа шықса, дарбазасынан аулақтау тұстан көшенің бұрылысына таман орнатылған трансформаторға шұқшиған біреуді көріп, таныс бейнеге ұқсатты. Кенет бұған қарай бұрылған ол: «Кешегі өзіңіздің айтуыңызбен салынған суреттердің жобасымен үйіңізді де, көршілеріңізді де адаспай тауып, тек Суаттан өзгесін түгел аралап, сөйлесіп те үлгердім. Ашық-жарқын пейілдің адамдары екен. Күдіктеніп кімсің деместен бір ауыз сөзіме сеніп, сұрағандарыма көрген-білгендері бойынша пікірлерін бүкпесіз әңгімеледі,-деп күле сөйлегенде ғана Айбар түс қайтаға күткен кешегі адвокатты жыға танығанда сасқалақтап та қалды.

-Үйіңізге бастаңыз. Түскі шай-пайыңызды  дайындатқаныңызша мен ойымды біраз  жинақтайын,-деген Бұланды оңаша бөлмеге кіргізген Айбар дастарқан қамымен шығып кетті. Қағаз-қаламын реттестірген Бұлан ой талқыға кірісті. Баланы соңғы рет «Камазынан» тайланған шөп  түсіріп жатқан Суаттың Қарағайлы көшесі жағындағы көршісі Пәрімбек көрген. Аяқ астына  басылып қалуынан қауіптенген ол Қанышты үйіне жетектеп апарып, дарбазасының алдында қалдырған. Одан құтылған  Қаныш «Уазигін» жөндеумен сүрліккен Құралбайды жағалап, әр нәрсені қызықтай сұрап миын ашыта біраз жүрген. «Сағат он екіден өте құлқын сәріден кіріскен темір бұраудан шаршадым әрі күн де шыжғыра ысыған соң демалуға жиналдым да, жанымда  айналсоқтаған Қанышты ілестіріп, «Үйіңе бар енді. Мамаң ұрсады» деп жартылай ашық ергенегінен ауласына кіргізгенмін» дейді Құралбай. Бірақ Қаныш аулаға кірсе де, үйіне кірмеген. Егер әке-шешесінің көзіне ілінбей, қайтадан көшеге шықса, жол жағалап қайда бет алуы ықтимал? Үйінің сыртына қарай Талдыбұлақ көшесіне айналса-Айбардың үйі. Олармен арадағы дау-жанжалдың себепшісі Қаныштың әлгі дарбазаға жоламасы анық. Ал машина жөндейтін Әлібек отбасымен сол күні қалаға кеткен. Шеберханасы жабық. Бұл маңайда бала үйірілетіндей басқа не бар? Трансформатор десем, оған Қаныш неменеге алданады? Сыммен бұралған есігін ашып кіре алмайтын, темір торлы шарбақпен қоршаулы оған неменеге үйірсектейді? Оған кіргенде де бала кідірістейтіндей ешқандай қызық жоқ. Тоқта, Бұлан мырза. Егер трансформаторды сол сәтте электриктер жөндеп жатса ше? Қаныш қалбалақтап соларға барды делік. Сонда баланы әлгілер ұрлап кете ме? Не үшін? Бұл топшылауым ақылға қонақтамайды. Үйге бір кіріп, бір шығып тыныш таппаған Айбардан сол күні ауылдың жарығы өшкен-өшпегенін сұрап еді. Таудағы малында болғандықтан, ондай жағдайдан мүлдем бейхабар екен.

–Ауылдың электригі бар шығар?

–Әрине, бар. Біреу емес, екеу.

-Екеуін де танисыз ба?

–Әрине, танимын. Ауылдың балалары ғой.

–Егер телефонын білсеңіз, шақырыңызшы.

–Шақырайын. Біздің трансформаторға қарайтыны Қырықбай еді білуімде,-деген Айбардың сұрастыруымен электрик те есік қақты. Не мақсатпен іздеткеннін шыли ашпаған Бұлан  19 шілде күні ауылда жарықтың өшкен-өшпеген жағдайды сұрады. Сәл ойланған Қырықбай бір жұтынып қойып:                                                                                  

 -Есіме түсті. Мен ауданда едім. Түсте кафеден тамақтанып отырғанымда ауылдан Ағабек құрдасым: «Қайдасың? Теледидардан «Оңтүстіктің» соңғы хабарынан спорт жаңалықтарының басталғаны сол, свет өшті де бәрі тынды. Неғып осы керек кезінде жырп еткізіп сөндіре саласыңдар, ей!» деп ренжи звандаған. Кеңседегі жұмысымды бітіріп,  ауылға сағат бестерде келісімен, бірінші трансформаторға   бардым.

–Сол сәтте ерекше не көргеніңізді еске түсіріңізші?

–Не бар еске түсіретін. Әшейінде жабық тұратын қоршау шарбақтың да, трансформатордың да қақпалары ашық қалған. Жарықты қоспаққа  ауылдың біреулері кіргенге топшылағанмын.  Сөйтсем… деп кідірді Қырықбай.

-Сөйтсеңіз жарық неден өшіпті?

-Содан бір күн бұрын көргенімде, трансформаторға сырттан қосылған бір желінің  байлауы босағанын байқағанмын. Бірақ құралсыз құр қол едім.  Сондықтан ертең ауданнан оралғанда жөндемекке есеп жасадым. Енді қарасам, әлгі босаған желі тастай етіп жалғаныпты. Соны кімнің істегенін біле алмай әлі күнге таңмын. Дегенде, жалғауын жалғағанымен, әлгі сабаз өшірген трансформаторды қайта қоспаған.

-Демек, сізден бұрын трансформаторды біреу ашып, жұмыс істеген. Көмекшіңіз бар ма?

–Екеуміз ғой. Бірақ трансформаторларды өзара бөліскенбіз. Мынаусы маған қарайды.

–Сонда сырттан бөтен электрик келген деймісіз? Немесе ауылда  сіз жоқта өз беттерінше қосатын шеберлер де бар ма?

–Мені күтуге шыдамай трансформатордың ажыратқыш тетігін шұқылайтын  ұсталар аз емес.  Бірақ егер жоғары кернеулі ток жүйткитін сым байлауынан ажырап тұрса, жоламайды. Ток ұратынын біледі ғой.

–Ауданнан жөндеуге электрик шақыртқан жоқ па едіңіз?

–Соншалықты көмекке жүгінетіндей күрделі нәрсе емес ол. Бірақ тарансформаторларды көріп майын ауыстыруға, желілердің дұрыстығын тексеріп шығуға ауданнан электриктер жіберілгенде, бізге ескертіледі. Кейде өз беттерінше де соғатындар ұшырасады. Дегенмен, менің кеңседе есептесіп жүргенімді көрген бастықтар біздің бағытқа қарай ешкімді жібере қоймас.

–Демек, сіз келгенде трансформатордың да, шарбақтың да қақпалары ашық. Ажырады-ау деген желіңіз жалғаулы. Бірақ трансформатор  өшірулі. Оның себебін, кімнің істегенінен  де хабарсызсыз.  Бұған дейін бригада шақыртқан жоқсыз. Десе де, желілерді тексеруге ауданнан «Жиделіге» электриктердің соғып өтуі мүмкін екендігін бекер демейсіз,–деген Бұлан  өзінің сұрақтарының дұрыстығын Қырықбайға мақұлдатты. Бұдан әрісінде  түскі шәй-пайдан соң,  Айбар екеуі аудан орталығы Ақбастауға бет алды. Бұлан әуелі аудан прокурорына кіріп, өзін таныстырды. Бала жоғалу оқиғасына байланысты күдікке ілініп ұсталған Қалдар Айбарұлының адвокаты екенін, осы бойынша аудандық ішкі істер бөлімі тарапынан асығыс қорытынды жасалып, заң бұзушылыққа жол берілгенін ескертіп, прокурордың бұл жағдайды білетін-білмейтінін сұрады. Прокурор Мамыт Мамырұлы:

-Мен сіздің алдыңызда ғана баланы босатуды ескерткенмін,- деп телефонмен ішкі істер бөлімінің бастығына байланысты.

-Сіздер уақытша қамаған Қалдар Айбарұлының қорғаушысы  менде отыр. Ол кісі тергеушінің дұрыс ұйғарым жасамағандығын заң  талаптарына сай тиісті баптармен дәлелдеп, Қалдар Айбарұлын босатуды сұрайды. Мен сізге бұл мәселенің терістігін күні-бұрын ескерткенмін. Қорытынды шығарғаныңыз жөн,-деді қатулана. Содан соң байланысты үзді де Бұланға қарады.

-Бәріміздің міндетіміз-заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету. Сіздің талаптарыңыз орындалды,-деген прокурорға рахметін айтқан Бұлан сыртқа беттеген. Баласын ертіп есік алдында жолыққан Айбар енді не істемегін сұрамақшыдай  іс кесушіге жалтақтай қарады.

 –Сіз қазір Қалдарды ертіп көршіңізбен ешқандай сөзбен ілініспестен мал ауылға тартып кетіңіз. Ендігі хабарды менен күтесіз,-деген Бұланның                                есіне тағы да трансформатор оралды. Сәл ойланған ол көлігін аудандағы электр жүйесі мекемесіні бұрды да, бастығына кіріп, өзін таныстырып, не мақсатпен есік қаққанын қысқаша түсіндірді. Өзінің аты-жөнін Иса Мұқанов деп атаған ол инженерін шақыртып, тіркеу жорналын әкелуді ескертті. Алдына қойылған жорналды парақтаған Мұқанов  19 шілде күні «Жиделіге» ешкімге іссапар жолдамасы ашылмағанын көрсеткен еді. Бастығына қараған  инженері сол күнгі жиналыста трансформаторларға күтіп-баптау жасайтын уақыттың басталғанын ескерткендерін естіген  екі электрик ешкімді құлағдар етпестен,  яғни жорналға тіркетпей-ақ өз беттерінше «Жиделіге» барған. Бірақ ауылға кірместен ештеңе бітірмеген күйлерінде кері оралыпты. Сол бос жүрістері үшін екеуіне ескерту берілгенін еске түсірді. Айтуынша соның біреуі Сейіт Мықанұлы бүгін кезекшілікте. Ал екіншісі Күрмек Бидайықұлы әлгі ескертуді арқалаған күйі ауылындағы Орман шаруашылығы мекемесіне жұмысын ауыстырып, бухгалтериямен  түгелдей есептесіп біржола кеткен. Бастығының келісімімен кезекшіліктегі Сейітпен сөйлесуін  Бұлан бірденінен сұрақпен бастады.

–«Жиделідіге» бала жоғалған оқиғаны естідіңіз ғой.

–Е, одан ауыл-аудан түгілі облыс та хабардар менімше.

–Онда өзіңіз де сол күні қайда болғаныңызды ұмытпаған шығарсыз? Сейіт  мынау нені неменеге мыжытады сонша дегендей сұраушының жүзіне жалт қарады.

–«Жиделіге» бармай, жолдан қайтқанымыз үшін ескерту жамалған, тоқсандық сыйақымыз қысқартудан зордың күшімен аман қалған күнді қалай ұмытасың?

–Сіздер неғып ауылға жоламай, көлеңке қуаладыңыздар?

–Енді өткеннің оқиғасы ғой. Ол үшін  жазаға тартылып та қойдық. Сол түні екеуміз әкеміздің құны қалғандай ішкілікті боздатқанбыз. Ертеңгі жағдай белгілі ғой. Жұмыста сүйретіліп құр сүлдеріміз жүрді. Бастық жалпы жиналыс өткізіп, қысқы дайындықтың алдында елді мекендердегі трансформаторларды бір-бір тексеру керектігін ескерткеніне, жүдә, қуандым.  Содан аузы-басымыз, тұла бойымыз арақ сасыған біз кеңсенің маңынан аулаққа құру үшін әлгі тапсырманы сылтаурата іссапарлата зытуға амал жасағанда, Ақбастауға жақындау «Жиделіні» дұспалдадық та, ешкімге ештеңе деместен менің «Опеліммен» жөнелдік. Әрине, әуелі басты жазып алу ғой  көздегеніміз. Екі бөтелкені ортаға қойып, тоған байланған судың жағасындағы талдың көлеңкесіне жайластық. Түнгінің уытына тағы да у қосылған соң, мастығымыз қайтадан күшейді. Бұл халімізбен трансформаторға жолай алмасымызды білгендіктен, қайтадан кері оралып, үйге жете құладық. Содан ертеңіне есімді жиып жуынып-шайынып кеңсеге барғанда жұмыста болмағанымызды білген жаңа бастық Мұқанов ескерту жамады.

-Серігіңіз сол ескертуге өкпелеп электриктігін тастап кетті ме?

–Е, ол бұған дейін де өзім ауданда, үйім ауылда қиын екен. Ауылдағы Орман шаруашылығы мекемесіне электрик керектігін естідім. Соған ауысып, бала-шағаның жанына жылжимын-ау дейтін. Мына ескерту «Құланның қасуына, мылтықтың  басуы» дәл келді ме әйтеуір жөнін тауып тынды ғой.

-Есте сақтау қабілетіңіз күшті екен. Ауылға соқпай сырттан кері оралған сапарыңызда «Жиделіден» шыққан адамдарды немесе бейсауат машинаны байқамадыңыз ба? Сейіт енді шынымен-ақ шекесін тырыстырыңқырай ойланып, Бұланға көзінің астымен тағы да бір  қарады да жылдамдата сөйледі.

-Біз ауылға ағын су баратын оман арықты жағалай егілген пәленбай ағаштан қуарамай аман өскен бес-алты талды көлеңкелей көлігімізді тоқтатқан сәтте, алысырақтан, үйлердің арасынан көрінген  бір  машина  «Үйгентасқа» қарай ұзады. Маркісі «Нива-ау» дедім. Оның қара жолдың жайсыздығын елеместен шаңды бұрқырата заулатқанына таңданыңқырағаным, байдың тұқымы ғой, әйтпесе көлігіне жаны ашып жайлатып-ақ жүрсе де баратын жеріне жетер еді деп ойлағаным есімде.

-Әлгінде көрген «Ниваңыздың» түсі қандай еді?

–Қалың шаңнан ағараңдап көрінді, соған қарағанда ақ қой деймін.        Сейіттің жорамалы бойынша таразыласа, ол машина Айбардыкі болуы әбден мүмкін. Өйткені кешеден бергі ары-бері мінген көлігі-ақ түсті, төрт есікті кейіннен жаңарып шыққан «Нива». Соның баласын кінәсізге балап босаттырғанына енді күмәнданғандай басын шайқады Бұлан. Сейітті кезекшілігіне жіберді де,  өзі қалаға қайтты.  Жол-жөнекейде бастарының «сақинасы» ұстап, кеңседегілердің көздерінен тасалануға тырысқан сол  электриктердің «Жиделіге» барып тұрып, ауылға кірмей жолдан қайтуы ақылға сия ма?» деген ойдың жетегінен босамады санасы. Осы шешілуі күңгірт қылмысты саралаудан үйінде де жаны маза таппады.                                                                                        Өздері бір күн бұрын тоя ішкен. Ертеңіне екі бөтелкемен емделген соң, дереу тәртіптері түзеліп, отбастарына оралысымен  тырп етпей демалады. Әңгімесінің осы тұсы  дүдамалдылау. Себебі, бөтелкедегі қырық градус қанын қыздырған адамға әрқашан жүз грам жетпей алаңдатқанда, ішімдік уытының күші тағы да іздеуге тамсандыра жетелейтін ол сиқырды екінің бірінің  жеңуі екіталай. Қос бөтелкені бажарған бұлар трансформатор жөндемесе де,  сол орны ойсыраған жүз грамды толтыру үшін ауылға соғады делік.  Онда құлқын құмар қылықтарын  несіне жасырады?  Жұмыстан  айырылудан қорыққандарынан ба? Алайда, тәртіп бұзғандары үшін жазаланып қойды емес пе? Мәселен жұмысын ауыстыруға есеп жасаған Күрмек Бидайықұлы кімге жалтақтайды? Бұлан сұрақты енді өзіне қойды. «Сонда сен екі электрик Қаныш баланы ұрлап әкеткен демекпісің? Не үшін? Бұлайша топшылауың ешқандай логикаға сыймайды ғой. Бұл ретте олар мас, бірақ бала оқиғасынан таза. Ал ақ «Ниваның» иесі ше? Ол көршісімен ұрысқаны үшін баланы ұрлап тауға әкете ме? Одан не ұтады? Сонымен баланың жоғалуы екі нәрсеге байланысты. Біріншісі, аяқ киімінің Айбардың есігінің маңынан табылуы. Яғни, қылмыс жасаушы осы үйде. Өздері болмаса да, көршісімен әбден өштескен ол сыртқа сыр алдырмай  баланы ұрлауға, сөйтіп Суатты зар илетуге біреулерді жалдаған делік. Ондай жағдайда мен сөзін сөйлемекші Қалдар баланың  қорғаушысы емес, айыптаушысына айналатын шығармын. Бұл күдіктенуді-бір деп қоялық. Ал  екінші күдік тарансформаторға байланысты. Осыны анықтау үшін келесі электрикпен, Орман шаруашылығына  ауысқан Күрмекпен сөйлесу қажет пе? Шыли зәрулік жоқ та сияқты. Өйткені оның да бөтелкелес серігі Сейіттің айтқандарын ежіктейтіні анық. Дегенмен, трансформаторға қатысты туған өзінің ішкі күдігін сейілтуге оған жолыққаны  жөн бе? Егер  трансформатордан туындаған жорамалдарынан ештеңе қылаңытпаса, Суаттың арызы негізінде баланы ұрлаушы ретінде Айбардың өзін сұрауға, үйіндегі, таудағы қора-қопсысын, тіпті таудың жықпыл-жықпылдарын жабыла  іздеуге жұртты ұйымдастырып әрекеттенуге тура келеді. (Әрине, бұл мұның емес, тергеушінің жұмысы).

Осындай әрі-сәрі ойлармен мазасыз демалған Бұланды таңертең Айбардың телефоны оятты ұйқысынан. Оның асыға баяндауынша түн ішінде таудағы қорасына барған полицейлер баласы Қалдарды  Ақбастауға қайтадан әкетіпті. Сондағы дәлелдері-оқиға орын алған күні  оның үйінен шыққан ақ «Ниваның» шаңдата жүйткіп «Үйгентасқа» қарай беттегенін көргені есіне кейіндеу түскен Сейіт есімді электрик аудан орталығының учаскелік инспекторы-қайнысын құлағдар етіпті. Полицейлер айғақтық зат ретінде «Ниваны» да ала кетіпті. Өзінің «Жиделіге» атпен жаңа ғана жеткенін, қазір баласының соңынан аудан орталығына жол жүретінін қапалана хабарлады Айбар. Мына жағдайдан Бұланның ұйқысы да, санасы да шайдай ашылды. Сонда Сейіттің баланың ұрлануына қатысты болғаны ма? Менің сұрақтарымнан күдік алған оның бұлайша сөз таратуы өз басын баланың жоғалуынан туатын пәледен алдын ала арашаламаққа кіріскені емес пе екен? Егер бұрыннан таныстығы, араластығы болмаса, жолдың шаңын үйірген көліктің иесін танитынын бұған айтпаған Сейіт әлгі ақ «Ниваның» Айбардыңкі екенін қалай біле қалды? Бірақ баланы табуға көмектесуге кейіннен ақыл кіріп, полициядағы қайнысына ескертпе жасаса ше? Ол да әбден мүмкін. Ой таразысының екі басына тартылған әлгіндей сан түрлі сұрақтар із кесушінің көңіліне шаншудай қадала ұялады.

Енді екінші электрик-Күрмекті сұрасам да, сұрамасам да ештеңе өзгермейді деп түйіндеген түнемеліктегі тұжырымын дереу өзгерткен Бұлан жанын  мазалаған дүдамал күдіктерден арылу үшін   жолға шықты. Орман шаруашылығы мекемесі тау іргесіндегі «Тасты» аталатын ауылда екен. Бұлан керек адамының үйін сұрастыра тауып, қақпасының алдына көлігін кідіртті. Бейтаныс машинадан түскен бейтаныс адамға тосырқай қараған әйелге амандасып, Күрмекті сұрады.

-Үйде жоқ, таңертең балық аулауға кеткен.

–Қайықпен бе, қай жаққа қарай ұзады екен? Әйел мырс етіп күлді.

–Қайығыңыз не? Ондай дария жоқ бұл маңайда. Біздің күйеу ауданнан ауылға жұмысын ауыстырған бір жұманың ішінде өзенді сағынып қалған ба, нағыз  балықшыға айналды. Токпен ұрып та, аумен тосып та емес, қармақпен балықты қырып салмаққа бүгін де ертелете жортып жөнелген. Енді осыдан күнді батырып, өзі болдырып, бірақ ішінде дымы жоқ бос шелекті саңғырлатып бірақ оралады. Машинаны орнынан қозғамаңыз. Мына біздің баудың арасымен өзенге түсіп, төмен қарай жағаласаңыз бір талдың көлеңкесіне жайласқан балықшымыздың қармағын суға салып, өзі менен тығып апарған шишасын жәукемдеген үстінен түсерсіз,-деген әйел жол бастады. Шарбақтың аяғындағы сәмбіден торланып жасалған ергенекті ашты да, таяқ тастамдағы күркірей аққан өзенді иегімен нұсқады. Бұлан жылғаны төмен қарай жағалай жөнелді. Біраз ұзаған соң қалыңдау сәмбінің көлеңкесі қою тұсында иірімге тастаған қармағына үңілген әлдекімді көзі шалған еді. Бірақ ол мұны мүлдем аңғармады. Байқауынша балықтың қармақты қабуын емес, басқа бір терең ойдың жетегіне шым батқан жан сияқты. Селт етпейді.

–Қармағыңызды балық қапқыш болсын,-деген Бұланға селк етіп жалт қараған  қара торы  әлде  шаршаудан жүзі топырақ  түстенген  жігіт ағасына  қолын соза амандасты.

–Сіз электрик Күрмек Бидайықұлысыз ба? Ол басын изеді.                                                

-Сонау Шуақтыкент қаласынан арнайы ат басын бұрдым өзіңізге.                               

-Соншама зәруліктің не жөні бар? Алып қашқанға есік қағатын кешірімшілерді босағамда телміртетіндей қызым жоқ. Бәрі байланып қойған. Екі ұлым үйлі-баранды,-деп әр сөзін ежіктеген сайын электриктің аузынан арақтың исі мүңк-мүңк етеді.

-Қуғыншы да, кешірімші де емес, жоқ іздеушімін.

-Шаңқай түсте нені жоғалтқан жансың? Жалпы өзіңнің кім екеніңді айтпадың, ал мен туралы бәрін білетіндей ештеңе сұрамадың. Іздеген бұйымыңды әлде малыңды түстесейші үзіктірмей?

–Мал емес, бұйым да емес адам, оның ішінде бес жасар өрімдей бала?

–Баласы несі?-деген Күрмек әлгіндегі жұлқыныңқыраған қалпынан пәсең тартып асықпай жауаптасты.

–Неғылған бала біздің «Тастыға» дейін іздейтіндей.

–Бала «Тастыныңкі» емес, аудан орталығына жақын «Жиделініңкі». Енді  есіңізге түсті ме? Ол сәл уақыт Бұланға аңырайы қарады. Бірақ мұны көріп отырмаған сияқты, меңіреу көзқарас. Ойы мүлдем басқа жақта. Кенет тіл бітіп:

-Біз барғанымыз жоқ, -деді.

-Қайда?

–Әлгі «Жиделіге» бармадық.

–Мен ауылға барған-бармағаныңызды емес, баланы көрген-көрмегеніңізді сұрап тұрмын.

–Сонда сен полицейсің бе?

–Солай десеңіз де қателеспейсіз. Негізінде Айбар есімді айыпкердің қорғаушысымын. Сіздер Сейіт досыңыз екеуіңіз «Жиделіге» барғансыздар?

–Бекер айтасыз. Біз  онда бармадық.

–Сіздерді  біреу көріпті,- деген сөзді  Бұлан еркінен тыс айтып жіберді.

–Қайдан?

–«Жиделінің» көшесінен.

–Мүмкін емес.

–Неге олай дейсіз?

–Өйткені біз ауылға кірген жоқпыз ғой.

–Енді қайда болдыңыздар?

–Ауылға жақын арықтың жағасында талдың көлеңкесінде отырып басымыздың «сақинасын»  жазуға дәрі іштік,-деген ол я күлгенге, я жыламсырағанға үйлеспейтіндей  ыржиды.

-Сол жанға жайлы көлеңкеге барып тоқтағанда ауылдан шыққан жеңіл машинаны байқадыңыз ба?

–Жоқ, машина жүрсе, ұйтқыған шаң бірденінен көзге ұрар еді. Ондай көтерілген құйын ұшыраспады. Біз ішерімізді іштік те, тып-тыныш келген ізімізбен кері оралдық.

–Олай емес. Сіздер «Жиделіге» соққансыздар. Трансформаторды  ашып, жарықты өшіріген соң, босаған бір желіні  жөндегенсіздер. Оны сіз атқарғансыз. Ал Сейіт «Опелінен» қозғалмаған. Кетерлеріңізде трансформатордың да, оны қоршаған темір шарбақтың да есіктерін жабуды ұмытып, ашық тастаған бойы өшірілген трансформаторды қайтадан қосуды да ұмытып жедел қайтқансыздар. Неге сонша асықтыңыздар? –деген Бұлан манадан жібі керіліп тұрған, қармақты саумалдай тартқанда, білектей сазан ілініпті. Жағаға лақтырылып шоршыған балыққа да назары аумаған Күрмектің ештеңеге мән  бермей үнсіз меңірейгені  із кесушіні мүлдем таңдандырды.

–Сіз балық ұстап демалуға емес,  ой тұманында адасқан жаныңызды жұбату, көңіліңіздегі өксігіңізді басу,  сол үшін арақпен ішкі дертіңізді жазуға  келген сияқтысыз байқауымда. Солай ма?-деген Бұланның қатқыл шыққан даусынан тағы да селк еткен Күрмек сәмбі талдың түбіне қойылған  дорбадан жартылай ішілген бір шиша арақты шығарып, ештеңеге назар аудармастан шыныны аузынан лықылдата жұтып, босаған бөтелкені лақтырып жіберді де:

-Солай!- деді.–Бүйтіп азапқа батқанша, қылмысымызды тапқан полицияның тезірек келуін тілеп жүр едім. Ақыры ізіме түсіп жетіпсің ғой. «Білмейді ешкім. Баланы көміп тастасақ таппайды. Бізді көшеде жан пенде көрген жоқ» деп еді Сейіт білгіш. Сөйтіп жым-жырт құтылмақшы едік,- деген ол солқылдай жылады да, өксігін үнсіз отырып басты. Содан соң енді сол күнгі оқиғанын қалай өрістегенін мас емес, сап-сау адамдай әңгімелей берді.                                                                                                             

                                                                          ***

-Кешегі жын-ойнақтан басым сынып барады. Ем-домыңды жасамасаң болмайды-ау, нағашы,-деп мүсәпірсіді Сейіт.

–Менің де жетіскенім шамалы. Кеңседен ертерек құрудың амалын іздеп аласұрғанымда бастықтың елді мекендердегі трансформаторлардың майларын біртіндеп тексеруді ескерткен тапсырмасы көңліме  дөп қонды. Енді бізді ертеңге дейін ешкім іздемейді. Ал екеумізге әуелі майысқан басты түзеу керек,-деген Күрмек жолай дүкенге кіріп тапқан олжасын  Сейіттің «Опелінің» артқы орындығына жайғастырды. Алысқа ұзауға шыдамдары таусылған екеуі аудан орталығы Ақбастауға жақындау «Жиделіге» жетіп, ауылға ағын су апаратын арықты жағалай егілген бес-алты талдың көлеңкесіне  көлікті кідіртті. Сейіт машинадан алған   кірсіңді сүлгісін апыл-ғұпыл төсеген еді. «Ойпырмой, мына сүлгімен сүртілмеген нәрсе қалмаған сияқты ғой. Қатыныңа жудыртып алсаң қайтеді, ә!» деген Күрмектің  қыжыртпасына ерегіскендей  шалбарының жамбас қалтасынан мұқият бүктеп салынған газетті жазып сүлгінің үстіне жайбағыстады. Содан соң бір бөлке нанды қақ бөліп, қияр мен қызанақты шаппамен майдалаған екеуі бас жазуға ентелей кіріскен еді. Құрысып-тырысқан денелеріне біртіндеп жан кіріп, маңдайлары жіпсіп, әңгіме қыза бастады. Әуелі жаңадан тағайындалған, әзірше бейтаныстау, тікелей бастықтарын жамандады. Одан әрі аудан әкімін білгендерінше жұлмалады. Әңгімелері биіктей-биіктей саясаттан соқты астын-үстін ұқсатып. Осы орыс пен қытайды құртпай бізге тыныштық жоқ, түбі жойылып кетеміз бе қайдам десіп қапаланды. Көлеңке басы қысқарып, мезгіл шаңқай түске айналғанда бөтелкенің түбіне қараған Күрмек: «Мынау екі бөтелке біздің маңдай жіпсітуімізден артпады. Екінші бөтелкенің түбінен бір тартарды қалдырайық. «Жиделідегі» трансформаторлардың майы төмендеген біреуін үпілеп-сүпілеп айналдырғанымызша,  таныс-панысқа ұшырасармыз. Сенің несібеңе  бұйырыпты дегізіп тарттырмаймыз ба? Одан әрісінде ұялса да бір жартыны алар,-деді. Ауылға кірді. Бірінші көшенің басынан ішке сәл өткен соң екі жолдың қиылысына қойылған трансформаторға Сейіт «Опелінің» тұмсығын тіреді. Көше жым-жырт. Ми қайнатар ыстықта бұлардың басына су құятын ешкім байқалмайды. Күрмек «Трансформатордың майы норма екен. Мына бір желінің жалғауы бостау сияқты. Соны қатыра салайын» деп тістеуігін  тигізгенде, үзілген сым  қоршау темір шарбаққа ілінді. Сасып қалған бұл трансформаторды өшіргені сол екен Сейіттің «Ойбай, өлтірдің! Баланы өлтірдің!» деген даусы баж етті де  үні өше қалды. Үзілген сымды орнына тез жалғаған Күрмек әлгіндегі бажылдың мәнін оншалықты ұғынбай бала өлгені несі деп шекесі тырысып, Сейітті іздей үңілді маңайына. Жүгіріп жеткен ол «Мен мына баланы бағанағы арықтың жағасына апарып жерге көмейін. Бойындағы тогын тартсын. Сен тез сонда жет трансформаторды қостағы,- деді де безе жөнелді. «Баласы несі?» «Токқа түскені қалай?» «Ол пәлекет қай тұстан ербие қалды?» «Неге мен байқамадым?» Кәігірген басын одан әрі әңкі-тәңкі еткен  осындай ойлармен трансформаторды қайта қосуды да есінен шығарып, қақпағын ілмектеуге де, тіпті темір қоршаудың ергенегін толықтап жабуға да төзім таппай көліктің соңынан безектей жүгіріп, алқын-жұлқын ентіге арықтың жағасына аяқ іліктірген. Сейіт саздауыт жерді тез қазыпты да, баланы соғын көміп күтіп отыр екен. Бұны көрісімен ысылдай зәрлене сөйледі.

-Трансформаторды өшірместен, қалай басың жетіп ток жүйткіген  сымды үзе салдың?

-Әуелі сымның беріктігін байқамаққа сәл шұқығаным сол үзіліп-ақ түскені.   Баланы мүлдем көргенім жоқ.

-Көзің ағып қалған екен дә, көзің аққыр-ай. Арақтан миың ашыған сормаңдай-ау, ток ойнақ салған сымда нең бар еді?   Бір қолымен темір шарбақтан ұстап, «Көке, не істеп жатырсың?  деп саған қарап сөйлеген оның даусын естімей құлағың тас бітіп қалғандағы, дәл иегіңнің астындағы балпанақтай баланы көрмеген көзің де көрге айналған екен дә атауыңды ішкір-ай. Сендей аузына арақ тисе көрмақауға айналатын итпен дастарқандас болып нем бар еді десейші. Баланың қылығын қызықтап тұрғанымда, кенет оны ток ұрып лақтырып жібергенін әудем жердегі мен көрдім. Ал сен салбыраған сымды қайта бекіту үшін сол кезде ғана өшірдің трансформаторды. Содан біреулердің көзіне ілікпеу үшін, әрі жерге көміп аман алып қалу үшін баланы ала жөнелдім. Сен ісіңді тындырып, із тастамай шықтың ғой. Солай ма? Бәрін күдік тудырмайтындай дұрыстап, дәл бұрынғысындай етіп орын-орнына қайтадан қойып кеттің бе?

-Солай еттім ғой. Оны қойшы. Мына бала тірілмесе не істейміз?

-Бала тірілмесе, онда із жасырудың амалын қамдастыруымыз керек.

-Жасырғаны қалай? Апармаймыз ба үйіне кешірім сұрап.

-Араққа тойып алған «алкаштар» трансформаторға сүйкеніп нелерің бар дейді де ұзағынан сотталамыз. Егер қазір бала тірілмесе, терең қазып көмеміз. Бізді ешкім көрген де, байқаған да жоқ. Баласын іздейді-іздейді де күдер үзіп қояды. Із-түзсіз жоғалып табылмай құрдымға құрыған бала аз ба? Солардың бірі болады. Ал біздің Құдайдан кешіруін сұрап жалынумен дәм-тұзымыз таусылғанша тып-тыныш қана жүріп, ғұмыр-дариядан көшкеніміз жөн-ау! Егер адамша өмір сүргің келсе солай етеміз. Әлде түрменің дәмін татқың бар ма? Әйел зорлаған мен жазықсыз баланы өлтіргенді ол жақта екінші мәрте өз заңдарымен соттайды. Оны көзің ақиып көрмей токқа ұрындырып өлтірген сенсің. Менің қатысым жоқ. Ең әрісі куә ғана болмын да құтыламын. Ал қазіргі ойлағаным-сенің қамың.

–Ойпырмай! Ойпырмай! -дей берді Күрмек.-Жас баланың ажалына себепші болатындай бұ құдайға не жазып едім? Балапаным-ай, қайдан ғана елпілдей жетіп едің атың өшкір токтың түбіне.   Баласына жаны ашымайтын қандай пәле шаңқай түсте қайтіп қана сені үйден шығарды екен десейші. Енді баласын бетімен жіберген ондайдың иттігіне айдаладағы мен жазықтымын,ә!  Айтшы нағашы, бұл сұмдықтан өмір бақи құтылмайтын азапты шегеміз ғой күніге. Мұны көміп тастап, өзің айтқан ғұмыр-дарияда шынымен де тып-тыныш жүре алар ма екенбіз.

-Өй, зарланғанша әуелі құтылудың жолын ойластырайық. Одан арғысына біртіндеп бойың үйреніп кетеді. Тағы да қайталаймын.  Мен куәгер ғанамын. Ал сен кісі өлтіруші ретінде сотталасың. Енді Күрмек Сейітке шүйлікті.

-Қалай құтылмақсың тып-тыныш. Керек болса сен бұрын сотталған, пәленің бәрін білетін қу тақымның өзі емессің бе?

-Сотталсам, адам өлтіріп емес, мал ұрлығымен жаза бастым. Ал сен адам өлтіріп, оның үстіне баланы токпен ұрып өлтіріп сотталасың. Оттамай, түрмеге түсуден жаным қалсын десең, менің айтқанымды істегін. Сонымен екеуі көмілген денені қайтадан қазып алды. Балада жан жоқ. Түр әлпеті қарайып кеткен. Демек, бүкіл организмі токқа күйіп қалған.   «Ойбай-ай, мүлдем сәби екенсің ғой. Қайтіп қана сені қара жерге қиып, жасырын көме саламыз енді, көкетай-ау!»-деп күңіренді Күрмек. «Өй, сен бүйтіп жылана  берсең, түрмеде шірисің. Бұл үшін саған заңның бір емес, бірнеше бабы қойылып, темір тордың арғы жағына ұзағынан шоңқитады. Сонымен бәрі бітеді. Амал жоқ, бас амандығымыз үшін тезірек баланың денесін жерге қайта көмуіміз, ізімізді жасыруымз керек»,-деген Сейіттің ақылына тоқтады Күрмек те. Мәйітті алған шұңқырды тереңдете қайтадан қазған екеуі оны түбіне жатқызды да, жүзіне газет жапты. Содан соң тез-тез топырақты тастай бастады. Лезде төмпешікке айналған жерді бірдей  етіп тегістеп бетіне ескі топырақтан қалыңдата сеуіп, үстіне талдың қураған бұтақтарын тастады. Сырт көзге ештеңе байқалмайтынына сенген екеу көліктерін үлкен жолға бұрды. Ақбастауға ілінісімен бір бөтелке әкелген Сейіт стаканға меймілдете құйды да өзі дем алмастан сіміріп жіберді. Сондай етіп Күрмекке де құйды да иегін көтерді. Ол да үндеместен тартып салды. Енді өткен оқиғаны еске түсірмеуге ант ішісті. «Бас ауруымызды жаздық та, ешқайда бармай жарты жолдан қайтып, үйімізге жеттік те демалдық дейміз жұмыстағыларға. Азарлығы біраз ұрсар. Одан кейінгі тірлік тек сыр алдырмауымызға байланысты»,-деді Сейіт. Екеуі осылай тағы да серттесе пәтуаласты.                                                                                                                                     

Әңгімесін аяқтаған Күрмек шелектегі суда жатқан балықты өзенге лақтырды да, қармағын жиып, Бұланның соңынан ілесті. Ауласында әйелін жолықтырған ол:

 -Мен мына кісімен ауданға барамын. Одан соңғы хабарды өзімнен естисіңдер,-деді де тез киімдерін ауыстырып шықты. Әйелі үндемеді. Сірә, күйеуіне «Қайда, неге барасың?» «Қашан келесің?» дегендей сұрақтармен мазасызданбауға үйренген. Жол-жөнекейде Бұлан Күрмекке назарын аудара сөйледі.

-Қазір күн ерте. Ешкімге жарияламас  бұрын баланы көмген орынға мені апарасыз.

 -Енді мен үшін бәрі бір. Сонша күнәні арқалап ел аралайтын да, тып-тыныш отыратын да, тіпті алаңсыз жататын да шамам қалмаған еді. Бағанағы балық аулаған жер-талайдың басын жұтқан екі өзеннің түйіскен ағысы қатты шүңет иірім. Оған бір түскен адамның сүйегі бірнеше күн іздеумен зорға табылады. Онда да көбіне ағыс мәйітті жағалауға шығарып тастағанда. Өлуге біржола бел байлаған мен Алланың ажалын күткенімді жасырмаймын. Ажалдан құтқарушысың ба, әлде азапқа қамаушысың ба әйтеуір сені жіберіпті ғой жаратқан иеміз. Ол ауыр күрсінді. Күрмектің шаршаңқы жүзіне Бұлан мұқият қарады.

-Сіз бүгінгі иірімге тұншығып өлмекке бел байлағаннан бұрын да өзіңіз  айтқан шүңетке бір сүңгіп байқаған сияқтысыз ғой. Манадан көліктің алдыңғы орындығында төмен бұқшиған ол басын қалт көтеріп,  көздері таңданудан бақырая ашылып қарады із кесушіге.                        

-Оны қайдан, қалай, қандай ойларыңнан балалатып отырсың?

-Егер терең иірімге тұншығу үшін секіруге ұзақ ойланып, тәуекелге жаныңызды шын бағындырсаңыз, өзенге келісімен басқаның бәрін мүлдем ұмытып, иірімге бірден сүңгір едіңіз. Өйткені сіз ағынды судың бойын балық аулау үшін емес, азапқа тұншыққан жаныңызды сол азаптан құтқару үшін жағаладыңыз ғой.

–Білгішсің бе, әлде адамның жанын көзіңмен ішіп-жеп танып қоясың ба, әйтеуір  мен туралы мына болжауың дұрыс.  Бұдан бір жұма шамасындай бұрын мастықтан суға құлап тұншығып өлдіге жорыған жұрт күлмесін деген оймен арақ ішпей келдім де иірімнің ортасына аяқпен тіке секірдім. Судың беті тыныштау болғанымен, асты аласапыран ағыс екен. Жұлып алды да дәу тасқа апарып соққанда,  аяғымды тіреп үлгеріп, кейін серпілдім. Сөйткенше судың асау екпінінен басым бір жағыммен жанаңқырай жалпақ тасқа тигенде, көзім қарауытты. Бірақ есімді жоғалтпай аяқ қолдарымды шамамның жеткенінше ербеңдеттім. Суға сүңгігеннен көзімді ашық ұстағанмын. Сонда бір байқағаным, иірімнің  түбіндегі жақтауға қабырғадай қаланған тастардың арасы кең-кең қуыстарға толы екен. Иірімге басымен сүңгіген бейшараны шыр көбелек айналдырған су сол тасқа апарып  ұрады да, есін жоғалтқан адам жаңағы көп қуыстың біріне қыстырылып қалатын сияқты. Одан арғысы белгілі ғой. Судан шықпаған бейшараны бірнеше күн іздеп арнайы мамандардың зорға табатыны. Менің суға баспен сүңгімей, аяқпен секіргенім ажалымды алыстатты ма деймін. Өйткені тасқа тіреген аяғыммен серпігенімде, ағысы пәсеңдеу арнаға қарай ұзаңқыраған мені судың ағысы жағалауға ығыстырған тәрізді. Басымның жарылып, денемнің тасқа жырылғаны болмаса, аман қалдым сөйтіп. Содан кейін суға батып өлмекке тағы да бардым қармағымды арқалап, батылдық  үшін арағымды да ұмытпай. Сонда да мына беті тыныш, асты аласапыран иірімге сүңгуге тәуекелім жетпей, мазасыз ойларға мүжілумен қайтып жүрдім үйге. Ал енді бүгінгі күні  өлуге біржола берік бел байлап, отбасыммен, таныс-біліс,  туыстардың бәрімен іштей қоштасып,  білетін бір-екі дұғамды қайталай оқып..,-деп одан әрісінде үнсіз түнерген Күрмектің  аудан орталығына жеткенде «Әлгі Сейітті де алайық та!»,-деген даусын естіді Бұлан. Сейіттің ештеңені қаперіне де ілместен, сол күні «Үйгентасқа» қарай жолдың топырағын құйындатып бара жатқан Айбардың машинасын көргеніне куәлік жасап, бар пәлені соған аудара, жоғалған Қаныштың әкесінің аузына сөз салып отырғанын естігенде Күрмек: «Күнадан мүлдем шімірікпейтін тас көкірек екен ғой нағыз» деді сәл қатулана сөйлеп. «Ол көрген ақ «Ниваны» сіз көрмепсіз. Қайсыңызға сенеміз?»-деген Бұланның сұрағына  Күрмек тосылмай жауап қайтарды. «Оныңкі таза өтірік. Машина түгілі сол күнгі ыстық аптаптан шайтан да қозғалған жоқ-ау! Әйтпесе соншама көр қазып, адам көмген күнәлі әрекетіміз біреудің көзіне шалынар еді ғой. «Иә, Күрмектігі дұрыс. Сейіттікі өзін қорғау үшін  ойлап тапқан амал-жаласы. Өйткені оның ақ «Ниваны» көрген уақыты, баланың жоғалу уақытымен мүлдем сәйкеспейді». Із кесуші өзінің бір есебін осылай түгелдеп түйіндеді. «Жиделіге» жақын ағын су байланған тоғанның орта тұсындағы бес-алты талдың жанына жеткенде кідіруді  ескерткен  Күрмек  біраз қураған бұталар жатқан  тегіс жерге екі аяғы дірілдей тізерледі. «Баланың  мәйіті  осында. Сейіт  дастарқан   жасаған газетті  бетіне  жапқан. Содан соң көмгенбіз. Шаңқай  түсте  көше  кезіп  нең бар еді, шырағым-ай!» деп қыстыға жылады ол.                                                                                                                                            Аудандық ішкі істер бөлімінің кеңсесіне кірген Бұлан полковник Оспан Тоқанұлының есігін қақты. Сәлден соң дүрк көтерілген жедел топ үйінде қаперсіз отырған  Сейітті  және полковник бастаған екінші топ Бұлан мен Күрмекті іле баланы көмген жерге апарды. Күрмекті көрген Сейіт «Менің бұл өлімге қатысым жоқ. Токпен ұрған да, токты денесінен тарттыру үшін жерді қазуға ақылын айтып осында әкелген де, шұңқырға көмген де анау» деп айқайлады. Қураған бұталарды алып тастап, топырақты қопаруға кіріскендерге Бұлан мәйіттің бетіне жабылған газетті бүлдірмей алуды ескерткен еді. Арада бір жетідей мерзім өтсе де баланың денесі бұзыла қоймапты. Сірә, ток ұрғанның әсері тиді ме екен. Мәйіттің бетіндегі газетті еппен ұстаған Бұлан  оның жиегін шола көз жүгіртіп, кенет Сейіт пен Күрмекке бұрыла сұрады. «А.Сембина» деген кім?» Сейіт сазара үндемегенімен, Күрмек күрсіне тіл қатты. «Мынаның әйелі. Мектепте мұғалім».  «Қылмысқа қатысушы да, оны жасырушы да әрі күнаһар басыңызды қорғау үшін өзгеге жала жабушы да сізсіз құрметті, Сейіт мырза!» деген  Бұлан газетті мұқият бүктеп тергеушінің қолына ұстатты. Баланың мәйітін екі полицей шұңқырдан қолдаса көтеріп шығарғанда, денеден сауылдай төгілген топырақтан қасіреттің суылы естілгендей жиналғандардың көздерін еріксіз жұмдырған қайғылы мұң басты төңіректі. Шыдамаған бір-екеу теріс бұрылды. Осы сәтте «Ой,әкең..!» деген ызалы тілдеуге  ілесе сарт-сұрт ұрған дыбыспен бірдей Сейіт пен Күрмек үйілген топыраққа қатарласа сұлайып түсті. Құлаған екеуді өзгелер де тепкілердей дүрліге ұмтылғанда, полковник пен прокурор айқайлап әзер  тоқтатты. «Оңбағана иттер-ау, бірденінен неге ауруханаға  апармайсыңдар. Содан кейін естіген ата-анасына  баланың ажалы әдейі емес, оқыс оқиғадан орын алған жазым екенін жұрт болып жабыла айтып  кешірімдерін әпермей ме?! Сонда мынадай қара бетке айналып сотталмас едіңдер ғой. Бүкіл ауданды, облысты бір апта бойы шуылдатып қалай ғана төзімдерің жетіп, ортамызда жүрдіңдер. Күдікпен қамалған жігіттің үйін, қора қопсысын, таудың қуыс-қуыстарын іздеген еріктілердің үлкен тобы жүр әлі ыстық күннің астында. Енді күдіктіні қайтадан сұрауға алайық, одан әрісінде ит ерткен жасақтарды шақыртуды, баланы табудың басқа қандай амалдарын ұйымдастыруды ойластырумен  басымыз қатып біз отырмыз. Бүкіл ауданды, облысты аяқтарынан тік тұрғызған жағдайдың бәрін естіп, көз алдарыңда болып жатқан оқиғаларға пысқырып та қарамай алаңсыз атауларыңды ішіп үйлеріңде, қызметте, ортамызда қалай жүрсіңдер!? Адам шыдайтын қылық емес қой бұларың!»-деп  майор шеніндегі бір жігіт тағы да ұмтылда екеуіне. Бұлан әлгі майорды баланың жақынына ұйғарған. Сөйтсе басқа ауданнан жақында ғана қызмет ауыстырған қылмысты іздеу бөлімінің басшысы екен. Полиция бастығы полковник  Оспан Тоқанұлы мәйітті экспертизаға, ал екі қылмыскерді  қамауға  жіберді де, ауыл округіндегі учаскелік инспекторға үш-төрт ақсақалды дереу жинап, елді мекенге кіре беріс көшенің бойында бұларды тосуды тапсырды. Содан соң із кесушіге бұрылды: «Құрметті  Бұлан Еркеұлы! Көрсеткен көмегіңіз үшін сізге  шексіз   рахмет! Енді қылмыстың ашылғанын, қылмыскерлердің қамалғанын, бірақ отбасының баласыннан айырылғанын естіртіп, көңіл айтуға бірге барайық,-деді. Осы кезде учаскелік инспектор да қариялардың бастары қосылғанын телефонмен хабарлады да,   қайғылы жағдайдың себеп-салдарын көзімен көрген  топ «Жиделіге» бет алды.

Бағдат Қалаубай, Түркістан облысы

Құмға таңбаланған нөмір

         Сол күні  әжемнің  жанына  жаттым. Әжемнің таңертең ерте...

Қатыгез келіншек немесе Сегіз жыл сергелдеңге салған ар соты

Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен...

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...