Көкшетауда Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына орай «Белсенді ұзақ өмір» атты зейнеткер адамдарға арналған орталықтың салтанатты түрде ашылды. Орталықта қариялар оннан астам үйірмелерге емін-еркін қатыса алады.
Жоба Қазақстанның «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық бағдарламасы аясында халықаралық тәжірибе негізінде жүзеге асырылыпты. Оған себеп “Белсенді ұзақ өмір” жобасы әлемнің ең өркениетті елдерінде егде адамдарды өмірге бейімдеу бағытындағы жаңашыл бастамалардың бірі. Бұл жобаның қолға алынғанына да ондаған жылдар болған. Мадрид конвенциясындағы осы жоба бойынша халықаралық бағдарлама да қабылданды. Енді облыс орталығы – Көкшетауда да аға буын өкілдері білім беру, сауықтыру және бос уақытты тиімді өткізу бойынша қызметтерді тегін пайдалана алады.
Ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Марат Ахметжанов барша тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап орталықтың аға буын өкілдерінің еңбегі мен өңірдің дамуына қосқан үлесіне алғыс ретінде ашылғанын атап өтті.
«Президентіміз айтқандай, біздің күшіміз – бірлікте. Ал аға буын бізге дәстүрлерді құрметтеуді, бір-бірімізге қолдау көрсетуді және берекелі қоғам құруды үйретеді. Бүгін біз зейнеткерлердің дамуына, қарым-қатынас орнатуына және өздерін қоғамға қажет сезінуіне мүмкіндік беретін ортаны қалыптастырып отырмыз. Өңірде алғаш рет зейнеткерлерге тегін жол жүру және санаторий-курорттық емделу мүмкіндігі берілді. Бұл – қарапайым қолдау ғана емес, сіздердің еңбектеріңіз бен өңірдің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін білдірілген алғыс. Сіздер – тек тарихтың куәгерлері ғана емес, оны жасаушыларсыз. Сіздердің тәжірибелеріңіз, даналықтарыңыз және белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз – келер ұрпақ үшін зор тірек», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, орталықтың ашылуына орай Халықаралық күміс университеттер қауымдастығының президенті, профессор Франсуа Веллас онлайн режимде құттықтау сөз сөйледі.
Орталық қарияларға барынша ыңғайлы әрі сәнді дизайнмен әрленіп жасалған. Мекеменің зейнеткерлердің денсаулығын шыңдап, жақсы демалуына мол мүмкіндік беретінін айтқан дизайнер Жанар Шаяхметова қарияларға өз үйге келгендей сезінуіне ойластырып істегенін атап өтті.
- Бұл жоба қаламыздың зейнеткерлеріне арнап ашылды. Қысқа уақыт ішінде жасалғанымен біз оған бар күш-жігеріміз бен жанымызды салып істедік. Қариялар осында келіп өз үйінде енгендей сезімде болуы үшін түстерді барынша үйлестіріп жасауға тырыстым. Әсіресе, көзді ауыртпайтын әрі алаңдатпайтын жылы түстерді көбірек қолдандым, — дейді дизайнер Жанар Шаяхметова.
Орталықтың директоры Бақыт Смағұлдың айтуынша, ғимарат толықтай жаңғыртылып, зейнеткерлердің әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«Орталықтың қызметіне сауықтыру гимнастикасы, йога, скандинавиялық жүріс, вокал, хореография, қолөнер, шахмат, тоғызқұмалақ, дәстүрлі асық ату ойыны, сондай-ақ компьютерлік сауаттылық пен шет тілдерін үйрену кіреді», – деп атап өтті орталық директоры Бақыт Смағұл.
Ашылу салтанаты аясында орталық пен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға да қол қойылды.
Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталықтың ашылуына үлес қосқан меценаттарға алғыс хаттар табыстап, зейнеткерлерге денсаулықтарын нығайтуға арналған тегін сертификаттарды тапсырды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
Ақмола облысы