Эльвира АЗИМОВА, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрағасы:
– Эльвира Əбілхасымқызы, Конс титуциялық Соттың құрылғанына 2 жыл болды. Сала мамандары болмаса былайғы жұрт бұл құрылымның жұмысынан толық хабардар емес. Сондықтан алдымен Конституциялық Соттың өкілеттігі, міндеті, атқаратын қызметі жайлы толық айтып берсеңіз.
– Конституциялық Сот аз ғана уақыттың ішінде өздеріңіз секілді БАҚ өкілдерінің белсенділігінің арқасында халық арасында біршама таныс органға айналды. Егер бастапқы уақыттары азаматтар оны сот органдарының келесі бір инстанциясы ретінде қабылдаса, қазіргі таңда Конституциялық Соттың қолданыстағы заңнаманың Ата Заңымызға сəйкестігін тексеретінін, оның шағымдарды тек құқық тұрғысынан ғана қарайтыны белгілі болды. Ең алдымен Конституциялық Сот – еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін дербес жəне тəуелсіз құқықтық институт. Құрылым құқықтық актілердің Конституцияға сəйкестігін тексереді, яғни алдын ала конституциялық бақылауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, аталған лауазымды тұлғалардың өтініштері бойынша дау туған жағдайда Президенттің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің дұрыстығы жəне республикалық референдум өткізу туралы мəселені қарас тырады, Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді. Соңғы мəселені қарау жөніндегі өтінішпен жүгіну құқығына Бас прокурордың ие болғанын да атап өту қажет. Ал жалпы біздің қызметіміздің басым бөлігін қолданыстағы заңдардың немесе олардың жекелеген нормаларының Конституцияға сəйкестігін тексеруге қатысты жұмыстар құрайды. Бұл кейінгі конституциялық бақылау түріне жатады. Бас прокурор, сот органдары қолданылуға тиісті заңның азаматтың конституциялық құқығы мен бостандығына нұқсан келтіреді деп жүгінгенде, азаматтардың мүддесі үшін Адам құқықтары жөніндегі уəкіл өтініш жолдағанда жəне ең бастысы, азаматтар өздерінің құқығы мен бостандығын тікелей қозғайтын заңдардың Конституцияға сəйкестігін тексеру туралы өтініш білдірген жағдайда жүзеге асырылады. Мұнымен қоса, Конституциялық Сот конституциялық іс жүргізу практикасын қорыту нəтижелері бойынша жыл сайын Парламентке Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдау жібереді. Жолдауда конституциялық іс жүргізу қорытындысы, сондай-ақ азаматтардан келген өтініштерде көтерілген мəселелерге одан əрі ден қою үшін жəне заңнаманы одан əрі жетілдіру жөніндегі ұсыныстар мен ұлттық заңнамаға талдау жасалып, депутаттарға ұсынылады.
– Осыған дейін жұмыс істеген Конституциялық Кеңес пен жаңадан құрылған Конституциялық Соттың негізгі айырмашылығы оған азаматтардың тікелей жүгіне алуымен байланысты. Азаматтар осы мүмкіндікті қаншалықты пайдалана алып отыр?
– 2022 жылғы реформа нəтижесінде құрылған Конституциялық Соттың қызметі еліміздің құқықтық жүйесін нығайтуға жəне конституциялық бақылау органына тікелей қол жеткізу арқылы азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған. Ол жаңа субъектілер тізімімен толықты. Жоғарыда атап өткенімдей, енді азаматтар, Адам құқықтары жөніндегі уəкіл жəне Бас прокурор азаматтардың құқығы мен бостандығына нұқсан келтіретін қолданыстағы заңнаманы немесе оның жекелеген ережелерін даулауға мүмкіндік алып отыр. Бұның барлығы, əрине, келіп түскен өтініштердің негізінде тексерілетін болады. Мемлекет бұл ретте азаматтарды өздерінің конституциялық құқығы мен бостандығын қорғауға қатыстыру арқылы олардың құқықтық сауаттылығын жəне қолданыстағы заңдардың Ата Заңмен байланысы туралы түсініктерін арттыруды мақсат еткен. 2023 жылы 5,3 мыңнан астам, өткен жылы 3,7 мыңнан астам азамат өз құқығын қорғау үшін конституциялық бақылау органына жүгінді. Бұл статистика азаматтардың конституциялық бақылау арқылы құқығын қорғауға ғана емес, сонымен бірге қазақстандық заңнаманың Ата Заңмен сəйкестендіруге қызығатынын растайды. Яғни, нормативтік құқықтық актілерді Конституцияға сəйкес келтіру процесіне азаматтардың қатысуы «заң жəне тəртіп» қағидатын қоғамымыздың өміріне енгізуге үлес қосып жатыр.
– Азаматтар Конституциялық Сотқа қандай мəселелер бойынша жүгінді? Жалпы, бұл органда өтініштерді қараудың реті қалай?
– Конституциялық Сот осы екі жылдан бері азаматтардан жəне басқа да өтініш субъектілерінен келіп түскен тоғыз мыңнан аса өтінішті қарады. 400-ден аса қаулы қабылдады, оның ішінде конституциялық тексеру нəтижесі бойынша 60-тан аса қорытынды нормативтік қаулы шығарды. Өтініштерді қараудың бірнеше сатысы бар. Ең алдымен өтініштер Конституциялық Соттың аппаратында тіркеліп, 15 жұмыс күнінің ішінде өтініштің талаптарға сайкестігі қаралады, əрі қарай судьялардың алдын ала зерделеуіне жолданады. Судьялардың алдын ала зерделеуі сатысында өтінішті конституциялық іс жүргізуге қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту туралы қаулы шығарылады. Конституциялық іс жүргізуге қабылданған өтініштер бойынша нормативтік құқықтық актінің немесе оның жекелеген нормасының Ата Заңға сəйкестігі тексеріледі. Конституциялық Сот осы тексерудің қорытындысы бойынша нормативтік қаулы қабылдайды. Атап айтатын жайт, азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тəртібі мен шарттары «Конституциялық Сот туралы» конституциялық заңның 44 жəне 45-баптарында нақты көрсетілген. Конституциялық Соттың азаматтардың өтініші бойынша қарайтын негізгі мəселесі – ол заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Конс титуция талабына сəйкестігін тексеру. Оның шарттары мынадай: — дауланып отырған нормативтік құқықтық акті немесе оның жекелеген нормасы адамның Конституцияда көзделген құқықтарын тікелей қозғауы қажет; — сол дауланып отырған заңды қолдана отырып, сот тарапынан нақты бір шешім қабылдануы тиіс; — сот шешімі күшіне енуі керек жəне ол шешімнің мерзімі бір жылдан өтпеуі тиіс. Тəжірибе əлі де жинақталуда. Аппараттың қызметкерлері бізге өтінішпен жүгінген азаматтарға түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп отырады. Себебі өтінішті рəсімдеу, нұқсан келтіруі мүмкін болған норма ларды анықтап көрсету немесе бұл органның құзыретінен тыс шығатын сауалдар едəуір жұмысты талап етеді. Біздің қолға алуымызбен Конституциялық Сот аппаратының 2023 жылы азаматтарды қабылдау орталығы ашылды. Онда азаматтарға Конституциялық Сотқа өтініш берудің тəртібі жан-жақты түсіндіріледі. Азамат офлайн жəне онлайн режимінде түсініктеме ала алады, қажетті ақпарат Конституциялық Соттың ресми сайтында орналастырылған. Орталықтың жұмысына аппарат қызметкерлерімен қатар заң консультанттары мен адвокаттар да шақырылады. Олармен аппарат ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасты. Бұл жұмысты ұйымдастыра отырып, Аппарат халық арасында құқықтық сауаттылық пен мəдениетті нығайту жөніндегі мемлекеттік міндетті басшылыққа алады. «Заң жəне тəртіп» қағидаты нақты режимде жұмыс істеуі керек жəне құқықтық ақпаратқа қол жеткізу тиімді болуы керек.
– Біздің заңдарымыз қаншалықты Ата Заңға сəйкес?
– Конституциядағы анықталған сəйкессіздіктердің басым бөлігі қылмыстық жəне азаматтық сот төрелігі саласындағы адам құқықтарына қатысты болды. Сонымен қатар, бала асырап алу кезіндегі балалардың құқықтары мен мүдделеріне, алимент өндіріп алуға, жас балалардың ата-аналарының əлеуметтік құқықтарына, ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарына, жер қатынастарындағы мұрагерлік құқықтарына, сотталғандарды, күдіктілер мен айыпталушыларды ұстау жағдайларына, азаматтардың сот арқылы қорғалуына жəне білікті заң көмегіне қол жеткізуіне, бейбіт жиналыстарға қатысты мəселелер болды. Ең əуелі бір мəселеге назар аударғым келеді. Заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер маңызды қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, сəйкесінше уақыттың, жағдайлардың, субъектілер қатарының өзгеруіне жəне мемлекеттің, қоғамның, жеке тұлғаның жаңа міндеттері мен қажеттіліктерінің пайда болуына байланысты құқықтық реттеушілерді өзектендіру қажеттілігі туындайды. Сондай-ақ, барлық мемлекеттік органдар жүргізуге міндетті заңнаманың құқықтық мониторингі барысында құқық қолдану практикасын талдауды ескере отырып, құқықтық олқылықтар мен қайшылықтар анықталатын жағдайлар бар. Конституциялық бақылау органының Конституция тұрғысынан құқықтық мониторинг жүргізетін мақсатын да ерекше атап өткім келеді. Екі жыл ішінде Конституциялық Сот тексеру нəтижелері бойынша 60-тан аса қорытынды шешім шығарды. Олардың кейбірі Конституцияға сəйкес деп танылғанымен, Үкіметке немесе өзге де мүдделі мемлекеттік органдарға біздің нормативтік қаулыларымыздағы құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, салалық заңнаманы жетілдіру туралы мəселені қарау туралы ұсынымдар беріледі. Бұл құқықтық белгісіздік немесе түсініксіздік туғызатын жəне осындай нормативтік құқықтық актіні қабылдау мақсаттарына қол жеткізу сапасына əсер ететін өзге де қайшылықтар немесе олқылықтар анықталғанда берілген ұстанымдар. Сондықтан мемлекеттік биліктің үш тармағының ешқайсысына жатпайтын Конституциялық Сот тежеу мен тепе-теңдік жүйесінің маңызды элементі болып табылады. Бұл жүйенің мəні мынада: биліктің қолданыстағы үш тармағының ешқайсысы (заң шығарушы, атқарушы жəне сот) ресми немесе нақты үстемдікке ие болмауы керек. Мұндай межелеу мен күштердің тепе-теңдігі мемлекеттік биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Нормативтік құқықтық актілердің конституциялылығын бағалау кезінде ең алдымен назар аударатын мəселелер – құқықтық сенімділік, өкілеттіктерді теріс (асыра пайдалану) пайдалану, заң алдындағы теңдік жəне кемсітпеушілік (құқықтық пропорционалдылық), сот төрелігіне қол жеткізу. Конституциялық Соттың қорытынды шешімдері алқалы түрде шығарылатынын еске салу керек. Нормативтік қаулылар қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға міндетті, түпкілікті болып табылады жəне шағымдануға жатпайды. Қабылданған шешімдерді қайта қарау тек екі жағдайда ғана мүмкін болады: егер шешім қабылдауға негіз болған Конституцияның нормасы өзгерсе немесе өтініш нысанасы үшін маңызды жаңа мəн-жайлар ашылған жағдайда. Қабылданған шаралар туралы сұрағыңызға байланысты Конституциялық Сот мемлекеттік биліктің үш тармағының ешқайсысының қызметіне араласпайтынын, олар қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді қолдануды тоқтатып, оларды белгіленген тəртіппен қайта қарауға тиіс екенін атап өткім келеді. Қайта қарау кезінде олар Конституциялық Соттың шешімдерін, соның ішінде тұжырымдалған құқықтық ұстанымдарды басшылыққа алуы тиіс. Үкімет тарапынан Конституциялық Сот шешімдерінің орындалу барысын үйлестіруді Əділет министрлігі қамтамасыз етеді. Прокуратура органдары заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды жүзеге асыру кезінде біздің шешімдерімізді басшылыққа алады.
– Адам құқықтары жөніндегі уəкіл, Бас прокурор тарапынан шағымдар бар ма? Олар қандай мəселелер бойынша жүгінуде?
– Осы уақытқа дейін Бас прокурор Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме беруге қатысты екі өтініш жолдады. Олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығына жоғары қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокуратураның сотта мемлекет мүддесін білдіру жөніндегі құзыреті туралы конституциялық нормаға, сондай-ақ «Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» жəне «Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды» деген конституциялық нормаларға ресми түсіндірме берілді. Бас Прокурордың өтініштерін қарау нəтижелерін ескере отырып, қазіргі уақытта Үкімет тиісті заңнамалық ұсыныстар дайындады. Бас прокурорға, Адам құқықтары жөніндегі уəкілге Конституциялық Сотқа заңдарды жəне өзге де нормативтік құқықтық актілерді тексеру туралы жүгіну құқығын беру – құқық қолдану практикасы мен нормашығармашылық процесі үшін өте маңызды. Бұл субъектілер нормативтік құқықтық актілерді күнделікті өз тəжірибесінде қолданып отырады. – Жалпы, осы екі жыл ішінде Конституциялық Сот өзін қандай ұйым ретінде айқындады? Қоғамға бұл ұйым не берді? Құқықтық мемлекет құру ісіне қандай үлес қосты? – Конституциялық Соттың қандай үлес қосатыны жəне оның құқық үстемдігі қағидатын қамтамасыз етуге, заң мен конституциялық тəртіпті сақтауға əсері туралы біз жоғарыда жан-жақты талқыладық. Сондықтан қысқаша жауап берейін: сіз бен біз құқықтарымыз бен бостандығымыз əділ жəне заңды түрде қорғалатын құқықтық мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Біздің еліміздің Ата Заңы жоғары құқықтық деңгейде осындай қорғаудың кепілі жəне ол нақты режимде жұмыс істеуі, тұрақты болуы тиіс. Бұл міндетті құқық деңгейінде Конституциялық Сот қамтамасыз етеді. Бұл біздің мемлекеттің, қоғамның жəне тұлғаның тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсаттарына сəйкес келеді. Конституциялық Соттың екі жылдағы жұмыс тəжірибесі істерді қарау əдістемесі жəне басқа мемлекеттік органдар мен соттардың шешімдерді кейіннен орындау тетігінің орнықтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан басқа мемлекеттерден келген əріптестеріміздің қызығушылығын тудыруда. Біздің тəжірибемізді зерделеу мақсатында Конституциялық Сотқа Өзбекстан, Индонезия, Оңтүстік Корея елдерінің Конституциялық Соттарынан делегациялар келді. Біз 119-дан астам елдің конституциялық соттары мен оларға теңестірілген органдарды біріктіретін Дүниежүзілік конституциялық сот төрелігі конференциясындағы əріптестерімізбен үнемі аналитикалық материалдарды, шешімдерді жəне ақпараттарды бөлісіп отырамыз.
– Бұл ұйымға қандай да бір қосымша құзыреттер керек пе?
– Басқа елдердің Конституциялық Соттарының тəжірибесін зерделедік. Негізінде, азаматтардың өтініштеріне жəне жалпы Конституциялық Соттың жұмысына қатысты біздегі барлық негізгі ережелер шетелдік үздік тəжірибеге сай келеді. Бұл институтты нығайту қажеттілігі тəжірибемен тығыз байланысты. Біз екі жылдағы қызметке мұқият талдау жасадық жəне заңнамалық жетілдіру бойынша ұсыныстар пакетін əзірледік. Олар азаматтардың осал топтарының мемлекеттік органдар мен соттарда ғана емес, Конституциялық Сотта да мемлекет кепілдік берген заң көмегін алу құқығымен байланысты. Шетелдік Конституциялық Соттардың қызметінде қазақстандық заң шығарушының ұлттық мүдделерді ескере отырып, қарастыруы мүмкін жекелеген тармақтар бар. Мысалы, кейбір елдерде азаматтар ғана емес, заңды тұлғалар да Конституциялық Сотқа жүгіну құқығына ие. Кейбір елдерде Конституциялық Сотқа жүгіну үшін соттың барлық инстанциясынан өтуі қажет. Бұл жерде Конституциялық Соттардың жеке істерді қарайтын сот жүйесіне кірмейтінін есте ұстаған жөн. Айта кету керек, біздің үлгінің басқа елдердің Конституциялық соттарынан жағымды тұсы баршылық. Мысалы, конституциялық іс жүргізуге қатысатын, есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдарға мемлекет қаражаты есебінен ымдау тілі маманының қызметі (сурдоаударма) ұсынылады. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар азаматтар конституциялық іс жүргізуде олардың мүдделерін білдіру жəне қорғау үшін адвокат немесе заң кеңесшісін таға йындау туралы өтінішпен Конституция лық Сотқа жүгіне алады. Өтініш берген кезде жəне конституциялық іс жүргізу шеңберінде тек адвокаттар, заң консультанттары ғана емес, өкілдік институты да көзделген. Сондай-ақ, өтініш білдірген азаматтың мүдделерін заңмен, жарғымен немесе ережемен осы ұйым мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау құқығы берілген ұйымдардың уəкілетті тұлғалары білдіре алады. Сонымен қатар, басқа конституциялық соттардан айырмашылығы, біздің азаматтар Конституцияға сəйкестігін тексеру туралы өтініш үшін мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылған. Прокуратура органдары үлкен жұмыс атқарып жатыр. Өткен жылы прокурорлар қосымша 15 мыңнан астам қылмыстық жəне 4,5 мың азаматтық істерді, сотталған азаматтардың 3 мың шағымы мен арызын, үй қамағы түріндегі бұлтартпау шараларын қолдану туралы 3,5 мың материалды зерделеді. Осы ретте, Конституциялық Соттың нормативтік қаулыларын орындау үшін прокурорлар 26 адамның құқығын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдаған, оның ішінде 13 қадағалау жəне ден қою актілері (8 – қадағалау актілері (наразылықтар), 5 ден қою актілері (қолдаухаттар, өтініштер) енгізілді.
– Констиуциялық Сот жұмысының əлемдік тəжірибесі қандай? Қандай елдермен жəне қандай мəселелер бойынша əріптестік байланыстасыздар?
– Қазіргі таңда конституциялық бақылау органы əлемнің 119 елінде бар. Кейбір елдерде оны сот билігі жүзеге асырады, кейбіреулерінде Парламент қабылдағанға немесе қол қойылғанға дейін заңдардың Конституцияға сəйкестігін тексерумен, яғни алдын ала бақылаумен ғана шектеледі, басқа елдерде конституциялық бақылау органдары қолданыстағы заңдарға қатысты кейінгі бақылауды жүзеге асырады, үшінші елдерде конституциялық бақылау үлгісі алдын- ала жəне кейінгі бақылау элементтерін біріктіре отырып, аралас сипатқа ие. Қазақстанда көптеген елдерде тараған үшінші үлгі енгізілді. Конституциялық Соттың халықаралық ынтымақтастығы Мемлекет басшысы жүргізіп отырған көпвекторлы сыртқы саясат шеңберінде дамуда. Қазақстан Конституциялық Соты Азия Конституциялық Соттары мен баламалы институттар қауымдастығының, Конституциялық Сот төрелігі жөніндегі дүниежүзілік конференцияның, Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссияның, Түркі əлемінің Конституциялық юрисдикциялары конференциясының (TÜRK-AY) құрамына кіреді. Біз əріптестеріміздің қызметті ұйымдастыру əдістемесі бөлігіндегі тəжірибесін зерделеуді жалғастырамыз, қабылданған шешімдер, ғылыми жəне талдамалық материалдар туралы үнемі ақпарат алмасамыз, Конституциялық соттар аппараттарының талдаушылары мен қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша бірлескен іс-шаралар өткіземіз. Яғни, біз конституциялық бақылаудың ұлттық тəжірибесін арттыруды жəне басқа мемлекеттердің тəжірибесін зерделеуді əлі де жалғастырамыз.
– Əңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»