Егемендік алғаннан кейінгі Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданса, ол 1995 жылы өзгертіліп, толықтырылды. Тұңғыш Конституцияның жазылу тарихы 1990 жылдан бастау алады. Осы жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі арнайы қаулымен Қазақстанның егемендігі туралы тарихи құжат қабылдап, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасын айқындады. Онда мемлекет тұтастығына қол сұғылмайтындығы маңызды міндет ретінде танылды. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңы жарыққа шықты.
Қолданыстағы Конституцияның бірінші бабымен мемекеттің ең қымбат қазынасы — адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы екені нақтыланды. Осылайша, жалпыхалықтық референдуммен қабылданған Ата Заң ел заңдарын жаңартып, жетілдірді. 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары жүзеге асырылған конституциялық реформалар қоғам мен мемлекеттің барлық саласын одан ары жаңғыртуға негіз қалады.
Соңғы референдумда енгізілген толықтырулар мен өзгертулер мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшу мақсатын көздеді. Яғни, Конституция адамның жеке бас бостандығы мен жеке өміріндегі құндылығын, сонымен бірге билік тармақтарының қоғамдағы рөлін айқындайтын маңызды құжат болғандықтан, Қазақстан суперпрезиденттік басқарудан күшті Парламенті бар президенттік формаға көшті. Соның нәтижесінде Республикамыздың Тұнғыш Президенті туралы баптар алынып тасталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Бас қала атауы — Астана болып қайта өзгертілді.
Сондай-ақ, Конституциялық Кеңес Конституциялық Сот болып құрылды. Соған орай, ел азаматтары Конституциялық Сотқа тікелей жүгінуге мүмкіндік алды. Бұған қоса «құқықтық мемлекет», «азаматтық қоғам» сияқты ұғымдарды айқындайтын нормалар енгізілді, өлім жазасына тыйым салынды. Парламент депутаттарын сайлау жүйесі өзгерді. Жер мен оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер, жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар тек халыққа тиесілі екені, соған сай, халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асыратыны одан әрі нақтыланды.
Конституциямен айқындалғандай, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Әрі адамның тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, ұлтына, тілі мен діни көзқарасына, т.б. бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге жол берілмейді. Ел азаматтарына бейбіт түрде жиналыс, митингі, т.б. өткізуге құқылы. Бірақ, бұл құқықты пайдалану мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін.
Конституция қабылданған күн — мемлекеттік мереке. Сондықтан, 30 тамыз сенбі мен жексенбіге келсе, демалыс бір күнге ұзартылады. Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта лайықты орнын алғаны осының айғағы. Конституциямыз әрқашан да заңдылықтың, келісімнің және еліміздің қарқынды дамуының басты кепілі болып табылады.
Дастан Әлмағамбетов,
Түрксіб аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы


