12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

ӨКІНІШ

Қыстың аязды күндерінің бірі. Шығыстың Бесқарағай ауданына жылда қар ерте түсіп, айналаның бәрі аппақ түске боялады. Жан-жағы қарағайлы орман, табиғаты әсем, өте көркем аймақ. Тек ауылдың үйлерінің мұржаларынан шыққан қошқыл түтіндер ғана осы әсемдікті бұзып тұрғандай.

Бүгін күндегідей ерте тұрған Люба әжей, ескі пешіне от жағып үйін жылытты. Шалының қайтыс болғанына да 6 жыл өтіпті. Содан бері Люба әжей үйдің де тірлігін, сырттың да тірлігін жалғыз өзі атқарып, ауылдан алысқа шыға алмай отыр. Соңғы кезде денсаулығы да сыр беріп жүргендіктен ота жасатуға зейнетақысын үнемдеп жұмсап, азын аулақ ақшасын жинап жүр. Көрші Мария күнделікті келіп, әңгімелесіп, жағдайын біліп жүреді. Сол әдетінше Мария бүгін де келді. Екеуі бірге шай ішіп, сағат 13.30 шамасында Мария бұзауларына су беру үшін үйіне кетті.

Люба әжей біраз демалу үшін төсегіне барып жатып еді, терезеден ауласына бір ер адамның кіргенін байқап қалды. Бірақ үйіне ол адам кірмеді. Содан өзі сыртқа шықты. Есігінің алдында үстіне қара түсті куртка киген, бойы аласалау, бетінде қара түсті бетпердесі бар бір ер адам тұр. Бұрын-соңды көрмеген, бейтаныс. Ол: «ағашпен айналысатын Витя деген адам осы үйде тұра ма?»-деп сұрады. Оған Люба әжей: «жоқ, сіз шатасып тұрсыз, бұнда ондай адам тұрмайды»-деп жауап берді. Осыдан кейін ауласына екінші ер адам кірді. Бойы ұзын, оның үстінде ашық қоңыр түсті куртка, бетінде қара түсті бетперде. Ол алдыңғы жігітке «баста»-деді. Сол-ақ екен, бойы аласа жігіт Люба әжейді жерге жықпақшы болып әрекет етті. Бірақ әжей жас кезінде қара жұмысты көп істеген, етжеңді, ірі денелі болғандықтан оған қарсыласып бақты. Оны аяғымен де теуіп, әлгі жігіттің қолының саусақтарын да тістеп, өзін құлатпауға тырысты. Бірақ ұзын бойлы жігіт те аласа бойлы жігітке көмектескен соң, екеуі бәрібір әжейді жерге жығып, үйіне қарай сүйреп кіргізді. Сонда да қарсыласқан әжей аласа бойлының бетіндегі бетпердесін жұлып алып, оның ұлты қазақ екенін білді. Ол әжейдің бетінен бір-екі рет ұрып жіберді. Әжей ас бөлмесінде үстелде тұрған пышақты алып оған қарай сілтемекші болғанында, ұзын бойлысы пышақты жұлып алып, сындырып, екіге бөліп тастады. Оның қолында өзімен бірге алып жүрген темірден жасалған бір сайманға ұқсайтын зат болды.  Әжей шыдамай оларға:

  • Не керек сендерге?
  • Ақша керек бізге, тыққан ақшаң қайда?
  • Менде қайдағы ақша, зейнетақым аз ғана.
  • Білеміз, сенің зейнетақыңның қанша екенін, жаныңның барында айт, әйтпесе өлтіріп кетеміз.
  • Дәрілерім тұрған комодта, бар ақшам сол, соны алыңдар.

Әлгі екеуі үйдегі дүниелерді ақтарып, ақша іздей бастады. Комодта тығулы тұрған 200000 теңгені тауып алды. Үстелдің үстінде тұрған әмияннан 11000 теңгені тағы санап алған ұзын бойлысы, ақшаларды қалтасына салып алды. Кетіп бара жатып, екеуі Люба әжейдің аузын скотчпен жауып, қол-аяғын арқанмен байлап кетті.

«Не жаздым, осы Құдайға! 75 жасқа жеткенімде осындайды көремін деп ойладым ба? Балаларым шалым екеуімізді тастап, Ресейге кеткендерінде бұлай қорланбап едім»-деп егіле жылаған әжей, осы дүниеде жападан-жалғыз қалып, қарақшыларға оп-оңай олжа болғанына налыды. Бүкіл өмірі көз алдынан өткендей болды. Бірақ, бойын тез жинап алды. Әлгі екі қарақшы аяғын пимасының сыртынан байлаған екен, пимасы аяғына бостау болатын, пимасын шешіп, аяғын босатып алды. Сыртқа шықпақшы болып еді, үйдің сыртқа шығар есігін бекітіп кетіпті. Үй телефонының да сымын үзіп, ұялы телефонының симкарталарын да сындырып кеткен екен.  Қолының білегі байланғанымен, саусақтарын біраз қозғалтуға болатынын байқап, аузындағы скотчты біраз ашып, үй телефонының сымын  жалғап, көрші келіншек Юлияға қоңырау шалып, оны көмекке шақырды. Юлия келіп, әжейдің қолын шешіп, аузындағы скотчын алып, не болғанын сұрады. Содан олар полиция қызметкерлерін шақырды.

Бұл оқиға ақпан айының 7 күні болған еді. Бесқарағай аудандық полиция бөлімшесінің тергеушісі, полиция капитаны Б.Нуртазин Люба әжейдің арызы түскеннен кейін, белгісіз тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу әрекеттерін жүргізуді бастап кетті. Оқиға болған жерге қарау жүргізілді, әжей сот-медициналық сараптамадан өткізілді. Әжейдің өзі ешкімнен күдіктенбейтінін, келген жігіттерді танымайтынын, бұрын-соңды көрмегенін, бірақ біреуі қатты жөтелгенін байқағанын, бір-бірінің аттарын атамағанын айтып отыр. Ешқандай саусақ іздері жоқ, қылмыскерлер қолғапта болған.  Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің бөлімшелеріне, Семей қаласының полиция бөлімдеріне қылмыскерлердің сыртқы бейнесі бойынша ақпараттар жіберілді. Бұрын сотталғандар, туберкулезбен ауыруы бойынша есепте тұрғандар, ешқайда жұмыс істемейтін азаматтар тексеріле бастады. Бірақ қылмыс болған, Бесқарағай ауданына қарасты Канонерка ауылының халқы орыс-қазағы аралас, тыныш жатқан ел болатын. Күндізгі уақытта қарақшылық жасай алатын кім екен деген сұрақ мазалаған тергеуші жігіт, көрген, байқағандары бар шығар деп, бірінші әжейдің үйіне кіріп-шығып жүретін көршілерінен, одан кейін ауылдың басқа да тұрғындарынан жауап алды. Оқиға болған күні әжей сипаттаған киімдегі екі жігітті әжей тұратын көшеден ауылдан шығатын тас жолға қарай жүгіріп бара жатқанын үйінің терезесінен көргендерін екі-үш адам айтты. Бірақ ешқайсысы киімдерінен басқа белгілерін айта алмады. Куәлардың бірі, ол екі жігіттің өз ауылдарының азаматтарына ұқсамайтынын, киімдері де жұқалау, күздік киім сияқты көрінгенін айтты. Ақпан айында еліміздің шығысында қыс қатты болатындықтан, ауылдың азаматтары қалың киінетін. Ауыл тұрғындарының көбі әжейден қарызға ақша алып, үстіне үстеме қосып қайтарыпты. Кейбіреуі әлі де қарыз екен. Әжей өз үйінің сыртқы шаруасын да, үйінің ішінің шаруасын да кейде ауыл тұрғындарын жалдап, жұмыс істеткен. Ольга деген туысқан әйел де жиі әжейдің үйінде болып, оған үнемі көмектесіп тұрған. Қылмысты ашу үшін тексеретін адамдардың шеңбері кеңейе түсті.

Ауыл тұрғындарының барлығы сұралды. Бірақ қылмысты ашуға негіз болатын мән-жайлар анықталмады. Қайдан келген екі жігіт? Әжей осы екі жігіттің өз үйінде болғанында біреумен ұялы телефон арқылы сөйлескендерін айтқан. Күдік тудырған, әжейдің маңайында жиі болған адамдар тексерілді, олардың сол күні телефонмен сөйлескен адамдары тексерілді. Бірақ, еш нәтиже шықпады.

Осы екі жігітті 1 ақпан күні де сырттарынан байқаған адамдар болды. Олар осы әжей тұратын көшенің бойымен кетіп бара жатқандарын көрген. 28-29 қаңтарда әжей өзінің ауласындағы бақшасынан ер адамның аяқкиімінің іздерін байқаған. Бірақ ауласында орналасқан монша, қорасынан ешқандай зат жоғалмаған соң, мән бермеген.

Әжей өзінің тағы бір жауабында қаңтар айының аяғында ауыл тұрғыны Таня деген әйел өзінен қарызға ақша сұрап үйіне келгенін айтқан. Бірақ әжей, өзі ота жасатуға жинап отырған ғана ақшасы барын, оған ақша бере алмайтынын айтқанын есіне түсірген.

Таня өз жауабында ай сайын ауылдағы «Маяк» дүкенде 15 күн сатушы болып жұмыс істеп, қалған 15 күнінде Семей қаласында басқа да көтерме жұмыстар істейтінін, 7 ақпан күні Семей қаласында болғанын, ауылда болмағанын айтқан.

Тергеуші Б.Нуртазин Таняның жауабын тексеру үшін, оның Семей қаласында қайда болғанын, кімнің үйінде тұрғанын сұраған. Таня Семейде танысы Сека деген жігіттің үйінде тұрған, Канонерка ауылына Сека қаңтар айының аяғында Таняның үйіне келіп-кеткені белгілі болды.

Канонерка ауылы – Семей-Павлодар тас жолының бойында орналасқан ауыл. Семей қаласынан шыққан автокөлік Павлодар қаласына қарай осы ауылдың үстімен өтеді. Семей қаласының шыға берісінде орналасқан МАИ бөлімшесінен 7 ақпан күні осы ауылға қарай өткен  автокөліктердің тізімі алынып, олардың иелері анықталып, олардан жауап алынды. Бұл оңай жұмыс болған жоқ. Сол бір күннің өзінде жеті жүз алпыс сегіздей автокөлік өтіпті. Солардың ішінен Семей қаласының тұрғыны, жеке адамдарды өзінің автокөлігімен Семей қаласынан Бесқарағай ауылына тасымалдаушы Ж.Жасуланов анықталды.  Ол 7 ақпан күні Семей қаласынан Канонерка ауылына бір әйел мен екі ер адамды түскі сағат 12.30 шамасында жеткізген, екі ер адам бір көшенің бойында түсіп қалған, ал әйел адамды үйіне дейін жеткізген. Оның айтуы бойынша белгісіз екі ер адамның сыртқы киімдері іс бойынша ізделіп жатқан екі қарақшы жігіттің киімдерімен сәйкес келеді. Олар жолда сөйлеспеген. Жолаушыларын Канонерка ауылына қалдырып, Жасуланов Бесқарағай ауылына әке-шешесінің үйіне кеткен. Бір-екі сағаттан кейін Канонерка ауылына қалдырып кеткен әйел қайтадан телефонмен хабарласып, Семей қаласына алып кетуін сұраған. Ол әлгі әйелдің үйіне келіп, оны алып кеткен. Жолда жолаушы әйел біреулерге телефонмен хабарласып, олардың қайда екенін сұраған. Сосын өзіне «ВАЗ 2101» маркалы автокөлігін қуып жетуді өтінген. Жолда осы автокөлікті қуып жетіп, одан өзі түс уақытында Канонерка ауылына апарған екі жігіт түкен. Оларды өзінің автокөлігіне отырғызып, үшеуін Семей қаласына жеткізген.

Тергеуші осы куәнің жауабы арқылы әйел адамның әжейден қарыз сұрап жүрген Таня екенін анықтаған. Танядан қайтадан жауап алған кезде ол барлық шындықты жайып салған.

Таняның асырауында студент баласы, кәрі шешесі, оқушы қызы бар. Күйеуімен ерте ажырасқан. Сатушы ретінде алатын табысы отбасын асырауға жетпей, кейде әжейдің көмегіне сүйеніп қарызға ақша алып тұрған. Семей қаласында қаңтар айының басында болған уақытында өзінің көңілдесі Сека мен бұрын сотты болған сыныптасы Айтуар үшеуі кездесіп, дастархандас болған. Таня оларға ауылында Люба әжейде үнемі ақша болатынын, оның жалғыз өзі тұратынын айтып, оны тонауға ұсыныс жасаған. Айтуар бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп шыққанына көп болмаса да, Павлодар қаласындағы заводқа тұрақты жұмысқа тұрған еді. Семей қаласына құжаттарын жасату үшін келген. Енді қылмыстық әлеммен қоштасып, дұрыс өмір сүруді ойлап жүрген еді, мына оңай жолмен ақша табу туралы ұсыныс та ойын мазалап қоймады. Егер бәрін дұрыс жоспарласа, бұларды ешкім таба алмас деп, ақыры екеуімен келісті.

Сека мен Айтуар дәріханадан арнайы бетперде сатып алып, қаңтар айының 28 күні Канонерка ауылына барады. Әжейдің үйін сыртынан қай жерде екенін көріп, ауласына кіріп, есіктері оңай ашылатынына көздерін жеткізеді. 1 ақпан күні тағы да барып, бірақ қылмыс жасай алмай қайтады. 7 ақпан күні болған қылмыстан тапқан ақшаларын үшеуі Семейге келген соң бөліп алып, үшеуі үш жаққа кеткен.

Тергеуші Б.Нуртазин мен Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің арнайы уәкіл қызметкерлерінің еңбектерінің арқасында қылмыс ашылып, іс сотқа жолданды.

Сотта адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, тұрғын үйге заңсыз кіріп, Люба әжейге қарақшылық жасаған: Айтуар тағы ауыр қылмыс жасағаны үшін 7 жылға, Сека 5 жылға, өзінің кеңестерімен, нұсқауларымен қылмыс жасауға көмектескен Таня 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Үкімді естіп тұрып, үшеуінің де көңілдерінде өкініш болды. Айтуар қайта темір қапасқа оралатынына, Сека болмашы ақша үшін осындай қылмысқа барғанына, Таня студент ұлы мен оқушы қызының болашағы үшін өкінді.

Гүлнұр Бекежанова

Шығыс Қазақстан облысы Курчатов қалалық соты

[ratings]

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...